Flatik.ru

Перейти на главную страницу

Поиск по ключевым словам:

страница 1страница 2 ... страница 8страница 9
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНА


Ұлт руханиятының жанашыры

Ақселеу Сейдімбек

c:\documents and settings\user\рабочий стол\а. сейдімбек\d0b0d0bad181d0b5d0bbd0b5d183-d181d0b5d0b9d0b4d0b5d0bcd0b1d0b5d0ba.jpg

Библиографиялық көрсеткіш

h:\новая папка (2)\узоры\узоры6.gif


Астана 2013

c:\docume~1\487d~1\locals~1\temp\finereader10\media\image1.jpeg
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек

(1942 – 2009)
h:\новая папка (2)\узоры\узор.gif
Қазақ шежіресі өзінің тарихи деректерге

қанықтығы мен шыншылдығы жөнінен,

тарихи таным үшін мейлінше құнды

көзі болып табылады
Ақселеу Сейдімбек


ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
Еуразия ұлттық университеті ғылыми кітапханасы алаштың аяулы азаматы, ұлт жанашыры, қазіргі заманғы қазақтану ғылымының негізін салушылардың бірі, халықтың рухани құндылығын, өнері мен өнегесін дәріптеген зерек ойлы ғалым-этнолог, жазушы, публицист Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдығына арналған библиографиялық көрсеткішті ұсынады.

Көрсеткіште А.Сейдімбектің өмірбаяны мен шығармашылығы туралы Қ.Салғараұлы мен Х.Абжановтың (орыс тілінде) мақалалары, кітаптарының, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен А.Сейдімбек туралы басылымдардың тізімі жыл бойынша алфавит тәртібімен көрсетілген. Соңында еңбектердің әліпбилік және есімдер көрсеткіші берілген.

Сонымен қатар А.Сейдімбектің қанатты сөздері мен ол туралы айтылған лебіздер, өмір жолынан фотосуреттер жинақталып ұсынылған.

Библиографиялық көрсеткіш оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ көпшілік оқырман қауымға арналады.



Дегдар жазушы, шежірелі ғұлама ғалым,

сазгер және дәулескер күйші, қабырғалы қаламгер

халқының мәдениеті мен әдебиетіне, өнері мен

ән-күйіне, ілімі мен біліміне қосқан еңбегі ұшан-теңіз.

Сырбаздық пен сұлулыққа суарылған, шын зергердің

қолынан шыққандай, әсер-қуаты аса күшті

көсем сөздері мен зерттеу еңбектері бүгінгі мен ертеңгі

ұрпақтардың көкірек көзін ашу үстіндегі кәусар бұлақ.
Иманғали Тасмағамбетов
Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің өмірбаяны мен шығармашылығы
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу ауылында 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Слан Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болып, әкесінің ағасы Аманбектің тәрбиесін көріп өскен.

1959 жылы Жаңаарқа ауданының орталығында №1 қазақ орта мектебін бітірген соң, комсомолдық жолдамамен «Қызылтау» және «Ақтау» кеңшарының мал шаруашылығында үш жыл еңбек етеді. Ақселеу Сейдімбектің өскен ортасы, әсіресе, аудан орталығынан шалғайдағы мал шаруашылығында еңбек еткен жылдары оның сана-сезімін қалыптастырған, ел өмірінің дәстүрлі болмысына көз қанықтырған, тіптен болашақ шығармашылық ізденістеріне түбегейлі ықпал еткен тағдыр-талайлы жылдар болған. Тарихтың әрқилы кезеңінде әлеуметтік-саяси ахуалмен тағдырлас ұрпақтың қалыптасып отыруы – табиғи үрдіс. Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыранынан кейінгі әлеуметтік ауыртпашылық жылдарында қазақ ауылдары төрт түлік малдың сүмесімен күн көруге мәжбүр болды. Сөйтіп, әлі де болса этностың жадынан көмескіленіп үлгермеген көшпелі өмір салттың шаруашылық – мәдени жүйесін қазақ ауылдары өздерінің әлеуметтік өмірлеріне негіз етті. Сол өмір салтпен өзектес дәстүрлі мәдениет те үзілмей сабақтасып, өмірдің алуан арнасында көрініс тауып отырды. Міне, осындай тарихи-әлеуметтік ахуалда, дәлірек айтқанда, XX ғасырдың 40-50-60-жылдарында дәстүлі тәлім-тәрбие көрген, болмыс-бітімі ұлттық қасиеттерге мейлінше қанық ұрпақ қалыптасты. Бұл ұрпақты қазақ даласында үш мың жылдай дәурен сүрген көшпелі өмір салттың сүт кенжесі деуге болады.

