1. 1. 1. Араб сөздері
Тілдік құбылыстардың бүгінгі жайын білу үшін, оның өткен күйін білу шарт. Тіліміздегі араб және парсы элемменттерінің сырлы тұстарын айқындауда орта ғасыр жазба ескерткіштері таптырмайтын құнды дерек көзі екендігі даусыз. Қолжазбаның негізгі мазмұны ислам дінінің шарттары мен иман негіздері болғандықтан да араб сөздерінің едәуір мөлшерде болуы заңды құбылыс. Қолжазба тіліндегі араб сөздеріне лингвистикалық түсініктеме бере отырып оларды өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға топтасыруға болады:
Кісі есімдері: ‘Абдуллаһعَبدواللَه -
жалқы есім; ‘Абдуллаһдан عَبدواللَهدَن «хабар вирилди
‘Абдуллаһдан Омароғлы (2б, 6)
» (Хабар берілді Омарұлы Абдуллаһтан). Абдуллаһ ибн Омар. Ғалым сахаба. Фыкықшы және хадисші. Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) екінші сахабасы Омар бин Хаттабтың ұлы. Сөздің өзі арабша
‘абд (құл) және
иләһ (тәңір) сөздерінің бірігуінен қалыптасқан. Яғни «
Тәңірдің құлы» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығына дерлік енген сөз. Қазақ тілінің артикуляциялық базасына жат болып саналатын арабшадағы «ع» және «ه» дыбыстары кейде түсіріліп, ал кейде орнын басқа дыбыстар ауыстыратын болғандықтан, тілімізде осы сөздің
Абдулла, Әбділдә, Әбділдә, Ғабдулла, Қабдолла, Қабдылла т.б сияқты бірнеше аллофондары кездеседі
.
‘Иса عِيسىَ – Жалқы есім; ‘Исайа عِيسَ يَه «дахы ‘Исайа виргән савабы (36б, 2)» (және Исаға берген сауапты). Төрт үлкен пайғамбардың бірі. Яхуди (еврей) халқына жіберілген пайғамбар. Оған уаһи арқылы інжіл кітабы түсірілген. Бұл есім мұсылман түркі халықтарының барлығында кездеседі. ҚБ: ‘Иса (Иисус, ДТС; 213); ГТ, КФ: ‘Иса; Кітаби тіліміз бен діни туындыларда Ғайса формасында да ұшырасады. Арабша кірме сөздердегі ғ//ø заңдылығы жөнінде жоғарыда баяндалды.
‘
Али - عَلِى
- Али. «
хабар вирилди ‘Алидән Абиталибоғлы 32 а. 1» (
Хабар берілді Әбутәліпұлы Алиден). Али бин Абутәліп. Пайғамбарымыз Мухаммәдтің (ғ.с.) немере інісі, күйәу баласы, сенімді серігі және төртінші халифасы.
Али- «
биік, сұңғақ» деген мағына береді. Кісі есімі ретінде қазіргі түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Қазақ тілінде жоғарыда атап өткен заңдылықтар негізінде
Али, Әлі, Ғали деген фонетикалық варианттары кездеседі. Сондай-ақ
Әлібек, Әліби, Сапарәлі, Тұрдәлі, Шералы, Серғали секілді көптеген күрделі кісі есімдері құрамынан да көреміз.
Әби Бәкир اَبِىبَكر- Жалқы есім. «бу дәлил бирлә хабар вирилди
Әби Бәкр сыддықдан (32а, 3)» (
бұл дәлелмен хабар берілді Әбу Бәкір сыддықтан). Мұхаммед (ғ.с) пайғамбарға тұңғыш иман келтірген, исламды тұңғыш қабылдаған ер кісі. Ең жақын досы және бірінші халифасы. Есімнің өзі «
Бәкірдің (тайлақтың) әкесі» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығында кісі есімі ретінде кездеседі. Тілімізде «Әубәкір, Әбубәкір» деген есімдер жиі ұшырасады.
