Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 желтоқсан N 335-I Заңы
-->
Мәскеуде 1998 жылғы 6 шiлдеде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Көшi-қон процесiн реттеу және қоныс аударушылардың құқықтарын қорғау туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының
Үкiметi арасындағы Көшi-қон процесiн реттеу және қоныс
аударушылардың құқықтарын қорғау туралы
КЕЛIСIМ
(ҚР халықаралық шарттары бюллетенi, 2001 ж., N 3, 25-құжат)
(2000 жылғы 17 сәуiрде күшiне ендi - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 94 бет)
Бұдан былай Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
адам құқықтары жөнiндегi БҰҰ-ның негiзгi құжаттарында мазмұндалған принциптердi басшылыққа ала отырып,
1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың ережелерiн негiзге алып,
келiсiлген көшi-қон саясатын жүргiзу ниетiн негiзге ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiм Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясынан қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтарына және Ресей Федерациясына Қазақстан Республикасынан қоныс аударатын Ресей Федерациясының азаматтарына қолданылады.
Әрбiр нақты тұлғаға осы Келiсiм бiр реттiк сипатта қолданылады.
Тараптар қоныс аударуда адамдарды кез келген мәжбүрлеуге жол берiлмейдi деп таниды.
2-бап
Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдардың төмендегiдей мағынасы бар:
"қоныс аударушы" - өзiнiң тұрғылықты тұратын мемлекетiнiң аумағынан өз еркiмен көшiп кететiн және өз азаматтығы бар мемлекеттiң аумағына тұрғылықты тұруға қоныс аударатын Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң азаматы;
"қоныс аударушының отбасы мүшелерi" - өзiмен бiрге қоныс аударатын зайыбы (жұбайы), ата-анасы, кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ қоныс аударушымен бiрге тұратын және ортақ шаруашылық жүргiзетiн басқа да туысқандары, еңбекке жарамсыз асырауындағы адамдар;
"көшiп кететiн мемлекетi" - бұрынғы тұрақты тұрған мемлекетi;
"көшiп келетiн мемлекетi" - жаңадан тұрақты тұратын мемлекетi.
3-бап
Осы Келiсiм:
а) босқындарға;
б) қылмыс жасағаны үшiн сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жүрген адамдарға;
в) сыртқа кетуiне кедергi келтiретiн жағдайлардың күшi тоқтатылғанға дейiн тұрақты тұратын мемлекетiнiң қауiпсiздiк мүдделерiне сыртқы кетуi әсер ететiн адамдарға;
г) Тараптардың, мемлекеттiк, кооперативтiк, қоғамдық немесе өзге де ұйымдардың, мекемелердiң, жеке тұлғалардың мүдделерiмен байланысты өздерiнiң мүлiктiк мiндеттемелерiн орындағанға дейiн сыртқа кетуi кейiнге қалдырылған адамдарға;
д) оқуына, жұмысына, жеке және iскерлiк сапарларына байланысты мемлекет аумағында уақытша жүрген адамдарға;
е) қоныс аударушы еңбекшiлерге;
ж) мiндеттi әскери қызметтегi әскери қызметшiлерге және олардың отбасы мүшелерiне қолданылмайды.
4-бап
Осы Келiсiмнiң негiзiнде Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына және Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына қоныс аударатын адамдар белгiленген тәртiппен қоныс аударушының мәртебесiн растайтын құжат алады.
Мұндай құжаттың нысанын Тараптардың мемлекеттiк органдары (бұдан әрi - уәкiлеттi органдар деп аталады) белгiлейдi, оларға көшi-қон жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру және осы Келiсiмнiң сақталуын бақылау жүктеледi.
5-бап
Қоныс аударушылар және олардың отбасы мүшелерi Тараптардың көшi-қон қызметтерiнен мынадай:
а) осы Келiсiмнiң мазмұны туралы;
б) көшi-қонның шарттары туралы;
в) қоныс аударушылардың көшiп келген мемлекетiндегi құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпаратты еркiн, ақы-пұлсыз алуына құқығы бар.
6-бап
Қоныс аударушылардың және олардың отбасы мүшелерiнiң:
а) өзi тастап шығатын мемлекеттiң заңдарына сәйкес, оның ұлттық игiлiгi болып танылатын мәдени құндылықтарды сыртқа шығаруға қатысты, сондай-ақ өзi тастап шығатын мемлекеттiң заңдары сыртқа шығаруға тыйым салынған заттарға қатысты шектеулердi ескере отырып, олардың жеке меншiгiндегi өздерi кеткенге дейiн мәлiм етiлген барлық жылжымалы мүлiктi кететiн мемлекеттен алып шығуына;
б) олардың жеке меншiгi болып табылатын мүлiктi сатуға немесе оған өзгеше билiк етуiне және мәлiм етiлген тәртiппен алынған ақша қаражатын кез келген валютада және шектеусiз мөлшерде көшiп кететiн мемлекеттен алып шығуға, сондай-ақ көшiп келетiн мемлекетке алып келуге;
в) көшiп кететiн мемлекеттiң банктiк мекемелерiнде орналасқан ақшалай салымдар мен активтердi көшiп келетiн мемлекеттiң банктiк мекемелерiне аударуға;
г) өздерiне жеке меншiк құқықтары бойынша тиесiлi жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi, ақшалай салымдар мен активтердi тастап шығатын мемлекеттiң аумағында қалдыруға, оларға қатысты иемдену, пайдалану және билiк жүргiзу құқығын жүзеге асыруға құқығы бар.
