/Күншуағым/
Күншуақ - өтіп кеткен жастық шақ, адам өмірінің қайтып келмейтін бір кезеңі деген мағынада жұмсалған. Автор "күншуақ" сөзін лексикалық эпифораға айналдырып, ашық күндер туралы, өткен жастық шақ жайында естеліктерді сипаттайды.
Қандай бақыт!
Жарқырап күн тұрғаны.
Бір ұрпаққа, бір ұрпақ ұмтылғаны.
"Күн" - қызу, жарық беретін планета үғымында. Күннің нұры — шашырап тұрған сәуле, яғни бүкіл тіршілікті қыздырып, жарқыратып тұрған планета. Автор "күн астында", "күннің нұры" сөз тіркестерін өлеңде стильдік қызмет атқаратын лексикалық анафораға айналдырады.
Қалт-құлт етіп, мейлі мен күн кешейін,
"Күн кешті" - өмір сүрді, тіршілік етті мағынасында жұмсалып, екі жолда да қайталанып өлеңнің әсерін күшейтіп тұр.
Көріп келем өмірді, көріп келем.
/Күміс жалды күн/
Ақын күн сөзін соны эпитет тіркеспен жұмсап, айтар ойының нәрін мәнерлей түседі. Күміс жалды күн — жаңа тіркес. Жал сөзі әдетте
атқа байланысты айтылатынын ескерсек, бұнда күн сөзімен тіркесіп әдемі үйлесім тапқан.
Қайдан білсін, келе алмай күйім бүгін,
Сансыратып кеткенін құйын-күнім.
/Қайдан білсін/
"Құйын-күн" — бұл жерде адамның көңіліндегі мазасыздықты білдіріп, құбылмалы, дауыл соққандай өтіп жатқан адам өмірін суреттейді.
Қош енді, қош боп күрең күн!
Күрең мұң саған жібердім.
/Күрең күз/
"Күрең күн" — адамның өмірінің бір кезеңіндегі жайсыздық, көңілсіздік мағынасында келтірілгендіктен, ақынның сондай мазасыз күнмен қоштасуын сеземіз.
Беу, менің есіл күндерім,
Білмедім есім кіргенін...
Қош енді, ескі күндерім!
Келе ғой, есті күндерім!!!
Осы шағын шумақта "күн" сөзін үстемелетіп жұмсап мағыналық сырын аша түседі. "Күн" — уақыт, мезгіл мағынасындағы лексикалық эпифораға айналған көп мағыналы сөз. Есіл, ескі, есті сын есімдері арқылы күн сөзінің қызметі айқын көрінген. Есіл күн — мәнсіз-мағынасыз өтіп жатқан уақыт, ескі күн - өмірдің бір кезеңі, есті күн — келер күннен үміт, жақсылық күту мағынасында жұмсалған сөз тіркестері.
Мұқағали өзінің лирикасында бір сөзді бірнеше рет қолдану арқылы өлеңнің эстетикалық-эмоциялық мәнерін, экспрессивтік бояуын әрлендіреді. Ақынның тағы бір "Өледі кімдер, туады кімдер" өлеңінде анафора мен эпифораның қолданылуын айқын көруге болады. Мысалы:
Өледі кімдер, туады кімдер,
Батады күндер, шығады кундер.
Семеді гүлдер, өседі гүлдер,
Келеді күндер, көшеді күндер.
Өмірде қымбат асылдар — күндер,
Өмірде қрілы ғасырлар — күндер.
Өмірге керек бақыттар — күндер,
Өткізген сәтті уақыттар — күндер.
Өмірдің мәңгі қосағы — күндер,
Өмірді мәңгі тосады күндер.
Күндер....
Кундер...
Мұнда Мұқағали Мақатаев "күндер", "өмір" сөздерін қайталау арқылы өлеңнің эмоционалдық қуатын күшейтеді, тындаушысын негізгі мақсатына жетелейді. Өмір қас-қағым сәт. Осы сәт қайта оралмайды. Әр жанға өлшеніп берілген өмір бар, сол өмірдің қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын ешкім де білмейді. Сондықтан ақын өмірдің әр күнін, әр сәтін жоғары бағалауға шақырады. Біз үшін негізгі мақсат - өмірдің мәні мен мағынасында!
Сөйтіп ақында күн сөзінің сан алуан стильдік астары бар. Мұқағали өлеңдеріндегі күрең күн, күміс жалды күн, құйын күн, ескі күн, есіл күн, есті күн, өткен күн, асыгып баратын күн, санаулы күн, ауыр күн, шуақты күн, жарық күн, сұлу күн, бозбала күн, бекер күн, және т.б. сөз тіркестері арқылы басынан өтіп жатқан толассыз, тоқтаусыз, қызық та қуанышты, кейде мұңды, азапты, қайғылы күндерді суреттеген. Күн — планета ретінде, күннің нұры, күннің жылуы, күннің қызуы, күннің сәулесі секілді жалпы тілдік қолданыстағы тіркестер де көп.
"Күн" сөзінің белгілі бір ұғымды білдіретін астарлы, көп мағыналы сөз екенін білдік, көбінде жаңа сөз жасалып қана қоймай түрленіп отырады. Жасалу формасы әр түрлі күн сөзі көпшілік өлеңдерінде қайталанады. Ақын күнге құштар. "Күн" атты бүкіл әлемді жылытатын, дүниені тірілтетін нұрлы алып планетадан жылылық, мейірімділік, тазалық күтеді.
Алдыңғы берілген күн сөзінің мысалдарымен қатар көп мағыналы жан зат есімінің бір өлеңдегі қайталануына көңіл аударып көрейік.
Қайдасың,
қайдасың, менің ерке жан серігім?
Жабырқау жандырсаңшы жан сенімін.
Қайдасың, тәтті қиял ой шумағы,
Бассаңшы қасіретін жан шерінің!
