Перейти на главную страницу
Ғалымдар -гиз, -ғуз аффиксін де құранды деп есептейді. Жоғарыда біз көрсеткен қимыл есім жасаушы –қ, -ғ (-қы, -ғы) жұрнағымен өзгелік етіс жасаушы –з (еміз, тамыз) жұрнағының бірігуінен туындаған. Алдыңғы –қ, -ғ элементінің нақты қандай қосымша екендігі көмескі. Алайда соңғы –з мен жоғарыдағы –тур, -түр құрамындағы –р элементтерінің о баста генетикалық тегі бір болса керек. Себебі Орхон-енисей жазбалары мен Қашқари сөздігінде бұл аффикс –қур, -гүр, -қыр, -кир формаларында да кездеседі. Мысалы: ол евгә битиг өткирди «ол үйге хат өткізді» [76, 226]. Сондай-ақ Қашқари сөздігінде –тур жұрнағының –туз, -дуз варианттары да қолданылған: ол маңа иш билдүзди «он научил меня делу» [31, 99]. М. Қашқари р және з диалектілік сипат екендігін көрсетсе, Котович бұларды р>з дыбыс алмасуының нәтижесі деп біледі [64, 200]. Муқаддима тілінде де –гиз, -ғуз формаларында екі сөзде ғана кездеседі. Етістік түбірге жалғанып өзгелік етіс мәні үстейді: виргүз- وِركوُز (бергіз): «виргүз зәкәти (2а, 3)» (бергіз зекетті); дурғуз- دُرغُز (тұрғыз): «тәңри та’ала дурғузғай аны қиамәт күни нәбиләр дурған йирдә (37а, 4)» (Тәңір тағала оны тұрғызсын қиямет күні пайғамбарлар тұрған жерде).
Ескерткіш тіліндегі қосымша морфемалардың барлығы тұлғалық жағынан болсын, мағыналық жағынан болсын қазіргі тілімізден алшақ емес. Алайда өзіндік ерекшеліктері де баршылық. Қосымшалар бірлі-жарым болмаса негізінен қатаң дауыссызға басталмайды. Көбіне еріндік қысаң даустылармен айтылады. Езулік қысаң дауысты варианттары сирек ұшырасады. Тілдің даму барысында грамматикалық формалардың жайлап өзгеріске ұшырайтындығы белгілі. Кей жұрнақтар аздаған фонетикалық өзгеріске түссе, енді біреулері сол күйінде өзгеріссіз қолданылады. Ескерткіш тіліндегі қосымшалар сонау Орхон-енисей, көне ұйғыр және орта ғасырлық басқа қолжазбалар мен қазіргі түркі тілдері материалдарымен әрі мағыналық, әрі тұлғалық жағынан ұқсасып, сабақтасып жатады. Яғни мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Қыпшақ тілінің негізгі сөздік қоры жалпы түркі тілдеріне ортақ сөздерден тұратындығы белгілі. Ескі, орта және жаңа дәуір түркі тілі фактылары мұны дәлелдейді. Содай-ақ қыпшақ тілінде оңтүстік, яғни оғыз тілдерінің элементтері кездесетіндігі де осыған дейін зерттеушілер тарапынан айтылып келді. Әсіресе мәмлүк аймағында XV ғасырдан бастап Анатолия түріктерімен саяси және мәдени байланыстардың дамуы, Мәмлүктер мемлекетінде Османлылардың ықпалының артуы және Мысырдың Османлылардың қол астына өтуі салдарынан әрі лексикалық қоры, әрі грамматикалық құрылысы жағынан оғыз элементтері басым бір мәмлүк қыпшақ тілі пайда болды. Біздің зерттеу объектіміз болып отырған «Китаб Муқаддима» (مقدمه كتاب) да осы дәуірде жазылған, негізі қыпшақ тілінде болса да, оғыз элементі басым мәмлүк қыпшақ ескерткіші болып табылады. Біздің бұл зерттеуімізде «Китаб Муқаддима» қолжазбасының мәтініндегі сөздер (1000-ға жуық) ресстрге алынып, қыпшақша-қазақша сөздігі жасалынды. Ескерткіш мәтініндегі әр сөзге жеке-жеке лингвистикалық түсініктеме берілді және ол сөздер жан жақты (фонетикалық морфологиялық, семантикалық жақтан) зерттелінді. Лексикалық және грамматикалық мағыналары түгелдей есепке алынды. Сонымен қатар әр лексеманың қалыптасу жолы (Орхон-Енисей жазбаларынан бастап кейінгі дәуірлерде жазылған басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдеріндегі варианттарын салыстыра отырып) мен құрылымдық жүйесі секілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Әр сөзге берілген анықтамалар мен түсініктемелерде алдымен ол сөздің негізгі немесе түпкі түбірі, кейін барып туынды түбірлер, туынды түбірлерді жасайтын грамматикалық форманттардың формасы және атқаратын қызметі жайында сөз болады. Яғни осының барлығы есепке алынып, фоно-морфемалық жеке талдау тұрғысынан өз алдына жеке-жеке тексеруден өткізіліп берілді.
