Перейти на главную страницу
Ақ теңіз – деп көлдің батыс жағалауын мекендеген жұрт атаған. Оған себеп: негізгі өзендер: Іле, Ақсу,Көксу;Тентек және толып жатқан жер асты сулар көлге батыс жағынан құяды да, ондағы көл суының жартысы тұщы болып келді және сырт көрінісі мөлдір, ақ түсті болады. Ал, көлдік оңтүстік – шығысын мекендеген ел «Жұмбақ көл» деп ат қойған. Бұл тұстан көлге Лепсі, Аякөз өзендері құяды, ал жер асты сулары бұл жағынан көлге қосылмайды. Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз бар.
Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауында мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей әлемге бірдей, ақылы асқан, келбеті жарасқан сұлу қызы болыпты.Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл аймағы еркелетіп, оны Балқияжан Балқаш деп атап жүріп ақырында Балқаш деп кетіпті.
Күндердің күнінде осы Балқаш айдай толып, алмадай пісіп, кемеліне кемен бой жеткен болыпты. Осы шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай құда “қамдана берсін, келінімді биыл күзде түсірем“, деп қыздың әкесіне сәлем айтыпты. Өзі бесікте жатқанда құда болып қойған күйеуінің тілі сақау, есі естілеу жігіт екен. Балқашқа бұл хабар төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы көрмей, санадай сарғайып, сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын-туған “жас өседі, жарлы баянды” деген күйеу бала әлі жас, бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді.
Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды,- деп қызды жұбатады. Күнде ойын, күнде думан жасап көңілін бөлмек болады. Қайғы- қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр салқын күз келе жатады. Қыз елден безіп қаңғырып өлсе де есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңіл қосып жүрген осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, әкесінің нағашыларының баласы, еті тірі Ерден деген жігітке Балқаш жолығады.
-“Қайтсең де мені мына пәледен құтқар, өле- өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпеймін, өлсең көріңе бірге түсейін”- деп асылып отырып алады. Паналар жер, бетке ұстар елі жоқ тайраңдаған жігіт не істерін білмей қатты қысылады. Ақыры, қыздың зарынан қабырғасы сөгілген, бір жағынан жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнде атпен қызды алып қашады. Бара бағыты бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның ар жағына, ұлы жүз еліне өтіп кетпек.
Екі жас түн жамылып, тау бөктерлеп, жапан түз сусыз шөлді кесіп өтеді. Қамыстың құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соққан үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап алып, мұздың қатуын күтеді. Ауылдары бұлардың қайда кетіп, қайда қонғанын білмей елден елге кісі шаптырып, сұрау салып, сабылысуда болады.
Ерден күндіз аң аулайды, Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа асыр салып, ойнаған шабақтарға қарап, бір ғана соны ермек етеді, елін сағынып, болашағын ойлап зар қағады:
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында
Өмірдің өлім мекен арасында.
Шабақтай мына жүрген тайраңдаған
Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?
Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астымен кетсем зытып,
Қолында дұшпанымның пенде болмай.
Өлсем арман қимас ем жайын жұтып
Қабыл боп зарлағанда қылған тілек,
Бұл көлден аман өтсек ұстап білек,
Армансыз бұл жалғаннан болар едім.
Жүрсем де қыдырып, қайыр тілеп,
Аққу қаз бір ғарыпты көрдім деме
Шетінде жатыр сонау көлдің демі.
Қор етіп көрінгенге мазақтатып,
Құдай- ау, шыбын жанды бердің неге?
Күндер өтіп, күн салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастады. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып ұшады. Өстіп жүргенде бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қосынан көйлекшең жүгіріп шыққан Ерден екі аттың жанында бір топ қабанның тұрғанын көреді. Қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Қаруын әрлі- берлі сермеп, қабандарды қуып шығамын деп жүргенде бір көкжалы Ерденді қарыстай ауызымен тіреп өтеді. Жігіт құлап қалады. Екі ат арқаныс түбінен жұлып, ойнақтап шыға береді. Қабандар солардың соңынан кетеді.
Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш жүгіріп келіп, қызыл қанға боялып жатқан Ерденді бас салады. Сүйемелдеп, қосқа әкеліп жарасына қараса қабанның азуы шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп, жарасына басады. Күл себеді. Ал, бұл екеуі осылай жата тұрсын, енді әлгі аттардың ізіне түсейік. Жер сағынып, шабынан булығып тұрған сәйгүліктер босанған бетте бастарын төмен салып жіберіп, ел қайдасың деп тартып береді.
