Қазақстан Республикасы Президентінің
2012 жылғы 8 сәуірдегі № 292 Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің осы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін (бұдан әрі - қызметкерлер), оның ішінде:
1-тармақтың 1), 2) және 3) тармақшалары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
1) құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының бірінші орынбасарларын және орынбасарларын;
2) құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлерді;
3) егер тағайындау функциялық міндеттерінің өзгеруіне әкелген болса, жаңа лауазымға кемінде бір жыл бұрын тағайындалған қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды*.
2. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру
2. Кезектен тыс аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемдері:
1) қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті және олардың жұмыстарының нәтижелері;
2) теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейі болып табылады.
Аттестатталатын қызметкерлерді бағалаудың қосымша өлшемдерін ерекшеліктер мен оларға жүктелген міндеттерді ескере отырып, құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
3. Аттестаттау бірқатар сатылы кезеңдерді:
1) аттестаттауды өткізуге даярлықты;
2) аттестаттауға жататын қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеуді;
3) тиісті құқық қорғау органы қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруды, сондай-ақ психологиялық орнықтылығына әңгімелесуден өтуді;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) не болмаса тиісті аттестаттау комиссиясы өткізетін қызметкермен әңгімелесуді;
5) Комиссия не болмаса аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
4. Кадр бөлімшесі қызметкерлерге кезектен тыс аттестаттау өткізу мерзімдері туралы аттестаттау басталғанға дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын жазбаша хабарлайды.
5. Аттестаттауға жататын қызметкердің басшысы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оның қызметтік мінездемесін ресімдейді, оны таныстырады және аттестаттау өткізу күніне дейін кемінде бес жұмыс күнінен кешіктірмей оны тиісті кадр бөлімшесіне жібереді.
3. Аттестаттау комиссиясы
6. Аттестаттау комиссиялары төрағадан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Тиісті аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруі тиіс. Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
Құқық қорғау органының бірінші басшысы - орталық аттестаттау комиссиясының төрағасы, құқық қорғау органы аумақтық бөлімшесінің басшысы - өңірлік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып табылады.
Құқық қорғау органының кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады, ол оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
7. Құқық қорғау органдарының орталық аттестаттау комиссияларының құрамын олардың бірінші басшысы Президент Әкімшілігінің келісімімен бекітеді.
Өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамын құқық қорғау органының басшысы немесе құқық қорғау органының уәкілетті басшысы Президент Әкімшілігінің келісімімен бекітеді.
Төмен тұрған бөліністердің ұтымды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, тиісті аттестаттау комиссияларының жұмыс кестелерін құқық қорғау органының басшысы немесе құқық қорғау органының уәкілетті басшысы белгілейді.
8. Аттестаттау комиссиясының құрамына жоғары аттестаттау комиссиясында кезектен тыс аттестаттаудан алдын ала өткен бөліністердің басшылары, өзіндік қауіпсіздік қызметінің, кадр және заң қызметтерінің өкілдері (не аталған қызметтер есеп беретін адамдар), аттестаттаудан өткізілетін қызметкерлерді қоспағанда, өзге де қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ардагерлері кіреді. Барлық деңгейдегі аттестаттау комиссияларының жұмысына қатысуға жұртшылықтың және тиісті ардагерлер ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылады.
9. Тиісті аттестаттау комиссиясының төрағасы және оның мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлер атқаратындай лауазымда болуы немесе одан жоғары лауазым атқаруы тиіс.
10. Құқық қорғау органы жұмысының бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
11. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің қатарынан ол үшін көп дауыс берілген жағдайда қабылданды деп саналады.
Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.
12. Егер аттестаттау комиссиясының отырысына оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды болып саналады.
4. Аттестаттауды өткізу
13. Дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша нормативтерді тапсыру, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеу, сондай-ақ әңгімелесуді өткізу кестелерін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді.
14. Психологиялық орнықтылығына әңгімелесуден өту, дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша нормативтерді тапсыру, сондай-ақ тестілеуден өту тәртібін, лауазымдар санаттары үшін тест тапсырмаларын және шекті мәндерді құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
Қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлауына компьютерлік тестілеуді:
Комиссияның аттестаттауына жататындарды - мемлекеттік қызмет істерінің уәкілетті органы;
орталық және өңірлік аттестаттау комиссияларының аттестаттауына жататындарды - құқық қорғау органдары дербес жүргізеді.
15. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталатын қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді.
Қызметкер Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда аттестаттау комиссиясы осы Қағидалардың 16-тармағының 3), 4), 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
16. Әңгімелесудің қорытындылары бойынша Комиссия не тиісті аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдау үшін немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыруға ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және құқық қорғау органынан қызметтен босатуға ұсынылады.
17. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы қол қояды.
18. Кадр бөлімшесі Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімін осы Қағидаларға 2-қосымшаның нысанына сәйкес қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді.
Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкер оған қол қоя отырып, танысады.
19. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде, төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.
5. Аттестаттау комиссиясының шешімдеріне шағымдану
20. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешіміне Заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін
Ескертпе: * - осы Қағидалар Қазақстан Республикасының кеден қызметі органдарының қызметкерлеріне оларды «біржолғы аттестаттау» бойынша іс-шаралар аяқталғаннан кейін қолданылады.