Зерттелініп отырған қолжазбаның негізгі сөздік қоры – түркі сөздері. Олар ескерткіш тіліндегі сөздердің 64 пайызын құрайды. Ал араб элементтері 32 пайызын құраса, парсы сөздері бар болғаны 4 пайыз ғана. Араб-парсы элементтері басқа қыпшақ жазба нұсқаларында да кездесетіндігі белгілі. Әйтседе «Китаб Муқаддима» тілінде басқа ескерткіштерге қарағанда едәуір мөлшерде болуы мынадай себептерге байланысты болса керек: а) қолжазба ең әуелі діни трактат. Негізгі мазмұны да ислам дінінің шарттары мен иман негіздері болғандықтан; ә) қолжазбаның қыпшақ тіліне аудырылған дәуірі, ислам дінінің түркі халықтарының арасына әбден сіңіп, көптеген араб сөздерінің діни термин ретінде қалыптасуы. Себебі қолжазба тіліндегі араб сөздерінің басым бөлігі діни терминдер; б) мұның тағы бір себебі де жоғарыда да айтып өткендей қолжазбаның жазылған дәуірінде Мәмлүк аймағында Османлылардың, яғни оғыз тілінің ықпалының артуы болса керек. Ал осман тілінің араб-парсы элементтері өте басым бір әдеби жазба тілі екендігі белгілі. Өйткені қолжазба тілінде кездесетін бағзы араб сөздері (мыс: а’раби /шөл арабы/, рижс / лас нәсе, нәжіс /, ‘уйун / көздер, қайнар, бұлақ /, бүркә / көлшік, бассейн /, әвлә / жақсырақ, биігірек / т.б) ескі осман тілінен басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінінің ешбірінде кездеспейді.
«Китаб Муқаддима» жазба ескерткішінің мәтініндегі араб сөздерінің басым бөлігі қазіргі қазақ тілі мен басқа да түркі тілдеріне етене таныс, төл сөзіндей сіңісіп кеткен сөздер. Мысалы: ‘алем / әлем, ғалам /, ‘алим / ғалым /, ‘ибадет / ғибадат /, ‘изет /ізет/, Аллаһ /Алла, Тәңір/, ахирәт / ақырет /, беркет /берекет/, ғайиб /ғайып/, дәлил /дәлел/, дередже / дәреже /, ду’а /дұға, дуа /, әдәб /әдеп/, жәннәт / жәннат /, иман /иман/, ислам /ислам/, ихлас /ықлас/, йа'ни /яғни/, қабул /қабыл/, кәфир /кәпір/, ма’на /мағна/, мәсәлә /мәселе/ тб. Бұл сөздердің барлығы қазіргі қазақ тілі мен өзге де түркі тілдерінде ауызекі сөйлеу тілінде күнделікті тұрмыста жиі қолданылып жүрген сөздер. Бұл сөздердің тілімізде алар орны ерекше, қолданылу аясы да кең. Қолжазба тілі бір әдеби жазба тілі болғандықтан бұл сөздердің ана тіліндегі өз тұлғасы өзгерместен берілген. Ал қазақ тілі мен өзге де түркі тілдерінде көріп отырғанымыздай бұл сөздер едәуір фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Әйтседе бұл сөздердің кітаби лексикамызда негізгі тұлғаларына жақын бірнеше аллофондары да кездеседі. Жоғарыда «Кірме сөздер» тараушасында осы сөздерге лексикалық түсініктеме бергенде бұл мәселе тереңірек қарастырылды.
