Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалғанға дейін тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен жиынтық шығындарды өтеу бойынша жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем болып табылады.
Төлеушiлер
Келісімшарттарды жасасқанға дейін тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шығын шеккен пайдалы қазбалардың кен орындары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жасасқан жер қойнауын пайдаланушылар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді төлеушілер болып табылады.
Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді белгілеу тәртібі
1. Тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындар сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы мақсаттар үшін уәкілетті мемлекеттік орган есептейді және ол осы баптың ережелеріне сәйкес бюджетке төленеді.
Тарихи шығындар сомасының бір бөлігі Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпаратты сатып алу төлемдері түрінде бюджетке төленуге жатады.
Тарихи шығындар сомасының қалған бөлігі тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдер түрінде бюджетке төленуге жатады.
2. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді бюджетке төлеу жөніндегі міндеттеме жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арасындағы құпиялылық туралы келісім жасалған күннен бастап, ал жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімді қоса алғанда, тарихи шығындар мөлшерін айқындайтын уәкілетті мемлекеттік органмен қосымша келісім жасалған күннен бастап туындайды.
Төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi
1. Тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушылар коммерциялық табудан кейінгі өндіру кезеңінің басынан бастап мынадай тәртіппен төлейді:
1) егер тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шығарған тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен кем соманы құраса, онда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіруді бастаған жылдан кейінгі жылдың 10 сәуірінен кешіктірмей төлейді;
2) егер тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен асып түсетін соманы құраса, онда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушы экономикалық сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген график бойынша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2 500 еселенген мөлшерінен кем емес баламалы сомада теңдей үлеспен он жылдан аспайтын уақытта тоқсан сайын төлейді.
2. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге арналған келiсiмшарттар бойынша тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем төленбейді.
Салық декларациясы
1. Егер тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен кем соманы құраса, жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіруді бастаған жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей табыс етеді.
2. Егер тиісті келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен асып түсетін соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей тоқсан сайын табыс етеді.