Әби Йусуф اَبِىيُوسُف–
жалқы есім; «ол
Әби Йусуф аңды амали адлу китабында (9а, 6)» (
ол Әбу Йусуф еске алды «айтты» амали атты кітабында). «
Әби Йусуф қатында дахы Мухаммәд қатында (10б, 4)» (
Әбу Юсуф және Мұхаммед қасында /пікірінше/). Ислам ғалымы.Әбу Ханифаның мүжтәхид (реформатор) дәрежесіне жеткен атақты шәкірттерінің бірі. «
Жүсіптің әкесі» деген мағынаға келеді. «Йусуф» есімі барлық түркі тілдерінде кездеседі. Қазақ тілінде де
Жүсіп есімі көп қолданылатын кісі есімдерінің бірі. Сондай-ақ
Жүсіп, Үсіп, Нүсіп, Түсіп секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі.
Әби Ханифә اَبِىحَنِيفَا- жалқы есім; «фарздур
Әби Хәнифә қатында» (Әбу
Ханифа қасында /пікірінше/ парыз); «намазуң ижиндә дәгүлдүр
Әби Ханифә қатында 10 б. 6» (
намаздың ішінде емес Әбу Ханифа пікірінше). Имам Ағзам Әбу Ханифа, әһли сүннәттің 4 имамының бірі. Ханефи ағымының (мәзхәбінің) құрушысы. Толық аты-жөні Нұғман ибн Сәбит. Ханиф -«
нағыз, шын, шынайы» деген мағына береді. Қазақ тілінде сөз басындағы
х (ح) дыбысы түсірілген және орнын
қ дыбысына алмастырған
Қанапия, Әнәпия деген кісі есімдері қолданылады.
Ибраһим اِبرَهِيم –
жалқы есім; «
Тәңри Таَ
ала виргәй аңа Ибраһимә виргән савабы (36б, 1)» (
Тәңір Тағала берсін оған Ибраһимге берген сауапты). Құран Кәрімде аты кездесетін, «үлүлазм» деп аталатын алты үлкен пайғамбардың бірі. Келдани қауымына пайғамбар болған. Жалпы «Ибраһим» есімі түркі тілдерінің барлығында кездеседі. Қазақ тілінде де түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырап,
Ибраһим, Ибрагим, Ибрахим, Ыбырайым, Ыбырай, Ібрәкім сияқты бірнеше варианттары қалыптасқан.
Мухәммәд مُحَمَّد - жалқы есім; «дахы
Мухаммәдә виргән савабы (36б, 2)» (
және Мұхаммедке берген сауапты). «хақ
Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр (3а, 4)» (
хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі). Өте мақтаулы мағнасына келетін бұл сөз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа б. Абдуллаһтың есімі. 571 жылы рабиуләууәл айының 12-де (17- сәуір) дүйсенбі күні Меккеде туып, 632 жылы рабиуләууәл айының 12-де дүйсенбі күні Мәдинада дүниеден озды. Соңғы пайғамбар. (Siyer-i Nebi). «
Мұхаммед» есімі түркі тілдерінің барлығына танымал және өте жиі қолданылатын арапша кірме есімдердің бірі. Қазақ тілінде
Мұхаммед, Маханбет, Мәмбет секілді бірнеше аллофондары бар.
Мәс’удоғлы مَسعُوداُغلِى - жалқы есім. Мас’удоғлындан مَسعُوداُغلِندَن«хабар вирилди
Мас’удоғлындан (28б, 3)» (
хабар берілді Мәсудұлынан). Абдуллаһ ибн Мәсуд. Алғаш мұсылман болған кісілердің бірі. Хадисші, фиқықшы және тәпсірші.
Мас’уд – «
бақытты» деген лексикалық мағына береді. Лексеманың өзі азербайжан және түрік тілдерінде қолданылады
месуд олмақ – бақытты болу [10, 1544] Ал қыпшақ тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде кісі есім ретінде сирек кездеседі.
Абайдың лирикалық өлеңдерінің көпшілігі 20 – 40 жол болып келеді, ал «Масғұт» поэмасы 128-ақ жол (Б. Кенжебаев, ө. Есназаров).
