ҚРӘМ № 2343 03.06.03ж.тіркелді
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының
2003 жылғы 21 сәуірдегі № 140
Банктік депозиттік сертификаттарды бағалы қағаздар
деп тану және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде
№ 1199 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының банктерінде
клиенттердің банктік шоттарын
ашу, жүргізу және жабу тәртібі
туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулысы
өзгерістер мен толықтырулар:
1.ҚРҰББ № 319 01.09.03ж.
«Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ережесі мен құрылымын бекіту туралы» 1999 жылғы
11 тамыздағы № 188 Жарлығы негізінде бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 2 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының резиденттері - екінші деңгейдегі банктер шығаратын банктік депозиттік сертификаттар бағалы қағаздар деп танылсын.
2. Банктік депозиттік сертификаттарды меншікті бағалы қағаздар (акцияларды қоспағанда) эмиссиясына және депозиттер қабылдауға, заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар банктер шығаруға құқылы деп белгіленсін.
3. Банктік депозиттік сертификат – оны шығару талаптары үшін белгіленген айналыс мерзімі біткеннен кейін не біткенге дейін оның нақты құнын, сондай-ақ шығару талаптарымен белгіленген мөлшерде сыйақы алуға оның ұстаушысының құқығын куәландыратын эмиссиялық емес атаулы бағалы қағаз деп белгіленсін.
4. Банктік депозиттік сертификат:
-
құжаттандырылмаған нысанда шығарылатыны;
-
банктік депозиттік сертификаттар бойынша мәмілелерді есепке алуды және құқығын растауды және тіркеуді орталық депозитарий жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1199 тіркелген, 2000 жылғы 17-30 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы» және «Вестник Национального Банка Казахстана» басылымдарында жарияланған, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 8 қазандағы № 382 қаулысымен бекітілген өзгерістермен бірге) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібі туралы нұсқаулықта:
16-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Салымшының кітапшасы (жинақ кітапшасы) салым құжаты болып табылады.».
6. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараттың барлық мүдделі бөлімшелеріне, аумақтық филиалдарына, сауда-саттық ұйымдастырушыларға, бағалы қағаздар рыногында депозитарлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, «Активтерді Басқару қауымдастығы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігіне, «Қазақстан Тізілім ұстаушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығына және екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ. Сәйденовке жүктелсін.
8. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко