00A1-0001-001KZ-2010
Қазақ тілін
халықаралық мектепте «екінші тіл» ретінде оқыту мәселелері
Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуінің бір көрінісі – «Н.Назарбаев Білім қоры» жанындағы халықаралық «Мирас» мектебі. Бұл мектептің жалпы білім беретін мектептермен салыстырғандағы өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың бірі – мектепте дәріс алатын балалар – дүние жүзінің түкпір–түкпірінен келгендер. Сабақ беретін мұғалімдердің жартысына жуығы да – шетел мамандары. Сонымен қатар, еліміздегі жалпы білім беру ісі әлемдік стандартқа жетуді мақсат етіп отырғанда, қазіргі заман талабы жаңаша міндеттер ұсынып отырғаны да аян. Оған қоса, қоғамдағы өзгерістер мен нарықтың өскелең заңдылықтары республикамыздағы тіл проблемаларын шешу жөніндегі шараларды талап етеді. Сол себепті өзінің көпұлттылығымен ерекшеленетін осы білім ордасында Елбасы уағыздаған тіл саясатын бүкіл білім беру және тәрбиелеу ісіне негіз етіп дамыту мектептің алға қойған өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Осы орайда «Мирас» мектебінде қазақ тілінің қызмет аясын кеңейту, бұл тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жетілдіру, тіл оқытудың жаңа технологияларының озық үлгілерін білім беру ісіне ендіру шараларын жүзеге асыруға үлкен мән берілуде.
Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, табыстыратын өзгеше құрал. Ол халықтар арасындағы достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке–бірлігінің тірегі. Қазіргі кезде елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге байланысты жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу мазмұнын түбегейлі өзгерту көзделген. Жас өскелең ұрпақты тілдік тұлға ретінде қалыптастыру, яғни қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде терең білім, биік парасат, оған қоса іскерлік таныта алуы олардың Президент жолдауында айтқан сөздеріне сәйкес үш тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қаншалықты меңгергеніне тікелей байланысты.
Бүгінгі күнгі қоғамдық–әлеуметтік басты мәселелердің бірі – Республикамыздағы барлық ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлей білуі. Осы тұрғыдан алғанда, «Мирас» мектебі қазақ тілінің биік мәртебесін орнықтырып, оның қоғам өмірінде атқаратын міндеті мен қызметін қалыпқа түсіру бағытындағы қасиетті де қадірлі іске өз үлесін қосуда. Мектепте мемлекеттік тілді дамытуда «Қазақстан Респуликасындағы Тіл туралы Заң» басшылыққа алынады. Жергілікті мектеп әкімшілігі және соңғы кезде шетел өкілдері тарапынан мемлекеттік тілге оның мәртебесіне сай дұрыс қамқорлық жасалынып, көп көңіл бөлінуде.
Біріншіден, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және оның халықаралық беделін көтеру мақсатында жергілікті және шетел өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге шаралар, іс қағаздары, ресми құжаттар ағылшын тілі мен орыс тіліне аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі. Екіншіден, мектебімізде тілді қолдану, оны оқытуға қажетті жағдай туғызу үшін қазақ тілі кабинеттері әлемдік деңгейдегі техникалық құралдармен және түрлі әдістемелік, дидактикалық, көрнекілік материалдармен жабдықталған, мектеп кітапханасы қазақ тілі пәніне қажетті оқулықтармен, қазақ тіліндегі басылымдармен қамтамасыз етілген. Үшіншіден, Тіл туралы Заң тек ҚР азаматтарына ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылатын болғандықтан, мектебіміздің барша мамандарының тілдік біліктілігін арттыру мақсатында олардың тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық материалды–техникалық жағдайлар жасалған. Төртіншіден, мектепте оқитын балалардың қазақ тілінің білім деңгейлері әр түрлі: қазақ мектебінен келген, қазақша түсініп, сөйлейтін балалар, орыс мектебінен келген балалар және шетел балалары. Сондықтан бұл мектепте қазақ тілін оқыту әдістері де, оған қойылатын талаптар да басқа мектептерден гөрі өзгеше. Қазақ тілін оқытуда шет тілдерді оқытудың озық әдістемелері, деңгейлік және кіріктіре оқыту әдістері, пәнаралық байланыс, оқушылардың қызығушылығын, танымдық белсенділігін, тіл үйренуге деген ынтасын арттыру мақсатындағы түрлі ойын-жаттығулар т.б. қолданылады.
«Мирас» мектебінде қазақ тілі пән ретінде бала бақшадан бастап 11–сыныпқа дейін Халықаралық Бакалавриат (ІВ – International Baccalaureate) талаптарымен ұштастырылып, мемлекеттік стандарт негізінде құрастырылған кіріктірілген бағдарлама бойынша оқытылады. Аталмыш бағдарламаның ерекшеліктері: а) бағдарламаның жүйелілігі (біртұтас, “үздіксіз” бағдарлама) – мектептің барлық үш буынында да (бала бақша\бастауыш мектеп\негізгі мектеп) білім берудегі сабақтастық ұстанымы мен баланың жас ерекшелігі мүмкіндіктерін ескере отырып, жыл сайын күрделендіріліп оқытылатын білім мазмұнын қамтамасыз етеді; ә) қазақ тілін оқытуға арналған сағат санының көбеюіне байланысты ҚР білім беру стандартында көрсетілген білім мазмұнының тереңдетілген нұсқада берілуі; б) білім мазмұнының танымдық және тілдік материалдарды бір-бірімен ұштастыра құрастырылуы: сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында грамматикалық тақырыптардың мәтін немесе жеке айтылымдар негізінде берілуі; в) басқа пәндермен үйлестіріле және кіріктіріле алу мүмкіндігі; г) халықаралық бакалавриат талаптарына сай студенттердің білім алудағы жетістік деңгейлерін бақылауға арналған критерийлік бағалау жүйесімен қамтамасыз етілуі.
Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша пән ретінде оқытылатын тілдер А және В топтарына бөлінеді. А тілдер тобы «бірінші тіл», яғни ана тілі деңгейінде оқытылатын тілдер болып табылса, В тіліне «екінші тіл» ретінде дәріс берілетін тілдер жатады. Осыған сәйкес, «Мирас» мектебінде қазақ тілін оқыту мәселесі екі бағытта жүргізіледі: мемлекеттік тіл қазақ бөлімінде – «бірінші тіл», ал орыс бөлімінде – «екінші тіл» дәрежесінде.
Мектебіміз ашылғалы бері қазақ тілін «екінші тіл» ретінде оқыту барысында біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Соның бірі – қазақ тілінің Халықаралық Бакалавриат мектептері Ұйымында жыл сайын өткізілетін сыртқы модерация сынағынан өтетін пәндер құрамына еніп тіркелуі. Халықаралық Бакалавриат талаптары бойынша студенттер 10-сыныпты аяқтау жылы осы бағдарламаның сертификатін иемдену үшін алдын ала белгіленген пәндерден модерациялық (емтихан) жұмыстар орындауы қажет. Оқушылардың модерациялық жұмыстары ІВ ұйымы арқылы халықаралық тәуелсіз модераторлар (сарапшылар) тексеруінен өтеді. Сондай–ақ, «Мирас» мектебінің арнайы дайындықтан өткен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Халықаралық Бакалавриат Ұйымы құрамында халықаралық модератор және Дипломдық Бағдарлама бойынша А тілі ретінде оқытылатын қазақ тілі пәнінен халықаралық сынақ қабылдаушы болып тіркелгені де Қазақстанның әлемге танылуына өз үлесін қосары анық.
Қазақ тілі пәнінен өткізілетін модерациялық жұмыстар Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша В тілін (екінші тіл) оқыту және студенттер жетістіктерін бақылауға арналған нұсқаулық* бойынша дайындалады. В тілі тобына енетін пәндер бойынша жүргізілетін барлық модерациялық жұмыстар осы нұсқаулыққа негізделуі шарт. Халықаралық Бакалавриат талаптарына сай студенттер В тілі бойынша барлығы төрт жұмыс орындауы қажет: 1 эссе (шығарма), 1 сұхбат құру және мәтінмен жүргізілетін 2 жұмыс. Бұл жұмыстар алдын ала тақырыптық жоспар дайындау кезеңінде ескеріледі. Модерациялық жұмыстардың тақырыптары, оларды өткізу мерзімі, студенттермен дайындық жұмыстары оқу жылына құрастырылған күнтізбелік жоспарға енгізіледі. Бұл, әрине, оқушылар модерациялық жұмыс тақырыптары туралы күні бұрын хабардар болады деген сөз емес.
Модерациялық жұмыс түрлерінің орындалуы бірнеше кезеңнен тұрады: дайындық сабақтары, модерациялық жұмыстарды өткізу, студенттер жұмыстарын тексеру, әр студент бойынша модерация құжаттарын дайындау, орындалған жұмыстарды студенттердің жетістік деңгейлерін дәлелдеу мақсатында сыртқы модерация сынағына жіберу.
Эссе жазуға дайындық сабақтары кезінде жүргізілетін жұмыс түрлеріне оқылған кітаптар мен қаралған фильмдер бойынша пікір алмасу, газет-журналдардан алынған мақалаларды талдау, көркем әдебиет, энциклопедия және т.б. қанатты сөздер, ұлағатты айтылымдар, мақал-мәтелдер жинау жатса,
сұхбат құруға дайындық ретінде деректі фильмдер, теледидардан танымдық бағдарламалар, жаңалықтар қарау, олар бойынша пікір алмасу, жас тілші ретінде сұхбат, сауалнама жүргізу, өз ойлары және тұжырымдамаларымен бөлісу сияқты іс-әрекет түрлерін ұйымдастыруға болады. Модерациялық тапсырмалардың
мәтінмен жұмыс түрі бойынша, әдетте, дайындық сабақтары жүргізілмейді, бірақ тақырыптық жоспар құрастыруда, модерация талаптарына сай, мәтінмен жасалатын жұмыс түрлерін ескеру қажет.
Эссе жазуға арналған тақырыптар таңдауда оқушылардың жас ерекшелігін ескеру қажет. Ұсынылатын тақырыптар ретінде студенттердің қызығушылығын тудырып, оларды толғантатын, қазіргі өмір сұранысына сай, өзекті, көкейкесті мәселелер қарастырылуы абзал. Мысалға, «достық» тақырыбы бойынша «Жолдасы көптің олжасы көп» деген қазақтың мақалымен келісесіз бе?», «Қазіргі кезде адамдар достықсыз өмір сүре ала ма?», «Қиялдан туған достық. Сіз оған сенесіз бе?», «Достыққа қалай қол жеткізуге болады?» сияқты тақырыптар ұсынуға болады. Осы жастағы оқушыларды «махаббат» тақырыбы да аса қызықтыратыны мәлім. Оларға эссе жаздыру мақсатымен мынадай тақырыптар беруге әбден болады: «Достықтан махаббат туындай ма?» (осы тақырыпқа нақты мысалдар келтіре отырып ойтолғау жасау), «Махаббатсыз дүние бос...» (Ұлы ақын Абай өлеңдеріндегі махаббат тақырыбы), «Отанға адал махаббат жүректе жанар жалындап – осыны ұғын, Адамзат!» (отанға деген адал махаббат туралы патриоттық сезіммен өз ойын жеткізе білу), «Әлем Ана махаббатынан нәр алады» (ана махаббатының құдіретін қалай түсінесің?).
