Қайыршақты селолық округі бойынша 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2013 жылға жасалатын жұмыстар туралы есебі
Құрметті Серік Кенғанұлы!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Алдағы қырық жылғы жуық мерзімге жоспарланған маңызды құжат деп білеміз. Елбасы бұл жайында «Бізде бұл үшін мүмкіншілікте, ресурста, білімді адамдарда, берекелі ұлтта бар» деген болатын.
Енді Қайыршақты селолық округі бойынша 2012 жылы атқарылған істер туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.
Селолық округке Томарлы, Талғайраң, Бесікті селолары мен Жұлдыз, Көктем ықшам аудандары кіреді. Селолық округтің жалпы жер көлемі 70 858 гектар.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша
Ауыл шаруашылығына қолайлы округімізде бүгінгі күні 78 шаруа қожалығы болса, оның ішінде 30 шаруа қожалығының құжаттары әзірленуде. 2011 жылы жұмыс жасамай отырған 6 шаруа қожалығының жерін кері қайтару туралы ұсыныс беріліп, 6 шаруа қожалығының жері мемлекетке кері қайтарылса, өткен жылы да 1654 га құрайтын 15 шаруа қожалығының жерін кері қайтаруға ұсыныс берілді.
Округте 32 шаруа қожалығы жұмыс жасап отыр. Оның ішінде түйе шаруашылығымен айналысатын «Ата-қоныс», «Орын», «Ерасыл», «Жас жігер» шаруа қожалықтары мен «Хабтағай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қала халқын шұбатпен, түйе етімен, ал ірі қара (сиыр) өсірумен айналысатын «Нұртаза», «Ақбұлақ», «Еременко», «Шаданова» шаруа қожалықтары халықты сиыр еті, сүт өнімдерімен қамтып отыр.
Округ шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындары 2012 жылы тірі салмақта 94 тн ет, 916 тн сүт, 156 тн шұбат өндірді.
Биыл «Шапиков» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасына сай 8,5 млн.теңгеге 62 бас МІҚ малын Батыс Қазақстан облысынан әкеліп отыр. 5 бас МІҚ малы (3 бас аталық, 2 бас аналық) асыл тұқымды. Алға қарай да шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі күнге округ тұрғындары мен шаруа қожалықтарының қолында мал басы өсіп отыр. Округте 2012 жылы жалпы көлемі 217,1 га жерге егін салынып (70,3 га
картоп, 115,8 га көкөніс, 31,0 га бақша), одан 8 631,5 тонна бақша өнімдері алынған.
Егін шаруашылығында айтарлық табыстарға қол жеткізіп отырған «Қарағаев А», «Арай», «Сабуров» шаруа қожалықтарын атауға болады. «Арай» шаруа қожалығының жетекшісі Хубайдуллин Жұмахмет 2012 жылдың қорытындысымен облыс бойынша үздік шаруа қожалығы атағын жеңіп алды. «Қарағаев А» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» мекемесі арқылы 80 млн теңгеге 2 дана МТЗ тракторын, су шашу қондырғысын, картоп, жуа жинайтын техникалар және 2 млн теңге өз қаржысына инкубаторлық құралдар алған. Сонымен қатар, «Шаданова» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» мекемесі арқылы МТЗ тракторын алып отыр. «Сабуров» шаруа қожалығы 0,8 га жерге Израильдік технологиямен жылыжайда алдыңғы қатарлы өнім өндіріп, 15 га жерге жеміс ағаштарын өсіруде.
2012 жылы көкөніс, жоңышқа, бақша өнімін өндіріп, алма ағашын отырғызған 2 шаруа қожалығына 9 млн 331 мың 633 теңге көлемінде субсидия және гербицидтермен өңдеуге жұмсалған шығындардың 50 пайызын төлеу тәртібімен 30 тонна аммиак селитрасы тыңайтқышын алған 1 шаруа қожалығына 884 мың 340 теңге көлемінде субсидия төленді. Округ бойынша барлығы 10 млн 215 мың 973 теңге көлемінде субсидия төленген.