7-бап
Тараптар пайдалануға берiлген пәтер, саяжай үйi, гараж, өзге де үй-жай мен құрылыс үшiн өзiнiң пайлық жарнасын толық енгiзген тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараждық-құрылыс кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестiктерiнiң немесе басқа да кооперативтiң мүшелерi болып табылатын қоныс аударушылардың осы мүлiктерге деген меншiк құқығын таниды.
Қоныс аударушылардың пайдалануына берiлген мүлiк үшiн пайлық жарнаны мерзiмiнен бұрын төлеу және осы мүлiкке арналған меншiк құқығын ресiмдеу құқығы берiледi.
8-бап
Көшiп кететiн мемлекеттiң аумағында орналасқан және қоныс аударушының меншiгi болып табылатын мүлiкке қатысты, бiр жағынан, қоныс аударушылар, олардың отбасы мүшелерi мен екiншi жағынан, мүдделi адамдар арасындағы азаматтық-құқықтық даулар, осы мемлекеттiң аумағында оның заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен шешiледi.
Көшiп келетiн мемлекеттiң құзыреттi органдары аталған даулар бойынша, соның iшiнде көшiп келетiн мемлекеттiң аумағында орындау мақсаты үшiн көшiп кететiн мемлекеттiң заңды күшiне енген сот шешiмдерiн таниды.
9-бап
Тараптар өз мемлекетiнiң аумағында мемлекеттiк лауазымды адамдар тарапынан да, сондай-ақ жеке адамдар, топтар, қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар тарапынан да қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерiне зорлық-зомбылық, қатер төндiру және қорқытып-үркiту нысанындағы кез келген iс-әрекеттерден, сондай-ақ жынысының, нәсiлiнiң, тiлiнiң, дiнiнiң және сенiмiнiң, саяси және өзге де көзқарастарының, экономикалық, мүлiктiк және отбасылық жағдайының белгiлерi бойынша өзге де iс-әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етедi.
10-бап
Тараптар өзара негiзде қоныс аударушыларды және олардың отбасы мүшелерiн өздерiнiң жеке меншiгiндегi мүлкiн әкелуге және әкетуге шектеуден (көшiп кететiн мемлекеттiң заңы әкетуге тыйым салған заттардан және көшiп келетiн мемлекеттiң заңы әкелуге тыйым салған заттарды есептемегенде), кедендiк баждардан, салықтардан және осыған байланысты алымдардан босатуды қамтамасыз етедi.
Әкетiлетiн ақшалай қаражат және аударылатын ақшалай салымдар мен активтер, аудару жөнiндегi қызметтерге ақы төлеудi бiлдiретiн жағдайларды қоспағанда, алымдар мен салықтардан босатылады.
11-бап
Көшiп кететiн мемлекет қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерiне өздерiнiң меншiгiне жататын тұрғын үй мен басқа да мүлiктi сатуға немесе басқаша нысанда билiк етуiне жәрдемдесетiн болады.
Көшiп кететiн мемлекет қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерiне, қызмет бабындағы және ведомстволық пәтерлердi есептемегенде, олардың заңды негiздерде iс жүзiнде иемденiп отырған мемлекеттiк және муниципалдық тұрғын үйлерiн өз азаматтарымен қатар жекешелендiру құқығын бередi.
Көшiп келетiн мемлекет қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерiне тұрғын үйлердi жалға алу, жалдау, сатып алу мен салуға жәрдемдеседi.
Тараптар қоныс аударушылар арасында ұлттық заңдарда белгiленген тәртiпке сәйкес жүзеге асырылатын тұрғын үйлер алмасуға кедергi келтiрмейдi.
12-бап
Көшiп келетiн мемлекет жыл сайын қоныс аудару квотасын белгiлейдi.
Тараптар көшiп келетiн мемлекет белгiлеген қоныс аударушы квотасын есепке алмастан Тараптардың бiрiнiң мемлекеттiк аумағына адамдардың өз бетiнше қоныс аудару құқығын таниды. Өз бетiнше қоныс аударған адамдарға осы Келiсiмнiң ережелерi қолданылмайды.
13-бап
Осы Келiсiмдi жүзеге асыру құзыретiне жататын Тараптардың уәкiлеттi органдары тиiсiнше мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi;
Ресейдiң Федеральдық көшi-қон қызметi.
Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi мен Ресей Федеральдық көшi-қон қызметi осы Келiсiмдi жүзеге асыру тәртiбiн жеке келiсiммен (хаттамамен) белгiлейдi.
14-бап
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Ресей Федерациясының заңдарында осы Келiсiмде бар ережелерден өзгеше көзделген болса, онда осы Келiсiмнiң нормалары қолданылады.
15-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын тиiстi құжаттарға қол қою арқылы оған толықтырулар мен өзгертулер енгiзе алады.
Аталған құжаттар осы Келiсiмнiң 17-бабында көзделген тәртiппен күшiне енедi.
16-бап
Осы Келiсiмнiң 13-бабында көрсетiлген органдар реттей алмаған, осы Келiсiмдi қолдану мен түсiндiруге байланысты Тараптардың арасындағы даулар дипломатиялық арналар бойынша шешiлетiн болады.
17-бап
Осы Келiсiм бекiтiлуге жатады және бекiту грамоталарын алмасқан күнi күшiне енедi, ол 5 жыл мерзiмге жасалған, одан кейiн Тараптардың бiрi кезектi бес жылдық мерзiм өткенге дейiн кем дегенде 6 ай бұрын Келiсiмнiң қолданысын өзiнiң тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, өздiгiнен ұзартылатын болады.
Москва қаласында 1998 жылғы 6 шiлдеде екi дана болып, әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде жасалды және де екi мәтiннiң күшi бiрдей.
(Қолдары)