Сұхбат құруда «Көптілділік – заман талабы», «Менің сүйікті ісім (хоббиім)», «Мен ХХІ ғасырға сенемін», «Мектеп туралы», «Менің бос уақытым», «Менің Отаным» сияқты тақырыптар шеңберінде оқушы мен оқушы, оқушы мен мұғалім арасында әңгіме жүргізіледі. Сөйлеу барысында студентті өз ойын тереңірек жеткізіп айтуға ұмтылдыру мақсатында ұсынылған тақырып бойынша алдын ала дайындалған жетелеу сұрақтарын қолдануға болады.
Мәтінмен жұмыс түрі В тілін оқытуға арналған нұсқаулықта аналитикалық оқу деп беріледі. Бұл жұмыстың мақсаты - студенттердің оқу арқылы түсіну деңгейін байқау. Мәтінмен жұмыс түріне тапсырма ретінде жарнама басылымдары, журнал және газет мақалалары немесе көркем прозадан үзінділер және т.б. алынады. Таңдалған мәтін көлемі 750 сөзден кем болмауы тиіс. Оқуға арналған мәтін бойынша деңгейлік сұрақтар құрастырылады. Бұл сұрақтар аналитикалық оқу бойынша студенттердің білім деңгейін бағалауға арналған ұстанымдарға сай құрылуы тиіс. Деңгейлік сұрақтар құрастыру талаптары шамамен келесідегідей:
Жетістік деңгейі
|
Деңгейлік сұрақтарға қойылатын талаптар
|
1-2
|
қойылған сұрақ бойынша жауапты мәтіннен оңай тауып алуға болады
|
3-4
|
студент жауапты мәтінде айтылған деректер негізінде өз сөзімен жеткізеді
|
5-6
|
студент жауапты мәтінде суреттелген оқиғаларға сыни тұрғыдан қарап, жалпылап, қорытынды түрде береді
|
7-8
|
сұрақтар мәтінде сөз болған оқиға арқылы дәріптеліп отырған тағылым, үлгі-өнеге туралы студенттің бағасы, көзқарасы, пікірін білдіруге бағытталады
|
Мысал ретінде Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» атты әңгімесі бойынша құрастырылған деңгейлік сұрақтарды ұсынуға болады. Әңгіме мәтіні жеңіл болғандықтан, ол студенттерге модерациялық тапсырма ретінде, бейімделмей, өз түпнұсқасында берілді.
1-2 деңгей
-
Бай баласы Асан мен жарлы баласы Үсен не себепті жұртта қалып қойды?
-
Үсен көшкен ауылдың орнынан қандай заттарды тауып алды?
-
Жұрттан тауып алған заттарды не үшін қолданды?
-
Асан мен Үсен жол азығын қалай тапты және немен тамақтанды?
-
Үсен түнде неге ұйықтамады?
-
Моланы көргенде Үсеннің есіне әкесінің қандай кеңесі түсті?
-
Балаларды іздеп жүрген кімдер?
-
Шопандар Асан мен Үсенге не айтты?
3-4 деңгей
-
Әңгімеде бай баласы Асан неге Үсеннің айтқанына көніп, оған сенім артып тыңдады?
-
Осындай қиын жағдайда Үсеннің әкесінің сөздері қандай рөл атқарды?
-
Егер Асан жалғыз өзі көштен қалып қойса, онда ол ауылын таба алар ма еді?
5-6 деңгей
-
Ыбырай Алтынсарин бұл әңгімесінде өз кейіпкерлерін неге бірін – бай, бірін – кедей етіп бейнелеген?
-
Үсен жұрттан тауып алған көзі сынық ине, сынық пышақ, аттың қылдарының керек боларын қайдан білді?
-
Қалай ойлайсың, екі түрлі әлеуметтік ортада өскен балаларды автор неге осындай қиын оқиғаға душар етіп отыр?