Мұнда "жан" сөзі 3 рет қайталанған. Жан сөзінің бірінші қолданыстағы ұғымы адам, дос, жан серігі тәріздес мағынада алынған да, екінші жан сөзі өзінің тура ұғымында жұмсалып тұр. Одан соңғы, яғни ең кейінгі жолдағы "жан шері" — көңіл, ақыл-ой, сана деген мәнді аңғартады, жаным жара, көңілім қаяу, уайымдымын, мұңдымын деген тәрізді мазмұнда айтылып тұр.
Жоғарыдағы бір шумақта үш рет қолданылған жан есімінің мағыналық сипаты әр түрлі, яғни стильдік қолданылуы жағынан өзара бір емес. Сөздің көп мағыналығы мен стилистиканың бір-біріне қатысы деген мәселе міне осы тұрғыда аңғарылады.
Кейде лексикалық қайталамалар өлеңнің мән-мағынасын, мазмұнын айқындауда басты рөл атқарады. Мысалы, төмендегі берілген өлеңнің "аңса жаным", "сағым, жаным", "жақсыдан жайлап ескен жан самалын" сөз формалары автордың негізгі ойын анықтайды, осы сөз тіркестерінің әрбір қайталануы авторлық әңгімелеудің нақты сатысын, дәрежесін көрсетеді. Мұндай лексикалық қайталаманы - сатылы (ступенчатый) қайталама деп атайды.
"Жан" — бұл жерде тірі адам мәнінде алынған. Бұл сөзді осылайша қайталап қолданудың нәтижесінде оның стильдік қызметі, мағыналық аясы кейде сәл өзгере түседі. Сөйтіп стильдік қолданылу ерекшелігіне қарай көп мағыналығы барынша айқын көрінеді. "Жаным" сөзі лексикалық эпифораға айналған.
Мен аңсаймын.
Сен-дағы аңса, жаным,
Жақсыдан жайлап ескен жан салмалын.
Аңса, жаным,
Зарығып шарша, жаным,
Қалса да қанша ғүмыр, қанша амалың.
Аңса, жаным!
Мен сағынам.
Сен дағы сағын, жаным,..
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын,
Жабықпай аңса, жаным,
Аңса, жаным!
"Жанымда менің" өлеңінде дауыссыз дыбыстар тіркес күйінде абсолют позицияда қайталанып келеді. Бұл қолданысты дыбыстық анафора деп атайды. Бұл жерде жан — дыбыстық анафора өлең мәтініне ырғақтық мән беріп, ұйқас қызметін атқарып тұр. Дыбыстық анафораның озық үлгілерін М.Шаханов, Ү.Есдәулет, Ж.Әбдірәшев сияқты ақындар өлеқдерінен кездестіруге де болады.
Жалынын атпай,
Жайғасып алып,
... Жанымда менің
Атылмай жатқан жасым бар.
"Жан" сөзі ниет, ықылас, көңіл мәнін аңғартады. Бұл өлеңнің тағы бір.. ерекшелігі. Мұнда "саңылаулы қайталама", яғни орыс ғалымдарының айтуынша, "сквозной повтор" кездеседі. Саңылаулы қайталама алғашқы және соңғы жолдарды бір тұтастыққа тұтастыратын сөз және сөз тіркестерінің қайталануы арқылы мәтіннің бүкіл бөлімін қамтиды.
"Жанымда менің жасырын жатқан вулкан бар", "Жанымда менің атылмай жатқан жасын бар" өлең жолдары мәтіннің идеясын білдіреді, өлеңнің басында және соңында қайталанады. "Жанымда менің" сөз тіркесі авторлық ой-пікірді қалыптастырып, өлеңнің мазмұнын аша түседі. "Жанымда менің"сөз тіркесі мен "жасырын" сөзі анафораға айналған.
Сонымен біз "жан" көп мағыналы сөзі ақын өлеңдерінде бірнеше мағынада жұмсалғанын байқадық. Ақын жан сөзін кейде тура, кейде ауыспалы мағынада қолданып, адам, көңіл, сана, ниет, ықылас сияқты ұғымдарды білдіреді.
М.Мақатаевтың жырларында тілдің лексикасын саны емес, мағынасы жағынан ұлғайтатын, көбейтетін, кеңейтетін омонимдердің қолданылуына, қайталануына назар аударайық. Мысалы:
Осы бір көктемді көгерген,
Жүз жылдан кейін кеп көрер ме ем!
Осы бір қызғалдақ жас гүлді
немесе:
Барлығы баласындай бір атаның.
... Жүзіңнен, жаным, неге мұң атады,
Жаным-ау, қайтсем сені жұбатамын?
Осы шумақтың екеуінде "жүз" түбір омонимі қайталанылып отырады. Бірақ алдыңғы шумақтағы жүз - сан есім, кейінгі жүз -бет, ажар, түр, өң мағынасында қолданылып тұрған зат есім.
М.Мақатаевтың лирикалық өлеңдерін оқу үстінде жаңа оралым, тың тіркестер іздеп жүрміз. Ақын өзінің сол жайсаң да сезімтал, шымыр да шынайы болмысын өлеңге өзгепше түр іздемей-ақ жеткізе алады. Қарапайым тілде ұғысу қазіргі көркемөнердің өзгеше бір белесіне айналғандай. Ол көркем өнер жүгі жеңілдеді деген сөз емес, керісінше, көркемдеу құралдары нәзіктене түсті деген сөз. Сондықтан да өлендерінен артық-кем өлшем, басы артық сөз, "бөтен қылықты" іздесеңіз, таппайсыз. Мысалы, "Басыма менің бақ қондың" өлеңінде:
Орынсыз ойнап, күлгенде,
Опық жеп талай жүргенде,
Басыма менің Бақ қондың,
Байқаусыз шақта, бірдемде
Боларын бұлай білгем бе?!