Қазақ қоғамында түбегейлі жүйелік (системалық) алмасу XX ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жеделдей түсті. Бұрын елдің әлеуметтік өмірінде мал шаруашылығы бел алып жатса, енді аграрлы-өндірістік жүйе үстемдік кұра бастады. Мұндай тарихи-әлеуметтік еларада қалыптасқан ұрпақ, қос енені тел еміп тез жеттіккен төл сияқты, өткен мен бүгінді салыстыруға, ел өміріндегі сапалық өзгерістерді парықтауға мейлінше жүйрік, тарихи зердесі сергек болып қалыптасты. Олар бұрынғы дәстүрлі қоғамның барша болмысын тал бойына дарытқан, сонымен бірге жаңа өмірді де жасақтаушы ұрпақ еді. Осы қасиеттер олардың мәдени-рухани ізденістерінде айқын көрініс тауып, ұлттық рухы биік, төлтума бояуы қанық, ой-тұжырымы тың туындылар беруіне себепші болды. Мұндай әсер-ықпалдан Ақселеу Сланұлының да шығармашылық тағдыры шет емес.

Ақселеу Сейдімбектің мал шаруашылығында еңбек еткен жылдары жазған мақалалары, өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып тұрды. Бұл ретте оған ақыл-кеңес беріп, шығармашылық жолды таңдауына әсер-ықпал еткен адам – сол кезде аудандық газетте қызмет атқарған белгілі жазушы Асан Жұмаділдин болды.

Ақселеу Сейдімбек 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (Алматы) оқуға түсіп, 1968 жылы журналистика факультетін бітіріп шықты. Университетте оқып жүріп, 1963-64 жылдары Троицк қаласында әскери міндетін атқарып қайтады. Университетте оқыған жылдары ол үшін білім айдынына құлшына құлаш ұрған, әсіресе тарих, философия, мәдениеттану, этнология, фольклортану салаларына ынта-ықыласпен ден қойған, сөйтіп, жүйелі білім алып шығуды мұрат тұтқан жылдар болды. Сонымен бірге ол университеттің «Журналист» газетін шығарушы алқаның және М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі, «Қайнар» колжазба журналының бас редакторы, Москвадағы қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» атты мәдени қозғалысының Қазақстандағы өкілі болып, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға сергек араласа бастайды.

Ақселеу Сейдімбек университетті бітірген соң, 1968-1987 жылдар аралығында, облыстық және республикалық баспасөз орындарында әдеби қызметкер және меншікті тілші («Лениншіл жас» - «Жас алаш») жауапты хатшы («Орталық Қазақстан»), әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі («Социалистік Қазақстан» - «Егемен Қазақстан»), бас редактор («Білім және еңбек» - «Зерде» журналы және «Әлем» альманахы) болып қызмет атқарды. Бұл жылдары оның ел өміріне белсене араласқан, жетістікке де, кемшілікке де шырылдап үн қосқан, әсіресе ел жадындағы рухани қазыналарды жаңаша парықтап, оған құныға ден қойған, сөйтіп ұлттық мәдениетке қатысты эмпирикалық материалдармен қоржынын тоғайтқан кезі еді.