7-8 деңгей
-
Бұл әңгіменің тәрбиелік мәні неде?
-
Неге Асан мен Үсеннің өздерін қоршаған ортаға деген көзқарасы екі түрлі?
-
Әңгімеде неге Үсеннің әкесінің ғана кеңестері келтірілген?
Осы тәрізді жұмыс түрлері халықаралық мектептерде «екінші тіл» ретіндегі пәндерді оқытуда кеңінен қолданылады. Тәжірибе көрсетіп жүргендей, мұндай жұмыстар жүргізу арқылы оқушылардың шығармашылық, зерттеу қабілеттіліктерін арттыруға мүмкіндік туады. Студенттердің сөйлеу, жазу, оқу, тыңдап түсіну сияқты біліктерін шыңдап, дамытуда осындай әдістемелік амал-тәсілдерді күнделікті сабақ түрлерінде де тілдік және танымдық материалдарды оқушылардың жас ерекшелігіне сай сұрыптап алып, пайдалануға әбден болады. Әсіресе, деңгейлік сұрақтар арқылы мәтінмен жүргізілетін жұмыстарды оқушылар білімін бағалау, өткен материалды қайталап, белгілі бір тақырып бойынша меңгерілген білім мазмұнын жинақтап, қорытуға арналған сабақтарға қолданған өте тиімді.
Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша, «екінші тіл» ретіндегі тілдерге қойылатын талаптарға сәйкес, оқушылардың тілдік біліктілігін қалыптастыруда студенттердің өз ойын жүйелі және дәлелді жеткізу шеберлігі, сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау барысына белсенді қатысу, әңгімені дұрыс бағытқа бұру, тілдік құралдарды дұрыс және әсерлі қолдану қабілеттерін дамытуға көбірек көңіл бөлінеді. Сондықтан оқушылардың тілді қандай деңгейде меңгергенін анықтау барысында, критерийлік бағалау жүйесіне сәйкес, студенттің сөйлеу дағдыларының қалыптасқандығы берілген ақпарат пен ондағы негізгі, қарапайым және күрделі ойларды қаншалықты дұрыс және толық жеткізуі, тосыннан жасалған әңгімеге қаншалықты кірісіп кете алатыны, сөздік қор мен қажетті грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолдану деңгейі сияқты бағалау ұстанымдары арқылы тексеріледі. Оқушының жазу дағдылары оның ақпарат пен негізгі ойды қандай дәрежеге дейін көрсете біліп, негізгі ойды қаншалықты дамыта алатыны, қолданатын сөздік қоры, грамматикалық құрылымдары және орфографиялық дағдыларының қалыптасқан деңгейі бойынша бағаланады. Студенттің меңгеріп жатқан тіл бойынша оқығанын түсіну деңгейін тексеруде берілген мәтіндегі негізгі ой мен сөз астарын анықтай алуы, оқығанына қорытынды жасап, өз көзқарасы мен қатысын білдіре алуы ескеріледі.
Әрине, сабақ сапасын жақсартуға, оқушылардың сабаққа ықыласын күшейтуге септігін тигізетін басқа да амалдар мен әдістер көп-ақ. Алайда, қазақ тілін өзінің мемлекеттік тіл мәртебесіне лайықты дәрежедегі қолданысқа ендіру мәселесінде оңтайлы шешімін таппаған кейбір жайлар әлі де болса баршылық. Жоғарыда ортаға салынған халықаралық мектептегі қазақ тілін «екінші тіл» ретінде оқытудағы іс-тәжірибе әріптестерімізге әдістемелік көмек бола алар деген сенімдеміз.
Қолданылған әдебиет:
1 Н. Назарбаев. Қазақстан – 2030. Алматы: ЮРИСТ, 2001.
2 Тіл туралы Заң.
3 Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
4 Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.
5 *MYP Language B Guide. IBO, 2006.
Ж. М. Кенченбаева,
филология ғылымдарының кандидаты,
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі