Алматы қаласы әкімдігінің
2012 жылғы «___»___________
№ _____ қаулысымен бекітілді
«Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
-
«Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) өз құзыреті шегінде халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға жәрдемдесуді қамтамасыз ету функциясын жүзеге асыратын Алматы қаласының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы орган (мемлекеттік орган) болып табылады.
-
Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларына, Алматы қаласы әкімінің шешімдері мен өкімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілер мен осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
-
Басқарма коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық түріндегі заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы көрсетілген мөрі және төрткіл мөрлері, мемлекеттік және орыс тілдерінде белгілі үлгідегі бланкілері, сонымен қатар заңнамаға сәйкес банкте шоттары бар.
Басқарма өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасайды.
Басқарма, егер ол заңнамаға сәйкес оған өкілетті болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың бір тарабы ретінде әрекет етеді.
-
Басқарманың орналасқан жері: 050010, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Д.А. Қонаев көшесі, 122.
-
Басқарманың құрылтайшысы Алматы қаласының әкімдігі болып табылады.
Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
Басқарманың шекті штат санын Алматы қаласының әкімі бекітеді.
-
Басқарманың атауы:
мемлекеттік тілде: «Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: коммунальное государственное учреждение «Управление занятости и социальных программ города Алматы».
-
Осы Ереже Басқарманың құрылтайшылық құжаты болып табылады.
2. Басқарма қызметінің мәні мен мақсаттары
8. Басқарманың негізгі мақсаты халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.
9. Негізгі мақсатты жүзеге асыру үшін Басқарма қызметінің мақсаттары болып мыналар саналады:
1) Басқарманың стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеу, Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік Стратегиясын іске асыруды ескере отырып, Алматы қаласының тұрғындарын әлеуметтік қолдау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру;
2) гендерлік өлшемдерді ескере отырып, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге ықпал ететін, республикалық бағдарламаларды және басқа әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға қатысу.
Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне сәйкес стратегиялық және операциялық жоспарларды енгізу;
3) келесі ұсыныстарды әзірлеп, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарауына ұсынады:
халықтың нысаналы топтары мен оларды қорғау жөніндегі әлеуметтік шараларды анықтау туралы ұсыныстар;
қала ұйымдарында ақылы қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесін ұйымдастыру және жүргізу туралы ұсыныстар;
4) өтінішпен барған азаматтар мен жұмыссыздарды қабылдауды, есепке алуды және тіркеуді жүргізу, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету, жұмысқа орналасуға және оқуға жолдамалар беру, азаматтар мен жұмыссыздарға кәсіптік бағдарлауда тегін қызметтер көрсету;
5) жұмыссыздарды олардың келісімімен қоғамдық жұмыстарға жіберу;
6) жұмыс берушілерден құжаттар қабылдап, қарастыру және Алматы қаласында шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдау. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бөлінген квота шегінде ішкі еңбек нарығы есебінен жұмыс күшіне сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік болмаған жағдайда және бос жұмыс орындары болған жағдайда жұмыс берушілерге шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру.