Бұл күндері жарасы денесіне жайылып өне бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерденнің әлі азая бастаған еді. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болады. Жалаң түзде жан жолдасынан айырылып, қыз Балқаш ботадай боздап, жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, есін жиғаннан кейін, қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді ақ жауып, өз киімімен арулап қояды. Жас қабірді құшақтап қаншама уақыт жылаған Балқаш енді өзіне ор қазады. Содан кейін дәрет алып, көлге түсіп шығады да дүниемен қоштасу үшін жартастың басына көтеріледі. Жан- жақты шыр айнала қарап, өмірмен ақырғы рет қоштасады.
Айрылдым айдалада Ерденімнен
Соңынан қолын ұстап ергеніммен
Болған соң тағдыр солай шара бар ма
Көл еді көрмегенім көргенімнен
Басыма тумай жатып түскен тұзақ
Қақ жарып жас жүрекке салған сызат
Көрсетпей рахатын жастық шақтың,
Кетуге жібермеді- ау елден ұзап.
Қош- сау бол, елім- жұртым, ата- ана,
Айдын көл, туған өлке жалпақ дала,
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.
Аққу қаз қабырыма келе кетші,
Ғарыптың не болғанын көре кетші,
Тәнімді қарға- құзғын шоқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Күн батар алдында қыз Балқаш жартастың басында осылай зарлап отырған кезде иек ортадан бір топ атты сау ете түседі. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, өзінің сақау күйеуін таниды. Қолға түсіп, пенде болмау үшін өзін- өзі өлтірер қару қабыр басында қалған. Оған жетіп үлгере алатын емес. Не істеу керек?
Балқаш жартастың суға төнген бір биігіне шықты да көлге бірақ секірді. Жар соғып, көбік шашып жатқан асау толқын абзал аруды құшағына қысып, терең теңізге қарай алды да кетті. Осы кезде көлдегі құстар аспанға көтеріліп, аңдар жер бауырлап жата кетті. Қаз қаңқылдап, үйрек сыңқылдап, ұясына бара жатқан алтын күннің қызыл шапағы қарауыта түсті.
Бұл ауыр оқиға, трагедия сол маңдағы елге түгел жайылып, бұдан былайғы жерде көлді өздері еркелетіп айтатын, сүйікті жас арудың атымен Балқаш қашып барған көлді халық Балқаш деп атап кеткен екен.
Ұсынсам білгенімді халқым- досқа.
Еңбегім зая кеткен болмас еді,
Сөзімнен оқушылар алар нұсқа.
Жоғалмай табылған сөз ел ішінен,
Болғандай шын деп айтса тегісімен.
Ел қойнында сақталған асыл сөздер,
Тарихтың дәм татқызар жемісінен.
Тарих сөз ауысады бірден- бірге,
Жолшыбай айналады неше түрге
Біздің тұрған заманға келіп жетсе,
Ажарланып кетеді жайнап мүлде.
Бір аңыз ел аузында ерте күннен,
Қызығы кем түспейді ертегіңнен.
Аңыздың тақырыбы Балқаш көлі,
Аумағы өндіріспен көмкерілген.
Іленің ағып барып құйған жері,
Ұлы жүз, Жалайырлар тұрған жері,
Сол елде бір қария біледі екен,
Неліктен атанғаны Балқаш көлі.
Бір көлдің мекендеген батыс жағын,
Орта жүз, арғын, қыпшақ, тама, табын.
Сол елде дәулетті бір бай болыпты,
Малға бай, баласы жоқ, басқа шағын.
Белгісіз байдың аты кім екені,
Сарыарқа көшіп- қонып қыр мекені.
Біздегі анықталған мәлімет сол-
Алты ата орта жүздің бірі екені.
Сол байдың қызы бопты Балқия атты,
Сөйлесе сөзі шырын балдан тәтті.
Ақылы, мінез – құлқы елге жаққан,
Ақ жүзі сұлу, көркем нұр сипатты.
Жасынан қызда болды үлгі- нұсқа,
Болмады қабақ шыту қынжылыста.
Тынбайды орындамай күні- түні
Жұмсаса ата- анасы бір жұмысқа.
Он беске Балқияның жасы жетті
Сөйлесе ерні, істесе қолы епті,
Халқына қалаулы боп өскеннен соң,
Балқаш деп еркелетіп атап кетті.
Мұнан былай қыз аты Балқаш болды,
Таныды тәртіп пенен оңды- солды
Елі- жұрты артықша бағалайды,
Мұндай қыз болған жоқ деп бұрын- соңды.
Балқаш қыз енді осылай жүре тұрсын,
Еркімен ойнап тұрсын, күле тұрсын.
Сыртынан ғашық болған жас жігіттер,
Көздерін сүзе тұрсын, тіге тұрсын.
Балқаш қыз бесігінен шықпай тұрып,
Мойнына шынжыр баулы түскен құрық.
Бір бай кеп құда болған қалың беріп,
Кетпестей басқа жаққа мойын бұрып.
