Flatik.ru

Перейти на главную страницу

Поиск по ключевым словам:

страница 1
Облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың 2013 жылғы

4 сәуірдегі облыс әкімдігінің кеңейтілген

мәжілісіндегі баяндамасының желісі

Құрметті жерлестер, әріптестер!
Бүгін мен, Сіздердің қатысуларыңызбен облыс әкімінің 2013 жылға арналған Іс-қимыл жоспарының бекітілгені туралы мәлімдеймін.

Жоспардың негізі Мемлекет Басшысының «Қазақстан - 2050» стратегиясы атты Жолдауында көзделген басымдықтардан туындаған.

Іс-қимыл жоспарының басты мақсаты - облыстың әрбір елді мекенінде өмір сүру деңгейін арттыру.

Сондықтан, үстіміздегі жылдың басты басымдығы – тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды, білім және денсаулық сақтау салаларын, тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту болып айқындалды.

Енді әрқайсысына ретімен тоқталып өтсем. Инфрақұрылымды дамытуға келетін болсақ.

Біздер барлығымыз, облыстың орталығына қарап газдандырудың артықшылықтарын байқаймыз. Олар айқын көрініп тұр. Сондықтан, біз «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы беретін мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, елді мекендерімізді газдандыруымыз қажет. Жобалау жұмыстарына қажетті қаржы қаралды. Оған қоса, Қызылорда қаласының басымды дамуын ескере отырып, газдандыру мәселесі қатар жүргізіледі.

Облысты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге үлкен мән берілетін болады. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз, ал бірқатар елді мекендер әлі күнге дейін тасымалданатын суды немесе ашық су көздерінен суды пайдалануда.

Облыс орталығы аса мол мөлдір су көзінің қоры бар Қызылжарма кен орынының үстінде тұрса да, Сырдарияның суын пайдаланып келеді. Көршілес Өзбекстан мен Тәжікстан жаз бойы өздерінің мақта егістерінен шыққан қалдық суды жіберетінін ескерсек, қандай су ішіп отырғанымызды елестетіп көріңіздерші?! (Микробтар мен пестицидтерден жасалған «сусынды» ішудеміз).

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында ағымдағы жылы тек қана Қызылорда қаласында тағы 200 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтеді – бұл бүкіл жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлердің үштен бір бөлігі. Осылайша, үш-төрт жыл ішінде біз көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берістерін, қас-беттерін (фасадтарын) және шатырларын қайта қалпына келтіріп, өжіре (подвал) және үй ішіндегі коммуникация мәселелерін толық шешуміз қажет. Оған қоса бұл жұмыстар биылғы жылы облыстың барлық аудан орталықтарында да басталады.

Сондай-ақ, облыс орталығымен қатар аудан орталықтарында жаңадан 4 ипотекалық және 19 жалға берілетін тұрғын үйлер пайдалануға беріледі.

Енді бәрімізге өз үйлерімізді ретке келтіретін уақыт келді, құрметті жерлестер!

Облыс орталығын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін Жылу электр орталығын қайта жаңғырту және кеңейту мәселесін шешуіміз қажет.

Қызылорда Электр Тарату компаниясының ауыр қаржылық жағдайын ескере отырып, компанияны сауықтыру бойынша жұмыстарды бастау жоспарлануда.

Жалпы өңірдің электроэнергия ресурстарын тиімді пайдалану және одан әрі дамыту үшін энергетикалық консорциум құрылатын болады.

Елді мекендердің санитарлық жағдайы әлі де болса өзекті мәселе болып қалуда. Мен облыстың барлық аудандарын аралап шықтым, көптеген ауылдарда болдым, алайда айта кету керек коммуналдық қызметтің жұмысына көңілім толмады. Қала тұрғындары биылғы қыста қала жолдарының қандай жағдайда болғанын жақсы біледі. Қар тазартылмады, үздіксіз жауған жауынның нәтижесінде көшелер көктайғақ болды. Дене жарақаттары мен көлік апаттарының саны күрт өсті. Мұндай жағдай болмауы керек!

Сондықтан, коммуналдық қызметті күшейту және оларды қажетті арнайы техникалармен жабдықтау қажет. Елді мекендердің тазалығына әкімдер жауап береді және сұраныс солардан болады. Біз өзіміз өмір сүру үшін өзімізге қолайлы жағдай жасауымыз қажет.