Округке қарасты аумақтағы 12 саяжайлық қоғам өз қызметтерін жүргізіп, азық-түлік бағасының тұрақтануына да өз үлестерін қосып келеді.
Округ аумағындағы «Соколок» каналы бойында орналасқан шаруа қожалықтары мен Бесікті, Талғайраң селоларының жеке тұрғындарының қолындағы малдары жаз мезгілінде осы каналдың суын пайдаланып келеді.
Шағын және орта бизнестің даму бағыты
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы адамдардың жағдайының түзелуіне селолық әкімшілікте бағыт бағдар беріліп отырады. Бүгінгі таңда Томарлы селосында 17 дүкен, 1 наубайхана, 1 монша, 2 тойхана, 1 дәріхана, Талғайраң селосында 5 дүкен, 1 тойхана, Бесікті селосында 4 дүкен, Жұлдыз ықшам ауданында 6 дүкен, Көктем ықшам ауданында 1 дүкен, 1 монша халыққа қызметтерін көрсетіп келеді. Биылғы жылы Томарлы селосында орналасқан «Намс құрылыс-монтаж» ЖШС дүкені, шаштараз және наубайханасы ашылып, басқа да халыққа қызмет көрсету түрлерін ашуды көздеп отыр.
Округ көлемінде 12 ЖШС мекемелері қызмет жасайды.
Солардың ішінде округімізде «Атыраугидрогеология» ЖШС мекемесі облыстағы гидрогеология саласы мен айналысатын жалғыз мекеме ұзақ жылдардан бері округімізде жұмыс жасап келеді. Негізгі жұмыс бағыты-Атырау және Маңғыстау облыстарында геологобарлау жұмыстарын жүргізу. Қазіргі уақытта мекемеде 170 адам жұмыс жасаса, оның 49-ы жергілікті тұрғындар. Биыл бұл мекеме жер асты суларын іздеу және мұнай скважиналарын күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды жоспарлап отыр.
Өткен жылдың аяғында селомызда «ЭнергоРемАтырау-SRD»ЖШС мекемесі өндіріске қажетті әр түрлі қуаттағы электродвигательдер, генераторлар, трансформаторлар мен дәнекерлеу аппараттарын жөндеу жұмыстарын бастады. Тапсырыс беруші мекемелердің ішінде «Аджип ККО», «Казмунайгазбурение», «Казстройсервис», «АтырауСу Арнасы» атап айтуға болады.
Әлеуметтік сала бойынша
Округ бойынша ақылы қоғамдық жұмыста 15 адам жұмыс жасап, «Жастар тәжрибесі» бойынша биылғы жылы бітірген жас мамандарды өз саласына сай жұмыспен қамту мақсатында 9 жас маман жұмысқа тартылып, қайта даярлау курстарына 18 жас маман жіберілді.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту орталығынан 6 адам 13 млн көлемінде қаржы алған. Соның бірі, стоматолог Даурен Аманғалиев тіс дәрігерлік бөлмесіне 2 млн. теңгеге құрал-жабдықтар алып жұмысын жасап отыр.
2012 жылы кәсібін бастаған «Таңатаров» жеке кәсіпкері Томарлы селосында пластикалық есік, терезе және т.б. бұйымдар шығару цехын іске қосты.
Білім, медицина, спорт саласы
Кеңес Одағының Батыры Қ.Смағұлов атындағы орта мектебінде биылғы оқу жылында 785 бала білім алып, 68 мұғалім еңбек етеді. Бесікті орта мектебінде 38 мұғалім 268 балаға білім берсе, оның ішінде 80 бала мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленеді. Қарабатан бекеті мен 496 разъезден 46 бала оқиды, аптаның сенбі, жексенбі күндері балалар үйлеріне тасымалданады. Талғайраң негізгі мектебінде 21 мұғалім еңбек етіп, 130 бала білім алуда. 2009 жылы берілген жаңа мектеп, пән кабинеттері талапқа сай жабдықталған.