Ол күнде құда болу елдің салты,
Ерекше бұған құмар қазақ халқы.
Құда болып қояды жас балаға,
Белгісіз не болары кейінгі арты.
Кемдік бар, кемшілік жоқ замандарда,
Жасады талай жақсы адамдар да.
Сол жақсы адамдардың бірі – Балқаш,
Жалғыз - ақ бас еркі жоқ, амал бар ма!
Болған соң амал бар ма, бай баласы,
Балқашқа жанаспайды еш жері тең.
Ие боп құлағына сіңген сөзге,
Дейді екен Балқаш қыздың күйеуі мен.
Балқаштың бойы жетіп, жасы толды,
Жасынан үзе алмады түскен торды.
Күйеу жаман болса да, мал берген бай,
Ұзатып жақын күнде алмақ болды.
Бұл хабар ауыр тиді Балқаш қызға,
Тоңады отырғандай ызғар сызға.
Жаманға не қылса да бармас болып,
Айналды ет жүрегі қатқан мұзға.
Бар еді бір жас жігіт аты Ерден,
Осы елге жиен еді сырттан келген.
Батыр тұлға көрікті, жұмсақ мінез,
Құралайды көзге атқан өзі мерген.
Ерденді қыз бұрыннан білуші еді,
Ішінен ғашық болып жүруші еді.
Күйеуін ойлап іші мұз боп қатса,
Ерденді ойлап жүрегі жылушы еді.
Ерденге бір күні іздеп Балқаш келді,
Қысылса кім жақтамас ондай ерді.
Әуелі сөзін жайлап бастады да,
Ақтарды іште жатқан қайғы – шерді.
Мен келдім, батыр Ерден, саған,- деді,
Бір надан ие боп тұр, маған,- деді.
Ерлік ет, сол наданнан мені құтқар,
Өмірлік саған серік болам,- деді.
Бармаймын ол жаманға тірі болып,
Жүрмеймін надан байдың күңі болып.
Сен мені жәрдем етіп құтқармасаң,
Жатармын көп моланың бірі болып.
Жаны ашыр адамбыз ғой мен де,сен де,
Қор қылма мені надан ақылы кемге.
Қол ұстасып жүрсек те тірі болып,
Кездесер бір жақсылық өлмегенге...
Қыз сөзі ойландырды Ерден ерді,
Байқады қыздағы ауыр қайғы-шерді,
Егерде қыз екеуі бара қалса,
Ойлады мият болар елді-жерді.
Осы елдің шығыс жағы бір үлкен көл,
Жеткенше салт аттыға бір күндік шөл.
Бұл көлдің күнгей жағын мекендеген,
Ұлы жүз- Абақ-Тарақ қайырлы ел.
Сол елге дәм көтеріп бара қалсақ
Дәл тапсақ барар жолды жүрмей жаңсақ.
Бай дейді берекелі елі-жері,
Адамға әл беретін жүрген шаршап.
Бүл жерден тез арада жүріп кетсек
Тоғайлы қалың емес көлге жетсек
Қыс түскенше мекендеп сол араны,
Мұз қатқан соң теңізден әрмен өтсек.
Тоғайды мекен етсек осы күзге,
Келе алмас қуған адам тауып бізге.
Жан сақтап ел қатарлы кетер едік,
Есен-сау жетіп алсақ Ұлы жүзге.
Осындай оймен Ерден қиял ғылып,
Көңілін жоқ байлыққа жұбандырып.
Қызға айтты: “ Ойлағаның болсын жаным,
Мойныңнан сыпырылсын бұғау-құрық”
Екеуі осылайша сөзін байлап,
Ат-тұрман азық-түлік алды сайлап.
Теңіздің қалың қамыс тоғайына,
Бір түнде екі сабаз кетті айдап.
Екеуі бір күн,бір түн сапар шекті,
Нелер қиын жерлерді басып өтті.
Әуелде ойлағаны көл жағасы,
Қалың қамыс тоғайға келіп жетті.
Бір жақсы жерге жайлап қонып алды,
Қамыстан кепе-күрке соғып алды.
Екі ғашық жеткендей мұратына,
Көңілді бір семья болып алды.
Күндіз шығып кетеді Ерден аңға,
Таныс боп алды түгел осы маңға.
Кешке жақын екеуі басын қосып,
Қызықпен отырады ұзақ таңға.
Іздеп жүр бұларды әлі әрбір жерде,
Аттарын шомылдырып қара терге.
Әуре боп әумесерлер жүре тұрсын.
Тоқталық көлде жатқан екі ерге.
Екеуі мекен етті көл жағасын,
Таныды бұл аймақтың сай-саласын.
Теңізден мұз қатқан соң өте шығып,
Көрмек боп Ұлы жүзден ел қарасын.
