Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 15 шiлдедегi № 1022 Жарлығы
-->
ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Қазақстан-француз Президенттiк комиссиясын құру туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Қазақстан-француз Президенттiк комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат берiлсiн.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2010 жылғы 15 шiлдедегi
№ 1022 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы
Қазақстан-француз Президенттiк комиссиясын құру туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы,
2008 жылғы 11 маусымда Париж қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Стратегиялық әрiптестiк туралы шартты кеңейтуге ниет бiлдiре отырып,
екi мемлекеттiң халықтары арасындағы екiжақты ынтымақтасты және байланысты кеңейту мен нығайтуға деген тiлектерiн растай отырып,
екiжақты iс-қимылды жақсарту және бiрлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын iздестiру мақсатында ұдайы саяси консультациялардың тұрақты жұмыс iстейтiн тетiгiн қалыптастыруда екi мемлекеттiң ортақ мүдделерiн тани отырып,
мұндай тұрақты жұмыс iстейтiн тетiк саяси консультациялардың өткiзiлуiне икемдiлiк беруiне және екiжақты ынтымақтастық туралы келiсiмдер негiзiнде құрылған аралас комиссиялар мен комитеттердi енгiзуiне ниет бiлдiре отырып,
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев пен Француз Республикасының Президентi Н. Саркозидiң 2009 жылғы 6 қазанда қабылданған бiрлескен шешiмдерiне сәйкес,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Қазақстан-француз Президенттiк комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия) өзара мүдденi бiлдiретiн мәселелер бойынша саяси диалог пен пiкiр алмасудың тұрақты жұмыс iстейтiн тетiгiн қалыптастыру мақсатында құрылады.
2-бап
Комиссия:
Қазақстан-француз ынтымақтастығының жай-күйi бойынша пiкiр алмасу, екiжақты ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалы бағыттарын және өзара iс-қимыл нысандарын жетiлдiру жолдарын айқындау;
екiжақты халықаралық шарттар мен Тараптар арасындағы қол жеткiзiлген уағдаластықтардың орындалу жай-күйi мониторингi;
Тараптар арасындағы өзара iс-қимылды нығайтуға бағытталған басым ынтымақтастық бағдарламаларын әзiрлеу, екiжақты халықаралық шарттарын жоспарлаумен дайындау;
екiжақты қарым-қатынастардың проблемалық мәселелерiн талдау және реттеу мақсатында жұмыс iстейдi.
3-бап
Комиссияны Қазақстан Республикасының Президентi мен Француз Республикасының Президентi басқарады, олар тиiсiнше Комиссияның қазақстандық және француздық бөлiктерiнiң төрағалары болып табылады.
Қазақстан Республикасының және Француз Республикасының Сыртқы iстер министрлерi Комиссияның үйлестiрушiлерi (бұдан әрi - үйлестiрушiлер) болып табылады.
4-бап
Комиссияның құрылымына қол қойылған екiжақты құжаттар негiзiнде әрекет ететiн мынадай аралас комиссиялар (кеңестер, комитеттер) кiредi:
Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссия;
Қазақстан-француз iскерлiк кеңесi;
Қазақстан-француз бiрлескен әскери комиссиясы;
Әскери-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi комиссия;
Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелерi жөнiндегi аралас Қазақстан-француз комиссиясы;
Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi бiрлескен комитет.
Қажет болған кезде Комиссияның үйлестiрушiлерi қосымша комиссиялар, комитеттер және жұмыс топтарын қалыптастыру туралы ұсыныстар енгiзе алады.
Комиссиялардың отырыстары шеңберiнде конференциялар, бизнес-форумдар, көрмелер және тұсаукесерлер ұйымдастырылуы мүмкiн.
Тараптар департамент директорлары және Сыртқы iстер министрлерiнiң орынбасарлары деңгейiнде сыртқы саясат пен қауiпсiздiктiң өзектi мәселелерi бойынша саяси консультациялар өткiзедi.
5-бап
Қажет болған жағдайда Комиссияның отырыстарын дайындау Президенттердiң көмекшiлерi немесе Сыртқы iстер министрлерi деңгейiнде олардың халықаралық iс-шараларға қатысуы барысында немесе екiжақты сапарлары кезiнде талқылануы мүмкiн.
6-бап
Комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасында және Француз Республикасында кезекпен өткiзiледi. Отырыстарды өткiзу орны мен күнi дипломатиялық арналар арқылы айқындалады.
7-бап
Комиссияның отырыстарында төрағалық етудi қабылдаушы Тарап жүзеге асырады.
Комиссияның отырысын әзiрлеудi қабылдаушы Тарап жүзеге асырады.
Комиссияның отырысына үйлестiрушiлер Комиссияның құрамына кiретiн аралас комиссиялардың (кеңестердiң, комитеттердiң) қызметi туралы есептер ұсынады.
Комиссия отырысының қорытынды құжаты үйлестiрушiлер қазақ, француз және орыс тiлдерiнде әзiрлейтiн Хаттама болып табылады.
Үйлестiрушiлер Комиссия отырысында қол жеткiзiлген уағдаластықтардың iске асырылуының мониторингiн жүзеге асырады.
8-бап
Осы Хаттама 2008 жылғы 11 маусымдағы Шарт шеңберiнде қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Алматы қаласында 2010 жылғы 16 шiлдеде әрқайсысы қазақ, француз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасы үшiн Француз Республикасы үшiн