Қайыршақты балалар саз мектебінде 39 мұғалім, 391 баланы өнердің сан қырлы жолдарын меңгеруге үйретуде. 2012 жылы Алматы қаласында өткен ХХХХVІ «Жас музыкант» республикалық фестивалінде саз мектебінің оркестрі бас жүлдені жеңіп алды. Қараша айында саз мектебі оркестріне мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық оркестр» деген атағы берілді. Жекелеген оқушылар республикалық, облыстық, қалалық конкурстар мен фестивальдердің жеңімпаздары атанып отыр. Саз мектебі көршілес орналасқан Геолог, Ақсай селолық округтерінің де балаларын өнерге үйретіп келеді.
Томарлы селосындағы «Шағала» балалар бақшасында 23 педагог-тәрбиеші бар, 248 бала, соның ішінде көршілес Геолог, Ақсай селолық округі және Атырау қаласынан келетін балалар тәрбиеленуде.
«Жұлдыз» ықшам ауданынан құрылысы аяқталып, желтоқсан айында берілген 280 орындық «Жұлдыз» бала бақшасы ықшам аудан тұрғындарының ризашылығын туғызып отыр. Бала бақшада 24 тәрбиеші педагог жұмыс жасап, 233 бала тәрбиеленуде, барлық керекті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
«Сәлімжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі округтің халқына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Мекемеде 5 дәрігер, 16 орта буын, 4 кіші буын қызметкері жұмыс жасайды. Тұрғындарды флюрографиялық тексеруден өткізу 99 пайызға, манту салу 102 пайызға қамтылып отыр.
Томарлы, Талғайраң, Бесікті селоларында мектеп аулаларындағы спорт алаңдары бар. Ауыл жастары бос уақыттарында спортпен шұғылданып келеді. Соның айқын дәлеліндей Талғайраң селосының жастары кіші аяқ добынан қалалық біріншілікке қатынасу құқығын алып отыр. Сонымен қатар, мереке және Атырау қаласы күндеріне орай округімізде село әкімдігінің ұйымдастыруымен, демеуші село кәсіпкерлерінің көмегімен округке қарасты Томарлы, Талғайраң, Бесікті селолары жастарының арасында кіші аяқ добынан жарыстар өткізіліп келеді. Басқа да спорт түрлерінен жеңімпаз болып жүрген спортшыларымыз да бар.
Мәдени сала бойынша
Округтегі үш селода селолық клуб, Томарлы және Бесікті селолық кітапханалары жұмыс істейді.
Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында Жеңіс күні Томарлы селосындағы соғысқа аттанып оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш басында, жыл сайын округ әкімдігі мен мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, округке қарасты мекемелер ұжымдарының қатысумен гүл шоқтары қойылып, тағзым етіледі. Сонымен қатар, жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов атындағы мектепте батыр атында мұражай жұмыс жасап келеді. Мұражайдың ішіндегі экспонаттар мектеп оқушылары мен округ тұрғындары өз қолдарымен жинаған. Мұражайға облыс аумағынан және қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары да келеді. Бұл да халықтың асыл мұрасы.
Сондай-ақ, мәдениет қызметкерлері өздерінің жылдық жоспарларына сай барлық атаулы күндердегі жұмыстарын селолық әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста атқарып, қалаға қарасты мәдениет мекемелері арасында беделге ие болып отыр.
Округке қарасты барлық мәдениет мекемелерінің өздерінің орындарының болмауы, жұмыстарына қиындық келтіріп отыр.
