М.Мақатаев жырларында қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарды, адамның сан алуан қасиеттерін қарама-қарсы ұғымда бейнелейтін антоним сөздерін көп қолданады. Мұқағалида антонимдердің берілуі сөздердің семантикалық-стильдік колоритін айқындап, өлеңнің көркемдігін арттыра түседі. Оның лирикалық шығармаларында тілдік антонимдермен қатар, контекстік антонимдер жиі ұшырасады. Бұл антонимдер белгілі бір мақсатпен қолданылғанын өте айқын көреміз К.Аханов "Антонимдердің стилистикалық қызметі өте күшті. Қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде және осы тәсіл арқылы айтылатын ойды тайға таңба басқандай етіп түсіндіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады. Антонимдерді шебер қолданудың нәтижесінде айтылатын ой мейлінше ашық-айқын, мейлінше мәнерлі болып келеді", - деген еді.['22,133]
Антонимдердің негізгі қасиеті — контраст суреттер беруде. Антонимдер дүниедегі заттар мен құбылыстардың сапасын, қасиетін, көлемін, мөлшерін салыстырып, қарама-қарсы қоюдан шығады. М.Мақатаев өлеңдеріндегі антонимдер ойды тереңдетіп, мәтіндегі бейнелерді ашу үшін қызмет етіп тұрғанын байқаймыз. Антоним сөздер өлеңнің бір шумағында, кейде екі шумағында, енді бір өлеңдерінде тұтас мәтінде келіп, қайталанып, ақынның айтпақ идеясына поэтикалық түр береді. Ақын лирикасында адам психологиясын таныту үшін, табиғаттың сан алуан құбылыстарын суреттеуде зат есімнен, сын есімнен жасалған антонимдік қайталамаларды жиі ұшыратамыз. Мысалы: "дос пен дұшпан", "қуаныш пен қайғы", "жақсы мен жаман", "адам мен арам", "күн мен түн".
Поэзияда антонимдік қатынаста тұрған сөздердің семантикасы бізді қоршаған ортада, дүниеде болып жатқан қайшылықтарды дәл береді. Қарама-қайшылық ұғымы болмаса, өмірді сезіну де, түйсіну де, қабылдау да соншалықты қиын болар еді.
Зат есім антонимдердің қайталануына біраз мысал
келтірейік.
Тамшыңды да қалдырмай, төкпей сені,
Жиырма жыл достастым, жетпей мен енді?
Доғарыл, досқа күлкі етпей мені.
Бұл жердегі "дос-дұшпан" — лексикалық антонимдер. Ақын шумакта антонимдерді қайталау арқылы, нағыз достың дұшпаннан айырмашылығын көрсеткен.
Мұқағали өзінің достық жайлы терең де идеялы, өрелі ойларын, нәзік сезімдерін жыр жолдарына түсіріп көркемдік бейнеде суреттеген.
Сыйластықтың биік тұғыры - достық. Оны қадірлей, құрметтей білу қарыз. М.Мақатаев лирикасында бейбітшілікті, достықты өте қастерлеп, төбесіне көтере жырлайды. Осындай тақырыптарға жазған өлендерінде өзіндік ақындық тұлғасына сай әділдікті, ешкімге жалтақтамай, айтар ойын ашық та бүкпесіз түрде бейнеледі. Ақынның қайсыбір өлендер жинағын алын оқысақ та, достыққа байланысты жыр жолдары молынан ұшырайды. "Шын бақыт - достықта", - дейді қазақ халқы. Шынайы достар қашанда бір-біріне қол ұшын беруге әзір. Қуаныштары мен реніштерін бірге бөліседі. Мұндай достық - мәңгілік. Мұндай достыққа ақын жастарды үйретеді.
Мысалы:
Өзіме өзім мін артып...
Осы өлең жолдарындағы ақын "дос" сөзі мен "дос болам десең", "достыққа жүрмін" сияқты анафоралық сөз тіркесіне бір ғана "жауыз" деген антоним қолданады. Жалпы айтқанда, "дос" сөзіне
жағымды, ұнамды мағына берілсе, ал "жау" сөзі жағымсыз бейнеде суреттеледі. Сондықтан автор "дос", "достық" сөздеріне ерекше мағынаны береді, оларды өленде қайталайды.