Ақыры мына, Бақ, қондың,
Баянсыз емес, нақ қондың.
... Бақ қонды дағы тап болдым.
Мұнда ақынның сезім-күйі бірінші орынға шыға алғандықтан, өленде лирикалық сипат басым болып тұр. Бірінші, екінші жолда ақынның өкінішін көреміз, үшінші жолда автордың айрықша сезімі, құштарлығы оянады. Өлеңнің әсерлілігі де, ақынның құштарлығымен өзектес. Сезім динамикасын дәл бейнелеп, сезімді осынша жеткізе алу, өте-мөте Мұқағалиға тән қасиет.
"Бақ" сөзі — бақыт, қуаныш, шаттық мағынасында жұмсалған. "Бақ қонды" тіркесі өлең жолында бірнеше рет қайталанып, лексикалық эпифора жасайды. Ал, "Анау — аспан, мынау - бақ, аспанда бұлт, бақ жадау... Бақты кезіп тал-қайың, жалаңаяқ жылап жүр" деген өлең жолдарында "бақ" — ақ қармен жамылған, қараусыз қалған қысқы бақ мағынасында қолданылады. Бұлар да омоним сөздер.
Тағы бір "жас" туынды омоним сөзінің қолданылуына мысал келтірейік.
Көзіңнің жасын көрмесем екен мен сенің,
Көзіңнің жасын көрсетпе маған, еңселім.
/Көрмесем екен/ немесе:
... Жаралы жас жүректің толқынынан,
Еседі бетті аймалап нәзік леп.
Өмірдің тайғанында тұрған жоқ па?
Бұл өлеңнің алғашқы екі жолында жас сөзі — адам жылаған кездегі жас мағынасында қолданылып тұрған анафоралық сөз. Екінші жолдағы жас — адамның жасына байланысты метафоралық мағынада жұмсалады.
Омонимдік қайталамалар өлеңнің әсемдігі, әсерлігімен қатар, өлеңнің композициялық құрылысында да ерекше қызмет жасайды. Мысалы:
Бұл мысал Мұқағалидың "Жастық" атты өлеңінен алынған. Ақынның осы өлеңінде негізгі нысана айтар ой, ақындық идея тек жастыққа қаратылып, жастық сөзінің мағынасын күшейте түсу үшін, әр тармақтың басынан бастап әр қырынан келген. Міне, сол үшін де бұл шумақта анафоралық қайталама жасалып, "жастық" сөзінің мағынасын, мәнін айтар идеясына сәйкес бірте-бірте дамытып әкеліп, шумақтың соңғы жолында тұжырымды түйін жасайды. Сондықтан да мұны әдепкі қайталаудың үлгісіне жатқызамыз.
Ал келесі өлеңінде әуендік қайталама үлгісін көруге болады.
Жаңадан өскен жас қайың,
Қорексіз шөлдеп налып тұр.
Күтпесе егер жастайын,
Өсуден мәңгі қалып тұр.
Бұл жерде "жас қайың" сөз тіркесі мен "жастайын" сөзі эмоционалды дыбысталып, эвфониялық әуезділігі жағынан үйлесімдік жасайды.
Сөйтіп М.Мақатаевтъщ өлендеріңде тура және ауыспалы мағынада беріліп, өлеңнің эмоциялық-экспрессивтік әсерін күшейтіп тұрған көп мағыналы, омоним сөз тіркестері көп колданылған.
Көп мағыналы сөз, омоним тек тілдік құбылыс қана емес,көркем дүниенің бейне сырын ашудағы көрсеткіш екендігінбайқаймыз. Ақын тіліндегі көп мағыналы сөздер, түбір мен туынды омонимдердің арасындағы кайталану, лексикалық анафора мен эпифора, сатылы, контактілі, дистантты, тұйықты, сақина,саңылаулы, симплока, күшейткіштік, семантикалық қайталамалардың түрлері, әуендік қайталама, дыбыстық анафораның қолданылуы өлеңнің көркемдігіне, мазмұнына, мәнеріне, әсеріне қызмет етеді.
Әрбір тілдің кемеліне келіп жетілгендігінің белгісі оиың бай синонимикасы арқылы да білінеді. Қазақ тілі лексикалық синонимдерге өте бай. Бір ұғымды білдіру үшін кейде 20-30 синоним сөздер қолданылады. Ана тілінің синонимдік байлығын білу арқылы ғана көңілдегі көрікті ойды барлық реңктерімен өз мәнінде дәл және анық етіп шеберлікпен жеткізуге мүмкіндік аламыз. Ғалым Ә.Болғанбаевтың айтуынша: "Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер". [17,23]
"Синонимия - ұлттық тілдің айқындылығын, дәлдігін, икемділігін, бейнелегіштік күшін көрсететін тілдік құбылыс. Тілдегі синонимдерді пайдаланып, керегіне жаратпайтын ақын-жазушы жоқ. Синонимдерді қайталау - автор тілін әсерлендірудің тұрақты тәсілі. Сөздердін, мағынасы мен эксирссиясын күшейтіп, көркем дәлдік жасау тәсілі болады. Көркем шығармаларда бір кезде синоиимдер жинақтык ұғым, бейнелілік машнасын бере тіркессе (қайғы - мұң, қалжың - тәлкек), енді бір кездс дәл керек мағыналық қырды, белгіні дәлдеу, күшейту үшін қайталанады." [6,82]
Синонимдер — ойды қайталамаудың негізі ғана емес, суреткердің көркемдеу құралы. Синонимдер көркем әдебиет тілінде өте көп қолданылып, суреткер ойын терең де мағыналы сөздер арқылы жеткізеді. Тұлғалары бөлек, мағыналары жақын болып табылатын синонимдер — поэзия тілінің ең бір қажетті құралы. Ақын көкірегінде сайрап тұрған шындықты шынайы, көркем етіп жеткізу үшін қажет сөзді талғап, таңдап, орынды қолдана білсе, ол оның шеберлігінің бір қыры.[2,22]
Синонимдср мынадай бслгілсрінс қарай топтастырылады: 1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы қажет. 3. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі тиіс, Бұл үш белгі — сөздерді синоним деи танудағы басты шарттар. [18,104]
Синонимдерің мағынаналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге коңіл аударылады: Синонимдср градация жолымен
өзгеріп отырады.Мәселен, аяз сөзіне қарағанда оның синонимдік сыңары үскірік сөзінің мағыналық салмағы күтірек екендігін сезуге болады. Синонимдердің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең т.б.