Қазақстан Республикасының заңымен бекітілген тәртіпте аталған рұқсаттарды қайтарып алу, қалпына келтіру және тоқтату;
7) халықтың нысаналы тобының азаматтарын жұмыс берушілермен жасалған келісім шарттарға сәйкес ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жіберу;
8) өтінішпен барған азаматтар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналасудың мүмкіндігі туралы, ал жұмыс берушілерді – жұмыс күшімен қамтамасыз етудің мүмкіндігі туралы хабарландандыру;
9) жұмыссыз азаматтарды өтінішпен барған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей тіркеу және оларды есепке алу;
10) түлектер арасынан жұмыссыз азаматтарды кәсіптік білімі болуын ескере отырып, жұмыс берушілермен жасасқан келісім шарттарға сәйкес жастар тәжірибесін өтуге жіберу;
11) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың), автоматтандырылған дерекқорын қалыптастыру және осының негізінде халық пен жұмыс берушілерді еңбек нарығындағы жағдай, жұмысқа орналасу және кәсіптік оқытудың мүмкіндіктері туралы толық және шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету;
12) жұмыс берушілерге, олардың меншік нысандарына қарамастан қажетті қызметкерлерді іріктеуге көмек көрсету;
13) еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес жұмыссыздарды кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға жіберу, оларды әрі қарай жұмысқа орналастыруға көмек корсету;
14) еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес тұрмысы төмендердің қатарынан, бос емес және жеті жасқа дейінгі жастағы балаларды күтумен бос емес тұлғалар өтінген жағдайда кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға жіберу;
15) халықты жұмыспен қамту мәселелерін қарайтын атқарушы өкімет органдары, жұмыс берушілер бірлестіктері мен кәсіподақтар өкілдерінен құрылған кеңес беру комиссиялары мен жұмыс топтарының жұмысына қатысу;
16) ақылы қоғамдық жұмыстарды жүргізу үшін ұйымдарды іріктеуді жүзеге асыру, ақылы қоғамдық жұмыстарды жүргізуге келісім-шарт жасасу;
17) жұмыссыздарға жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама беру;
18) жұмыс күшіне сұранысқа, еңбек нарығындағы жағдайға мониторинг, талдау және болжам жасау. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарлары негізінде республикалық халықты жұмыспен қамту бағдарламасына ұсыныс әзірлеу. Еңбек нарығындағы жағдай туралы халықты, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін және жергілікті атқарушы органдарды ақпараттандыру;
19) халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу;
20) халықтың және заңды тұлғалардың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, белгіленген тәртіпте өз құзыреттеріне қарасты мәселелер бойынша азаматтардың хаттарын, арыз-шағымдары мен жеке өтініштерін қарау;
21) республикадағы басқа аймақтардың уәкілетті органдарымен тәжірибе алмасу, құзыретіне қарасты мәселелер бойынша семинар, кеңестер өткізу;
22) еңбек делдалдығымен айналысатын жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктерімен, жұмыс берушілермен жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара іс - әрекет ету;
23) бірыңғай ақпараттық бағдарламаларды, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы ақпараттарды өңдеу жүйелерін енгізу;
24) ұйым қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу жүйесінің еңбек бойынша мемлекеттік органдардың бекіткен тәртібімен мемлекеттік реттеліп отыратын тарифтерге (құнға, мөлшерлемеге, жиынтыққа) енгізілетін қызметтерге (тауар, жұмыс) параметрлерін қарастыру және келісімге беру;
25) мүгедектерді тіркеу және оларды сурдо-тифло құралдарымен, арнайы қозғалу құралдарымен, міндетті гигиеналық құралдарымен, жеке көмекшілер мен ым тілі мамандарының әлеуметтік қызметтерімен және басқа да әлеуметтік көмектің шараларымен қамтамасыз ету;
26) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, жартылай стационарлық жағдайда психикалық жүйке аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерге, үйде қызмет көрсету жағдайындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша жұмысты ұйымдастыру;
27) Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси құғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес жеңілдіктерге құқық беретін куәлік беру;
28) Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу;
29) 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау және төлеу;
30) тұрғын-үй көмегін тағайындау;
31) әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджет қаражатының есебінен басқа да қосымша әлеуметтік көмек түрлерін көрсету;
32) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жеңілдіктерге құқық беретін куәлік беру;
33) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы негіздегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтік қызмет көрсетуге байланысты қызметтерге қорытындыны дайындау; психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерде әлеуметтік қызмет көрсету; психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік балалар мекемелерінде әлеуметтік қызмет көрсету;
34) мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қызмет көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) қарттарға, мүгедектерге, мүгедек балаларға қызмет көрсетілуі үшін құжаттарын ресімдеу;
35) Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген тәртіпте тиісті марапаттауларға ұсынылған еңбек ұжымынан тыс жұмыс істейтіндерді және жұмыс істемейтін көп балалы аналарды марапаттайтын наградалық қағаздарын толтыру;
36) «Алтын алқа», «Күміс алқа» мемлекеттік наградаға ұсынылған жұмыссыздардың қатарынан, мүгедек болып табылатын, зейнеткерлік жасқа жеткен көп балалы аналардың құжаттарын ресімдеу;
37) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау;
38) жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсету және қызметін бақылауды жүзеге асыру;
39) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік сатып алуларды өткізу;
40) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарын қарастыру, келісу және бекіту, оның орындалуы бойынша есеп беру;
41) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарының орындалуын талдау және бақылауды жүзеге асыру;
42) мемлекеттік мүлік бойынша уәкілетті органның келісімімен коммуналдық заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру және таратуды жүзеге асыру;
43) оралымды басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті иелену және пайдалану құқығын (билік етусіз) жүзеге асыру;
44) Алматы қаласы әкімдігінің қатысуымен құрылған, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру;
45) Басқарма қызметкерлерінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру;
46) мемлекеттік орган қызметінің бағыттары бойынша оның жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру;
47) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқармаға Алматы қаласының әкімдігі жүктеген өзге де мақстаттарды жүзеге асыру.