Кетеді кейде Ерден аңға шығып,
Тұрмысқа керекті ол шаруашылық.
Үйінде Балқаш жалғыз қалады да,
Биіктеу отырады жарға шығып.
Қарайды көл бетіне көзбен шолып,
Ұшады қаз қаңқылдап,аққу қонып.
Секіріп ақ балықтар ойын сап жүр.
Жүзіп жүр сұқсыр-үйрек топ-топ болып.
Отырып ойға қалып жалғыз өзі,
Көлдегі тіршілікке түсіп көзі,
Белгісіз болашағын уайымдап,
Балқаштың сонда мынау айтқан сөзі:
-Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында,
Өмірдің өлімменен арасында.
Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,
Туған ел,қайран жұртым, қаласың ба?
Уа,шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астымен кетсем зытып.
Қолына дұшпанымның пенде болмай
Өлсем арман етпес ем жайын жұтып.
Қабыл боп зарлағанда қылған тілек,
Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.
Армансыз бұл жалғаннан болар едім,
Жүрсем де, ел аралап,қайыр тілеп.
Аққу,қаз, бір ғаріпті көрдім деме,
Шетінде жатыр сонау көлдің деме.
Қор етіп көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау шыбын жанды бердің неге?
Боп қалды күз аяғы су салқындап,
Қайтуға аққу,қаздар жүр қаңқылдап.
Қайтар қазға қырындап қыран құстар,
Қалықтап көк аспанда ол шаңқылдап.
Бір күні отыр еді кешке таман,
Бір дыбыс қорсылдаған шықты жаман.
Екі аты арқандаулы тұрған жерде,
Қамады келді-дағы бір топ қабан.
Бұларды Ерден батыр көре салып,
Қолына жерде жатқан сойылды алып,
Бір салып бір қабанды жығып еді,
Екіншісі Ерденді кетті жарып.
Жарылып Ерден батыр қалды талып,
Жарғызды байқаусызда қапы қалып.
Жатқызды сүйеп келіп төсегіне
Балқаш қыз жатқан жерге жедел барып.
Жолдасын қапылыста қабан жарды,
Панасыз енді Балқаш болып қалды.
Екі күн Ерден әлсіз жатты-дағы
Үшінші күн болғанда дүние салды.
Арманда аянышты Ерден өлді,
Арулап Балқаш оны жерге көмді.
Еденмен өліп бірге жатпақ болып.
Дайындап өзіне де қазды көрді.
Ерден жоқ,Балқаш жалғыз отыр зарлап,
Көзінен қан аралас жасы парлап.
Сондағы қыздың айтқан сөзі мынау,
Өз басын жаны қиып өлімге арнап:
Айырылдым ай далада Ерденімнен,
Соңына қолын ұстап ергенімнен.
Болған соң тағдыр осы шара бар ма,
Көп еді көрмегенім көргенімнен.
Басыма тумай жатып түскен тұзақ,
Қақ жарып жас жүректі салған сызат.
Көрсетпей рахатын жастық шақтың,
Кетуге жібермеді-ау алысқа ұзап.
Хош,сау бол, ел-жұртым,ата-ана,
Айдын көл,туған өлке,жалпақ дала.
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.
Аққу қаз жақынырақ келе кетші,
Ғаріп бас не болғанын көре кетші.
Тәнімді қарға-құзғын шоқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Қыз зарлап отыр еді күйіп-жанып,
Өлетін минуты да жақын қалып.
Қалыңнан бір топ атты шыға келіп,
Ұмтылды Балқаш қызды көре салып.
Осылай бұл көрініс тұра тұрсын,
Әңгіме басқа жаққа мойын бұрсын.
Қалыңнан бір топ атты шыға келіп,
Ұмтылды Балқаш қызды көре салып.
Босанып екі ат қашты қабан қуып,
Кеп қалды екі күнде елге жуық.
Үшінші күн қосылды үйіне,
Жер суын таныды аттар өскен туып.
Жайылып жылқы ішінде аттар жүрді,
Жердің шүйгін шөбін жеп алуан түрлі.
Бес-алты күн өткен соң жылқышылар,
Анықтап аттың жайын сонда білді.
Қашып кеп жылқыменен бірге жүрген
Таныды жылқышылар атты бірден.
Құла жорға, қара кер-жүйрік еді,
Қашқанда Балқаш пенен Ерден мінген.
Аттарды жылқышылар анық танып,
Құрықтап екеуін де ұстап алып,
Қашқын мінген екі атың,мінеки деп,
Көрсетті байларына алып барып.
Надан бай атты танып,айтты сонда:
-Түсті,-деп,-қашқын енді біздің қолға
Қол аяғын байлатып екеуінің,
Жерден қазып тастармен терең орта.