Антонимдік қайталамалар поэтикалық мәтіндегі сөздердің эмоциялық бейнелілігімен бірге, лирикалық шындығын күшейтеді, оқырманға ықпал жасайтын ашықтықты айқындайды. Антоним сөздері қайшылық, қарсылық мәтіннің мазмұнын тереңдетеді, өлеңдегі негізгі бөлшектерді нақтылайды, автордың айтпақ ойының маңыздылығын күшейтеді.
Мысалы, "Күн ауысып барады" өлеңінде "күн" сөзі "түн" сөзіне қарама-қарсы мәнінде берілген. Күн — жарық, нұр, сәуле, тіршіліктің, өмірдің астарлы бейнесі болса, түн - қараңғылық, адамның жан дүниесін жабырқатып тұратын үрей, қорқыныш ұғымында жұмсалған.
Күн ауысып барады түнге қарай,
Шығыста — кеш, Батысқа кірген арай.
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Неге мен үрейленем түнге қарай,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Автор күн мен түн деген антонимдік қайталама арқылы түнге ауысып баратын күннің бейнесінде уақыттың зымырап өтуін суреттеп, белгісіз, үмітсіз саңылаусыз болашақтың суретін бейнелеген. "Маған солай, білмеймін, кімге қалай" өлең жолы арқылы лирикалык кейіпкердің жүріс-тұрысында абыржушылықты, әрекетсіздікті, болашақ жайында мазасыздық байқалады.
Менің ойымша, дарынды әрбір шығарманың ритмі болады. Ритм деп - сөздің сазын, ақынның тіл мәнерін, мәтіндегі сөздің айтылуын айқындайтын ырғақты айтамыз.
"Көрдің бе" өлеңінде Мұқағали таң мен түннің арасындағы соғыс, тартыстың суретін көрсетіп, антонимдерді бірнеше рет қайталау арқылы, өлеңнің ырғағын көтереді. Ырғақ бұл жерде экспрессивті-эмоционалдық қызмет атқарады.
Көрдің бе таң мен түннің соғысқанын,
Жарық пен қараңғының тоғысқанын?
Мен көрдім, көрдім дағы тек отырдым,
Дем беріп біріңе де болыспадым.
Түн деген шашын жайған албасты екен,
(Апыр-ай, таң кешігіп қалмас па екен?)
.... Жарық жеңді-ау, әйтеуір, алаулатып,
Түнді асырды батысқа талауратып.
Қолына алып шашақты сан мың-найза,
Жауынгер күн келеді жалаулатып.
"Таң мен түн", "жарық пен қараңғы", "күн мен түн" - ақындағы табиғат құбылыстарын, ондағы болып жатқан түрлі суреттерді бейнелейтін лексикалық антонимдер. Әсіресе, "таң мен түннің" стильдік қызметі айқынырақ. Бұл жерде күн — жақсылықтың, ізгіліктің, биіктіктің бейнесі болса, түн — керісінше, жамандықтың, зұлымдықтың бейнесі екенін аңғарып отырамыз. Мәтін ішінде автор күн мен түнді бір-бірімен жарыстыра жұмсап, күн жеңісін, яғни "жақсылық жеңеді" деген ойды айтады.
М.Мақатаев поэзиясында антонимдердің үйлесу және қайталану қалпын контраст ұстанымы анықтайды. Антоним сөзі бар кез келген өлеңнің негізі контраст ұстанымында қойылған. Контрастар поэтикалық мәтінге эмоционалдық-экспрессивтік күшті береді, суреттеу өңін жасайды.
Ақын адам көңіліндегі ойды, мінездегі байсалдылықты, күйгелектікті, ақыл мен ақылсыздықты адам бойынан тез сезіп, тез байқап, дәл көре алады. Бұл — Мұқағали психологиясына тән болған ақындық ерекшелік. Адам мінезінің, көңіл-күйінің, ішкі жан дүниесін терең түсініп, оны жырға қосады, лирикалық кейіпкердің жүрегіне қуаныш пен қайғыны, сәтсіздік пен табысты, өкініш пен бақытты контраст түрінде енгізеді. Мысалы:
Жүрегім сонда жадырап, сергіп қалады,
Дауыл мен оттан рақат, дамыл табады.
Қуаныш, бақыт, өкініш, қайғы — бәрі де ой,
Көтере берем:
суреттесе, қуаныш ерекше бір көңіл-күйді, бақытты сәтті анықтауда жұмсалған.