Синонимдердің стильдік мәні неше алуан функционалдық сипатта қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай реңктері байқалады:
І.Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мәселен, отағасы үй иесі сөзінен, науқас ауру сөзінен, қаза өлім сөзінен, перзент бала сөзінен жоғарылау.
2.Поэтикалық реңктер. Асқар деген сөздің биік деген сөзге қарағанда реңкі басым. Сол сияқты қол әскер сөзінен, мәртебе атақ сөзінен, қаһарман кейіпкер сөзінен жиірек қолданылады.
З.Кекесін-мысқыл мәніндегі реңктер. Біреудің істеген ісі, қылығы басқа бір адамға ұнамағанда айтылады. Мәселен, қожаңдау, кісілік көрсету деудің орнына қодыраңдау, жеңілтектену деудің орнына тұштаңдау деп кекетіп айтады.
4.Салтанат құру мәніндегі реңктер. Жүлде сөзі бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу тойлау сөзінен көтеріңкі.[17,37]
Синонимдердің грамматикалық табиғатына келсек, қазак тілінде синоним кездеспейтін бірде-бір сөз табы жоқ. Барлық сөз табынан синонимдер табылады. Алайда сан мөлшері жағынан келгенде әр сөз табының синонимге молшылығы әр түрлі. Кейбір сөз табы синонимге өте бай (етістік, зат есім, сын есім), екінші бір сөз табының синонимі соншалықты кедей (сан есім).
Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді:
Синонимдердің әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленетін түрлерін мағыналық-стильдік синонимдер деп атаймыз. Мысалы: тақия — төбетей — кепеш, мақтаншақ - бөспе т.б. [17,260]
М.Мақатаев лирикасындағы синонимдер сөз табының барлық түрінен жасалған. Соның ішінде етістік синонимдер қимыл-әрекетті суреттеуде жұмсалған көріктеу құралы болып табылады. Адамның жеке басындағы әр түрлі қасиеттерді көрсетуде зат есім синонимдер ұтымды берілген.
Біздің мақсатымыз — ақын тіліндегі синонимдердің санын анықтау емес, оның қолдану, қайталану мүмкіншілігін, мағыналығын, тіркесімділігін, оралымдылығын, стильдік бояуын, бейне ашудағы қызмет дәрежесін дәл тауып, нақтылай жеткізіп бере алуымызда. Енді ақын өлеңдеріндегі синонимдерге мысал келтірейік:
Жөн болмас, сірә, өмірмен ұстасқаным,
Бір ғұмыр дүниенің құшпас бәрін.
Бесінге ауып барады түскі аспаным.
Бұл шумақта "өмір - ғұмыр", "дүние - күн" сөздері мағыналық синонимдерге жатады. Бұл синонимдер өлеңнің ішіндегі басқа шумақтарында да кездеседі. Бұл төртеуі тұтастай алғанда өлеңге ерекше мағына үстеп қана қоймай, ақын тілінің байлығын, жан-жақтылығын таныта түседі. Осы синонимдер ойды дәл жеткізу үшін берілген.
Ақын жырының негізгі темір қазығы - шындық, сезім, ой, сенім. Осылар ақынның бүкіл шығармашылығының өзегі болуымен бірге ақын поэзиясындағы философиялық ойдың терендігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілер болып табылады. Осыған орай ақынның "Сырласу" дейтін өлеңінен үзінді келтірейік:
Аспан мен Жер,
Уақыт, заман жайлы,
Өзім жайлы,
Сен жайлы, анау жайлы,
Бүгінгі ұрпақ,
Бүгінгі Адам жайлы,
Азды-көпті алдыңда айтылған сыр,
Сотыңнан сенің сақтап қала алмайды.
Мұнда автор "уақыт - заман", "ұрпақ - адам" мағыналық синонимдерін қайталағанда, өлеңнің негізгі ойына, бүгінгі заманға, ұрпаққа баса назар аударады. Шумақтың соңғы екі жолы дыбыстық ассонансқа құрылып, "жайлы" лексикалық эпифораны қолданып, өлеңнің әуезділігін күшейте түскен.
Бұл маржан сөзді қатарлар ақынның жан сыры, алға қойған ұлы мақсаты, бағыт-бағдары екендігін айтып отырудың қажеті болмас. С.Жұмабеков өз мақаласында бұл өлеңге пікір білдірген: ..."Әйтеуір даусыз ақиқат сол, ақынның тек ашық сырласуға ден қоятыны. Шым-шым тереңіне тартқан ақын жүрегінің құпиясы, өлең сиқыры, ұдайы еркелетуді аңсайтын сәбидей пәктігі мен нәзіктігі, сыршылдығы оқырманын алаңсыз еліктіреді. Бұл — ақынның творчестволық принципі әрі мұраты болған ең басты қасиеті. Сыйға сый дегендей, оқырман да Мұқағали лирикасына айрықша ілтипат танытқан, қолынан түсірмеуге, тастамауға тырысқан. Өйткені оқырманның өзі де сезімін, сенімін сол ақын жырларынан ұдайы көріп, тауып, сүйсініп отырған. [19,7] Біз де бұл пікірге қосыла, құптай шырып, бұл өлең ақынның суреткерлік кредосы дер едік.