Бұл жолаушылар тасымалына да қатысты. Облыс орталығында жақсы автобустар мүлдем жоқтың қасы. Маршрут бағытында жұмыс жасайтын шағын автобустар, қауіпсіздік талаптарына тіпті сәйкес келмейді. Қазіргі заманғы автокөлік кәсіпорнын және жолаушылар тасымалы жүйесін құру қажет. Ең бастысы халық үшін ыңғайлы болуы керек!

Мұнымен қоса, қалааралық автовокзал құрылысы мәселесін шешуді бастау керек.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы біз «Қорқыт ата» аэропорты терминалын қайта халықаралық деңгейде жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін шешеміз деп отырмыз.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы инфрақұрылымды барынша дамыту мүмкіндіктерін іске асыратын боламыз.

Бұл мәселелерді зерттеу облыс әкімінің орынбасары Н.Н.Әлібаевқа тапсырылды.

Дамыған инфрақұрылым – бұл тұрғындар өміріне қолайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен бірге аймақтың экономикасын дамыту үшін қажетті жағдай жасау. Мұны біз есте сақтауымыз қажет.

Енді шағын бизнесті дамыту туралы

Біз Қызылорда облысында кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай құруымыз қажет. Мемлекет тарапынан қажетті барлық құқықтық жағдайлар осыған сәйкес құрылған. Ендігі жерде барлығы тек өзімізге байланысты.

Мысалы, өткен жылы Ұлттық банкпен қызылордалықтарға қолма қол 128 млрд теңге берілді, ал Ұлттық банк кассасына тек 26 млрд теңге қайтарылды? Демек 102 млрд теңге біздің аймақтан тыс жұмсалды. Сонда, біз негізінен көршілес Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының, Астана және Алматы қалаларының кіші және орта бизнестерін ғана қолдаймыз деген сөз. Ал сонда біз өзіміздің кіші және орта бизнесімізді қалай дамытамыз? Аталған жағдай ақшамен қамтылған төлем қабілетті сұраныс туралы ғой. Олар облыста қалып, біздің азаматтарға кіріс көзін қамтамасыз етуі тиіс емес пе?

Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін біз арнайы мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарын құруды жоспарлап отырмыз. Лицензияның және рұқсат құжаттың электронды түрде берілетін үлесі көбейеді.

Барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер басшыларына бюрократтық, әуре сарсаңға салу фактілерін болдырмау мақсатында құжаттарға рұқсат беру рәсімін ерекше бақылауға алып, әзірлеу мерзімін бұлжытпай сақтауды тапсырамын. Бұл жәйт Сіздердің жеке жауапкершіліктеріңізде, құрметті әріптестер! Кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан осыған байланысты үндеулер мен шағымдар күрт азаймаса, бұл Елбасы тапсырмасының орындалмағаны және оған тікелей көрсетілген қарсылық деп бағаланады. Естеріңізде болсын!

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы (А.Ө. Ақжігітов) кәсіпкерлердің құқығы бұзылған жағдайда хабарласатын «қызу желіні» құруы қажет.

Тоқсан сайын біз бизнес-қауымдастығымен кездесу жүргізіп, көкейтесті мәселелерді талқылап және оларды шешетін боламыз.

Алайда, бизнес те өзінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсете отырып облыс дамуына мардымды қатысуы қажет. Мемлекет бизнеске жәрдемдеседі, бірақ кәсіпкерлер де өз кезегінде, жұмыс жасап жатқан аймақтың дамуына үлесін қосуға міндетті.

Мәселен, жақында «Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасын іске асыру бойынша Ресейдің «Лукойл» компаниясымен келісімге қол жеткізілді. Биылдың өзінде шағын және орта бизнес жобаларына бір миллион теңгеден 60 грант (қайтарымсыз несие) бөлінеді. Келесі жылы гранттар 200-ге жеткізілетін болады. Менің ойымша бұл жұмысқа облыстың басқа да мұнай компаниялары қосылуы қажет.

Әрине, біз облыс азаматтарынан міндетті түрде бизнеске қатысты заң талаптарын орындауды талап етеміз. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысатындарды ресмилендіру (легализация) керек. Құқықтық мемлекетте өмір сүріп және жұмыс жасап жүріп біз жұмыс берушілер тарапынан, әлеуметтік кепілдігі жоқ жағдайларға (жалақы, зейнет ақы қоры, еңбек демалысы т.б.) жол бере алмаймыз. Сонымен бірге, егер біз балаларымызды жақсы мектепте оқып, жақсы емханаларда емделу мүмкіншілігін алу үшін, ауыз су нысандарын және жаңа жолдарды салу үшін міндетті түрде салық төлеуіміз қажет емес пе?



