Перейти на главную страницу
Оған Астанадағы кешегі өткен ЕҚЫҰ саммиті куә бола алады. Еуразия ұлттық университеті де өз атауына лайық еліміздегі татулық пен төзімділікке зор үлес қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, жыл сайын дәл осы күні Толеранттық күнін атай отырып, алдымызда тұрған келесі міндеттерді талқылауды дәстүрге айналдырғанымызды біз мақтаныш тұтамыз.
Біздің оқу ордамызға келген әрбір қонақты әлбетте еуразияшылдықтың тарихы қызықтыратыны сөзсіз. Еуразия дегеніміз - ғасырлар бойы қалыптасқан этностардың бейбіт қатар өмір сүру тәжірибесі. Еуразияшылдықты ғылыми жағынан дамытуға көп күш-жігер жұмсаған Лев Николаевич Гумилев этногенез тұжырымдамасын анықтап берсе, оның жалаң теория емес екендігін қазіргі Қазақстан халқы дәлелдеп отыр.
Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық бастамалары Қазақстан Президентінен өрбігенін қазір бәрі біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылы Мәскеу университеті мінберінен Еуразиялық Одақ идеясын алғашқы болып көтерді.
Одан бері әлемнің өзі қатты өзгеріп, саясат ағыны қаншама толқыса да, бұл жобаның тұрақты өміршеңдігі мен өзектілігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көптеген әлемдік зерделі зерттеушілер кезінде посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш Қазақстан Президенті екенін әлем сөзсіз мойындап отыр.
Қазір бұл феномен, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасы» деген сөз кеңінен танылды. Соның аясында бұрынғы кеңес елдерінің барлығы «еуразияшылдықтың» жалпы тұжырымдама жасалды.
Әрине, Еуразиялық жобаны тек экономикалық деп түсіну оның аясын тарылтады. Ақпарат, құқық, мәдениет, білім, ғылым, заң – қамтыған практикалық саяси вектор болғанда, Астана еуразиялық жасампаздықтың орталығына айналды. Толеранттық саясат - біздің бүгінгі болашағымыз.
Осы еңбегіміздің бірегей жемісі болып табылады. Еліміз де бірнеше айдың ішінде 15 жылдығын тойлағалы отыр, бұл университет үшін табысты
Еуразия ұлттық университеті «Times The - QS World University Rankings» рейтингі бойынша әлемдегі университеттердің ішінде 500+1 қатарына енген.
Салыстыра айтсақ, бұл көрсеткішке біз ТМД аумағынан бесінші болып, ал Орталық Азия елдерінен алғашқы болып іліндік. Біздің алдымызда Москва, Санкт-Петербург, Новосибирск, Томск мемлекеттік университеттері ғана тұр.
Сондай-ақ биыл оқу орнымыздың белді заңгер, тарихшы, саясаттанушы, филолог ғалымдары елдігімізге қатысты мемлекеттік маңызды шаруаға - «Ел бірлігі» доктринасын әзірлеуге абыроймен атсалысты.
Ел бірлігі мен ұлт тұтастығын мүдде тұтқан бұл игі істі қазір шетелдік сарапшылар да лайықты бағалап отыр. Университет ішінде жасалған елеулі өзгерістер жайлы айтар болсам, мұнда жаңа талаптарға сай жаңадан физика- техникалық факультет пен журналистика және саясаттану факультетін аштық.
Сондай-ақ математиктеріміздің терең әлеуетін ескере отырып, оларды ақпараттық технологиялардан бөлек факультет етіп қайта жасақтадық.
Сөйтіп, бізде 13 факультет жұмыс істей бастады. Қазақстан бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің ең көп түсетін оқу орны - Еуразия ұлттық университеті. Сондай-ақ соңғы жылдары біздің университетте оқуға АҚШ, Қытай, Корея, Ресей азаматтары тілек білдіре бастады. Көпшілігі қазір тілдік курстан өтіп жатыр.
Мен мұны бір ғана оқу орнының емес, еліміздің әлеуетті абыройының артқандығымен байланыстырар едім. Үстіміздегі жылы әлемде теңдесі жоқ қазақстандық жоба, біздің мемлекетімізде ғана дүниеге келген ғажайып ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да 15 жыл толды.
Қазіргі таңда АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания секілді өркениетті елдер және өзгелер де Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты әлемде баламасы жоқ бірегей қоғамдық институттың жұмыс тәжірибесін зерттеуге ден қойды.
Бұл - ұлттық саяси бағытымыздың, дұрыс қолға алған істеріміздің шынайы өмірмен үйлесіп жатқандығының нақты көрінісі. Бұл қоғамдық құрылым - ұлт пен ұлыстар достығының, бірлесіп өмір сүруінің, қоғамдық, мемлекеттік, халықаралық мәселелерді шешуге бірге араласуының жарқын мүмкіндігі.
Кез келген елде ешқандай ұлтаралық қақтығыссыз өмір сүруге болады. Мұны бүкіл әлемге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты, мемлекет басқарудағы жарқын қызметі, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі өмірі дәлелдеп отыр.
1995 жылдан бері аталған қоғамдық институт этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді.