Сонымен қатар автор қуаныш мен қайғы арасында пайдаланған контраст түрі лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін күшейтеді, шумақтағы айтқан ойын ерекшелеп отырады.
"Мұң мен шаттық мүлде бөлек. Бөлектігі — оның сезім дүниесінің ерекшелігі. Басқалар мән бермеген нәрсеге мән беріп, өңсіз нәрсені әрлендіріп, жансыз нәрсеге жан бітіру. Бұл қасиеттер бойында жоқ ақынның барар жері белгілі. Осыған қарағанда, ақынның я шаттықтың желқайығына отырып, я уайымның тұңғиығына түсуіне шамасы келе қояр ма екен?! Ақын жүрегі сыр жасыра алмайтындығы рас болса, онда ол екеуіне де соқпай кете алмайды. Дүниенің батысы мен шығысы әлпеттес шаттық пен мұң деп аталатын осынау екі көк жиекте оның ақындығы да, азаматтығы да тоғыспақ..." — деген еді білікті де білімді, терең түсінікті арқалы ақын М.Мақатаев.[|24,204]
Ақын лирикасының тақырыбы әр алуан десек, соған сәйкес көркемдік-идеялық мазмұны да тереңде, жан-жақты әсерлі, құнды да құнарлы болып келеді. Бұл ірі талант Мұқағалидың талмай, жалықпай ізденетінін әрі ақындық тылсым түйсігінің құдіретін танытады.
Осындай өрелі, сәтті де жемісті ізденудің нәтижесінде жазылған адам көңіл-күйінің кейбір қуанышты, мұңды сәттерінің жалт еткен сезімімен дүниеге келген лирикаларын көптеп оқып, одан жанға рухани азық алып, эстетикалық терең әсерде боламыз. Мысалы:
болса да, келіспедім, Не істермін, тәңір-ау, не істермін?!
Мұқағалидың бұл шумағындағы "сайтан" мен "періште", "бал" мен "у" өмірде жоқ балама ұғымдар, бұл ақынның стиліне тән стильдік немесе контекстік антонимдер. Осы антонимдердің бірнеше рет қайталануы және анафора тәсілінің қолданылуы арқылы өлеңнің әуезділігін арттыра түседі.
А.Нысаналин: "Бұл - әрекетсіз шарасыздық емес, қозғалыс үстіндегі жанның көңіл-күйі. Сәлден аспандап, сәлден бәсейіп қалатын ақын болмысы. Мұқағали да тым әсершіл, тым сезімтал, тым мұңшыл болатын. Біз нәзік жанының жазықсыз жараланғанын сезінген болатынбыз. Алайда жалғыз бұл жағдайда емес, ылғи да қанша пендешілік көлеңкесін көрсе де, ешкімді де жамандыққа қимайтын Мұқағали жырлары өзіне біткен кесек мінезден танған жоқ, талғампаз оқырман жүрегіне көлденең жолбикелерсіз-ақ төте жол тартты", - деп өзінің ақынға деген, онын, шығармашылығы туралы ақ адал жүрек сөзін айтады. [25,22]
Ақынның өз заманындағы адамдар арасынан шыққан періштелермен, сайтандармен келіспей "не істермін, тәңір-ау, не істермін?!" деп күйзелуі занды. Мұқағалидың жалынды өткір, мұңшыл, сыршыл, тым әсерлі өлеңдері, өзінің айырым әріптестерінің ойлау, сезіну, қабылдау түйсігі мен көзқарасы деңгейінен әлдеқайда жоғары тұр. А.Нысаналиннің "Мұқағали ылғи да қанша пендешілік көлеңкесін көрсе де, ешкімді де жамандыққа қимайтын" деуі өте орынды. Себебі "үлкен әулие кешірімді" дегендей, Мұқағали қазақ халқының болмысынан жасалып, қара өлеңінен шыққан поэзия әлеміндегі үлкен құбылыс.
Антоним сөздер ақынның айтайын деген ойын ықшамды, әсерлі етіп береді. Мұқағали өз өлеңдерінде туынды зат есім антонимдерді де
қайталайды. Мысалы, келесі өленде:
Жаратқасын адам ғып:
Мұқағали жырларында сын есім антонимдердің қайталамалары да қолданылып, өлеңге айрықша мағыналық реңк беріп тұрады. Мысалы,
Аңғал досым-ай,
Не дейін саған, не дейін.
Жақсы да сені демейін,
Жаман да сені демейін,
Қасымда жүрші, әрқашан сені көрейін.