Сонымен қатар кей сөздер күнделікті ауыз екі сөйлеу тілімізде қолданылмағанымен, діни термин ретінде немесе «кітаби тіл» деп аталатын жазба тіліміз бен ескі қиса-дастандарда жиі көрініс береді. Мысалы: ‘аси / мойынсұнбаушы, қарсы келуші, бас көтеруші /- асы, ғасы, ғаси; ғусл / шомылу / - ғұсыл; әркән /негіздер, шарттар/- әркән; әһл / туысқан; ұста, машық / - әһіл; жүнүб / жыныстық қатынас немесе соған ұқсас жағдайлар арқылы ұрықтың сыртқа шығуы / - жүніп; иқрар / растау, мойындау / - иқрар; истибра / кіші дәрет қалдықтарынан арылу / - истибра; истинжа / үлкен дәрет кіші дәрет ластықтарынан тазалану / - истинжа; ихсан / жақсылық, қайыр/ - ихсан; қунуд /дұға атауы/ - құныт; мағриб /батыс/ - мағриб, мағриф, мағрұп, мағұрып, мағырып, мағріб; ма’рифет / білім, ғылым, өнер / - мағрипат, мағрифат; мути’ / мойынсұну /- мутиғы тб. Бұл сөздер алдыңғы топтағы сөздер секілді тілімізге онша сіңісе қоймаған. Мұндай сөздердің мағынасын көпшілік түсіне де бермейді. Көбіне діни термин яки кітаби жазба тілі үлгілерінде ұшырасатындықтан фонетикалық тұлғалары да көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Ескерткіш тілінде кездесетін араб сөздерінің енді бірі тек сол дәуірде жазылған бірлі-жарым діни сарындағы жазбалардан басқа қазіргі қыпшақ және басқа түркі тілдерінде мүлдем кездеспейді. Мысалы: ‘уйун / көздер, қайнар, бұлақ /; батталлық / өте үлкен/, бүһтан / жала, қаралау /, ғулул / ұрлықы/, зуһр /түс, түскі уақыт/, күфие /бас киім, тақия/, мәнһи /харам істер/, мүбтәди’ /дінді бүлдіруші кісі/, нәһий /тиым/ тб. Алайда мұндай сөздердің саны көп емес. Бұларды аудармашы араб тілінен тікелей алған болса керек.
Парсы сөздері араб сөздері секілді көп кездеспейді. Қолжазба тіліндегі жалпы сөздердің 4 пайызын ғана құрайды. Ол сөздердің барлығы дерлік ескі қыпшақ ескерткіштерінде жиі ұшырасады. Сондай-ақ қазіргі түркі тілдеріне де әбден сіңісіп төл сөзіндей болып кеткен. Мысалы: базар /базар/, душман /дұшпан/, әгәр /егер/, зинжир /шынжыр/, йаран /жаран, туыс/, қарбус /қарбыз/, намаз /намаз/, һәм /һәм, әрі/, һәр /әр/, оруч /ораза/ тб. Қолжазбада мәмлүк аймағында жазылған басқа ескерткіштер секілді монғол сөздері кездеспейді. Бұл жөнінде С. Боранбаев: «мәмлүк мемлекетінің Бейбарыс бастаған қарулы күштері монғол басқыншыларын өз шекарасына жақындатпаған болуы керек» деп топшалайды [22, 115].
Ескерткіш тілінің негізгі сөздік қорыны түркі сөздері екендігін, жалпы сөздік қордың 64 пайызын құрайтынын жоғарыда айтып өттік. Бұл сөздердің барлығы дерлік қазіргі түркі тілдерінде кездеседі. Алайда олар түркі тілдерінің әр тобында өзіндік артикулациялық ерекшеліктеріне қарай бейімделген. Ескерткіш тіліндегі сөздердің бір тобы қыпшақ тілдеріне тән негізгі ерекшелікті бойына сіңірсе (тезек, тоқуз, өзге, мен, барча, қачан т.б), енді бір тобы оғыз тілінің элементтері болып табылады (бойун, ағыз, дил, ев, йалан, қорқу, доғру т.б). Ал енді бірде қыпша және оғыз элементтері синоним сөздер ретінде жарыса қолданылады (беңзе- = ухша-). Негізгі сөздік қордың басым бөлігін қыпшақ және оғыз тобына ортақ сөздер (айақ, ары, батман, баш, буйруқ, бирлик, ирин, йазуқ, қарын т.б) құрайды.