Бай жиды содырларын маңындағы,
Білгіштерін өзінің тобындағы.
Күйеуімен шақырды құдасын да,
Балқаштың баратұғын жағындағы.
Екі құда бас қосып ақылдасты,,
Бір-біріне ым-жымы жақындасты.
Жігіт жиып қашқынды тауып алып,
Көзін жойып құртуға мақұлдасты.
Жинады бай өзінің жігіттерін,
Ішінде палуансымақ іріктерін.
Сақау күйеу қосылды о да келіп.
Балқаштан үзбей әлі үміттерін.
Он жігіт шықты жолға,атқа мініп,
Жол жырақ,сайлап алды азық-түлік.
Аттар келген өкше ізін тауып алып,
Бет алып,көлге қарай кетті жүріп.
Ізбенен қуғыншылар көлге келді,
Балқаш пен ұстамақ боп Ерден ерді.
Қасында жолдасы жоқ жалғыз зарлап,
Отырған жар басында қызды көрді.
Таптық деп қуанысты енді бұлар,
Ерден де бір жағында жүрген шығар,
Балқашты ұстамақ боп тұра ұмтылған,
Осы еді бай жіберген қуғыншылар.
Қалыңнан шыға шауып оншақты атты,
Балқашты ұстамақ боп келе жатты,
“Сендерден өлім қызық!”- деді Балқаш,
Шығарып үш мәртебе дауысын қатты.
Отырған жарға қонып,құстай ұшып,
Секіріп кетті Балқаш суға түсіп.
Өзі келген аруды қабыл етіп,
Терең көл құшағына алды қысып.
Қыз кетті,суға түсіп,бұлар көрді.
Енді іздеп таппақ болып Ерден ерді.
Іздей берсек бір жерден табармыз деп,
Жағалап жүре берді үлкен көлді.
Моласын тапты Ерденнің жатқан өліп,
Қыздың көлге кеткенін көзбен көріп,
Барлық болған жағдайды баян етті,
Еліне қуғыншылар қайтып келіп.
Балқия-жыр осыменен аяқталды,
Бітетұғын жеріне таяп қалды.
Қыздың халін естіген ел жылады,
Рақымсыз жыламаған бай-ақ қалды.
Дүниеден еш жақсылық көрмей өткен,
Өмірін аяқтаған сор бейнетпен.
Балқаш көлін Балқаш деп атандырған
Қыз екен өзі түсіп көлге кеткен.
Бұл көлдің маңындағы тұрған елі,
Тұрақты мекен еткен көптен бері.
“Балқаш түсіп өлген көл”,-деп жүрді де,
Кейіннен атап кетті Балқаш көлі.
Ұрпағын атастырып болған жайдан.
Аңыз ғып кейінгіге жеткізейін,
Балқаш деп Қасқа көлді қалай қойған.
Бұл өзі жатқан аңыз қалай демен,
Еткізген қызықтырып талайды елең.
Ертеде осы өңірді мекен еткен,
Болыпты жылқылы бай Жанай деген.
Жанайдың байлығына жан жетпеді,
Үйірлі жылқысына сан жетпеді.
Малының көптігінде есебі жоқ,
Өрісі өзен, жыра, тау беткейі.
Өзімен қатар жатқан ел бар еді,
Малына шұрайлы ну жер бар еді.
Сол жерді жұртыменен жайлап жатқан,
Өзі бай Көлбай деген ер бар еді.
Жанай бай месе тұтпай жар, өзенді,
Көлбайдың өрісінен дәмеленді.
Келіпті, Көлбай байдың ауылына.
Сұрауға кенере кең Сарыөлеңді.
Құдайы қонақ келгенде құт қонады,
Әйелі Көлбай байдың қыз табады.
Екі бай кеңес құрып отырғанда,
Әлдекім «шапқыншы» деп жар салады.
Ауылға шауып келіп жалғыз атты,
Көтеріп шабысымен шаңды жапты.
«Сүйінші! Күләй апам ұл тапты» деп,
Жанайға жақын келіп тізгін тартты.
Жанай бай құдай беріп ұлды болды,
Фәнидің қызығына көңілі толды.
Көлбайға қолқа салды көндірмекке,
Араға салайын деп құда жолды.
Екі бай құда болып төс түйісті,
Көрмей- ақ қызыл шақа жас иісті.
Сәбилер болашағын болжамады,
Жорушы ед өңі түгіл көрген түсті.
Жанайдан бес ту бие әкеп сойды,
Азаншы Балқия деп атын қойды.
Жіберді жалғастырып құдалыққа,
Шілдехана дей- тұғын осы тойды.
Жанай да Қиясбай деп атын қойды,
Он жылқы, жүз азбанды тойға сойды.