Хасан حَسَن- Хасан Басри; «хабар вирилди
Хасан Басридән тәңри рахмәти аңа 40б. 1» (
хабар берілді Хасан Басриден). Толық аты-жөні Әбу Саид әл-Хасан бин Әбил-Хасан Йесар әл-Басри. Хз Омардың халифалығы дәуірінде 621-жылы Басрада туып, 728-жылы қаза тапқан. Үлкен ислам ғалымы. Фиқықшы және тәпсірші [20, 61].
Хасан - түркі тілдерінде жиі ұшырасатын есімдердің бірі. «Сұлу, көркем» мағынасындағы бұл сөздің қазақ тілінде
Асан, Қасен деген формалары да бар.
Шафи’и شَافِعِى- жалқы есім; «хужжат әйләди
Шафи’и (28б, 2)» (
дәлел етті Шафиғи). «ол
Шафи’и қаулидүр (8б, 1)» (
ол Шафиғи қаулысы). «ол кижәр саймақ шартдур
Шафи’и қатында (28б, 1)» (
ол жарамды деп санау шарт Шафиғи қатында /пікірі бойынша/). Мұхаммед бин Идрис әс-Шафиғи. Әһли сүннәттің 4 имамының бірі. 767 жылы Палестинаның Газза қаласында туып, 819-жылы мысырда дүниеден озды және сол жерге жерленген.
ә. Ислам дініне байланысты наным сенімдер мен терминдер: Аллаһ اَللَّه - Алла, тәңір, құдай; «хақ намаз димәк
Аллаһ Та’аладан рахмәтдүр (5б, 3)» (
Хақ намаз деген Алла Тағаладан рахмет).
Аллаһа اَلّلَهَ «ол киши айдағай шүкр
Аллаһа кидәрди мәндән бәни инжиткәни (31б, 4)» (
Ол кісі айтсын, шүкір Аллаға, кетірді менен менің жаныма батқанды). Түркі тілдеріне ислам дінімен бірге еніп, көне
тәңір сөзімен әлі күнге дейін жарыса қолданылатындығы белгілі. Қолжазба тілінде де солай. Арабша
әл-иләһ сөздерінің біріккен түрі.
ГИ, ГТ, ИМ, КФ: Аллаһ; қаз.: Алла, Алда, Аллаһ; баш., тат.: Аллаһ(ы);: Аллаһ(ы); қырғыз: Алла; түрік, азер. өзб.: Аллаһ; түркм.: Аллā; ұйғ.: Алла(һ) [8, 38-39]. Тілімізде сөз соңындағы
һ (
ه)
дыбысының түсірілген
Алла (
Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Абай) және сөз ортасындағы
л (
ل)
дыбысының орнын «д» дыбысы алмастырған
Алда (
Алда риза болсын Батима ханым,- деді Төле би. «Т. Ахтанов») деген варианттары кездеседі. Соңғы кездері тілімізде соңғы дыбысын түсірілмеген формасы да қолданылып жүр. Мысалы:
Ислам дінінде жауапкер- Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйым салған нәрселерден бойын аулақ ұстаған адам [14, 27].
Аллаһү әкбәр اَللَّهُ اَكْبَر - Аллаһ ұлық; Аллаһ ұлылардың ұлысы; «биз айтдук әууәл Аллаһү әкбәр димәк рүкндүр (16б, 3)» (біз айттық, алдымен Аллаһү әкбәр деп айту шарт). Арабша Аллаһ (тәңір) және әкбар (ұлы, асқан биік) сөздерінің тіркесінен жасалып тұр. Н. Оңдасынов осы тіркестің қазақ тілінде кездесетін «Алла әкбар, Аллау акпар, Алла әкпар, Аллаһу әкпер, Алла әкбәр, Аллаһу әкбәр, Алла акбар» сияқты аллофондарын көрсете отырып, әрқайсысына мысалдар келтіреді [15, 44].
‘
ибадет عِبَادَت–
ғибадат; құлшылық; тәңірдің бұйрықтарын орындау. «
‘ибадет идүң тәңрийә ари көңүл бирлә (15б, 6)» (
ғибадат етіңдер тәңірге пәк көңілмен). Мұсылман түрік халықтарының барлығына еніп, түркі тілдеріне ортақ сөзге айналған және өте жиі қолданылатын сөздердің бірі.