Келесі "Өмір дейтін" өлеңінде күшейткіштік (усилительный) қайталаманың қасиеттерін аллегориялық тәсілді қолданумен қиындатады. Суреткер дерексіз нәрсені деректіге өзгерту және синонимдік қатар қолдану арқылы, адамның ішкі сезім күйін көрсетіп күшейтеді. Ақынның ұғымында бар, бірақ қолға үстап, көзбен көре алмайтын нәрсені деректі затқа көшіріп, "қайғыны -қаншыққа", "уайымды - ұрыға", "секемшілдікті - киікке" балайды.
Секем алған киіктей аңдап тұрам.
Адамның көңіліндегі жайсыздықты беру үшін мұң, зар, қайғы синонимдік қатарын алған. Үшеуінің де өлеңдегі кызметі нақты беріліп, ақынның жабырқаған, өмірден тарыққан сәттері айқындалған және үдемелетіп үйлесім тауып жұмсалған. Бұл синонимдердің стильдік қызметі де айқын. Мұң - жеңілдеу айтылса, зардың мүңга қарағанда салмағы басымдау, ал қайғы ауыр айтылған ойлы сөз. Негізгі доминант сөз - қайғы. Мұң, зар, қайғы синонимдері - абстракты ұғым беретін зат есімді синонимдер көп жағдайда бірінің орнына екіншісі қолданыла береді. Егер "қайғы" сөзін "шемен" сөзімен тіркестіріп қолдансақ, онда уайым, қайғы тіпті ащы қайғы деген мағынада жұмсалады. Бұл синонимдер бірінің мағынасын бірі толықтырып, айтылған ойды ғана емес, шығармадағы тіл көркемдігін көрсетеді.
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем, керексе, -
...Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің,
Қақпасын келіп қақпасын! -
деп тебіренген Мұқағалидың азаматтық көңіл-күйі, жүрек лүпілі осылай соғады, егер де өзінен кейін жер бетінде жауыздық пен жамандықтар жойылатын болса, оның сол жолға жанын қиятынына еш күмән келтіруге болмайды.
Бірінші екі өлең жолында ақын "ойым бар менің" сөйлемін қайталап, лексикалық анафора жасайды. Екінші шумақта автор "жамандық, жауыздық, арамдық" деген абстракт мағыналы зат есімдерді қолданады. Сондай-ақ "жауыздық, жамандық, арамдық" сияқты қабаттаса келген синонимдер плеонастық қабаттарды жасайды. "Плеоназм — синонимдік ұғымдар жиынымен берілген сөйлеу айшығы". [20,276] Мұнда негізгі доминант (тірек) сөзі -жамандық.
Жоғарыдағы берілген өлең - аттамалы ұйқаспен жазылған. Шумақ 6 жолдан тұрады, тек жұп жолдары ұйқасып отырады. Мұнда "жауыздықтардың, жамаңдықтардың барлығын" секілді 13 буынды өлең жолы ерекше көз тартады. Бірақ өлеңді оқығанда бұл көрінбейді. Себебі бірінші жол "ң" дыбысына аяқталғандықтан, "ң" мен "н" дыбыстары ұйқасып, бір-бірімен үйлесім табады.
Туған жер, Отан, ел, қазақ даласы тақырыбы әрбір ақын жырларына арқау болған. "Отан" деген сөз әуелде көшпелі өмір сүрген ата-бабамыздың от жағып, тіршілік еткен ұясы деген ұғымнан шықса керек. Қазақ жұртында: "Ер туған жерінде, ит тойған жерде" деген мақал бар. Әр адамның туған жері - бәрінен қымбат. Өйткені ол сол жердің топырағында өсіп, суын ішіп, ауасымен тьныстады, табиғатымен біте қайнасып, адам болып қалыптасты. Сондықтан да, әрбір адам туған жерін қорғайды, аялайды, қастерлейді.
М.Мақатаевтың анафора мен эпифора кездесетін туған жер, Отан такырыбына байланысты өлеңдері: "Туған жер тудырған ой", "Қарасаз", "Жер", "Отан", "Отаным", "Ақынның ауылы", "Қазақ жері", "Туған жерге", "Жетісу", "Туған жер сағындырды, келді есіме", "Сүйемін, өскен Отаным", "Отан туралы", "Әнеки менің Отаным", "Дөңгелек жер".
Мұқағали — "елі үшін туыл, елі үшін өлген" ақын. Оның туған жеріне деген шексіз махаббаты, ыстық сезімі қай өлеңінде болмасын, кең көрініс тапты. Мысалы, "Сүйемін, өскен Отаным" өлеңіндегі синонимдік анафораға көз жүгіртейік:
Топырағын, тасын да.
Кәрісін және жасын да
Жылысып өткен жылынды. Қарыздармын сондықтан Берермін талай жырымды.
"Отан", "ел", "жер" - мағыналық синонимдер. Бұл өлеңде "сүйемін" деген күшейткіштік қайталамана қолдану арқылы Мұқағали Отанға, туған жерге сүйіспеншілігін, махаббатын білдіреді, автор ішкі сезімдерін күшейтіп отырады, стильдік бояуды айқындай түседі. "Жерімнің, елімнің" ұйқасы тәуелдік жалғауының "ім" және ілік септігінің "нің" жалғауларына аяқталу арқылы, үйлесіп отырады. "Жерімнің", "елімнің" сөздерінің сөз әуенінде, құрылысында әуендік жақындық бар. Бұл жерде әуендік анафора тәсілі қолданылған. Ал мына өлеңде:
Таныс өлке, Таныс аймақ, Таныс маң:
Аноу жерде құрбылармен алысқам,
Аноу жерде құрбыжанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау шұбатылып шаңы ұшқан,
/Туған жерге/
Бұл мүдіріссіз оқылатын жолдар жеңіл ұйқасқа құрылғанымен, өлеңде "жөнделмеген" ауызекі тіл немесе ауыз әдебиеті емес, жазба дәстүр, тіпті, өзінше бейнеленген - сурет бар. Қарапайым болғанымен, құнарлы поэзия. Неге? Мұқағалидың жанымен, болмысымен үйлесетін қоңыр әуезді әндей ұлттық тіл үйлесімі табылған. Әлгі жолдардан жаның жаңарып, қажетті қанардан нәр алғандай, тынығады. Ұлттық өнер миссиясының мән-мағынасы осы. "Өлке, аймақ, маң, жер" мағыналық синонимдерін қолдану арқылы өлеңнің мазмұнын толығырақ аша түседі. "Таныс"сөзі мен "аноу жерде" сөз тіркесі лексикалық анафораға айналған.