Муқаддима тіліндегі түркі сөздерін лексика-морфологиялық тұрғыдан былайша топтастыруға болады: А. зат есім сөздер. Ескерткіш тіліндегі түркі сөздерінің едәуір бөлігі зат есім сөздерден тұрады. Оларды морфологиялық құрылымы жағынан: а. негізгі зат есім сөздер: авуч (уыс, алақан), ағыз (ауыз), баш (бас), бег (бек, би), бучақ (бұрыш, шет), бурун (мұрын) давар (мал) т.б. ә. туынды зат есімдер: арылық ( тазалық) ебчи (әйел), йазуқлуқ (жазықтылық), йаманлығ (жамандық), тануқлуқ (куәлік), буйруқ (бұйрық), дирәк (тірек) йағмур (жаңбыр), қорқу (қорқыныш), чықар (жесміс-жидек), йарадыжы (жаратушы) т.б. б. күрделі зат есімдер: өлү намазы (жаназа) сару йағ (сары май), сару су (сары су) су еви (әжетхана); в. көмекші есімдер: қырағ (жиек), ич (іш), диб (түп), арқа (арқа), йан (жан), алт (асты) т.б. Алайда бұлар шартты атаулар ғана. Әйтпесе сол негізгі түбір деп жүрген зат есімдердің өзі этимологиялық тұрғыдан саралай келгенде бір замандары олардың да түбір және қосымша морфемадан құралған туынды түбір болғандығын көруге болады.
Муқаддима тіліндегі зат есімдер лексика-семантикалық ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөлінеді: а. Анатомиялық атаулар: ағыз (ауыз), айақ (аяқ), бойун т.б. қоғамдық-әлументтік атаулар: бег (бек, би), қул (құл), киши (кісі) т.б. жанұялық қатынастарға байланысты атаулар: ата (әке), әбчи (әйел), оғлан (ұл)т.б. шаруашылыққа байланысты сөздер: давар (мал), чанақ (ыдыс), ев (үй) т.б. діни наным-сенімдерге байланысты сөздер: қуллуқ (құлшылық), өлү намазы (жаназа), йарадыжы (жаратушы), теңри (тәңір); суға байланысты атаулар: дере (өзен), деңиз (теңіз); көңіл-күй, сезімдерге байланысты сөздер: көңүл (көңіл), қорқу (қорқыныш) т.б.
Ә. Ескерткіш тіліндегі сын есім сөздерді мағыналық тұрғыдан екі топқа бөлуге болады: а. сапалық сын есімдер: ары (таза), ақ (ақ), йахшы (жақсы), йүче (ұлы), йаман (жаман), йашыл (жасыл) йумшақ (жұмсақ), кичи (кіші), ә. қатыстық сын есімдер: бәңзәтмәксүз بَكزَتمَك سُوز – теңдессіз; дүрлү دُرلُ – түрлі; йазуқлу يَزُقْلُو - жазықты; сәвгилү سَوكِلُ – сүйкімді;
Б. Жадыхат тілінде екі түрлі сан есім кездеседі: а. есептік сан есімдер: бир, ики, үч, дөрт, биш, алты, йиди, сикиз, тоқуз, он, йигирми, илиг; ә. реттік сан есімдер: икинчи, үчинчи, дөрдинчи т.б.
В. Үстеулер саны жағынан ең аз кездесетіні. Әйтседе мынадай топтарын көруге болады: а. мезгіл үстеулер: кижә (түн), күндүз (күндіз), иртә (таңертең), өйлә (түс) т.б. мекен үстеулер: қаршу (қарсы) дашқары (тыс), орта (орта), сағ (оң); сол (сол). б. сын бейне үстеулері: арқун (ақырын), чоқла (көптеп) башқа (басқа). в. Мөлшер үстеулері: кәз (рет, мәрте), арынынча (тазарғанша) қадарынча (деңгейіндей) т.б.