ДТС: ‘ибадәт (служение богу; покланение; 201); ГИ, ГТ, КФ, МГ: ‘ибадат; Қазақ тілінде арабша «
ع» дыбысымен басталатын өзге сөздер секілді
ғ//ø заңдылығы бойынша
ғибадат, ибадат фонетикалық варианттары қалыптасқан. Лексикалық мағыналарында өзгешелік жоқ.
қаз.: ғибадат;
ибадат; баш.: ғыбәдәт; тат.: ғибадәт; түрік: ибāдет; азер.: ибāдәт; түркм.: ыбāдәт; өзб.: ибадәт; ұйғ.: ибадәт [7, 362; 8, 401; 9, 22; 10, 1031].
ахирәт اَخِرَت - ақырет; діни сенім бойынша адам өлгеннен кейін баратын және Алла алдында есеп беретін жер; о дүние; ахирәтдә اَخِرَتدَه «
ахирәтдә рахмәт идижидүр мүминләрә (1б, 1)» (
ақыретте рақым етуші момындарға). Жазба ескерткіштер тілінде:
БВ: ГИ: ГТ: ИМ: КФ: ахирет [16. 4]. Қазіргі түркі тілдеріне тегіс танымал арапша кірме лексема:
қаз.: ақырет; баш.: әһирәт; тат.: аһирәт; қырғыз: ақырет; түрік: аһирет; азер.: ахирәт; түркм.: āһырәт; өзб.: àхирәт; ұйғ.: ахирәт [8, 10-11]; Арапша - қазақша түсіндірме сөздікте осы сөздің тілімізде кездесетін
ақират, ақирет, ақырет, ахирет, ахрет, ахірет, ақірет деген аллофондарын атап көрсетіп, әрқайсысына жеке-жеке мысалдар келтірген [15, 23].
ғусл غُسل–
ғұсыл, шомылу. «қайсы жүнүбдүр хажат дәгүл
ғусл аңа (41б, 2)» (
қандай жүніптік қажет емес ғұсыл оған «Қандай жүніптік ғұсылды қажет етпейді»). Жалпы мұсылман түркі халықтарының барлығына діни термин ретінде кең тараған.
ГИ, ИМ, КФ, КФТ: гусл; қаз.: ғұсыл;
түрк: гусүл; ес. осм: гусл; Арабша «
шомылу, жуыну» деген мағынаны білдіреді. Діни термин ретінде жыныстық қатынастан немесе ұрық сыртқа шыққан кейін діннің үкімі бойынша жуыну. Мысалы:
Аллаһ елшісі былай дейді: «мәзиде - дәрет, мәниде – ғұсыл бар» [14, 49].
ду’а دُعَا- дұға, дуа; Тәңірге жалыну, одан тілеу; ду’адан دُعَادَن «араб дилиндә ‘ибаратдур
ду’адан (5б, 6)» (
араб тілінде дуадан тұрады).
ду’адур دُعَادُر «
мүминләрдән ду’адур (5а, 5)» (момындардан дұға /бата, тілек/).
ду’алар دُعَالَر «дахы
ду’алар оқумақ һәр а’зайы йуғанда (24а, 6)» (
және дұғалар оқу әр дене мүшесін жуғанда). Түркі тілдерінің барлығынан кездестіре аламыз.
ҚБ: ду’а (молитва; ДТС, 161);ГИ, ГТ, КФ, МГ, РХ, ат-Тухфа: ду’а; қаз.: дуа, дұға; баш., тат., түркм.: доға; қырғыз: доба; түрік, азер.: өзб.: дуà; ұйғ.: дуға; Қазіргі қазақ тілінде осы сөз өзінің негізгі мағнасымен қатар «
сиқырлау, жадылық жасау;. қарғау, қарғыс» секілді ауыспалы мағыналарда да қолданылып жүр:
1. Лепес қып өзі бастап, «ақын» бол деп, Дұғасын ықыласпен берді маған. (С. Торайғыров); 2. Дуаны қылып, сиқырлап, міне, бір кісіні өлтіріп отырсың. (С. Торайғыров);
әжир اَجِر- 1. діни. ақыретте берілетін марапат, сауап. 2. еңбек ақы, жалақы, өтеуі. әжирдә اَجِردَه «уәләкин ол кишийә ишләмәгилә артуқ олур
әжирдә дахы дәрәжәдә (43а, 3)» (
бірақ ол кісі осыны істеумен артық болады сауапта және дәрежеде). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштерінің бір сыпырасында кездеседі.