Егер кейбіреулер салық төлеуден және заңды міндеттерінен тысқары айналып өткісі келсе, құзырлы органдар тиісті шаралар қабылдауға міндетті. Салық органдарының мәліметіне сәйкес аймақта негізінен жеке кәсіпкерлікте 2-3 адам ғана тіркелген. Ал шындығында (кез келген ателье, дәріхана, шаштараз, кафе және құрылысты байқасаңыз) бірнеше рет көп?! Мүлік салығы бойынша да қомақты қаржы бюджетке кірістелмейді. Неге заңды талап қойылмайды?

Тағы да қайталап айтамын - барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі критерийлері - жаңа жұмыс орындарын ашу, салық базасын кеңейту және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау болады. Сондықтан тиісті шараларды қабылдаңыздар, немесе шаралар Сіздерге қолданатын болады, құрметті әріптестер!

Экономикада оңтайлы өзгерістерге жету мақсатында мұнай және газ өндірісімен қатар, биылғы жылдың басымдығы болып өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешені белгіленді.

Биылғы жылы Қызылорда қаласында шыны зауытының құрылысын бастау қаралуда. Одан басқа да ірі жобаларды жүзеге асыруды бастаймыз. Оның ішінде металлургия кластерін құрылымдау («Бала Сауысқандық» және «Шалқия» кеніштері негізінде).

Байқоңыр қаласын, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту бойынша «жол картасының» жобасы Үкімет қарауына ұсынылды. Байқоңырда Жаңа технологиялар орталығын құру жұмыстары басталады.

Туризм саласын да дамытудың болашағы зор. Бізге өңірдің мүмкіншілігін барынша пайдалану керек (Арал теңізі, Қамбаш, Байқоңыр, Қорқыт ата кешені т.б.).

Бұл жұмыстардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашу мен салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Келешекте осы жобалардың негізінде қызмет көрсететін кәсіпорындар ашуға болады.

Индустрияландыру картасы да бізге жақсы мүмкіндік береді, оған тиімді жобаларымызды енгізуге қарқынды жұмыс жасайтын боламыз.

Барлық әкімдер (аудандар мен Қызылорда қаласы) өздерінің Индустрияландыру картасын әзірлеп, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін келісімге ұсынсын.



Облыс әкімінің орынбасары Ғ.М.Әміреевке аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдерімен бірлесіп, облыстың минералды-шикізат әлеуетін талдауды, әрбір аудан және Қызылорда қаласының экономикалық өсу мүмкіндіктерін анықтауды және олардың басымдылығын айқындауды тапсырамын.

Кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында, мамыр айында біз кәсіпкерлердің бизнес-форумын, ал қыркүйекте биылғы жылғы «Байқоңыр» Екінші инвестициялық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Біз өзіміздің дайындаған жобаларымызбен барлық қолданыстағы және әзірленіп жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламаларға енуіміз қажет: «Жұмыспен қамту 2020», «Бизнестің жол картасы 2020», «Агробизнес - 2020», «Қолжетімді баспана 2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» т.б. бағдарламалары.

Бұдан басқа, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленуде – 2040 жылға дейінгі су ресурстарын басқару бойынша мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасының инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасы.

Біз осы бағдарламаларға және оларды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына өзіміздің ұсыныстарымызды дайындауымыз қажет, аталған мәселені мүдделі министрліктермен және ведомстволармен пысықтауымыз керек. Бұл барлық облыстық басқармалар, аудан және Қызылорда қаласы әкімдерінің және менің орынбасарларымның міндеті.

Биыл агроөнеркәсіп кешенінде күріш кластерін құру жоспарлануда. Біз өз күрішіміздің брендін-айбарын құрып, қалыптастыруымыз қажет. ТМД елдерінің нарығында Сыр маржанының танымал және әрдайым қажеттілігі талап етілетіндей!

Бұл аталған саланы тек дамытуға ғана емес, біздің ауыл шаруашылық өнім өндірушілерін қорғауға және олардың кейде қажетсіз тәуекелге баруын азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа ауланған балықты емес, оның өңделген түрін облыстан тыс жерлерге шығару мүмкіндігін қарастыратын балық консорциумы құрылды.

Шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері – бұл облыс әкімінің орынбасары Р.С. Нұртаевтың және аудан әкімдерінің алдына қойылатын маңызды мәселе.

Оған бізде барлық жағдай жасалған. Бұдан басқа, бұл қолданыстағы және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының екінші фазасы жүзеге асырылса бізде көптеген жаңа резервтер пайда болады.

Жалпы, индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы біз ағымдағы жылы кем дегенде 8 800 жаңа, оның ішінде 5 300 тұрақты жұмыс орындарын құруымыз қажет.

Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы біз еңбек етуге мүмкіндігі болса да атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қазіргі үлесін төмендетуді жоспарлап отырмыз (30 % дейін). Осылайша, халықтың кейбір топтарының асырауындағы деген масылдық пиғылды (иждивенческое настроение) жоямыз.

Сонымен бірге оқу орындарындағы жастарға қолдау көрсетеміз. Алдағы бюджетті нақтылау барысында, аймақта қажетті мамандықтар бойынша Қазақстанның маңдайалды оқу орындарында оқуға көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылардан шыққан жақсы оқитын ұл-қыздарға 100 студенттік грант бөлуге 51 млн. теңге қарастыру жоспарлануда.

Біз ардагерлерге, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, көпбалалы аналарға, ауған соғысы ардагерлеріне және чернобыльдықтарға қажетті көңіл бөлуіміз керек. Осы санаттағы азаматтардың санаторлық-курорттық емделуіне 1200-ден кем емес жолдамалар бюджеттен қаралатын болады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Ж. Жылқышиеваға біздің ардагерлердің жылдың қолайлы кезінде демалуы үшін осы мәселені жедел пысықтауды тапсырамын.

Медициналық көмектің сапасы және қол жетімділігі біз үшін маңызды мәселе болып табылады. Біз ана және сәби өлімі фактілерінің, әсіресе бұл жәйттердің дәрігерлердің немқұрайлылығы салдарынан орын алуына жол бермеуіміз керек.

Биылғы жылы Жалағаш, Шиелі және Қармақшы аудандарындағы емханалардың, Қызылорда қаласындағы 200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыстары аяқталатын болады. Сырдария, Қазалы, Жалағаш, Шиелі және Арал аудандарында 15 дәрігерлік амбулатория салынады.

Облыс орталығында 50 келушіге арналған емханасымен қоса 150 төсектік перзентхана құрылысын салуды жалғастырамыз.

Қармақшы және Сырдария аудандарында аудандық емханалар құрылысын салуды және облыс орталығында онкологиялық аурухана құрылысы бойынша жобалауды бастаймыз.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Н.Ш. Шамұратовқа облыс бойынша барлық салынып жатқан нысандардың сапалы және уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыс әкімдігінің қаулысымен Құрылыс басқармасы даму жобаларының мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы болып белгіленді, мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы бөлім құру үшін басқарманы қосымша 6 штаттық бірлікпен нығайтамыз, заңгер штатын енгіземіз. Осылайша, қаржыны игермегені және қаржыландыру мерзімін кешіктіргені үшін Сізден жеке сұраныс болады.

Білім саласында біз оқыту сапасын ең маңызды басымдық етіп айқындадық. Оқыту сапасы, тәрбие беру мәселесі және мектептердің жабдықталу деңгейі бізді бей-жай қалдыра алмайды.

Апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселелері басымды ретпен шешілетін болады. Биылғы жылы біз 8 мыңнан астам оқушы-орынмен 18 жаңа мектепті пайдалануға беретін боламыз. 3 мың оқушыға арналған тағы да 6 мектептің құрылысы басталады.



Дарынды балалардың білім алуы үшін академик Ш. Есенов атындағы облыстық қосымша білім беру орталығы құрылатын болады.

Мектепке дейінгі білім беруді дамыту бағытында 410 орындық бес балабақшаның құрылысы аяқталатын болады, тағы 1120 орындық төрт балабақшаның құрылысы басталады.

4500 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Осылайша, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды біз жыл аяғына дейін 77 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Бірыңғай ұлттық тестілеу, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту нәтижелері – бұл Ақмарал Шәріпбайқызы, Сіздің және облыстық білім басқармасының, әкімдердің жұмыстарының негізгі көрсеткіші.