10. Басқарма қызметінің мәнін және мақсаттарын жүзеге асыру барысында келесі құқықтарға ие:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ басқа ұйымдар мен жеке тұлғалардан Басқармаға жүктелген қызметтерді іске асыру үшін қажетті құжаттар, қорытындылар және тағы басқа материалдарды ресми сұрау жасап, оларды алуға;
2) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
3) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Алматы қаласының әкіміне ұсыныстар енгізуге;
4) белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігі қаулыларының, Алматы қаласы әкімі шешімдері мен өкімдерінің, мәслихат шешімінің жобаларын енгізу;
5) жұмыс берушілерде жұмыс күшіне сұраныс болғанда, оларға азаматтар мен жұмыссыздарды жіберуге;
6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарға.
3. Басшының өкілеттіктері
11. Басқармаға Алматы қаласының әкімі қызметке тағайындап, қызметінен босататын бастық басшылық жасайды.
Басқарма бастығының (бұдан әрі – Бастық) заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалып, қызметтен босатылатын орынбасарлары бар.
-
Бастық Басқарма жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды және Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуы мен өз қызметін жүзеге асыруға жеке жауапкершілікте болады.
-
Осы мақсатта Бастық:
-
өз орынбасарлары мен Басқарма бөлімдері бастықтарының міндеттерін және өкілеттіктерін белгілейді;
-
Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға жеке жауапкершілікте болады;
-
заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
-
заңнамамен белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
-
Басқарманың құрылымын және оның бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;
-
мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
-
өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
-
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Мүлікті қалыптастыру тәртібі
14. Басқарманың мүлігі оған құрылтайшының берген мүлігі есебінен қалыптастырылған және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны мемлекеттік мекеменің балансында көрсетілген жедел басқару құқығындағы жекелеген мүлікке ие басқа да мүліктен тұрады.
Басқарманың мүлкі коммуналдық меншікке жатады.
15. Басқарманың оған бекітілген мүлікті өз қалауынша иеліктен шығаруға немесе өзгеше тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
16. Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайлар мен шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
5. Жұмыс тәртібі
17. Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің ережелерімен белгіленеді және ол Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
6. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
-
Басқарманы қайта құру мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
-
Басқарманы қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта ұйымдастыру) Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
-
Мәжбүрлеп қайта құру заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда сот органдарының шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
-
Басқарма қосылу түрінде қайта ұйымдастылғаннан басқа жағдайда жаңадан пайда болған заңды тұлға ретінде тіркелген сәттен бастап қайта құрылған болып есептеледі.
Басқарманы оған басқа заңды тұлғаны қосу жолымен қайта құрған жағдайда бұлардың біріншісі заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеліміне енгізілген заңды тұлғаның қызметі тоқтатылды деген жазба жазылған сәттен бастап қайта құрылды деп есептеледі.
-
Басқарманы тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі.
-
Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеліміне жазу жазылғаннан кейін Басқарманы тарату аяқталды, ал Басқарма жұмысын тоқтатты деп есептеледі.