Ауылдың иті менен құзғындары,
Бұлақтай ағып жатқан қанға тойды.
Көркіне ақылы сай қыз ержетті,
Тілегін жаратушы берсең етті.
«Сүйгенін шұнағым» деп ару ана,
Балқияны Балқаш деп еркелетті.
Жанары жалын атып Балқия өсті,
Атастырған теңінің барын естіп.
Қиясбай оң мен солын танымайтын,
Тілі сақау болыпты жарым есті.
Көлбайға қалын малын беріп қойған,
Жанай бай күн бұрыннан хабар салған,
Келінді түсіремін дегенді естіп,
Балқаш та ойға батып, гүлдей солған.
«-Құдай- ау, Қиясбайға қорладың ба,
Кеміске жар қылғанша алмадың ба.
Махаббат бүршік атып оянғанда,
Бағымды басымдағы байладың ба?
Зарланып кірпігімді былшық басты,
Сарылып жанарымнан ұйқы қашты,
Шыбынды өрмек торы матағандай,
Шаранам кеппей жатып неге састы?
Таптым ба тумай жатып қылығымнан,
Үзетін махаббатты жұлынымнан.
Маңдайға жазып қойған сорым бар ма,
Ескендей жаңа шыққан тұлымымнан.
Өзегім өрт шалғандай түңілесің,
Шыбықтай талша белім бүгілесің.
Жаутаңдап жанарымнан жас төгіліп,
Көкірек шерменде боп егілесің.
Мал үшін пенде ғұрлы санамады,
Басымды бір кеміске саудалады.
Дос жылап, дұшпандарым күлетіндей,
Бейкүнә жүрегімді жаралады.
Бесіктен шықпай жатып еңіредім,
Бес жаста бір сұмдықты сезіп едім.
Он жаста Қиясбайды көргенімде,
Үй түгіл ауылымнан безіп едім.
Жүрегім тебінеді кеудем қысып,
Ішім де қызып барад қайғы түсіп.
Демігіп қос өпкем де қабысқандай,
Тынысым тарылады жаным құсып.
Қиясқа барғанымша өлген артық,
Шырылдап торға түскен мен бір ғаріп».
Намысқа қалай шыдап жүресің деп,
Ерденге егіледі мұңын шағып:
Ерденнің еті тірі жастық шақтан,
Асауға тұсау салып жылқы баққан.
Елгезек мінезімен елге жағып,
Балқашты «жиеншар» деп жақындатқан.
Көлбайға нағашы еді тек жағынан,
Жасында әкесі өліп, жетім қалған.
Ерденнің Балқиямен жасы құрдас.
Анамның көзі деп жас кезінде алған.
- Келетін уақыты да жақын қалды,
Әкем де ұзатуға дайындалды.
Матаудың торын үзіп құтылайық,
Қоярға жер таппадым шыбын жанды.
Ерден де тәуекелге байланады,
Қам қылып, ұзақ жолға сайланады.
Жылқыдан қос тұлпарды ұстап мініп,
Балқаштың отауына жай барады.
Сайраған бұлбұл болып бұл Ерденің,
Тапты ойлап шығарудың бір ермегін.
Хабарды естіп Балқаш шыққан кезде,
Күзетші көріп қалып жібермеді.
«-Түсірме Қиясбайдың қармағына,
Қайтесің бөгет болып мен сорлыға.
Аққу мен қарға тең бе қосақтасаң,
Жетейін тәуекел деп арманыма.
Не жаздым аңдитындай жан- жағымнан,
Көрейін не де болса өз бағымнан.
Көл жасым мойыныңа қарыз болар,
Қалдырма тәңірімнің жазғанынан,-
Деп Балқаш күзетшіге жалынды кеп,
Қинама оңбай тұрған жанымды деп.
Білемін сенен көрер мен сорлыны,
Отырған қызметің ғой наныңды жеп».
Екі жас осылай деп жолға шықты,
Іңірдің қараңғысын алға тұтты.
Туған жер топырағын бір иіскеп,
Жас көңіл әлем- жәлем ол да тіпті.
Таң ата Қоңыраттың тауын көрді.
Құмайт пен сортаң жерде із қалдырмай,
Алыстан көзі шалды айдын- көлді.
Бұл жерді Ерден бұрын көрген екен,
Жылқы іздеп жылқышымен келген екен.
Қасқакөл қатқан кезде кіре тартып,
Ар жаққа өтетінін білген екен.
Сәскеде Қасқакөлге келіп жетті,
Елеусіз бір түбекті мекен етті.
Қамысты қоғаменен байластырып,
Қалың ну тасасына күрке тікті.
Қыс түсіп, мұз қатқанша тұра тұрмақ,
Жол түссе арғы жақты мекен қылмақ.
