Источник: ИС ПАРАГРАФ, 28.11.2011 17:05:35
Темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі № 759 Қаулысы
«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 2 шілдедегі
№ 759 қаулысымен
бекітілген
Темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді, жолаушыларға темір жол вокзалдарында қауіпсіз және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасында темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағида Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан барлық темір жол вокзалдарына қолданылады.
2. Темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру
3. Темір жол вокзалдары тасымалдау процесінің ажырамас бөлігі болып табылады және қызметін тәулік бойы жүзеге асырады.
4. Темір жол вокзалының технологиялық мақсаты жолаушылардың темір жол станцияларына келуі және жөнелтілуі кезінде оларға қауіпсіз, сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету және халыққа қызметтер көрсету болып табылады.
5. Темір жол вокзалдарында билет кассалары, күтуге арналған үй-жайлар, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар (дәретхана бөлмелері) және ақпараттық қызмет көрсету объектілері (табло, стендтер, дауыс зорайтқыш байланысы, анықтамалықтар), медициналық пункт, қоғамдық тәртіпті қорғау пункті болуы тиіс.
6. Жолаушылар платформалары мен перрондарға өту және шығу мүгедектер мен халықтың баяу қимылдайтын топтарына қолжетімді болуға (пандустармен, мамандандырылған лифтілермен жабдықталуға) тиіс.
7. Темір жол вокзалдарында жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды қамтамасыз ету үшін үй-жайлар ұсынуды барлық тасымалдаушылар тең негізде жүзеге асырады.
8. Темір жол вокзалдарында медициналық пункттердің болуын:
1) жеке немесе заңды тұлғалар медициналық қызметтер көрсетуге мүдделі болған кезде олармен медициналық қызметтер ұсыну жөнінде шарттар жасасу арқылы;
2) вокзал иелері дербес қамтамасыз етеді.
9. Тасымалдау процесімен байланысты анықтама-ақпараттық қызметтер тұрғындарға тегін көрсетіледі, атап айтқанда:
1) ақпараттық стендтер, табло және т.б арқылы көзбен шолу ақпараты арқылы:
- жолаушылар поезының келуі және жүруі туралы ақпарат;
- жолаушылар поездарының жүру кестесі;
- жолаушылар тасымалын орындайтын тасымалдаушылар туралы мәлімет;
- темір жол вокзалындағы жолаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат.
2) ақпараттық қызмет бойынша ауызша және (немесе) радиотрансляциялық ақпарат арқылы:
- жолаушылар поезының нақты келу уақыты, жүруі және (немесе) бөгелуі;
- жолаушылар поезының берілетін және жүретін жолы туралы;
10. Ақылы негізінде қосымша (сервистік) ақпараттық қызметтер көрсетіледі:
1) күтіп алатын және шығарып салатын жолаушылардың өтініші бойынша дауыс зорайтқышпен хабарландыру;
2) тасымалдаушылардың қызметі және вокзалда орналасқан коммерциялық құрылымдардың қызметтері туралы жарнамалық сипаттағы хабарландыру.
11. Қоғамдық тәртіпті қорғау пункттеріне арналған үй-жайлар коммуналдық төлемдерді, байланыс төлемдерін қоспағанда, өтеусіз ұсынылады.
12. Темір жол вокзалдарында:
1) вокзалдардың, бос үй-жайлары технологиялық мүмкіндіктері болған жағдайда күту залдарында поездың келуін күту қамтамасыз етіледі;
2) жолаушыларға қызмет көрсетумен және тасымалдаумен байланысты қызметтер көрсету үшін үй-жайлар ұсынуға рұқсат беріледі;
3) вокзал ғимаратына, перрондарға кіретін/шығатын өтпелерді, отырғызу платформаларын, жаяу жүргінші көпірлерін, төсеніштерді, тоннельдерді қол жүгімен, багажбен, басқа заттармен бөгеуге жол берілмейді;
4) вокзал аумағында 15 жасқа толмаған адамдардың ересектердің қарауынсыз болуына жол берілмейді;
5) жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған үй-жайларды оларға қызмет етумен байланысты емес мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді;
6) медициналық пункттер бірінші қабатта орналастырылады және перрондарға, вокзал маңындағы алаңдарға және жолаушылардың күту залдарына еркін кіруге болады;
7) вокзал перрондарында павильондар мен дүңгіршектер орналастыру қамтамасыз етіледі.
13. Темір жол вокзалының иесі жолаушыларға жалпы пайдаланылатын үй-жайларға (ақылы қызметтер көрсетуге арналған үй-жайлардан басқа, фойеге, күту залдарына, касса залына, жерасты өтпелеріне, жолаушылар платформаларына (перрондарға), қоғамдық дәретханаларға және т.б.) ақысыз кіруді қамтамасыз етеді.
Темір жол вокзалын күтіп ұстауға байланысты оның иесінің шығыстарын тасымалдаушы:
1) анықтама-ақпараттық (өлшем бірлігі - қызмет көрсетілген жолаушылар поезы);
2) ақылы қызметтер көрсетуге арналған үй-жайлардан басқа, тасымалдау процесін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын темір жол вокзалының алаңдарын ұсыну (өлшем бірлігі - жолаушылар поезы) қызметтеріне ақы төлеу арқылы өтейді.
Бұл ретте, осымен баланысты тасымалдаушының шығындары билеттің құнына енгізу жолымен өтеледі
14. Вокзалдардағы темір жол көлігі қызметкерлері жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қажетті қолайлы жағдай жасауға, мәдениетті түрде қызмет көрсетуге, темір жол көлігі қызметтерін пайдаланатын барлық адамдармен қатынаста сыпайы және жайдары болуы және олардан қолданыстағы темір жол көлігі ережелерінің орындалуын талап етуі тиіс.
15. Темір жол вокзалдарында жұмыстар жүргізу темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін төмендетпеуі, темір жол көлігі қозғалысында үзілістердің туындауына әкелмеуі тиіс.
16. Темір жол вокзалдарының аумағына өрттерді, аварияларды және басқа да дүлей апаттарды жою үшін өрт сөндіру және авариялық-құтқару командаларының жауынгерлік жасақтары, жедел және шұғыл медициналық көмек бригадалары кедергісіз жіберіледі.
17. Вокзалдарда жолаушыларға көрсетілетін шұғыл медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, міндетті қызметтер тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Жолаушыларды, жүкті және жүкбагажды тасымалдау қағидасында айқындалады.
18. Темір жол вокзалдарында жолаушыларға және тұрғындарға вокзалдардың технологиялық мүмкіндіктеріне байланысты қызметтің қосымша түрлері көрсетілуі мүмкін.
19. Тасымалдау процесіне қатысушыларға қызметтер көрсету өткізілген конкурстардың қорытындылары бойынша темір жол вокзалдары иелерімен жасасқан шарттар негізінде жүргізіледі.
Бұл ретте вокзалдардың иелері мен тасымалдау процесіне қатысушылар арасындағы шарттар жасасу мынадай қағидаттар негізге алына отырып, жүзеге асырылады:
1) қызметтерді тұтынушыларға тең қолжетімділік;
2) тең жағдайлар ұсыну;
3) қызметтерді жеткізушілердің барлығына қатысты бірыңғай тарифтік саясат жүргізу;
4) қызметтерді жеткізушілердің жолаушылар мен поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды бұлжытпай сақтау.