Адамға деген жақсылығың да шамалы,
(Жаманнан гөрі жоғары).
... Жақсылығың жүр,
Жаманнан гөрі жоғары.
"Жаман — жақсы" анафоралық антонимдері адамның қасиетін ашатын, дәл берілген сапалық сын есімдерден жасалған. Бұл антоним сөздер ойды ықшамды, тұжырымды қолдану сияқты мақсатта алынған.Осы сын есім антонимдер адамның өмірі мен сол өмірдің қайшылықтарын, адам психологиясын танытатын, салыстыра жұмсалған әсерлі де мәнерлі сөздер.
Ақынның келесі бір өлеңінде субстантивтенген сын есім антонимдер кездеседі.
Адалмын деп, араммын деп айта алман,
Адалдықпен бірге ойладым, бір күлдім.
Арамдықтың кемесінде шайқалған,
Тентек болған тайыншадай ділгірдім.
Адалсың деп көңілімді көпсітпе,
Адалдықты ала келгем анамнан.
Арамсың деп өмірімді өксітпе,
Жұмыр басты пенде болып жаралғам...
немесе: Адалсың ба, қолынды бер, сенен тәлім алайын,
Арамсың ба, аулак-аулақ маңайымнан, ағайын!
Мұнда "адалсың - арамсың", "адалдық - арамдық" деген бір-біріне карама-қарсы сөздер анафораға айналған. Анафоралық қайталамалардың әсері өлеңнің түріне ғана емес, мазмұнына да қатысты: айшықты тіл образбен ойлауға, болмысты бейнелі қабылдауға үйретеді.
"Адал — арам" антонимі өмірді түсінуге, сезінуге, түйсінуге себепші болады. Бұл антонимдер құпиялы адам өмірін танып білудің негізінде жұмсалады. Осы антонимдік қайталамалар арқылы Мұқағали өлеңнің түбіне терең бойлап қарама-қарсы мағынадағы сөздердің ерекшеліктерін айқындайды.
Қазақ тіл білімінде әр түрлі сөз таптарынан жасалған антоним сөздер туралы айтылады. Бұл құбылыс сөз таптарының арасында антонимия, орысша айтқанда "межчастеречная антонимия" деп аталады. Бұл антонимияның негізінде сөз таптары, сөздердің грамматикалық тобы мен антонимдер, сөздердің семантикалық категориясы байланысу мәселесі жатады.
Әр түрлі сөз таптарынан жасалған антонимдер М.Мақатаевтың поэзиясында да кездеседі.
Мұқағалидың "Тағы да Майгүлге" өлеңіңде зат есімді сөз сын есімді сөзге қарама-қарсы мағынада берілген.
Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін,
Мен тірімін.
Тірімін!
Көресің бе!!!
Мен деген — тірі жанмын, Сен елессің.
...Бірақ та сен — елессің, Сен — елессің!
Бұл жерде "тірі жан" — тірі, өмір сүретін адам мәнін білдірсе, "елес" - өлген кісі, қара көлеңке ұғымында берілген антонимдер. Автор өлең тармақтарында сөз соңында "елес пен тірі" антонимдерін қайталап, эпифора түрін жасаған. Бұл антонимдік-эпифоралық қайталама әкелік махаббатты, сүйіспеншілікті, қайтыс болған қызы Майгүлге арнаған сезімдерін, жүрек лүпілдерін толық ашады.
Антоним сөздер арқылы сөз мағынасы әр жақты, шебер айқыңдалады. Әсіресе, сөздердің толып жатқан нәзік қолданыстары нақты ашылады.
"Тірі адамдар өлмесін" өлеңінде есімшеден жасалған "өлген" сөзі сын есімді "тірі" сөзіне антоним болып келеді.
Өлім, өлім, өлім деп,
Неғыламыз күрсініп.
Өкінеміз несіне.
Өмір мен өлім. Өмір — адамның тіршілік етуі, сол тірлікте басынан өткендерін суреттесе, өлім — адам өмірінің шегі, тынымсыз тірліктің аяқталуы. Қарама-қарсы мағыналы сөздер микромәтінде параллель құрылған. Өлеңнің екі шумақтағы анафоралық (өлген адам, тірі жан) және контактілі (өлім, өлім, өлім деп) қайталамалардың біріктірілуі антоним сөздердің бейнелілігін, ерекше бояуын айқындауға қызмет етеді. "Өлген мен тірі" антонимдерінің қайталануы өлеңнің көркем экспрессиясын күшейтеді.