Баспасөз беттеріндегі күн құрғатпай жарияланып жататын мақалаларына қоса, бұл жылдары Ақселеу Сейдімбектің әңгімелері мен повестері «Ақиық» (1972), «Қыр хикаялары» (1977), «Тауға біткен жалбыз» (1979), «Аққыз» (1981) деген атпен, очерктері «Кеніш» (1979), «Серпер» (1982) деген атпен жеке кітап болып жарық көреді. Ұлттық-этнографиялық бояуы қанық әңгімелері мен повестері орыс, қырғыз, өзбек, эстон, чех, неміс, ағылшын тілдеріне аударылады. «Кеніш» кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты болып, бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталады. Оның 1981 жылы жарық көрген «Күңгір-күңгір күмбездер» атты ғылыми-көпшілік кітабы қазақтың дәстүрлі мәдениетін өзінің төлтума қалпында біртұтас құбылыс ретінде қарастыруымен, тарихи-этнографиялық дерегінің молдығымен, әсіресе ұлттың рухани әлемін парықтаудағы тың тұжырымдарымен оқырман назарын аударған еңбек болды. Бұл кітап 1985 жылы «Поющие купола» деген атпен Е.Қажыбековтің аударуында орыс тілінде жарық көрді.

Әлем әдебиетінің әйгілі туындысы, Гомердің «Илиада» және «Одиссея» атты эпикалық поэмаларын қазақ оқырманына таныстыруға алғаш талпыныс жасаған адам – А.Сейдімбек. Гомер поэмаларының қарасөзбен әңгімеленген нұсқасын ол қазақ тіліне аударып, бұл еңбегі 1974 жылы жеке кітап болып жарық көреді. Бұл аударма оқырман қауымның, әсіресе оқушылар мен студенттердің сұранысына ие болып, үлкен таралыммен бірнеше рет қайта басылып шығады. Гомер поэмаларының қарасөзбен әңгімеленуі және оның оқырман көңілінен шығуы Ақселеу Сейдімбекке ой салады. Сөйтіп, 1979 жылы оның «Алпамыс батыр» атты кітабы жарық көреді. Қазақтың эпикалық қарымы кең, поэтикалық қуаты тегеурінді жыр-дастандарын насихаттау мақсатынан туындаған бұл еңбегі эпосты қарасөзбен баяндаудағы алғашқы бастама еді. Кешікпей-ақ бұл бастама қазақ қаламгерлерінің арасында қолдау тауып, эпикалық мұралардың біразы қарасөзбен баяндалып, жеке кітап болып мол таралыммен жарық көре бастайды. Ал Ақселеу Сейдімбектің «Алпамыс батыр» кітабы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет қайта басылып, эстон, чех, неміс тілдерінде жеке кітап болып шықты. Сол сияқты, Ақселеу Сейдімбектің аударуында жарық көрген (1988) И.Можейконың «7 және 37 керемет» («7 и 37 чудес») атты кітабы да – оның аударма саласында тындырған толымды еңбегі. Бұл кітапта Азия, Африка елдерінің әлемдік кереметтер санатына жататын ғажайып тарихи-мәдени ескерткіштері мен айтулы өнертуындыларының өзіндік ерекшеліктері және олардың дүниеге келу тарихы қызықты деректермен жан-жақты баяндалған. Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы қол үзуіне тура келеді.

«Білім және еңбек» журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның (ВЛКСМ) ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты «Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар» санатында комсомолдың Орталық Комитетінің бюросында А.Сейдімбек бас редакторлық қызметтен босатылды. Бұл кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) 1-бөлімі (зиялылар мен жастар арасындағы қарсы барлау жұмысы бойынша бөлім) бастығының орынбасары, подполковник Валентин Чугаев «Көшпелілер» («Кочевники») деген атпен Шона Смаханұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Мұрат Әуезовтің, Олжас Сүлейменовтің сырттарынан іс жүргізіп, біраз дерек жинақтап үлгереді. Бұл жөнінде МҚК-нің қызметкері, подполковник Темірболат Ахметов кейін былай деп жазады: «По делу проходили известные писатели Шона Смаханулы, Ақселеу Сейдимбеков, поступки и высказывания которых Чугаев и Нурахметов оценили как националистические...