ГИ: ежр; ГТ: ежр, ежр тап- (
сауап табу)
КФ: ежр; ежр-и мисл (
соған ұқсас сыйлық);
ИМ: ежр-и мисл [16, 69]. Қазіргі түркі тілдерінде онша кең тарай қоймаған. Оғыз тілдерінде қолданылады. Қазақ тілінде қазіргі кезде онша көп қолдана бермейтін, әйтсе де соңғы кездерде ғана орысша «прокат» сөзінің баламасы ретінде қолданысқа ене бастаған «ежіре» сөзі осы сөзбен төркіндес.
жәннәт جَنَّت- жұмақ, жәннат; «
жәннәт йахшыларжүн (1б, 2)» (
жәннәт жақсылар үшін).
жәннәтинә جَنَّاتِنَه «кирәсиз тәңриңүзүң
жәннәтине хисабсуз дахы ‘азабсуз (3б, 5)» (
кіресіз тәңіріңіздің жәннәтіне есепсіз және азапсыз). Түркі тілдерін өте кең тараған сөздердің бірі.
ГИ, ГТ, КФ: женнет; қаз.: жәннат; баш.: йәннәт; тат.: жәннәт; қырғыз: жаннат; түрік: женнет; азер.: жәннәт; түркм.: женнет; өзб.: жәннәт; ұйғ.: жәннәт; Қазақ тілінде
жәннат сөзімен қатар
жаннат,жәннәт, жанат, жәннет секілді бірнеше аллофондары да жұмсалады.
Жибрийл جِبرِيل- Жәбрейіл періште; «имам олды баңа
Жибрийл Ка’ба ишигиндә ики күн (14 а. 5)» (
имам болды маған Жәбірейіл Қағба есігінде екі күн). Пайғамбарларға Алланың әмірлері мен уақиларын жеткізуші және ең үлкен төрт періштенің бірі. Түркі тілдеріне танымал сөздердің бірі. Қазақ тілінде
Жебірейіл, Жабырайыл, Жәбірәйіл, Жәбірайыл, Жебрейіл секілді көптеген фонетикалық варианттары кездеседі. Н Оңдасынов «Арапша-қазақша түсіндірме сөздігінде» тіліміздегі
жәбір, зәбір сөздерін де осы сөзбен төркіндес деп көрсетеді.
жинн جِن- жын. Көзге көрінбейтін дерексіз мақлұқ; жинләр جِنلَر «
жинләр иман кәтүргән кижә 28 б. 4» (
Жындар имн келтірген түні). Түркі тілдеріне кеңінен танымал лексема. Барлығында дерлік кездеседі.
ГИ, ГТ, ИМ, КФ: жинн; қаз.: жын; баш.: йін; тат.: жин; қырғыз; түрік, азер.: жин; түркм.: жын; өзб., ұйғ.: жиннәт (көпше); Тілімізде парсы тілінен енген «
пері, дию» сөздері де осы сөзбен синоним сөздер ретінде қолданылады.
зәкәт زَكَات- зекет; Ислам діні бойынша мал-мүліктің қырықта бірін садақа ретінде берілуі; «буйурды бизә намаз қылмағы
зәкәт вирмәги (2а, 4)» (
бұйырды бізге намаз оқуды, зекет беруді).
зәкәти زَكَاتىِ «вирүңүз малыңузуң
зәкәти 3б. 3» (
беріңдер малдарыңның зекетін). Қыпшақ тілдері мен басқа түркі тілдеріне белгілі сөз. Түркі тілдерінің барлығынан кездестіруге болады.
ДТС: зәкәт (639); ГТ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ: зекат; қаз., қырғыз: зекет; баш., тат.: зәкәт; түрік: зекāт; азер.: зәкат; түркм., өзб.: зекāт; ұйғ.: закат; Қазақ тілінде сирек те болса
закат формасы да ұшырасады:
Закатқа жетім ұстайтын, «Қоқанның» болмас қол құлы. (І. Жансүгіров).
