Балқаш Арал тағдырын қайталауы мүмкін
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінің 29-30 аралығында Алматыда «Балқаш-2005» атты экологиялық форум өтуде. Бұл басқосуға Қытай және Қырғызстан сынды көршілес елдердің мамандары қатысады, деп жоспарлануда. Қазақстандық мамандар форумға міндетті түрде қытайлық әріптестерінің келгенін күтіп отыр. Олардың айтуынша, «Балқаш мәселесін қытайлық мамандарсыз шешу мүмкін емес».
Бүгінгі таңда қазақстандық мамандар – Қытай мемлекеті суғарлатын жер көлемін көбейтпесе деп алаңдап отыр. Болжам бойынша, аспанасты мемлекеті жыл сайын суғарылатын жер көлемін 3, 64-есеге өсіруі әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде Іле-Балқаш бассейнінің су балансына кері әсерін тигізіп, Балхаш көлінің жағдайын нашарлатып жібермек. Мұндай жағдайда Балқаш Арал тағдарын қайталауы да мүмкін. Қазіргі кезде мамандар бұл апаттың алдын алу үшін түрлі шараларды іске асырып жатқанын айтады. Мәселен, Балқаш көлінің экожүйесін анықтайтын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде сол сияқты, көлдің ауасы мен су сапасын анықтайтын арнайы жүйе іске қосылды. Бірақ, бұл шаралардың нақты нәтижесін көру үшін қытайлық мамандар осы мәселенің түпкілікті шешілуіне ат салысуы керек.
Бұл тұрғыда, Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл САМАҚОВА, аталған мәселе жиі көтерілгенімен Қытай тарапынан қолдау табылмайтынын айтады: «Жыл сайын біз Балқаш көлі мәселесін айтудай-ақ айтып келеміз, алайда Қытай жағы бұл мәселені келер жылы қарастырайықшы деп, кейінге қалдыра береді. Сол себептен үстіміздегі жылғы Балқаш форумында біз қытайлық әріптестерімізбен ашық сөйлесіп, пікір алмасамыз, мәселенің шешу жолдарын іздейміз, деп жоспарлап отырмыз», – деді Самақова ханым.
Естеріңізге сала кетейік, Балқаш форумы елімізде алғаш рет Қазақстанның экологиялық «Табиғат» одағының жетекшісі Мэлс ЕЛЕУСІЗОВтің ұйымдастыруымен 1999 жылы өткізілген-тін.
«Сол кездің өзінде-ақ, біз, бұл кездесуге Қытай мемлекетінің мамандарын арнайы щақырғанбыз, бірақ олар біздің шақыруымызды ескерусіз қалдырды», – дейді бүгінгі таңда президенттікке үміткер азаматтардың бірі Мэлс Елеусізов.
Айтқандай-ақ, соңғы мәліметтер бойынша, Қытай мемлекеті мыңдаған, миллиондаған адамды Шыңжың-Ұйғыр ауданына көшіріп жатқаны белгілі. «Егер қытайлықтар бұл аймаққа толықтай көшіп келген болса, онда олар ауыл шаруашылығын дамытуда су тапшылығына тап болары сөзсіз. Ал, егер біздің көрші мемлекет Іле өзені суының 15 пайызын иеленіп жатса, онда келешекте Аралға туған күн Балқашқа да келмек. Бұл өз кезегінде климаттың өзгеруіне де әжептәуір әсер етуі ықтимал. Сол себептен Балқаш проблемасын шешу үшін, бұл мәселені, қалайда халықаралық деңгейде көтеріп, дүниежүзіндегі мемлекеттер назарына шығару керек. Қытай су мәселесіне арналған халықаралық конвенцияға қол қойған жоқ, ендеше біздің мықты көршіміздің бірі бұл құжатты мақұлдамай, Іле суын емін-еркі ала береді деген сөз», – деп түйіндейді Мэлс Елеусізов.