«Кочевникам» московские коллеги воздали должное, скурпулезно изучили, дали практические рекомендаций по дальнейшей разработке объектов и их связей...

С каждым днем дело «Кочевники» распухало, материалы сыпались отовсюду. Конечно, находились подлецы, которые унюхав в чем дело, спешили «предоставить» компроматы на потенциальных противников, преследуя какие-то свои цели, сводя старые, известные только им счеты...

Когда же поставили подслушивающее устройство в доме-музее М.Ауезова, я понял, что пора делать выбор между исполнением служебного долга и простой человеческой совестью. Обдумав все варианты, пошел на отчаянный шаг: попросил своего брата Орала Жунусова передать Ш.Смаханулы, А.Сейдимбекову, М.Ауезову, что ими занимается КГБ, следят, подслушивают, пусть будут осторожны, так как их безопасность прямо пропорционально количеству материалов, которые сможет «добыть» 5 управление. Орал также должен был обо всем подробно рассказать О. Сулейменову».

Мұнан әрі Ақселеу Сейдімбекке баспасөз атаулының есігі тарс жабылады (әрине, МҚК-нің нұсқауымен). Содан МҚК-нің наразылығына қарамастан, ұлттық Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Шериаздан Елеукенов еден тазалаушының бос орнына Ақселеу Сейдімбекті лаборант ретінде қызметке алады. Ол кезде уақыт қатал болатын, Желтоқсан оқиғасынан кейін ел ішіндегі саяси-идеологиялық ахуал ширығып тұрған. Мұндайда белгілі бір ұжым аясында еңбек ететін ел азаматтарының Шона Смаханұлы сияқты тосын мерт болуы оп-оңай еді.

Ақселеу Сейдімбек 1987-1997 жылдар аралығында ұлттық Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (Қолжазба орталығы) болып қызмет атқарады. Бұл жылдары ол ғылыми жұмысқа біржола ден қойып, теориялық білімін одан әрі тереңдетіп, әсіресе қазақ халқының әлі де болса игерілмей жатқан фольклорлық мұрасын жинау, зерттеу, жариялау жұмыстарымен бел шеше айналысады.

Ақселеу Сейдімбек 1989 жылы «Қазақтың дәстүрлі халық лирикасындағы қара өлең жанры» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Қазақтың қара өлеңі халық арасына ең бір кең тараған, ел ішінде туындауын күні бүгінге дейін тоқтатпаған, өмір бейнелегіш және өмір реттегіш қасиеті аса тегеурінді, поэтикалық болмысы мейлінше төлтума, көпшілікқолды, демократияшыл жанр ретінде тұңғыш рет арнайы зерттеу объектісіне айналады, сөйтіп, төл сипаты ғылыми байсалдылықпен сараланады. Сонымен бірге, Ақселеу Сейдімбек жинаған қара өлең нұсқалары екі том көлемінде қазақтың фольклорлық мұрасын толықтырды.