Транспорт, энергетика, байланыс салалары бойынша
Округтегі халықты тасымалдау жұмыстарымен 16 автобусы бар «Данияр и К» ЖШС №53 маршрут Талғайраң және Бесікті селолары халқын, сол сияқты 12 автобус, 1 Газель көлігі бар «Ануарбек Транс» ЖШС №59 маршрут Томарлы селосының, №54 маршруттағы 4 автобус «Жұлдыз» ықшам ауданы халқын тасымалдауда. «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» «Көктем» ықшам аудандары халқын тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында жол құрылыстарын жоспарлауды қажет етеді.
«Жұлдыз» ықшам ауданының барлығы 272 оқушысы екі кезеңмен Бірлік селосында орналасқан Б.Нысанбаев атындағы мектепке баруға мектептің автобусымен қамтылған.
Қазіргі кезде «Жұлдыз-3» ықшам ауданына электр желілері тартылып желтоқсан айында жарық беріліп, халық игілігін көріп отырса, Томарлы-2 селосының электр желілері құрылысы жүргізіліп жатыр.
2012 жылы Томарлы селосының 2,1 км селоішілік жолы және Орбитаға дейінгі аралыққа жол құрылысы жүргізіліп пайдалануға берілді.
Округ орталығы Томарлы селосындағы «Қазпошта» мекемесінен округтің 525 зейнеткері зейнетақысын және басқа да әлеуметтік төлемдерін уақытында алып келеді. Баспасөзге жазылу кезеңінде селолық округ әкімдігімен бірлесіп нәтижелі жұмыс көрсетіп отыр.
Округтегі тазалық және қоғамдық тәртіп мәселесі
Округіміз аумағындағы елді мекендер, ұзындығы 20 км Атырау-Индер тас жолы, тоғай, бейіттер, 12 бау бақша қоғамының аумағын, Жайық жағалауының тазалық жұмыстарын жеке кәсіпкер «Жолмұхан» мекемесі жүргізді.
Жеке тұрғындармен бүгінгі күнге тазалықты ұстау бойынша 1980 келісім шарт жасақталды.
Көктемгі тазалық айларында округ әкімдігінің ұйымдастырумен «АНПЗ», «Қазмұнайгазбурение», «Эмбамұнайгаз», мекемелері және жеке кәсіпкерлер мен ауыл азаматтарының техникалары тазылыққа жұмылдырылу арқылы жұмыстар жүргізілді.
Округтің санитарлық тазалығына Атырау қалалық санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау басқармасы мамандарымен және учаскелік инспекторлармен рейдтер ұйымдастырылып, 285 тұрғынға ескерту беріліп, 89 тұрғынға айппұлдар салынды.
Тазалықты сақтамай отырған тұрғындар фотоға түсіріліп, әкімдік ғимаратында стенд жасақталды. Жайық өзені жағалауының тазалығына үлкен мән беріліп отыр.
Ұзақ жылдардан бері Орбита маңында жатырған стихиялы қоқыс алаңы өткен жылдың аяғында АИС мекемесінің техникаларымен толықтай тазаланды.
Округ елді мекендеріндегі 142 бұралқы ит атылып, арнайы орындарға жеткізілді.
Округте көгалдандыру бойынша жыл сайын жұмыстар жүргізіліп келеді. Томарлы селосында 2-жазғы су насосы жұмыс жасайды, 152 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар жазғы сумен қамтамасыз етілген.
Томарлы селосындағы «Атыраугидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратында №8 тірек пункті орналасқан. Округ бойынша 2 учаскелік полиция инспекторы жұмыс жасайды. 2012 жылы 16 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыс (ұрлық) ашылмаған.
Мүлік салығына байланысты 1005, жер салығы бойынша 3457 хабарлама таратылып, биылғы жылы мүлік салығы 427 533 теңгені, жер салығы 1 038 163 теңгені құрады.
Баяндаманы қорыта келе, Елбасы жариялаған стратегиялық бағдарламаны басшылыққа алып, ел ішінде татулықты сақтап, бір отбасының балаларындай бір мақсат төңірегіне ұйысып, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін жұмылайық демекпін.
Тыңдағандарыңызға рахмет