зикр ذِكر- зікір, еске алу. «анлар ким
зикр идәрләр Аллаһа дуруркән дахы отуруркән (19а, 1)» (
олар зікір етеді Аллаға тұрғанда және отырғанда).
ДТС: зикр (память, воспоминание; 161); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: зикр; Түркі тілдерінің барлығына танымал сөз. Формасы және мағнасы жағынан бәлендей айырмашылық жоқ. Тек кейбірінде «
зикр», енді біреуінде «
зикир, зікір» түрінде қалыптасқан.
иләһи اِلَهِى–
Ей Тәңірім; «йа
иләһи қылғыл мәни тәубә идижиләрдән (32Б. 5)» (
Ей тәңірім! Мені тәубә етушілерден қыл). «йа
иләһи арыт ағзум қоқусы бағышла йазуғумы (33б, 3)» (
Ей Тәңірім! Тазарт аузымның иісін, кешір жазығымды). «йа
иләһи йарлығ әйлә паңа зикрүң оқумаға дахы шүкрүң оқумаға йахшы қуллуқ итмәгә (33б, 4)» (
Ей Тәңірім! Жарлық ет маған зікіріңді оқуға және шүкіріңді оқуға жақсы құлшылық етуге). Басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде кездесе бермейді.
ислам اِسْلَام- ислам; «дахы шүкр идәрмән Аллаһа дин
ислам үстинә (32б, 4)»
(Шүкір етемін Аллаға ислам діні үстіне). «дахы
ислам нур қулды (33а, 4)» (
және исламды нұр қылды). Араб тілінде «
бағыну, мойынсұну» мағынасына келетін бұл сөз,
Мұхаммәд ( ғ.с.) пайғамбардың жайған дінінің атауы, яғни мұсылмандық.
ДТС: ислам (214); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: ислам; Түркі тілдерінің бәріне танымал, бәріне ортақ кірме сөз. Тұлғасы және лексикалық мағынасы барлығында осылай. Бірақ тілімізде кейде «
іслам, ісләм» деп те кездесіп жатады. Мысалы:
Ұлы мәртебелі Уайс хан- ісләм дінінің қорғаны,- деді ол. (
І. Есенберлин).
истиғфар اِستِغفَار- Аллаһтан күнәләрі үшін кешірім сұрау, тәубе ету. истиғфардур اِستِغفَاردُر «мәләйкләрдән
истиғфардур (5б, 5)» (
періштелерден кешірім /періштелер адамдар үшін Алладан кешірім сұрайды/). Түркі тілдеріне сіңісіп кетпесе де, белгілі бір дәрежеде енген сөз.
ГИ, ГТ, ИМ, КФ: истиғфар; Қазақ тілінде және басқа да түркі тілдерінде көбіне
астапыралла /
әстағфуруллаһ/ (
Алладан кешірім сұраймын) сөзінің құрамында кездеседі. Ал бұл сөз тілімізде таң қалғанда және «
Алладан кешірім сұраймын» деген мағыналарда өте жиі қолданылады.
ихсан اِحسَان- 1. жақсылық, қайыр 2. Аллаһты көріп тұрғандай ықыласпен ғибадат ету; «
ихсан димәк Аллаһа қуллық қылмақдур сән аны көрәр киби (44б, 5)» (
ихсан деген Аллаға құлшылық ету сен оны көріп тұрғандай). «
ихсан дидүгүмүз ол ихсандур тәңри йаратған қуллара (44б, 3)»
(ихсан дегеніміз жақсылық, тәңір жаратқан құлдарға). ДТС: ихсан (дар; 205); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: ихсан; Түрік, азербайжан және өзбек тілдерінде белсенді қолданылады.
түрік: ихсан; азер.: ехсан; өзб.: ехсáн; Ал қазақ тілінде екінің бірі біле бермейтін, бірақ көбіне ескі жыр дастандарда жиі ұшырасатын бір сөз. 1.
Малынан қайыр-ихсан бермеген соң, Жер жұтып, ғазап тартып мехнат шеккен. (Ақан сері). 2
Өнерді үйренбек - өзі де ихсан. (Абай).