Деп ойлап ем,
Мұндағы "қысқа мен ұзын" сын есімді антонимдердің қайталануы арқылы ақын оқырманына біраз ойды аңғартады және ойлануға мәжбүр етеді. Осы келтірілген антонимдер - өмір қайшылығы, өмірдегі оқиғаларды кереғар ұғыммен берілунің көрінісі.
Мұқағали өлендерінде есімдіктен жасалған антонимдік қайталамалар да кездесіп отырады. Әсіресе, жіктеу есімдікті антонимдер жиі қайталанып отырады. Осыған орай, салыстырма "лирикалық кейіпкер - лирикалық адресат" оппозициясының негізінде қалыптастырады. Мысалы:
Сен шақырсаң, мен бармай,
Мен шақырсам, сен келмей,
Төбелескен жандардай,
Ерегескен елдердей.
Ренжіттің сен мені, Ренжіттім мен сені.
Өлеңнің мазмұнындағы "мен — сен" антонимдері қарама-қайшылықтықты нығайтады. Антонимдердің қайталануы арқылы авторлық баяндауды лирикалық монологтан аяулы, сүйікті, жақсы көретін адамға үндеу сөздеріне айналдырылады. "Мен" сөзінің поэтикалық мәні "сен" есімдігімен кеңейеді. Анафоралық қайталамалар /"шақырсаң", "ренжіттім"/ ақынның айтпақ ойын терендетеді, өлеңге айрықша мән береді.
Ақын өмірінің соңғы кездерінде қатты ауырып жатқанда, жүдеу тартқан күйін көріп, Лашын күрсінеді, оның нәзік те жаралы жанын жұбата алмай, шарасыз күй кешеді. Сол уақытта Мұқағали "Күрсінбеші" өлеңін жазған.
Мұнда "мен — сен" екі антитезалық бейне ретінде берілген антонимдер мәтіндегі бөлінбейтін біртұтастықтың бөліктері болып келеді. Өлеңнің шумағында "мен" сөзінің 1-ші жолдан 3-ші жолға дейін қайталануы, анафора болады. Сонымен бірге қайталамалар шумақтың ортасында да кездеседі.
Ал Мұқағалидың "Мұңлық" өлеңінің құрылысы, компоненттері "мен — сен" жіктеу есімдігіне, анафораға, лексикалық қайталамаға негізделгендігін анық көреміз. Өлеңдегі сөздердің, сөз тіркестерінің бәрі бейнелердің бір жүйесіне қосылған. Яғни, өлеңнің сюжеті екі лирикалық кейіпкердің көңіл-күйлерін сипаттаумен құрылған.
Сен мұңайып,
Мен қалай күн көремін.
Сенімен тағдырым бірге менің.
Сен оқыстан келгенде мына өмірге,
Болатынын осылай білген едім...
М.Балақаев "Қазақ тілінің стилистикасы" еңбегінде: "Антонимдердің көркем әдебиеттегі стильдік қызметі де айрықша. Өйткені тіліміздегі осы сияқты мәндегі сөздерді ақын-жазушылар өзара қарама-қарсы қойып, шығарма тілінің көркемдігін шындай түседі", - деп жазған. [7,74]
Әсіресе, ақын' өлендеріндегі етістік тұлғалы антонимдер әр түрлі формада келіп, баяндауға, суреттеуге қызмет етеді, поэтикалық бейнені айқындай түседі.
Ақынның "Мейлі, мені шығарсын шірік қылып" деп басталатын жырында зерек көңіл, зерделі ой тасқынымен зор шабытпен жүрек тебірентерлік пафоста жазылып, айтар идеясы өте тереңде жатқандығымен оқырманның туған жерге, Отанға деген патриоттық ыстық сезімін оятады.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.
Мейлі, мені қайғыртсын, қуантсын да,
Мейлі, менің басыма бақ бермесін.
Мейлі, мейлі, жылатсын, жұбатсын да,
Мені, әйтеуір, Отаным жат көрмесін.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.