Қазақстандық экологтардың пайымдауынша, Балқаштың мәселесін шешу үшін бұл тақырыпты Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кезекті басқосуларында көтеру қажет. Алайда, отандық сарапшылар Қазақстан экологтарының геополитикаға тіреліп отырған бұл апатты мәселесінің шешімі қаншалықты жүзеге аса қоятынын қазір дөп басып айта алмай отыр. Себебі, Балқаш тағдырының елді мазалап, алаңдатып отырғанына біраз уақыт болды, тіпті, осы мәселе бойынша, арнайы сарапшылар тобы да жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, күні бүгінге дейін транс-шекаралық өзендердің төңірегінде қалыптасып отырған жағдай шешімін табар емес.
«Қазақстан «Транс-шекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау» жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойғанымен, бұл құжатты Қытай мемлекетінің мақұлдамағаны, көп жәйтті байқатады, – дейді саясаткер Мырзакелді КЕМЕЛ. – Ал ресми Бейжин өкілдерінің айтуынша, олар пайдалануға болатын су мөлшерінің тек 20 пайызын ғана пайдаланып отыр. Болашақта олар көп дегенде 40 пайызды ғана алатынын, осы өлшемнен аспайтынын жеткізіп отыр. Бұл жайында, мәселен, Қытай халық республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжоу СЯО ПЭЙ мәлім етті».
Балқаш көлінің су бассейні мен экожүйесінің тұрақтылығына көлге келіп түсетін су сапасы мен су көлемі әсер ететіні белгілі. Қазіргі кезде мамандардың тұжырымынша, Балқашқа су әкелетін Іле өзенінің 4,42 текше метрі Қытай жағына ағып жатыр. Ал 2000 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанға бұл өзеннен 4,48 текше метр су ағатын болса, Қытай жағына бес жыл бұрын өзеннің 15,09 текше метр суын немесе 77 пайызы ағып кететін. Көрші мемлекет шекарасы маңындағы гидро-бекеттің мәліметті бойынша, қазіргі кезде Қытайдан келетін судын сапасы нашар, себебі су құрамында өндірістік және мұнай өнімдерінің қалдықтары бар. Сонымен қатар, қазақстандық экологтар «Іле-Балқаш бассейнінің экожүйесіне жергілікті тұрғындардың да әсері мол» дегенді айтады. Мәселен, Балқаш көлі маңында ретсіз ағаш кесіледі, заңсыз аң аулаушылар да аз емес. Осының салдарынан осы өңірде бар 120 түрлі құстың 12 түрі қызыл кітапқа енгізілген, көлде бар балық 20-есеге азайған. Бұрын болған 16 көл жүйесінің 5-і ғана қалған. Қазақстандық гидролог маман Достай ЖАҚЫПтың айтуынша, Балқаш көлі мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама керек, бұл бағдарламаларды іске асыратын қаржы қажет. «Кеңес Одағы кезінде мұндай жұмыстарға қомақты ақша бөлініп, арнайы институттар зерттеу жұмыстарын жүргізетін», – дейді ол.
«Балқаш көлі тек су көзі емес, ол біздің климатты қалыптастырушы нысан. Егер, көл жойылып, оның маңы тұзға айналатын болса, онда біздің тауларға тұз жауатын болады. Олай болған жағдайда біздің қорда тұрған суы да жоқ болып кетеді, сөйтіп, біз, тек жаңбыр суымен ғана отыратын боламыз. Біздің дабыл қағып, мәселе көтеріп отыруымыздың себебі де осы. Қазіргі кезде көлдің деңгейі жаман емес, бірақ судың сапасы нашар, суда жүзетін балықтар түрлі ауруларға шалдыққан. Ал, бұл мәселені шешуге арналған арнайы бағдарлама жоқ, отандық ғалымдар өз еркімен жұмыс істейді, бірақ нақты қаржылай қолдау болмағандықтан оның нәтижесі болмай жатады. Кеңес Одағы кезінде бұл мәселені зерттейтін арнайы институт болған, қазіргі кезде су мәселелерімен арнайы комитет шұғылданады. Меніңше, дұрыс емес», – дейді гидролог маман Достай Жақып.
Қоршаған ортаны қорғау мамандарының айтуынша, Қазақстан үкіметінің Балқаш мәселесін шешуге қанша қаражат бөлетіндігі әзірге белгісіз. «Бұл сауалға жауапты біз ІІ Балқаш форумы аяқталғанда ғана білеміз», дейді олар.