Ұлы жүз үйсіндерді пана қылып,
Дәм жазса некелесіп отау құрмақ.
Жатқанда мекен етіп жағажайды,
Отты да қорғалақтап жаға алмады.
Үрейлі күркіреген шуылдардан,
Тебініп аттары да мазаланды.
Маса да буындырып шыдатпады,
Жылдай боп қасарысып таң да атпады.
Күркенің есік жағын көлегейлеп,
Қамыстан түтін салып жан сақтады.
Күндері түнек болып өтіп жатты,
Қайғысы қасірет боп жанға батты.
Тұншығып суға кетіп өлер еді,
Тағдырдың ақырына үміт артты.
Суынып қамыс басы қырауланды,
Күн ұзақ Ерден кетіп аң аулады.
Туған жер, өскен елін есіне алып,
Балқаштың екі көзі бұлауланды.
Пана ғып жатты амалсыз қамыс қосты,
Өлсе егер намыс үшін арман жоқ-ты.
Мұз қатып, ат тұяғы ілінгенше,
Тағатсыз келер қысты күтіп бақты.
Отырып күн ұзаққа ойға шомды,
Салқын деп көлдей соққан бой да тоңды,
Қиялы қажытумен қамықтырып,
Жүрегі Балқияның зарға толды:
«- Құс болып қанаттанып ұша алмаймын,
Балық боп су астына түсе алмаймын.
Айдын көл арғы жаққа өткізбейсің,
Қорысты құс жастықтай құша алмаймын.
Ұшқан құс хабар беріп жүрер ме екен,
Артымнан іздеушілер келе ме екен.
Сорыма шоқпар болып сорлатқанда,
Жабайы аң тырнағына ілер ме екен.
Ерденім тамақ іздеп аңға кетті,
Көтеріп мен отырмын қайғы- дерті.
Қасқакөл жоның қатпай сен жатырсың,
Көре алмай мерт болам ба арғы бетті.
Анашым, сағындың ба, түсіме ендің,
«Шөлдедің, сусын іш» деп қымыз бердің.
Ұмтылып шар аяқты алғанымша,
Сүрініп елес болып көрінбедің.
Япырмай, қуғыншылар келер ме екен,
Шараяқ Қиясбай боп жүрер ме екен.
Анамның сүрінгені – қорыққаным,
Қымыздай толқын алып кетер ме екен?»
Осылай түсін жорып ойға батты,
Шарбы бұлт қоюланып тамшылатты.
Денесі дір еткендей мұздаған соң,
Ерденім кеп қалар деп қосқа тартты.
Еңкейіп күннің көзін сағым басты,
Алаулап қоштасқандай белден асты.
Ерден кеп еміреніп сүртті жайлап,
Балқаштың жанарынан аққан жасты.
Қауышып қосқа келіп отырады,
Қос тұлпар жер тебініп шұрқырады.
Жейдешең күрке ішінен Ерден шықса,
Аттарға табын шошқа ұмтылады.
Жүгіріп қолға Ерден мылтық алды,
От алмай пілте мылтық, құрық салды.
Айқасып жүрген кезде қамауда қап,
Бір қабан жұқа шаптан іреп қалды.
Қос тұлпар жыңғылды үзіп тұра тартты,
Соңынан бір топ қабан қуа шапты.
Ерденді Балқаш тауып алған кезде,
Қаңсырап, есін білмей сұлап жатты.
Шошынып Балқаш келіп құшақтады,
Медет қып әр нәрсемен ұшықтады.
Күл салып, киіз басып орағанда,
Жараға жан кіргендей тыныштады.
Қос тұлпар үйіріне қайтып келді,
Көлбайға жылқышылар айтып берді.
Бір тобы жылқышының ізге түсіп,
Бағдарлап келе жатты айдын көлді.
Бұл кезде Ерден жайы түрінде еді,
Қабынып тұра бойы іріңдеді.
Жанына сая таппай қиналса да,
Балқашқа қуат беріп күлімдеді.
Дендеген жараға да қайыспады,
Балқашы көз алдынан алыстады.
Тәңірдің жазуына шара бар ма,
Мәңгілік қара жерге табыстады.
Ерденді ақыреттеп көрін қазды,
Қан шықты көбесінен тырнап сазды.
Жатқызып жер бесікке бетін жауып,
Теңселе түрегеліп белін жазды.
«-Мен үшін жанын қиды қайран ерім,
Ерденім, мамық болсын жатқан жерің.
Мені де құшағыңа ала жат» -деп,
Қасынан қаза берді жатар жерін.
Астына төсеніш қып қамыс жайды,
Пышақты өткір қылып қайрап қойды.
Соңғы рет қырға шығып, бойын жазды,
Қозғады жүректегі терең ойды.