Ақселеу Сейдімбектің өнер және өмір туралы, өнердің төлтумалылығы жайында, әсіресе халықтың тарихи тұлғасын айғақтайтын мәдени-рухани үрдіске қатысты жазылған «Сонар» атты ғылыми-көпшілік кітабы 1989 жылы жарық көреді. Бұл еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атағы беріледі.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде музыканың, оның ішінде күй өнерінің алар орны айрықша. Күй – синкретті өнер. Күйді тартушының шеберлігі, күйді шығарушының өмір дерегі, күйдің шығу себебі туралы аңыз-әңгімесі және күйді түсінетін тыңдаушы бір сәтте тоғысқанда ғана күй өнері біртұтас жанрлық болмысын айғақтай алады. Бұл талаптардың бірі кемшін болған жағдайда күй өнерінің жанрлық болмысы бүтін болмайды. Күй өнері өзінің молдығымен, эстетикалық-эмоциялық рухының асқақтығымен және ғасырлар аясындағы оқиғаларды арқау етуімен ұлттың рухани мәдениетіндегі айрықша құбылыс болып табылады. Бүгінгі таңда тіркеуге алынған, қолда бар күйлердің саны бес мыңдай. Бұл күйлердің барлығының дерлік аңыз-әңгімесі бар. Ол аңыз-әңгімелер өрісі байырғы көшпелілердің, берісі қазақ халқының тарихи-әлеуметтік өмірінің «жанды шежіресі» (М.О. Әуезов) болып табылады.

Өкінішке орай, осы ұлы мұра соңғы кезге дейін музыка зерттеушілері үшін филологиялық объект болып есептелсе, филологтар үшін музыкалық мұраның объектісі ретінде ескерусіз қалып келді. Міне, әрі тарихи зердені, әрі музыкалық біліктілікті, әрі филологиялық пайымдауды қажет ететін қазақтың осы сияқты синкретті бітімдегі мол мұрасын жинауда, зерттеуде және халықтың рухани игілігіне айналдыруда А.Сейдімбек тұңғыш рет кешенді зерттеулер жүргізіп, нағыз ғалымға лайық табандылық таныта алды. Осы мәселелерді саралай отырып, ол 1997 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Күй өнеріне қатысты Ақселеу Сейдімбектің ғылыми ізденісі докторлық диссертация қорғауымен тынған жоқ. Ұлттың рухани әлемінде күй өнерінің айрықша орнын терең сезінген ол тынымсыз іздене жүріп, тақырыпқа тікелей қатысы бар әлемдік аядағы айғақ-деректерді ерінбей жинайды. Байырғы көшпелілердің музыкалық мәдениетіне қатысты грек, рим, араб, парсы, қытай жәдігерліктерінен мағлұмат сүзеді. Өзі тікелей түз жұмыстарын жүргізіп, ел ішінен екі мыңдай күй аңызын жинақтайды, оның жүздеген таңдаулы нұсқаларын хатқа түсіреді. 150-ге тарта күйші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер жинайды. Сөйтіп, күй өнерінің тарихи-деректік, жанрлық-құрылымдық, философиялық-эстетикалық мәнін ғылыми биік өреде жан-жақты ашып көрсеткен «Қазақтың күй өнері» атты көлемді еңбегін (2002) жарыққа шығарады. Оның бұл кітабы қазақтың төлтума мәдениетін танып-түсіну жолында терең біліктілікпен жазылған, энциклопедиялық мол дерек беретін, ғылыми жаңалығы толымды еңбек ретінде назар аудартады. Бұл еңбегі үшін Ақселеу Сейдімбек Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталады.

Ақселеу Сейдімбек 1997 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры болып тағайындалады. Ал 1998-1999 жылдары осы институттың негізінде құрылған Білім академиясының тұңғыш президенті болады. Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының 50-60 адамдық шағын ұжымын 400-ге тарта адамы бар Қазақтың Білім академиясына айналдыру, оның ішінен орта білім, кәсіптік білім, жоғары білім институттарын және Республикалық баспа кабинеті сияқты құрылымдарды жасақтау, сондай-ақ бұл құрылымдардың міндет-мақсатын белгілеу, сөйтіп Тәуелсіз Қазақстанның біртұтас білім саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру шаралары қыруар күш-жігер жұмсауды қажет етеді. Қазақтың Білім академиясының президенті ретінде Ақселеу Сейдімбек республикадағы білім берудің барлық сатысына қатысты білім стандарттарын жасау, сол стандарттармен үндес базистік жоспарлар дайындау, жаңадан жасалатын білім стандарттары мен базистік жоспарларды негізге ала отырып, әр пәннің бағдарламасын әзірлеу, сол бағдарламалардың негізінде жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындау, бұл оқулықтардың міндетті түрде алдымен қазақ тілінде жазылуын қамтамасыз ету, сонсоң ғана қажет болатын басқа тілдерге аудару, сондай-ақ білім беру технологиясының сан сала проблемасына қатысты ғылыми-педагогикалық зерттеулер жүргізу, ең бастысы, білім беру жүйесіне қатысты осынау аса мәнді, өзекті мәселелердің баршасына ұлттық-мемлекеттік қадір-қасиет дарыту сияқты жұмыстарға басшылық жасай білді.

Ақселеу Сейдімбектің 1997 жылы «Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау» атты толымды еңбегі жарық көреді. Бұл кітаптың толыққан нұсқасы орыс тіліне аударылып «Мир казахов. Этнокультурологическое переосмысление» деген атпен 2001 жылы жарыққа шықты. Оқырман қауымның ынта-ықыласына ие болған бұл басылымдарда автор қазақтың төл тарихына, дәстүрлі мәдениетіне, фольклоры мен этнографиясына қатысты мейлінше мол деректер келтіре отырып, ғылыми қисындары орнықты тың ой-тұжырымдарын азат рухпен ортаға салған.

Астана қаласында жаңадан бой көтерген Президенттік мәдениет орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып Ақселеу Сейдімбек 1999-2000 жылдары қызмет атқарады. Білікті мамандармен тізе қоса жүріп, Президенттік мәдениет орталығының тұжырымдамасын жасауға ат салысады.

Ақселеу Сейдімбек 2000 жылдың шілде айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика кафедрасының меңгерушілігіне және осы университеттің профессорлығына қызметке шақырылады. Мұнда ол өз бойындағы мол білімі мен тәжірибесін болашақ журналист-қаламгердің шыңдалып шығуына жұмсап, «Журналистика және публицистика жанрлары», «Журналистік шығармашылық психологиясы», «Журналистік шеберлік» жалпы курстары бойынша, сондай-ақ өзі негіздеп, оқу жоспарына енгізген «Журналистика және ұлттық діл: теория мен практика» арнаулы курсына дәріс оқиды. Сондай-ақ университет Ғылыми кеңесінің мүшесі, университет аясында жарық көрген Астана қалалық студенттер мен жастардың газеті «Аудиторияның» бас редакторы ретінде жастардың білімі мен тәрбиесіне қатысты істерге белсене араласады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы және Ақселеу Сейдімбек үшеуі бірлесе отырып жазған «Елтұтқа» атты толымды еңбек Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, 2001 жылы «Күлтегін» баспасынан жарық көрді. «Елтұтқа» кітабында соңғы екі жарым мың жыл аясында Қазақстан топырағында ғұмыр кешкен 120-ға тарта тарихи тұлғалар туралы ғылыми очерктер берілген. Сөйтіп, алғаш рет Қазақстан тарихын адамзат тарихының құрамдас бөлігі ретінде жеке тұлғалар арқылы зерделеуге талпыныс жасалған. Кітап айғақ-дерегінің молдығымен, тарихи тұлғаларға берілген бағасының объективтілігімен және ғылыми ой-тұжырымдарының сонылығымен назар аударады.

Ғалым-зерттеуші ретінде Ақселеу Сейдімбектің ең бір толымды еңбектерінің қатарына «Қазақтың ауызша тарихы» (2008) монографиясын жатқызуға болады. Қазақ халқының этногенезі мен этномәдени байланыстарына қатысты елеулі дереккөздерінің бірі – шежіре мағлұматтары екені белгілі. Ақселеу Сейдімбек бұл еңбегінде «қазақтың ауызша тарихы» (ҚАТ) деп атауға әбден лайық шежірелік айғақ-деректерді кең көлемде пайдалана отырып, оны осы заманғы зерттеу әдістерінің талғам-талаптарына сай зерделеген. Қазақ этнологиясына қатысты тың да толымды пайымдаулар жасаған. Монографияда дәстүрлі қазақ қоғамының ру-тайпалық жүйесі тұңғыш рет толық сипатымен сараланып, сол ру-тайпалық жүйенің қоғамдық-әлеуметтік қатынастарға негіз болған тетіктері жаңаша парықталған. Әсіресе, дәстүрлі көшпелілер қоғамына, оның мемлекет жасақтау үлгісіне, құқықтық жүйесіне және ішкі әлеуметтік-этникалық байланыстарына қатысты түбегейлі тың тұжырымдар жасап, оны тегеурінді дәлелдермен орнықтыра алған.

Ақселеу Сейдімбек – ел ішінде кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» («Ақтанбердінің толғауы»), «Алтын асық», «Әрәр-ай», «Арман-ай», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Гагигай» сияқты көптеген әндердің авторы. Бұл әндер Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов сияқты әйгілі әншілердің репертуарларынан орын алған. Оның қазақ ән өнері туралы Жәнібек Кәрменовпен бірлесіп жүргізген сегіз телехабары – қазақ теледидарының алтын қорына қосылған рухани қазына. Бұл хабарлар сериясында ол Жәнібек Кәрменовке қазақтың жүзге тарта классикалық әнін айтқызып, тарихи-эстетикалық түсініктер беріп отырады.

Ақселеу Сейдімбек «Ықылас күйші» (1983), «Әнші Жәнібек Кәрменов» (1993), «Абайдың «Ескендір» поэмасы» (1994), «Асыл қазына» (1996), «Зергер» (1998) телефильмдеріне және Асанәлі Әшімовтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты екі сериялы көркем фильміне (1993) түскен.

Ақселеу Сейдімбек қоғамдық және ғылыми өмірге де сергек араласып отырады. Ол Қазақстан Республикасы ұлттық кеңесінің, Қазақстан Республикасының Терминология және ономастика комиссиясының, Қазақтың Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі президиумының, Ғылыми қызметкерлерді аттестациялау департаментінде эксперттеу комиссиясының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, ПЕН-клубтың мүшесі, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық толымды еңбек авторларының бірі, «Жұлдыз», «Жалын», «Парасат», «Зерде», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Таңшолпан», «Мәдениет», «Қазақстан мұрағаттары», «Қазақстан музейлері», «Жаңа Сарыарқа», «Күн мен ай», «Домбыра», «Әдемі-ай», «Алтын тамыр» сияқты газет-журналдардың алқа мүшесі болды. Сондай-ақ Түркістан, Астана, Бішкек, Мәскеу, Тбилиси, Ереван, Киев, Кабул, Бонн, Стамбул қалаларында өткен халықаралық, бүкілодақтық, аймақтық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Ол Қарағанды облысындағы өзі туып-өскен Жаңаарқа, Шет аудандарының Құрметті азаматы.

Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы – оның жалтақсыз ұлтжандылығы. Бұл ұлтжандылық – әйтеуір бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадір-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе халық мұрасының еленбей жатқан сырларын түгендеп отыруға айрықша құштар. Ол үшін қазақ ұлтының тарих аясындағы болмыс-бітімі біртұтас киелі жаралым. Содан да болар, оның ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ этносын ұдайы біртұтас қалпында зерделеп, қазақтық қадір-қасиеттерді бүтін қалпында парықтауға арналып отырады. Бұл ретте, Ақселеу Сейдімбек еңбектерінің ұдайы «қазақ» деп басталып отыратыны да көп жайтты аңғартса керек: «Қазақ әлемі»; «Қазақтың қара өлеңі»; «Қазақтың күй өнері»; «Қазақтың ауызша тарихы»; «Қазақтың эротикалық фольклоры» т.б. Сөз жоқ осы аталған еңбектердің қай-қайсысы да тегеурінді де тың ой тұжырымдарымен қазақтануға олжа салған, ешқашан ғылыми-танымдық мәнін жоймайтын өміршең дүниелер.

Ақселеу Сейдімбектің шығармашылық және ғылыми еңбегінің бедерлі тұстарын былайша саралауға болады: бұрын жиналмаған да зерттелмеген қара өлең мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді; алғаш рет қазақ эпостарының қарасөзбен насихатталуына мұрындық болды; алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстырды; алғаш рет тарихты жеке тұлғалар арқылы зерделеу идеясына ден қойды; Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті; сөйтіп, көшпелілердің төлтума мәдениеті деген категориялық ұғымның орнығуына тегеурінді үлес қосты; қазақтың музыкалық мәдениетінде бес мектептің барын алғаш рет танып, олардың даралық сипаты мен типологиялық тұтастығын айғақтап берді; қазақтың ән өнерінің тарихи-эстетикалық қасиетін алғаш рет кешенді қалпында танытуды мақсат еткен телехабарлар сериясын (8) жасады; қазақтың ру-тайпалық жүйесін алғаш рет тарихи-этнологиялық, әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани аяда зерделеп, қазақ шежіресінің қазақ тарихына қатысты түпдеректемелік (первоисточник) мән-маңызын ашып берді; әрқилы пікір-бағаға қарамастан, халық мұрасы ретінде алғаш рет қазақтың бейпіл сөздерін жинап, оның ғылыми басылымын жарыққа шығарды; белгілі тұлғалар өмірінің ғибратты сәттерін жинақтауға себепші болған «Деген екен» айдарын бастап берді. Сөз жоқ, мұның бәрі де халықтың рухани дәулетін сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан ұлтжанды азаматтың қам-қаракеті екені кім-кімге де күмән келтірмесе керек. Осындай қасиеттерінің арқасында оның есімі халық арасында айрықша құрметке ие.

Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» (2002) атты кітабында былай деген болатын: «Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан, бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ». Бұл сөз оның өмірі мен шығармашылығының бағдарламасы іспеттес.


следующая страница>


Ғылыми кітапхана ұлт руханиятының жанашыры

Салғараұлы мен Х. Абжановтың (орыс тілінде) мақалалары, кітаптарының, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен А. Сейдімбек туралы басылымдардың тізімі жыл бойынша

1582.17kb.

14 12 2014
9 стр.


Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы

Сізді Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана 2011 жылдың 17 маусымында Шыңғырлау орталықтандырылған кітапхана жүйесінде өтетін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аймақта

34.3kb.

13 09 2014
1 стр.


Ғылыми кітапхана ақпараттық-библиография бөлімі

Сіздердің назарларыңызға ғылыми кітапханаға 2013 жылдың қаңтар-наурыз аралығында түскен қазақ, орыс, шет тілдеріндегі жаңа басылымдар тізімі ұсынылып отыр

3086.52kb.

16 12 2014
20 стр.


Семинарлық сабаққа арналған әдістемелік нұсқау Тақырыбы: Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты Пән: «Саясаттану»

Сабақтың мақсаты: Студенттерге ұлт –этника тұжырымын, олардың қоғамдағы орны мен қазақстандағы ұлт саясатын түсіндіру

40.16kb.

25 12 2014
1 стр.


Ғылыми кітапхана научная библиотека 2012 жылы түскен жаңа басылымдар Астана – 2013
6430.53kb.

12 10 2014
43 стр.


Ғылыми кітапхана ақпараттық-библиография бөлімі

Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің 80 жылдық мерейтойына арналған библиографиялық көрсеткіш

1572.53kb.

14 12 2014
5 стр.


Сіздерге Республикалық ғылыми медициналық кітапхана 2013 жылдың мамыр айында жаңа түскен кітаптар тізімімін хабарлайды
1103.28kb.

25 12 2014
6 стр.


Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б. «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы»

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б

1068.88kb.

25 12 2014
10 стр.