Жеке тұлғалардың қолма-қол ұлттық және шетел валюталарын Қазақстан Республикасына әкелулерінің және Қазақстан Республикасынан әкетулерінің тәртібі
Қолма-қол ұлттық және қолма-қол шетел валюталарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге қатысты валюталық заңнаманың талаптары «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы № 57-ІІІ Заңының 18-бабымен және «Әкетілетін қолма-қол шетел валютасының шығу заңдылығын растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы № 133 қаулысымен белгіленеді (редакцияда 2009 жылғы 22 маусымдағы жағдайы бойынша).
Осы талаптарға сәйкес:
1. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар жолаушы кедендік декларация берместен «ашық дәліз» баламасы* 3 мың АҚШ долларынан аспайтын сомада қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.
Көрсетілген бастапқы мән 3 мың АҚШ доллары – жеке қолма-қол ұлттық валюта сомасына және жеке қолма-қол шетел валютасы сомасына қолданылады.
2. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың баламасы* 3 мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол ұлттық немесе қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасына әкелуі және Қазақстан Республикасынан әкетуі қолма-қол шетелдік және Қазақстан Республикасының кеден органында міндетті түрде декларациялануға тиіс. Міндетті жазбаша декларациялау қолма-қол ақшаның әкелінетін/әкетілетін бүкіл сомасына жолаушы кедендік декларация толтыру және беру арқылы жүзеге асырылады.
Егер әкетілетін қолма-қол шетел валютасының баламасы* 10 мың АҚШ долларынан аспайтын болса, қосымша құжаттар ұсыну талап етілмейді.
3. Қазақстан Республикасынан баламасы* 10 мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын әкететін кезде Қазақстан Республикасының кеден органдарына баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын сомаға олардың қайдан алынғандығының заңды екендігін растайтын құжаттарды табыс ету қажет.
Мұндай құжаттар ретінде мыналар берілуі мүмкін:
1) бұрын әкелінген қолма-қол шетел валютасы үшін – Қазақстан Республикасына қолма-қол шетел валютасын әкелінгенін растайтын жолаушы кедендік декларациясы.
Көрсетілген кедендік декларация егер әкетілетін қолма-қол шетел валютасының 10 мың АҚШ доллары баламасындағы бастапқы мәннен асатын сомасы кеден декларациясынан көрсетілгеннен аспайтынын растайтын құжат ретінде қабылданады.
2) Қазақстан Республикасында пайда табу көздері бар жеке тұлғалардың валюта әкетуі үшін – жеке тұлғаның шекарадан өтетін күннің алдындағы есепті кезең үшін салық декларациясы мынадай нысандардың бірі бойынша ( салық төлеушінің данасы):
- жеке табыс салығы жөнінде декларация (220.00-нысан);
- жеке табыс салығы және мүлкі жөнінде декларация (230.00-нысан);
- жеке табыс салығы жөнінде декларация (240.00-нысан)
*) Әкелінетін және әкетілетін валталардың долларлық балама сомасы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 36 бұйрығымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының «Валюталар айырбастаудың нарықтық бағамын айқындаудың және қолданудың тәртібін белгілеу туралы» 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 36 қаулысымен белгіленген тәртіпте валюталардың теңгеге нарықтық бағамдарын және кросс-бағамдар пайдаланыла отырып айқындалады. Жеке тұлға Қазақстан Республикасының шекарасынан өтетін күнгі бағам қолданылады.