Автор "қайғыртсын-қуантсын", "жылатсын — жұбатсын", "күліп — жылап" сияқты етістіктен жасалған антонимдерді қайталап, туған жердің көрінісін әсерлі сөзбен суреттейді, өзінің поэтикалық шеберлігін, өлең мазмұнының терендігін, көркемдік ерекшелігін көрсетеді. Сонымен қатар "мейлі" сөзі мен "Отанымды сүйемін күліп тұрып", "Отанымды сүйемін жылап тұрып" сөйлемдерінен анафоралық қайталама жасап, өлеңнің қуатын жандандыра түседі.
Етістіктен болған антоним сөздер қимыл-әрекет динамикалығын әсерлі жеткізеді, сөз ойнақылығын тудырады. Мысалы:
Мұндағы "өледі — туады", "батады — шығады", "семеді - өседі", "келеді — көшеді" антонимдері арқылы ақынның ойы нақты және тез айтылады. Жеке-жеке мысалы, "өледі, батады, семеді, келеді" деп алғанда бұл етістіктерде ешқандай да рең жоқ, ал антоним түрінде жұмсағанда ғана, экспрессивті реңге ие болып тұр.
Есімде әлі біреудің былай дегені:
Осы бір шумақтағы "өлсе — туса", "қоса сөнеді — бірге келеді" секілді антонимдерде қоғамдық өмірдің заңын, қарама-қайшылықтарын байқаймыз. "Бір адам өледі, оның орнына басқа адам келеді" деген сөйлеммен ақын "өмірдегі бүкіл құбылыс өзгереді" деген ойды айтады. Сондықтан Мұқағали философ ақын. Ол өзінің күнделікгерінде: "Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқын қанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін "адам жанының инженері" болып қалуы керек...", - деп жазған. [9,4т.,397] Бұл айтылғандар ақын поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілер болып табылады.
Антонимдер - өлеңдеріңдегі ең таратылған поэтикалық құралдардың бірі. Ол арқылы шындықтағы әр түрлі құбылыстарды бір-бірімен қарама-қарсы мәнінде, контраст түрінде салыстыруға болады. Контрастық доминант жасауда қайталама жоғары, белсенді рөл атқарады, қайталамалар екі бейне қарама-қарсы түру үшін композициялық құрылымда елеулі қызмет етеді.
Ақын жырларындағы үстеулерден, көмекші есімдерден болған антонимдер де қайталанып отырады. Мысалы:
Мен әуремін өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен...
...Ертең басқа бүгін жақсы көргенім,
Өз көзіме өзім
Сенбедім.
Мұнда "кеше — бүгін", "ертең - бүгін" — мерзімді, уақытты көрсету үшін қолданылған мезгіл антонимдер. Ақын оларды қайталап, мезгілдік ұғымды салыстыра жұмсап, мәтіннің мазмұнын ашады.
Аспан астын, жер үстін шиырлаған,
Бақыт жүр біреуге бұйырмаған.
... Аспан асты, жер үстін мекендеген,
Біреулер бақыт іздеп тепеңдеген.
/Бақыт іздеп/
...Астыңнан да, үстіңнен бұлақ аққан,
/Жездіде/
Осы өлеңдердің үзінділерінде "асты - үсті" деген екі көмекші есім сөз қайталанып отырады. Автор бұларды белгілі бір заттың, нәрсенің
орнын, бағытын білдіру үшін қолданады. Бірінші шумақта аспан мен жердің, екінші шумақта жердің асты мен үстінің арасындағы өзгешеліктерін көрсетеді, бұл өлең үзінділерінде ерекше әсер беріп тұрғандығы көрінеді.
Сөйтіп біз Мұқағали жырларында антонимдік қайталамалар да бар екендігін анық көреміз. Олар адам өміріндегі құбылыстарды салыстыра, шендестіре отырып, оқырманға ой салады, қарама-қайшылықты ашады. М.Мақатаев жұмсауындағы антоним сөздер морфологиялық тұлғасы жағынан көбінесе, зат есім /қас — дос, қуаныш-қайғы, жақсылық-жамандық/, сын есім /жаман-жақсы, адал-арам, тірі-өлі/, етістік /қуану-қайғыру, жылату-жұбату, өлу-туу, бату-шығу/, үстеу /кеше-бүгін, ертең-бүгін/ және көмекші есім түрінде /асты-үсті/ қайталанып отырады.
14 12 2014
4 стр.
25 12 2014
3 стр.
14 12 2014
3 стр.
14 12 2014
3 стр.
16 12 2014
3 стр.
25 12 2014
4 стр.
15 10 2014
5 стр.
17 12 2014
8 стр.