

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
|
9 қараша 2012 жыл
|
Атырау қаласы
|
Ағымдағы жылдың 9 қарашасында ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, «KAZENERGY» Ассоциациясының Төрағасы Тимур Құлыбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ләззат Қиынов мұнайлы өңірге жұмыс сапары барысында Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысымен танысты.
2009 жылдың 29 қазанында қытайлық «Sinopec Engineering» компаниясымен арада құны 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайтын құрылыстың «түбегейлі тапсыру» Келісіміне қол қойылған болатын. 2010 жылдың 1 қазанында жобаның бас мердігері «Sinopec Engineering» қазақстандық компаниялармен бірге зауыттың құрылыс алаңдарында өз жұмыстарын бастады. Құрылыс алаңдарын дайындауды қоса есептегенде құрылыс мерзімі 39 айды құрайды. Нысан 2013 жылдың желтоқсанында тапсырылады деп жоспарланған.
Технологиялық қондырғылар мен жалпызауыттық шаруашылық нысандары 1945 жылдан бері қолданыста болып келген ескі өндірістік нысандар орнына тұрғызылуда. Қазіргі таңда АКШ нысандарында «Sinopec Engineering» компаниясы 22 қазақстандық қосымша мердігер ұйымдарды тарту арқылы 32 титул бойынша жұмыстар атқаруда. Құрылыс – монтаж жұмыстарына 1 356 адам тартылған, олардың 150-і ҚХР азаматтары.
Аталған жоба аясында өнімділігі 1 млн.тонна/жылды құрайтын катализатор регенерациясы үздіксіз каталитикалық риформинг қондырғысы салынбақ. Қондырғыда автокөлік бензиндерінің жоғарыоктанды компоненттерін және ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен үшін шикізат өндірілетін болады. Қондырғының құрылыс алаңында бетон жұмыстарының 93 пайызы орындалған, 2012 жылдың желтоқсанында бұл жұмыстар толығымен аяқталмақ.
Мақсатты ароматикалық көмірсутектер шығаратын қондырғылардағы негізгі бетон жұмыстары 95 пайызға орындалды, бетон жұмыстарының аяқталу мерзімі – 2012 жылдың желтоқсан айы. Екі ірі құрылыс алаңдарында да жоғарғы конструкциялардың бетон жұмыстары және жабдықтарды, металл конструкцияларды орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Жекелеген учаскелердегі технологиялық үрдістерді жедел басқаратын автоматтандырылған кешен - Ортақ операторлықтың іргетасын орнату жұмыстары аяқталды. Азот шаруашылығы бар азот өндіру қондырғысы, хим.сумен тазарту қондырғысы, айналма сумен қамту блогы, алау қондырғысының іргетастарын орнату жұмыстары жүруде. N-формилморфолин сақтау торабы, өртке қарсы қазандары бар өрт сөндіру сорғы үйінің іргетастарын орнатуға толығымен дайын тұр. Катализаторлар мен адсорбенттер қоймасының жоғарғы темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ароматикалық көмірсутектер паркінің 20 тауарлық және аралық парктері орнатылуда. Тауар парктері қазандарына гидросынақ жасалуда.
Іске қосу алдындағы және іске қосу-баптау жұмыстары 2013 жылдың ІІІ тоқсанынан басталмақ.
Зауытта бензин фракцияларынан бензинді бөліп алу және параксилол алу бойынша жаңа заманғы техникалық база қалыптасатын болады. Зауытты қайта жаңғырту жұмыстары барысында қоршаған ортаға тиетін әсерді мейлінше төмендетуге бағытталған инженерлік шешімдер саласындағы соңғы озық шешімдер қарастырылды. Мұнай өнімдерін сақтау және тасымалдау үшін жаңа заманғы герметикалық жабдықтарды қолданудан өзге, атмосфералық ауаға эмиссия кезінде зиянды компоненттерден жоғары деңгейде тазартатын арнайы технологиялық түйіндер мен қондырғылар қарастырылған. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің техника-экономикалық негіздеме және қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау материалдарын сараптау нәтижесінде берген қорытындысы зауыт технологиясын қайта жаңартудың инженерлік шешімдерін жүзеге асырудың таңдалған нұсқасы Қазақстанның экологиялық заңнамаларына сәйкес келетіндігін дәлелдейді.
Қытайлық «Sinopec Engineering» компаниясы ароматикалық көмірсутектер кешені құрылысын аяқтағаннан соң зауытта жылына 133 мың тонна бензол, 496 тонна параксилол өндірілетін болады. Жобалық қуаттылыққа зауыт 2013 жылдан кейін шығады. Мұнай-химия кешенінде бензол мен параксилол өндіріс шикізаты болып табылады. 1 млн. 250 мың тонна полиэтилен мен полипропилен бір реттік пакеттер, қаламдардан бастап автокөлік пен авиация өнеркәсібіне дейін мыңдаған өнім түрлерін шығаруда қолданылады. Өндіріс іске қосылғаннан кейін Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім шығаратын мұнай-химия өндірістерінің біркелкі тізбегі қалыптаспақ.
Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен жобасы – қоғам игілігі үшін жүзеге асырылатын экологиялық жоба. Жобаның бірінші фазасын жүзеге асырудың өзінде бензолдық қосылыстар әсерінен болатын автокөліктерден ауаға тарайтын зиянды заттар жылына 36 мың тоннаға шегерілетін болады. Кешен іске қосылғаннан кейін АМӨЗ елдің жоғарыоктанды бензинге сұранысының 35 пайызын өтейтін болады.
Анықтама:
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС:
99,5% үлестің иесі «ҚазМунайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ.
«ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ - «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% еншілес ұйымы.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ - көмірсутектерді барлау, өндіру және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына» тиесілі.