Осы жолдарда туған жердің сұлу көрінісін жанды суреттермен "Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан, Таулар әне, ұйықтап кеткен .данышпан"деп төбесінде мәңгі қар жатқан алып та, асқар шыңдары бар Алатауды ұйықтап кеткен данышпанға, ойшыл қарияға теңеп, шексіз сезіммен табиғаттың өз бояуын дәлдікпен тауып, әрі ақындық пафоста сол мекенді шынайы образды сөздермен бейнелеп, оқырманын ойлантарлық мағыналы жырға қосқан. Осындағы бірнеше сөздерді қайта-қайта қолдану арқылы оның ұйқастарын үдете неше түрге құбылтып шеберлікпен пайдаланған. Ол сөздер өлеңге лайықты түр берумен бірге мән-мағынасын
күшейтіп тұрғаны байқалады. Расында, әрбір сөзге лексикалық мағына жүктеп, ол сөзді көп қолданып, терең мазмұн беру Мұқағали лирикасына тән қасиет. Осы өлеңде туған жерді, табиғатты суреттеумен бірге оған деген сағынышты ынтық сезім де бар. Ақын осы сезімімен ой өрбітіп туған жерін лирикалық қаһарманына жанындай сүйгізеді. Бірақ бұл жерде сүйемін деген сөз айтылмайды, ол тек нәзік сезім мен терең ойдың астарында жатыр. Мұндай шешімі көп лирикалар Мұқағали туындыларында көптеп кездеседі. Бұл айтылған ерекшеліктер - үлкен талант, дарқан дарынға бітетін поэтикалық шеберлік.
Ырғақ, интонациялық шумақ-буын өлшемі жағынан жоғарыдағы Мұқағали өлендерінен бұра тартпайды. Бұл жолы ол әсемдікті сезінуі жағынан тікелей әлгі стилъді пайдаланады. Табиғаттың әсем көрінісін, яғни, пейзаждық құбылысты беруде ақын санаға сіңісті болған суреттеу тәсілінен бойын аулақ ұстап отыр. Суретті сезім күйінде беруге тырысады. Сөйтіп барып бұл жерде де ол ерекшеленеді. Хабарлы ғана ойды білдіретін сөйлемдер эстетика мұратын өтей алатыны сөзсіз. Сөз жоқ, мұның бәрі ізденіс жемісі.
Білмедім, құмармын ба, ғашықпын ба,
Білмеймін, ынжықпын ба, жасықпын ба.
Білмей жүріп қырықтан бір-ақ шықтым,
Болуға бәріне аға асықтым ба?
Осындағы құмармын - ғашықпын, ынжықпын — жасықпын деген параллель синонимдер көп ойды жеткізеді. Жіктелген формадағы синонимдік қатарлардың алғашқы сыңарынан екінші сыңарының мағынасы басым. Құмармыннан ғашықпынның, ынжықпыннан жасықпынның қолданылу аясы кең әрі әсерлі. Бұл стильдік синонимдер адамның бір қасиетіне байланысты айтылады. Ойды үстемелету үшін "ба" шылауының қызметі ерекшеленіп көрініп тұр. Сондай-ақ "білмедім, білмеймін, білмей жүріп" сияқты лексикалық анафоралар өлеңнің саздылығын, әуезділігін арттырып, айрықша көркемдік сипат береді. Шумақтың "төртінші жолы дыбыстық аллитерацияға құрылған.
Ақынның өлеңдеріндегі синонимдердің аталған қызметтерін негізге алсақ, олардың аса мол, ұтымды қолданғандығын байқау қиын емес. Өлең тіліндегі синонимдердің стильдік мәні, қызметі өте күшті. Өлең тілі синонимдерге неғұрлым бай болса және олар ойды жеткізуде өз орнында қызметін мүлтіксіз атқарып тұрса, өлең шынайы, бейнелі болады. Проф. Б.Шалабай синонимдердің қайталануы туралы: "Шығарма тіліндегі экспрессивтік пен баяндау дәлдігі синонимдер арқьшы жүзеге асады. Синонимдердің қайталанулары сөйлеу бөлшегіне қосымша, ырғақты тұтастық, интонациялық екпін, сазды әуен береді", - деп айтқан.[6,83]
Жоғарыда айтқанымыздай, кейде қаламгер бір сөзді бірнеше рет қайталап, сөйлеу тілі стиліне көлеңке түсірмес үшін сол сөздің синонимін пайдаланады. Мысалы, "Мен сендерді іздеймін" өлеңінде: майдандас, қарулас, дос, бауырлас, құрбылас сияқты сөздердің бәрі де "ардагер" сөзінің орнына қолданылған.
Қайран достарым менің!
Жеңіспенен оралған бауырларым,
Сағынамын сендерді, сағынамын.
Бауырластарым менің!
Қаруластарым менің!
Қай жерлерде жүрсіндер, майдаңдастар?
Тағдырларың не болды, қайран достар?!
Бұл шумақта қатар тізбектелген мағыналық, персондық синонимдік қатар берілген. Синонимдердің бір сөз табынан болатынын ескерсек, бұлардың бәрі түбір зат есім синонимдер. Мұнда негізгі доминант сөз — дос.