«Ерденім, көп қиналып жатып қалдың,
Жараңа дәру болмай қапы қалдың.
Қалмайын мен де жалғыз күн кешті боп,
Болайын о дүниеде, қасыңа алғын.
Тумасам бұл азапты көрмес едім,
Ерденім елсіз жерде өлер ме едің.
Ата- ана , ел- жұртымды артқа тастап,
Қасқакөл жағасына келер ме едім.
Қыз болдым қызғалдақтай он бесімде,
Жатқалы мен отырмын жер бесікке.
Айрылдым серік болған Ерденімнен,
Өмірім ұқсағандай көрген түске.
Тәнімді шоқыр мекен қарға- құзғын,
Бүршігім ашылмаған сорлы қызбын.
Елімнің құшағына симай кетіп,
Көрмедім кеңдігін де жапан жүздің.
Қысылды күннен күнге өкпе- бауырым,
Сағындым ата-мекен, туған ауылым.
Анашым, болған іске болаттай бол,
Елімде жүрсем егер жатқан даумын.
Анашым, шалынды ма менің зарым,
Тұман боп жасқа толды- ау көз жанарың.
Өз көрін өзі қазып жатыпты деп,
Шырылдап шықпасыншы шыбын жаның.
Қош боңдар еркелеткен ағайыным,
Үйірінен бөрі қуған бір тайыңмын.
Бойымды қайғы басып шамам кетті,
Жегідей жеп барады сары уайым.
Тезірек Ерденіме оралайын,
Қасында қосағымның бір болайын.
Туған ел, өскен жерім батаңды бер,
Жауын тәңірімнің қарсы алайын».
Ерденнің қатарына жата алмады,
Зар жылап қыр басынан қайта алмады.
Он шақты қуғыншылар келіп қалды,
Өлімге белді буды, тайсалмады.
Ішінен Қиясбайды көріп қалды,
Балқашты олардың да көзі шалды.
Жартасқа қарғып шыққан қызды көріп,
Ентелей шуылдасып жақындады.
Балқаштың тұла бойы дірілдеді,
Көк толқын құшақ жайып дүрілдеді.
Аспанда аққу- қаздар шыр айналып,
Қаңқылдап Қиясбайдан «құтыл» деді.
Асаукөл аласұрып толқын атты,
Қуғыншы тіптен оған жақын қапты.
Кеміске жар болғанша өлейін деп,
Секіріп ару Балқаш суға батты.
Көк толқын ару қызбен арпаласты,
Ажалмен аласұрып жан табысты.
Ақ көбік ақыретке орағандай,
Балқашты бауырына тарта қысты.
Шағала, аққу- қаздар үнін қосты,
Жер болып қуғыншылар бетін басты.
Шайқалып қамыс басы сыңсығандай,
Қара бұлт жасын төгіп отын шашты.
Осылай ел аузында ескілікті,
Аңыз боп бұл әңгіме естіліпті,
Балқаш деп көлді атап бұрынғылар,
Ұрпақтан ұрпақтарға жеткізіпті.
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі. Ертеректе Балқаш бойының тұрғындары көлді Ақ теңіз және Жұмбақ көл деп екі түрлі атап келген
25 12 2014
1 стр.
Сабақтың мақсаты: а білімділік: Аңыз-әңгімелер туралы оқушыларға түсініктеме беру. Білімдерін толықтыру арқылы шығармашылық қасиеттерін дамытып, әңгімелердің тақырыптары туралы түс
25 12 2014
1 стр.
Бүгінгі күнде «Жас өркен» баспасөз орталығының тілшілерінің жұмыстары қала, облыс көлеміне танымал. Тілдер мерекесі аясында өткізілген қалалық шарада тілшілеріміз жүлделі І дәрежел
25 12 2014
1 стр.
Бүгінгі күнде «Жас өркен» баспасөз орталығының тілшілерінің жұмыстары қала, облыс көлеміне танымал. Тілдер мерекесі аясында өткізілген қалалық шарада тілшілеріміз жүлделі І дәрежел
25 12 2014
1 стр.
Бұл басқосуға Қытай және Қырғызстан сынды көршілес елдердің мамандары қатысады, деп жоспарлануда. Қазақстандық мамандар форумға міндетті түрде қытайлық әріптестерінің келгенін күті
04 09 2014
1 стр.
А. Б. Бекеновтің айтуына қарағанда 70-80 жылдары Іле-Балқаш аймағының табиғаты Қазақстан бойынша ең бай өлке саналған. Мұнда омыртқалылардың ғана 345 түрі тіршілік еткен деседі
25 12 2014
1 стр.
Ол көптеген халық әндерін, аңыз-ертегілерін, айтыскер ақындардың айтыстарының мәтінін жазған
17 12 2014
3 стр.
25 12 2014
1 стр.