Оның құқықтық мәртебесі кеңейіп, "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заң шығып, ұйымдық жағынан күшейді. Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлануға құқылы болды. Шынында да, бүгінде Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеуметтік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды.
Міне, сол себепті біз «Бір түрлі этносты бір тудың астына біріктіру» деген ұстанымды дүние жүзіне танытуымыз қажет. Танытып қана қоймай, таратуымыз қажет.
Қазақстанның Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығы кезіндегі 4 ұранның бірі — төзімділік осы мақсатты көздейді. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі еларалық ынтымақты, бірлікті, татулықты көздегендіктен туып отыр. Посткеңестік кеңістіктегі біздің көршілеріміздегі орын алған этносаралық қақтығыстарды еске түсірсек, біздің атқарған жұмыстарымыздың маңызы арта түседі.
ТМД елдерінің кейбіріндегі этностық кикілжіңдер әр түрлі этностық топтардың өзара ықпалдастықта тұрақты дамуына үміт артпайынша және жұмысқа қабілетті үндесу институтын құрмайынша жүзеге аспайтынын көрсетті.
Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясы алғашқы болып қоғамдық үн қатысудың тиімді тетігіне айнала білді. Осы орайда Ассамблея беделінің артуы оның мемлекеттік маңызы бар саяси мәселелерді шешуге қатысуымен де байланысты.
Мәселен, 1995 жылы елде Парламент болмаған кезде көп ұлтты Қазақстан халқының өкілетті ұйымы ретінде өзін дәлелдей алды. Нәтижесінде қоғамдық орган мәртебесін иемденген Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің полиэтностық мозайкасындағы тілдер мен мәдениеттерді дамытуда ұлттық азшылықтың құқықтарын қамтамасыз ету құралына және этносаралық қарым - қатынастарды реттейтін айрықша үн қатысу алаңына айналды.
Менің пайымдауымша, алдағы уақытта да көптеген ел басшылары біздегі ұлтаралық татулық пен өзара төзімділік үдерістеріне жетік назар аударатыны анық.
Өйткені қазіргі әлемде толеранттылықтың жетіспей жатқаны айқын сезілуде. Өзара төзімділік пен келісім болмаған жерде тұрақтылық та болмайтындығын уақыттың өзі анық көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен этностық мүдделерді қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы Парламент Мәжілісіне тоғыз депутаттың сайлануы айтарлықтай жетістік болды.
Сондай-ақ 45 конфессия мен 130-дан астам этностық топтар өмір сүріп жатқан елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді институты болып табылатын көпұлтты Қазақстан халқының мүддесін білдіретін Ассамблея мәртебесі Ата Заңмен бекітілді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, елде парламенттің кіші палатасында ұлттық азшылық өкілдері үшін (бірден он орынға дейін) заңшығарушылық квота берілсе, солардың ішінде Италия, Финляндия, Дания, Португалия, Хорватия, Румыния, Словения, Үндістан және Пәкістан сияқты елдер де бар.
Ал, этностық азшылықтың жоғары палатадағы өкілдері болуын қарастыратын нормалар 17 елде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліпті. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе мынадай қорытынды шығаруға болады: Қазақстан халқы Ассамблеясын құру және оған жаңа функциялар беру бірқатар қазақстандық заңнама тұрғысынан қарағанда да және беделді халықаралық ұйымдардың бірқатар халықаралық нормативтік- құқықтық актілерімен алғанда да өзінің заңды екендігін көрсетеді.
Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Парламентте болуын қамтамасыз ету көп ұлтты Қазақстанда этносаралық тұрақтылықты сақтауды және толықтай алғанда прогрестің бір базалық шарты ретінде елімізде халықаралық демократиялық нормаларды ұстанады.
Бүгінгі таңда Қазақстан дінаралық және этносаралық қарым-қатынастар саласындағы үндесу мен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі өзінің тәжірибесімен бөлісе алады және өзгелерге үлгі боларлық елге айналды.
Көптеген халықаралық маңызды шаралардың Қазақстанда, әсіресе, оның елордасы Астанада өтуінің өзі әлемдік қоғамдастықтың бізге деген риясыз сенімі деп нық сеніммен айта аламын.
Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық еткен еліміз басты демократиялық шарттарына қарсы келмейтін еуразиялық құндылықтарымен Еуропаға жол тартса, олар да өз құндылықтарымен Қазақстанға өзіндік ықпалын тигізуде.
Мысалы, осыған дейін өткен діндердің құрылтайы өркениеттер үнқатысуының кеңейе түсуі мен қазіргі әлем құрылысының негізгі мәселелеріне тереңдей енуіне ерекше үлес қосты.
Сонымен қатар жақында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы әлемдегі орын алып жатқан құбылыстардың байыбына баруға өзіндік септігін тигізді десек, артық айтқандық емес.
Одан кейін Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы бәріміздің басымызды қосып, алдағы тұрған міндеттерге ерекше ден қойдырды.
Қорыта айтқанда, Ұйымға мүше елдер басшыларының бізге атбасын бұруы байырғы қазақ жерінде өркениет күшінің бір пұшпағы жатқанына көз жеткізді. Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында этнос өкілдерінің төзімділік пен келісімде өмір сүріп жатқанын паш ете алады.