Г. Есімдіктер бірнеше фонетикалық варианттарда ұшырасады: а. жікте есімдіктері: мен, бен (мен), баңа, паңа (маған), сен (сен), саңа (саған), ол (ол), ануңила (онымен), анлар (олар) биз (біз) ә. Сілтеу есімдіктері: бу (бұл), бунда (мұнда), шол (сол). б. жалпылау есімдіктері: барча, баржа (барша, барлық), барчаңуз, (баршаңыз). в. Сұрау есімдіктері: ким (кім), не (не), қачан (қашан) қайсы (қайсы). г. Белгісіздік есімдіктері: бирничә (бірнеше), ничә (қаншама), һәрқанда (әрқайда), һәркимүң (әркім). д. өздік есімдіктері: өз, кәндү (өз).
Д. Шылаулар. а. жалғаулықтар: дахы (тағы), неки (немесе, яки), ә. септеуліктер: бирле, биле, иле (мен), артуқ (артық), ичүн (үшін), киби (сияқты), дегин (дейін), сару (қарай), бурун (бұрын), соңра (соң, кейін); б. демеуліктер: де (де), му (ма), дәгүл (емес); Е. Қолжазба тілінде ең көп ұшырасатын сөз табының бірі етістіктер. Оларды морфологиялық құрылымына қарай: а. түбір етістіктер: ач- (ашу), ай- (айту), аң- (сөз ету), ал- (алу), бақ- (қарау), вар- (бару); бит- (біту) т.б. ә. туынды етістіктер: бағышла- (бағыштау), бәнклә- (азан оқу) қайқыр- (қайғыру) әвлән- (үйлену), булғаш- (бұлғану, жұғу), кәтүр- (әкелу, келтіру), дөндәр- (бұру), йығлын- (сақтану), кидәр- (кетіру), сүрүт- (сүрту) т.б. б. күрделі етістіктер: тамам ол- (біту), ишарәт ейле- (ишарат жасау), мақбул қыл- (қабыл қылу), терк ит- (тастау) т.б. болып үш топқа бөлінеді. Лексика-семантикалық жақтан мынадай топтарға топтастыруға болады: а. амал-әрекет етістіктері: ал- (алу), беңзет- (ұқсату), дөше- (төсеу), арыт- (тазалау), қалдур- (көтеру) т.б. ә. қозғалу етістіктері: дүш- (құлау), йүрү- (жүру), қайт- (қайту), кир- (кіру), кич- (өту) т.б. б. сөйлеу етістіктері: ай-, айт- (айту), бенкле- (азан оқу), буйур- (бұйыру), ди- (деу), сөйле- (айту) т.б. б. қалып-сапа етістіктері: арын- (тазалану), бит- (біту), дур- (тұру), дүкен- (түгесу), қуру- (құрғау) т.б. в. Сезіну етістіктері: бақ- (қарау), көр- (көру), секет- (иіскеу) т.б. г. Ойлау етістіктері: аң- (еске алу), унут- (ұмыту), көңіл-күй етістіктері: күл- (күлу), қайқыр- (қайғыру), инан- (илану) т.б.
Жалпы сөз таптары ішінде ең көп қолданылғаны зат есімдер мен етістіктер болса, ең аз ұшырасатыны да үстеулер. Қолжазбадағы түркі сөздерін статистикалық тұрғыдан алып қарағанда басым көпшілігі көнеден келе жатқан, сондай-ақ қазіргі түркі тілдеріне ортақ болып келетін және жиі қолданылатын сөздер. Түркі тілдерінде сирек қолданылатын немесе мүлдем кездеспейтін сөздер санаулы ғана. Мысалы, ебчи, үбчи (әйел), үдүк (мәсі), ус (ақыл, ес), сану (есепсіз, шексіз), сару (қарай). Сонымен қатар оқылуы және мағынасы күмәнді болып келетін сөздер де бар: һанал, итиж йағ, йикүм.
Зерттеуіміздің екінші тарауындағы қосымша морфемалар оғыз-қыпшақ тобы элементтері аралас болып келеді. Ескерткіштің аралас тілде жазылғандығын жұрнақтардың мағыналарында да көрінеді. Оларды мағынасы мен қызметі жағынан жалғаулар, сөз түрлендіруші және сөз тудырушы жұрнақтар деп бөлеміз. Ескерткіш тілінде қазіргі түркі тілдеріндегідей төрт түрлі жалғау кездеседі. Септік жалғауларының барлығы екі фонетикалық варианттан тұрады. Ілік септік жалғаулары тек еріндік дауыстылармен айтылса (-уң, үң), табыс септігі жалғаулары тек езулік дауыстылармен (-ы, -и), ал барыс (-а), шығыс (-дан) және жатыс (-да) септік жалғауларындағы дауыстылар ашық езулік болып келеді. Көмектес септігі бирле, биле, иле шылаулары арқылы жасалады. Ілік, барыс, табыс септік жалғаулары дауыстыға аяқталған сөздерден кейін и, н дәнекері арқылы жалғанады. III жақ тәуелдік жалғаулы сөздерден кейін барлық септік жалғаулары мен түбір арасына н дәнекерлеуші дыбысы кіреді. Жалғаулардың ешбірі қатаң дауыссызға басталмайды. Қатаң дауыссызға біткен сөздерден кейін де ұяң дауыссыздан басталатын жалғау жалғана береді.
Көптік мән –лар, -лер жалғаулары арқылы беріледі. Араб тілінен енген көптік формадағы сөздерге көптік жалғаулары жалғанған (мәләйклер). Сондай-ақ лексикалық мағыналар көптік ұғымды беретін сөздер де бар: халқ (халық), әһл (жұрағат) т.б.
Тәуелдік жалғауларының қазіргі тіліміздегіден бәлендей айырмашылығы жоқ. III жақтан басқа жақтардың барлығы еріндік дауыстылармен айтылады (-ум, -үм, -уң, -үң, -мүз, -ңуз). Жіктік жалғаулары екі типте қолданылады. Біріншісі осы шақ, келер шақ және қалау райлы етістіктерге, екіншісі жедел өткен шақ пен шартты райлы етістіктерге жалғанады. I жақ жекеше түрінде –мен және –ем формалары жарыса қолданылған (башларам, вирүрмен). III жақ жекеше түрі –дир, көпше түрі –лер қосымшалары арқылы айтылады.
Сөз түрлендіруші жұрнақтар негізінен етістіктің шақ, рай, есімше және көсемше категорияларын жасайды. –ар, -ер, -ур, -үр, -р қосымшалары арқылы осы шақ, келер шақ (сығынурман, ишидүрлер) және есімше (кизлер буһтан) мәндері жасалады. Болымсыз түрі –маз, -мез жұрнақтары арқылы жасалады (кидермез, дүшмез). -ды, -ди, -ду, -дү жұрнақтары арқылы жедел өткен шақ мәні беріледі: айурды (айырды), варды (жетті, барды), дутдум (тұттым) т.б. -мыш, -миш бұрынғы өткен шақ (дурғузмушдур) және есімше (қылмыш севаб) мәндерінде жұмсалса, -урды –үрди жұрнақтары істің өткен шақта үнемі, дағдылы істелгенін білдіретін күрделі өткен шақ жасайды (айдурды). -қыл, -кил, -ғыл жұрнақтары бұйрық райдың II жақ жекеше, -уңуз, -үңүз, -уң, -үң формалары арқылы көпше түрі жасалады. III жақ –сун, -сүн жұрнақтары арқылы беріледі. -ғай, -гей және –а, -е жұрнақтары негізінен қалау рай көрсеткіші болғанымен кейде бұйрық рай мәні де білдіреді: ачғай, йазылғай, ейлегей, оқуйа, ола, вире т.б. -са, -се жұрнақтары арқылы шартты рай мәні беріледі: ейлесе, оқуса т.б. -ған, -ген және –ан, -ен есімше жұрнақтары ретінде қатар қолданылады: башлаған, айтған, олғн, иден, олан, чықан. Алайда бір жұрнақтың екі түрлі фонетикалық варианты болып табылатын бұл жұрнақтардың бірі өнімді (–ған), бірі өнімсіз (-ан). -дуқ өткен шақ есімше мәнін білдіреді. Негізгі ерекшелігі тек тәуелдік жалғауларымен қолданылуы: диледүгүмүз, дутдуғына. -мақ, -мек қимылдың, процестің атын білдіреді: күлмек, уйуқламақ, ачмақ т.б.