Синонимдердің қайталануы арқылы ақын өлеңнің эмоционалдық реңктерін күшейтеді және майдандық достықтың мәңгі, өшпес жалынын жоғарлатады. Автор өзінің майдандастарын, әскери ерліктерін еске алып, ескі достарымен кездескісі келеді.
Кейде өлеңнің әсерін күшейту, стильдік бояуын айқындау үшін Мұқағали синонимі өлең жолында екі-үш рет қайталанады. Мысалы, "Көгершін маршы" өлеңінде автор көгершін және кептер мағыналық синонимдерін екі өлең жолында қайталау арқылы эпифора тәсілін жасайды.
Мұнда ауызекі тілде, әдеби тілде үнемі қолданыстағы негізгі сөз — көгершін.
Синонимдік қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жағынан жақын, өзара мәндес болумен бірге, барлығының бір сөз табына қатысты сөздерден жасалуы шарт. Белгілі бір синонимдік қатардың жасалуы үшін, оның құрамына енетін сөздердің барлығы да не бірыңғай зат есім сөздерден, не бірыңғай сын есім сөздерден немесе бірыңғай етістік сөздерден болуы керек. Синонимдік қатарлар әр сөз табының құрамында да бар.
Ә.Болғанбаев: "Қазақ тіліндегі сөз таптарының ішіндегі синонимдерге ең байы зат есім мен етістік болып табылады", - деген еді. [21,66] К.Аханов та: "Тіл-тілде, әсіресе, зат есімдер мен сын есімдерден және етістік сөздерден болған синонимдер жиі кездеседі", - деп атап өткен.[22,126]
Әр сөз табынан қолға жиналған жеті мыңнан астам синонимдерді өзара жіктеп, бөлгенімізде үш мыңдайы етістікке екі мыңнан артығы зат есімге, мың жарымдайы сын есімге, үш-төрт жүздейі үстеуге, қалғандары басқа сөз таптарына тән синонимдер болып шыққан еді. Мұқағали өлеңдерінде, көбінесе, зат есімді синонимдердің, сын есімді синонимдердің, етістік тұлғалы синонимдердің қайталамалары кездеседі.
Логикалық ұғымы жағынан ең айқын сөз табы - зат есімдер. Ақынның "Шындық туралы" өлеңінде мұндай синонимдер көп екен.
Шындық көзге шұқиды қашаннан да,
Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба.
Ар ақиқат үкімі жасалғанда,
Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да.
Қолға тұрар қулар да, зұлымдар да,
Ат жалынан мал тапқан жылымдар да.
Арамзаны, ұрыны жұлып түспей,
Ақиқатгың алмасы суынған ба?!
Алғашқы шумақта қолданылатын "шындық - ақиқат" зат есім синонимдері стильдік синонимдер болады. "Шындық" сөзі жалпы халықта жиі қолданылатын бейтарап сөз болса, "ақиқат" сөзінің белгілі дәрежеде шектелген шегі бар. "Ақиқат" сөзі әдеби тілдің өз ішіндегі белгілі бірлі-жарым сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Сөйтіп мұндай синоним сөздер тілдегі стилъдік синонимдердің сан мөлшерін көбейтуге ат салысады.
Екінші шумақтағы "зұлымдар, қулар, мал тапқан жылымдар, ұры, арамза" - қоғамда әр түрлі ісімен бүлік жасап, бүлдіріп жүрген екіжүзді, түлкі мінезді, сұрқия, "сырты бүтін, іші түтін" надандар. Синонимдік қатарлар арқылы акын тұтас типтік бейне жасаған. Мұндай адамдар әр дәуірде де өмір сүрген және өмір сүре береді. Екінші шумақтың үш жолы дыбыстық ассонансқа негізделіп, өлеңнің әуенін биіктете түседі. Арамза, ұры, қу синонимдеріне қарағанда зұлым сөзінің әсері басым, стильдік бояуы да анық. Бұлар шектен шыққан адамдар. Осындағы төрт синоним үлкен мағыналық топ құраған. Бұл мағыналық-стилъдік синонимдер. Жылымдар сөзі мал тапқан сөз тіркесімен тіркесіп жылымдардың кім екенін аша түседі. Бұлар да біреудің еңбегімен күн көріп жүргендер.
Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім!... Жырсыз менің өмірге не керегім, Жырдан басқа жұртыма не беремін?
Осы өлеңнің үзіндісінде "өлең, жыр" - кілең түбір сөздерден болған мағыналық синонимдер. Бұған ешқандай сөз тудыру амалдарынсыз-ақ, түбір күйінде келіп, бір-бірімен мағыналас сөздер жатады. Соңғы екі жолдың басы "жыр" сөзінен басталып, эпифоралық қайталама қолданылып, өлеңге өте күшті экспрессиялық өң беріп тұр.
Қазақ поэзиясында синонимдерді қабаттастыра (тіркестіре) қолдануды - әсерлі әрі өнімді тәсілдердің бірі деуге болады. Синонимдердің ең кемінде екеуін, кейде үш-төртеуін бір өленде қатарынан келтірудің стильдік мәні бар. Ақын бір нәрсеге, әсіресе, сын, қимыл тұстарына екпін түсіргісі келсе, бір мағыналас немесе мағыналары осы контексте жақындасатын сөздерді қатарластыра жұмсайды. Мысалы, келесі өлеңнің үзіндісінде М.Мақатаев өз ойын қайталамас үшін, "таң", "күн", "тірлік", "дүние" сияқты синонимдік қатарды қолданады. Ол арқылы автор мәңгілік қозғалысты, өмірдің жалғасын, ұрпақтың ауысымын, біздің жеріміздегі өмірлік тәртіпті көрсеткісі келген еді. "Таң атты", "күн шықты" деген жолдарда жарқын болашаққа сенімін, асыл армандардың орындалу үмітін суреттеген. "Тірлік басталды", "күрделі дүние", "тынымсыз күн" деген сөз тіркестер арқылы ауыр тұрмысты, адамның өміріндегі қиын сәттерді сипатгаған.