йархамүкаллаһ يَرحَمُكَاللَه- жәракімалла; «дахы өхсүрәнә
йархамүкаллаһ димәк киби (5а, 5)» (
және түшкіргенде жәракімалла деу сияқты). Адам түшкіргенде «
Алла мәрхәмәт етсін» мағынасында айтылатын қошемет сөз.
Түркі тілдеріне танымал күнделікті қолданылып жүрген сөздердің бірі.
Ка’ба كَعبَه- Қағба; ««
имам олды баңа Жибрийл Ка’ба ишигиндә ики күн 14 а. 5» (
имам болды маған Жәбірейіл Қағба есігінде /ішінде/ екі күн). Меккеде Харәм Шәріп деп аталатын мешіттердің ортасында орналасқан қасиетті ғимарат. Мұсылмандардың қасиетті мекені. Сондай-ақ, намаз қылғанда бет бұратын жақ, яғни қыбла.Түркі тілдеріне танымал лексема. Бірінде сөз ортасындағы
«
ع» дыбысын түсіріп
Қаба, Қабә, енді бірінде
ғ дыбысымен алмасқан
Қағба тұлғасында кездеседі.
БВ, ГТ, ИМ, КФ: Ка’бе;
қыбла قِبلََه- қыбыла; намаз оқығанда бет бұратын жақ, Мекке жақ. «
қыблайа қаршу дурмақ 10 а. 4» (
құбылаға қарсы тұру).
ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: қыбле; қаз.: құбыла; баш.: қыбла; тат.: кыйбла ; қырғыз: қыбыла; түрік: кыбле; азер.: гиблә; түркм.: кыбла; өзб., ұйғ.: қыблә; Қазақ тілінде көбіне
«құбыла» деп айтылғанымен,
«
қыбыла» деген варианты да жиі қолданылады.
«құбыла» ауыз екі сөйле тіліндегі, ал «
қыбыла» діни термин ретінде қолданылатын, яғни кітап арқылы енген формасы болса керек.
Қыбылаңызға шұба қылмаймын. Ақыл аға! (М. Әуезов). Түркі тілдеріне жаппай белгілі лексема.
кәфир كاَفِر- кәпір; Алланы танымаушы, құдайсыз, дінсіз; «инкәр идән аңа
кафир олур (43а, 1)» (
мойындамаған кәпір болады).
кәфирләрә كَافِرلَرَه «дүниада рахмәт идижидүр мүминләрә
кәфирләрә (1б, 1)» (
дүниеде мәрхәмәт етуші момындарға, кәпірлерге).
ДТС: кафир (гяур, вероотступник; 288); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: кафир; қаз.: кәпір; баш.: кафыр; тат.: кяфир; қырғыз: кāпыр; түрік: кафир; азер.: кафир; түркм.: кāпыр; өзб.: кàфир; ұйғ.: капир; Қазақ тілінде
кәпір формасымен қатар
қапир, кауір, қапыр деген фонетикалық варианттары ұшырасады. Фонетикалық тұлғаларында өзгешелік болғанымен, лексикалық мағыналары бірдей.
қыйамет قِيَامَت- қиямет; дүниенің соңы, өлілердің қайта тіріліп мақшарда жиналатын шақ; «ким ки оқуса үж кәз тәңри та’ала дурғузғай аны
қыйамет күни нәбиләр дурған йирдә (37а, 5)» (
кімде кім оқыса үш рет тәңірі тағала тұрғызсын оны қиямет күні нәбилер тұрған жерде). «ол инанмақдур Аллаһа дахы мәләйкләринә дахы китабларына дахы расулларына дахы
қыйамет күнинә (46б, 1)» (
ол Аллаға және періштелеріне және кітаптарына және пайғамбарларына және қиямет күніне сену). Түркі тілдеріне жаппай белгілі сөз.
ДТС: қыйәмәт (воскресение мертвых; 441); БВ, ГИ, ИМ, ИН, КФ, РХ: қыйамет; қаз.: қиямет; баш, тат.: қийәмәт; қырғыз: киямат; түрік: кыямет; азер.: гиямет; түркм.: куввāт; өзб., ұйғ.: қуввәт;
<предыдущая страница | следующая страница>