Жастарды тәрбиелеу және жастар саясатын жүзеге асыру бойынша да алда үлкен жұмыстар атқарылады. Бұл мәселеге Мемлекет Басшысы ерекше назар аударып отыр.

Қазіргі жастар тарихтың кейбір келеңсіз тұстарын біле бермейді, кейде әлеуметтік күтілім деңгейін аса көтеріп жібереді, жас ерекшіліктеріне орай диалог және компромисс мүмкіндіктерінен сырт айналады. Өзінің кейде тікелей бәсекеге қабілетсіздігін сезініп, сынап сияқты көлденең қозғала бастайды.

Бүгінде экстремистік діни ағымдар мен қылмыстық топтардың өкілдері олардың толыспаған ақыл-ойын жаулап алғылары келетіні құпия емес. Сондықтан, бірде-бір жас азамат біздің көңілімізден тыс қалмауы керек.

Олар қазір көбінесе ауылдан қалаға кетуге талпынуда, бірақ қалада да барлығы бірдей тұрақтай алмайды. Қайтадан ауылға қайтқылары келмейді, бірақ өмір бойы базарда біреудің арбасын итеріп те жүргілері келмейді?!...



Сондықтан, жастар істері жөніндегі облыстық басқарма (Базартай Жандос) және ішкі саясат басқармасы (Жәлиев Нұрхан) Сіздердің міндеттеріңіз - әзірленіп жатқан Жастар саясатының Тұжырымдамасына жастармен жұмыстың барлық бағыттарын, барлық қауіп-қатерді қарастырып, жастарымыздың бар ынтасын тиісті жолға бағыттауға ұсыныстар беріп, мемлекеттік маңызды іске ұйытқы бола білу.

Өздері таңдаған мамандық аясында жастардың тұрақты өсуін, өзін-өзі жетілуін қамтамасыз етуіміз керек. Біз өсіп келе жатқан ұрпаққа шыншыл, әділ еңбек дағдыларын ұғындыруымыз керек және сол арқылы әрқайсысы адами әлеуетін іске асыратынына көзін жеткізу қажет.

Еліміздің болашағын біз, оларды мақтан тұтатындай өз Отанының білімді, мәдениетті, жігерлі патриоттарына беруіміз керек.

Біз жастарымыздың арасында жұмыс мамандықтарын насихаттау бойынша іс-шаралар жүргізіп, «жұмыс аристократиясын», «еңбек династияларын» дәріптеп, қайта дамытуымыз керек. Білім беру және тәрбиелеу жүйесі жаңа заман талабына сай болуы тиіс. Сондықтан біз биыл кәсіби-техникалық білімді дамытудың Кешенді жоспарын қабылдаймыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес биыл мемлекеттік басқарудың құрылымын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Барлығыңыз білесіздер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту аясында ауыл әкімдерінің қаржылық дербестігін кеңейту жоспарланып отыр. Ауылдық округ әкімінің бюджеті құрамында 15 бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар қаралатын болады.

Жүктелген қызметтерді атқару үшін ауылдық округ әкімдерінің аппараттары жаңадан құрылып, олардың штаттық құрылымы ауылдық округ халқының санына сәйкес қалыптасатын болады (3-ден 13 адамға дейін). Бос жер телімдерінің, мүліктердің, малдың толық әрі анық есебін жүргізу үшін статист лауазымын қайта құру керек шығар? Бюджет заңнамаларын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін ауылдық округ әкімінің аппаратында міндетті түрде қаржыгер де болуы тиіс. Бүгінде ауылдық округтің әкімі өз аймағында барлық бюджеттік мекемелердің жұмысын үйлестіріп, басқарады.

Мектеп директорларын оқу процесінен айырмау үшін, біз аудандық, қалалық білім беру бөлімдері жанынан мемлекеттік сатып алу және мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ететін орталықтандырылған бухгалтерия құруды жоспарлап отырмыз. Босап қалған экономистер мен бухгалтерлерді қосымша оқытып ауыл әкімі аппараттарына жұмысқа жібереміз. Осылайша, білікті қаржы-экономистер кадрларымен ауыл әкім аппараттарын қамтамасыз етеміз. Экономика жөніндегі облыс әкімінің орынбасары Н.Н.Годунова, аппарат басшысы Қ.Б.Жайсанбаев, аудан және Қызылорда қаласының әкімдерімен бірігіп осы жұмыстарды үйлестіреді.