Тағы да, міне, таң атты,
Тағы да, міне, күн шықты,
Тағы да тірлік басталды.
Күрделі мына дүние,
Ойлантты небір бастарды...
... Тынымсыз мына тірліктің,
Осы синонимдік қатардағы сөздердің барлығына мағыналық арқау болатын доминант сөз - күн сөзі. "Таң", "күн", "тірлік", "дүние" мағыналық синоним сөздері бірін-бірі ауыстыра бермейді, поэтикалық мәтінде ауыстырып қолданылса, мағыналық өзгешелігі аз болады. Мысалы, "таң" сөзі "басталу" сөзімен немесе "күн" сөзі "ату" сөзімен тіркестіріліп, "таң басталды, күн атты" деп айтылмайды, олай айтсақ, сөз тіркесінің мағынасы тіпті түсініксіз болар болар еді. Сондықтан әрбір синонимдердің қолданылу ерекшеліктері болады.
"Тірлік", "тынымсыз", "тағы да, міне" секілді лексикалық қайталамалар мәтіндегі уақттың барысына ықпал ете отырып, жағымды оқиғалармен толтырылған уақыттың кезін қысқартады да, жағымсыз оқиғаларға қанық сәттерді ұзартады.
Етістік лексика-семантикалық мағынасы жағынан да, грамматикалық тұлғалары жағынан да сөз таптарының ішіндегі ең күрделі де көлемдісі деп есептеледі. Етістік — тіліміздегі бейнелеу құралы. Ақын етістік синонимдер арқылы ойды өрнектеп, тіл мүмкіншілігін көрсетеді. Мысалы, "Қуанайын" өлеңінде етістік синонимдердің қайталануын көруге болады.
Ал енді қуанайын,
... Шаттан дейсің,
Ал енді шаттанайын.
Шаттанайын,
Шарқ ұрып мақтанайын.
Мұнда "қуану-шаттану" секілді жағымды мағыналы, адамның қуанышты көңіл-күйін білдіретін екі етістікті синоним қолданылады. Бұл - мағыналық синонимдер. Екінші синонимдік сыңарға қарағанда, алғашқы сыңардың салмағы басымдау көрінеді. Сондай-ақ ақын ойын үдемелетіп беруде "Қуан дейсің, ал енді қуанайын", "Шаттан дейсің, ал енді шаттанайын" сияқты күшейткіштік қайталама пайдаланған.
"Сені азамат дегенге" өлеңінде контактілі қайталаманың түрін байқауға болады. Автор өлеңінде "сенбейін бе, сенем бе", "көнбейін бе, көнем бе", "нанбайын ба, нанам ба" секілді мағыналық синонимдермен өзі айтқан сөзіне, ойына дилемманы білдіреді.
Сені де адам дегенге,
Сенбейін бе, сенем бе?!
Ойнақ салдың төбемде,
Сендей сұмдық адамға,
Мұндағы доминант сөз — сену етістігі. -Контактілі қайталамамен қатар, паралельді қайталама кездесіп отырады. Өлеңнің мазмұнын аша түсетін негізгі өлең жолдары параллельдік түрде қойылған.
М.Мақатаев қолданысындағы синонимдер қолданылу
стилімен ерекшеленеді. Ақын оларды төгілте, синонимдік қатар
жасай қолданады. Мысалы:
Айтқан сөз, берген серттен айнымасым,
Неге сен мұңаясың, қайғырасың?
/Гүлденесің/
Айтқан сөз, берген серт — синонимдер. Мағыналық синонимдер мұңаю, қайғыру адамның көңіл-күйіне байланысты айтылатын мағыналас сөздер. Мұңаюдан, қайғырудың мағынасы да, әсері де күштірек. Қайғы - адам басына түскен бір қасіретті көрсетсе, мұң -соның жеңілдеу формасы. Осы шумақтың екі жолы синонимдік қатарға құрылған, Осындай поэтикалық микромәтінде
синонимдерді қатарластырып жұмсау Мұқағали өлендерінің өн бойынан табылып отырады. Ақын мәтіннің айтар ойын синонимдердің қайталануы арқылы жинақтайды. Іс-әрекетті баяндайтын етістікті синонимдер өлеңнің стильдік әрін көрсетеді.
Сөйтіп ақынның өлеңдеріндегі зат есім, сын есім, етістіктен жасалған синонимдер жиі кездесіп, қайталанып, айтылатын ойға ерекше әуен беріп, шығарманың тіл шұрайын келтіріп тұрады. Мұқағалидың тілінде мағыналық, стильдік синонимдері, тек бейне үшін ғана емес, өлеңнің көркемдігін, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын айқындай түсу үшін пайдаланылады. Ақын лексикалық синонимдерді еркін меңгеріп, орнымен жұмсап, оларды өлеңнің мазмүнын ашуға, ойды тереңдетіп беруге қолданады. Поэтикалық мәтінде синонимдердің екеуін, кейде төртеу-бесеуін қатар келтірудің үлкен стильдік мәні бар.
Суреткер синонимдерге аса жауапкершілікпен қарап, бір синоним сөзін өлеңнің ішінде қайталап, контактілі, күшейткіштік, параллельді қайталамалардың түрлерін қолдану арқылы өлеңнің әсерлігін күшейте түседі, поэтикалық сөз өрнегінде сұлу да көркем бейнені жасайды, оқырманды ойландырады.
14 12 2014
4 стр.
25 12 2014
3 стр.
14 12 2014
3 стр.
14 12 2014
3 стр.
16 12 2014
3 стр.
25 12 2014
4 стр.
15 10 2014
5 стр.
17 12 2014
8 стр.