-уб, -үб бірінен кейін бірі істелген екі әрекетті байланыстырушы көсемше жұрнағы: дүшүб (түсіп), унудуб (ұмытып). -кен іс-әрекеттің істелген кезін (дуруркен-тұрған кезде), –маздан болымсыздық мән (қурумаздан-құрғамастан), ал –ынча, -инче әрекеттің жүзеге асқан мерзімін (чықынча-шыққанда) білдіретін көсемше жұрнақтары.
Жадыхат тіліндегі сөз тудырушы жұрнақтарды былайша топтастыруға болады: а. Есімдерден есім тудырушы жұрнақтар. өнімді жұрнақтар: -лығ, -лық, -лик;-луғ, -лүк сын есім сөздерге жалғанып сапаны күйді білдіретін зат есімдер жасайды: арылық (тазалық); зат есімдерден абстракт зат есімдер жасайды: дүшманлық (дұшпандық); Конкретті заттың атын білдіреді: уйатлуғ (ұятты мүше, әурәт); зат есімге жалғанып сын есім тудырады: ғазалық (соғысқа тән). -лы; -ли, -лу, -лү жұрнақтары зат есімдерге немесе сын есімдерге жалғанып, ол нәрсенің басқа бір затта бар екенін немесе мол екендігін білдіреді: абдазлу (дәреті бар), қувветлү (қуатты); ‘изәтлү (даңқты, ұлы). –сыз, -суз, -сүз есім сөздерге жалғанып, ол заттың немесе қасиеттің жоқ екендігін білдіреді: авдазсуз (дәретсіз), хисабсуз (есепсіз). –чи жұрнағы бір кәсіппен айналысатын адамды білдіреді: күфчи (тақияшы); субъектіні білдіреді: ебчи (әйел):
ә. Етістіктен есім тудырушы жұрнақтар. өнімді жұрнақтар: –ақ, -ек; -қ; -к, -үк, -уқ іс-қимылдың атауын білдіреді: буйруқ (бұйрық); құрал-жабдық атауларын білдіреді: чанақ (ыдыс); дерексіз зат есім жасайды: тануқ (куә); деректі зат есімдер жасайды: сүдүк (сідік); кисәк (кесек) т.б; –ы, -и, -у, -ү етістік түбірден сын есім тудырады: қаты (қатты); улу (ұлы); өлү (өлі); абстракт зат есімдер жасайды: қоқу (иіс); қорқу (қорқыныш); конкретті зат есімдер жасайды: қапу (есік); қуйу (құдық). –ычы, -ичи жұрнағы етістіктен істі істеуші субектіні білдіретін зат есімдер жасайды: бағышлайычы (кешіруші); бақычы (қараушы);
б. Есімнен етістік тудырушы жұрнақтар. Есім сөздерден етістік тудырушы жұрнақтар сан басқа ескерткіштердегі секілді көп емес. -ла, -ле; -де, -те зат есімдерге жалғанып туынды етістік жасайды: башла- (бастау), қапла- (қаптау, жабу); -р; -үр: сүмгүр- (сіңбіру); қайқыр- (қайғыру); -лен: евлен- (үйлену); -рет: өғрәт- (үйрету);
в. Етістіктерден етістік тудырушы жұрнақтар. Қолжазба тілінде етістіктен етістік тудырушы жұрнақтар негізінен етіс жұрнақтары болып келетіндігін жоғарыда айтып өттік. Кей ғалымдар оны сөз түрлендіруші жұрнақтар қатарына қосса, көпшілік ғалымдар сөз тудырушы жұрнақтарға жатқызады. –ыл, -ил, -ул, -үл етістік түбірлерге жалғанып ырықсыз етіс жасайды: бузул- (бұзылу); вирил- (берілу); сорыл- (сұралу);