Жасөспірімдер арасында қылмысты төмендету мәселесі маңызды болып тұр. Сондықтан ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жалғасын табады.

Әрине, біз барлық жиналған проблемаларды бір жыл ішінде шеше алмаймыз. Тұрмыс деңгейі өскен сайын, біздің әлеуметтік сұранысымыз да ұлғаяды. Бірақ, мәселелерді шешуге барынша тырысуымыз керек. Біз биыл 2020 жылға дейінгі басымдықты анықтайтын облыстың әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын әзірлеп, бекітеміз.

Бүгінгі таныстырылып отырған Іс-қимыл жоспары - бұл аймағымызда жұмыс жасайтын барлық мемлекеттік органдардың міндетті түрде орындалатын құжаты.

Оны орындауға жергілікті және аумақтық органдардың барлық ресурстары жұмсалуы қажет. Бұл маңызды жұмысқа құқық қорғау органдары да қосылуға міндетті.

Ертең жоспар облыстық газеттерде жарияланады.

Облыс әкімінің Іс-қимыл жоспарында белгіленген міндеттерді уақытылы және сапалы іске асыру үшін Іс-шаралар жоспары бекітілетін болады. Жоспардың әр тармағы бойынша жалғыз жауапты орындаушы – басшы қызметкер белгіленеді. Біреу ғана жауапты! Ол жұмысты үйлестіріп, іс-шараны міндетті түрде орындауы қажет, орындамаған жағдайда жауап беретін болады. Түсініксіз ортақ жауапсыздыққа енді жол жоқ!

Жылдың аяғында орындалмаған тармақтар болмауы тиіс. Болған жағдайда тиісті жауапты басшыға жұмыстан босатылуына дейін шара қолданылады. Ол туралы мен бүгін ескертемін.

Жоспардың іске асуы ендігі кезекте тек облыс әкімі аппараты тарапынан ғана бақыланып қоймайтынын есте сақтауымыз керек. Іс-қимыл жоспарын қабылдай отырып, біз өз еркімізбен қызметімізді қоғамдық, халықтық бақылауға қойып отырмыз.

Сізбен біздің патриоттығымыздан, кәсібилігімізден, жігерлігімізден аймақтың әрі қарай дамуы тікелей байланысты. Бұл тұста, облыстық «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалы активінің, депутаттық корпустың, кәсіпкерлердің және облыстық кәсіподақ кеңесінің, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке азаматтардың да рөлі өте маңызды. Күш-жігерімізді жұмылдырсақ жеріміздің, еліміздің гүлденуіне қол жеткізе аламыз.

Іске сәт, тек қана алға, құрметті жерлестер, әріптестер!



Тыңдағандарыңызға рахмет!


Құрметті жерлестер, әріптестер!

Бүгін мен, Сіздердің қатысуларыңызбен облыс әкімінің 2013 жылға арналған Іс-қимыл жоспарының бекітілгені туралы мәлімдеймін

178.04kb.

16 12 2014
1 стр.


ҚҰРметті әбілғазы қалиақпарұЛЫ! Құрметті әріптестер!

Тұрғындарымыздың авиатасымалға сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2010 жылы жақын және алыс шетелдермен қосатын жаңа 5 авиабағыт ашылды

43.59kb.

25 12 2014
1 стр.


Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Құрметті алқа мәжілісіне қатысып отырған әріптестер және шақырылған қонақтар!

Экономикалық даму және сауда министрлігінің жұмысы келесі негізгі бағыттарда атқарылды

124.17kb.

25 12 2014
1 стр.


АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
53.76kb.

15 10 2014
1 стр.


АҚПараттық хат құрметті әріптестер!
65.78kb.

25 09 2014
1 стр.


АҚПараттық хат құрметті әріптестер!
29.22kb.

25 12 2014
1 стр.


АҚПараттық хат құрметті әріптестер!

Бұл әсіресе көп ұлтты мемлекеттер үшін уақыт өткен сайын үлкен проблемаға айналып отыр

54.39kb.

17 12 2014
1 стр.


М. Т. к коллегии Министерства сельского хозяйства Республики Казахстан «О состоянии и перспективах развития животноводства» Құрметті төраға ! Құрметті әріптестер ! Тезисы

Тезисы доклада Вице-министра Умирьяева М. Т. к коллегии Министерства сельского хозяйства Республики Казахстан

126.7kb.

17 12 2014
1 стр.