-ын, -ин, -үн, -н бірде өздік, бірде ырықсыз етіс тұлғасы жасаушы өнімді жұрнақ. Өздік етіс мағынасында: арын- (арылу, тазару); сығын- (сиыну); ырықсыз етіс мағынасында: көрүн- (көріну); силин- (сүртілу); билин- (біліну); -т жұрнағы амал-әрекет басқа бір субъекті арқылы іске асқандығын, яғни өзгелік етіс мағынасын білдіреді: бәңзәт- (ұқсату), арыт- (тазарту); Негізгі етістік құрамына кірігіп, түбірмен жымдасып кеткен. Мұндай жағдайда өзгелік етіс емес, негізгі етіс мәнін береді: йарат- (жарату); айыт- (айту); -тур, -түр, -дур, -дүр, -дер: билдүр- (білдіру); қалдур- (көтеру); қайтур- (қайтару); дөндәр- (айналдыру); -гиз, -ғуз жұрнағы да етістік түбірге жалғанып өзгелік етіс мәні үстейді: виргүз- (бергіз); дурғуз- (тұрғыз); -ар, -ер, -ур, -ир: қайтар- (қайтару); кидер- (кетіру); дүшүр- (түсіру); -ыш, -иш, -ш амал-әрекетті орындаушының бір кісіден артық екендігін білдіреді. Яғни ортақ етіс мәнінде: йығлыш- (жиылысу); чикиш- (тартысу); Негізгі етіс мәнінде (медиал), яғни жәй етістіктен етістік тудырушы жұрнақ ретінде қолданылған: булғаш- (бұлғану, бұласу, жұғу); қамаш- (сәндеу, шағылысу).
Қолжазба тілінде түркі тілдеріне тән сөз тудырушы жұрнақтар араб-парсы сөздеріне де жалғанып, жаңа мағыналы сөздер тудырған. Әсіресе –лық; -лы; сыз; -чы жұрнақтары бұ мәселеде белсенділік танытады. Мысалы, изәтлү (ізетті, абыройлы); батталлықсуздур (шексіз); ғазалық (соғысқа тән); кәифйатсуз (бейнесіз); күфчи– (күфийе(тақия) тоқитын не сататын кісі); авдазсуз (дәретсіз); душманлық (дұшпандық) т.б. Бұл біріншіден –лық; -лы; сыз жұрнақтарының ол кезде өте өнімді екендігін білдірсе, екіншіден иран және түркі тайпалары арасындағы қарым-қатынастың ерте кезден-ақ болғандығына дәлел бола алады [71, 56].
Жалпы алғанда «Китаб Муқаддима» ескерткішіндегі сөздердің лексика морфологиялық құрылымы қазіргі қазақ тіліне жақын. Ескерткіш материалдары оғыз және қыпшақ тобындағы тілдердің тарихын зерттеуде жүгінетін құнды дерек көзі болатындығы сөзсіз.
15 12 2014
27 стр.
М. Мақатаев өз шығармашылығының алғашқы кезеңінде-ақ тамаша өлеңдерімен, жырларымен қазақ халқына танымал болды
14 12 2014
4 стр.
Оқу процесінде оқыту принциптерін ісе асыру ерекшеліктері
25 12 2014
3 стр.
Кємелетке толмаѓан ќылмыскер т±лѓасыныњ жас жєне психологиялыќ ерекшеліктері жєне олардыњ жаза таѓайындаудаѓы орны
25 12 2014
5 стр.
Тарау Салықтық құқық бұзушылықтың теориялық негіздері және салық санкцияларын қолдану
25 12 2014
4 стр.
Мемлекеттік құқық қорғау органдарын қайта дайындайтын және жетілдіретін арнайы жүйелерді жасайды. Бұл талаптар құқық қорғаудың букіл жуйесіне және оның өр қызметкеріне қойылады
25 12 2014
6 стр.
Бастауыш мектеп оқушыларының оқу жұмысын ұйымдастыруда қазақ халық ертегілерін пайдаланудың өзіндік ерекшеліктері
25 12 2014
3 стр.
Кіші мектеп жасындағы балаларда бейнелеу өнерін оқыту арқылы эстетикалық тәрбиені қалыптастырудың ерекшеліктері
17 12 2014
2 стр.