21-бап. Жоғарғы
Соттың сот алқасының төрағасы
1. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
1) сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;
1-1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
2) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
3) Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшiн судьялардың тиiстi құжаттарды дайындауын қамтамасыз етедi;
4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпарат бередi;
4-1) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.
Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда оның міндеттерін уақытша атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкімі бойынша Жоғарғы Соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктеледі.
22-бап. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы
1. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:
1) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;
2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезіндегі заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;
3) сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрмелер береді, нормативтiк қаулылар қабылдайды және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3-1) заңға сәйкес сот істерін қадағалау тәртібімен қарайды;
4) Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының және уәкiлеттi орган басшысының хабарламасын тыңдайды;
5) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi;
6) облыстық соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды талқылайды және тиісті қорытындылар шығарады;
7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыс Хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi, сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриін сайлайды;
7-1) сот төрелiгiн iске асыруының сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;
7-2) судья мантиясының нысаны мен сипатын бекітеді;
8) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Жалпы отырыс оған Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып табылады.
3. Жоғарғы Сот жалпы отырысының жұмыс тәртібі өзi бекiтетiн регламентпен белгiленедi.
3-бөлiм. СУДЬЯЛАР МӘРТЕБЕСI
1-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
23-бап. Судья мәртебесi
1. Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.
Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады.
Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi.
2. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгізуге болмайды.
24-бап. Судьялардың ауыстырылмайтындығы
1. Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады.
2. Судьялардың өкiлеттіктері тек қана осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
25-бап. Судьяның тәуелсiздiгi
1. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады.
Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.
2. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.
3. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.
4. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
26-бап. Судья тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi
1. Судьяның тәуелсiздiгi:
1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;
2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;
3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;
4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртібімен, судьяның орнынан түсу құқығымен;
5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.
2. Судьялар, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі мемлекеттің қорғауында болады.
Егер судьядан тиісті өтініш түссе, ішкі істер органдары судья мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін, оларға тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкілікті шаралар қабылдауға міндетті.
Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.
27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi
1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
Судьяға тиіспеушілік оның жеке басына, меншігіне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтік үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтік көлік құралдарына, оған тиесілі құжаттарға, багажына және өзге де мүліктеріне тиіспеушілікті қамтиды.
2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады. Судьяға қатысты арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргізілуі мүмкін.
3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.
28-бап. Судьяға қойылатын талаптар
1. Судья:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға , судьяның антына адал болуға;
2) сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әділдігіне, объективтілігі мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;
3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне және сот төрелiгiн iске асыру жөніндегі қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға;
4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.
2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.
29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Аудандық соттың судьясы болып:
жиырма бес жасқа толған;
жоғары заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар;
біліктілік емтиханын тапсырған. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген адамдар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады;
медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растаған;
сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бiтiрген адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етiлмейдi.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.
Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасалуы мүмкін.
Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.
4. Судьялыққа кандидаттар тұрақты негізде сотта тағылымдамадан өтеді.Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Ережеде айқындалады.
29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық куәландыру
1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растау үшін оған медициналық куәландыру жүргізіледі.
2. Судьяның кәсіби міндеттерін атқаруына кедергі келтіретін аурулардың тізбесі Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
30-бап. Соттың судьясы, төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымына кандидаттарды іріктеу
1. Судья қызметіне кандидаттарға тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан қызметке орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.
2. Жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос орынға орналасуға өтініш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады.
Жоғары Сот Кеңесі конкурстың нәтижелері бойынша жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
3. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар адамдардың арасынан ұсынылады.
Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттардың төрағаларының, сот алқаларының төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсынуы үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.
31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.
2. Жергілікті және басқа соттардың судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.
3. Жергілікті және басқа соттардың сот алқалары төрағаларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
4. Жоғарғы Соттың Төрағасын Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша бес жыл мерзімге Сенат сайлайды.
5. Жергілікті және басқа соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.
7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер олар тиісінше басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған немесе сайланбаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
Тиiстi сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
Жоғарғы Сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда осындай лауазымға тағайындалмаған Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылуы мүмкiн.
32-бап. Судьяның ант беруi
1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:
«Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн».
2. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.
4. Облыстық соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы мен судьясы, аудандық соттың төрағасы мен судьясы қызметіне алғаш рет тағайындалған адамдар облыстық соттың жалпы отырысында ант береді.
Судья төраға не сот алқасының төрағасы немесе басқа соттың судьясы болып тағайындалған кезде қайтадан ант бермейді.
33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру
1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:
1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;
2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;
3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келісім берiлсе;
3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;
4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.
2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымындағы өкілеттігі тоқтатыла тұрады.
3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
34-бап. Төрағаны, сот алқасы төрағасын және судьяны лауазымынан босату және олардың өкiлеттiктерiн тоқтату
1. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкiлеттiктерін тоқтату негiздері:
1) судьяның орнынан түсуі;
2) судьяның өз тілегі бойынша лауазымынан босауы;
3) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы;
4) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiнің заңды күшiне енуі;
5) осы судьяға қатысты айыптау үкімінің заңды күшiне енуі;
6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
7) судьяның қайтыс болуы немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмiнің заңды күшiне енуі;
8) судьяның басқа лауазымға тағайындалуы, сайлануы және оның басқа жұмысқа ауысуы;
9) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, егер судья басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
10) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, өкiлеттiк мерзiмiнің аяқталуы, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
11) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы, судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриінің шешімі;
12) зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толуы.
2. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша, не олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған кезде мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
3. Судья лауазымынан босату туралы шешiм:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
4. Судья лауазымынан босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеледі.
Осы Конституциялық заңның 31-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымынан олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң аяқталуына байланысты босату оларды осы соттың судьясы лауазымынан босатуға әкеп соқпайды.
5. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5) және 11) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер болып танылады.
34-1-бап. Судья лауазымында болудың шекті жасы
1. Судья Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді.
2. Судья лауазымында болуға оның шекті жасқа - 65 жасқа толуына дейін жол беріледі, бұл айрықша жағдайларда осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
35-бап. Судьяның орнынан түсуi
1. Мінсіз беделі, кемінде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, өкілеттіктерін тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
Судьяны орнынан түсу нысанында қызметтен босату судьяның орнынан түсу туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейін болса, он сегіз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде оның соңғы лауазымы бойынша біржолғы шығу жәрдемақысы төленеді.
3. Судьяның орнынан түсуі:
ол қылмыс жасаған немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасаған;
өз тiлегi бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
ол қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген жағдайларда тоқтатылады.
Судья кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқау кеңесiнiң құрамына кiрген, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрған жағдайларда оның орнынан түсуі тоқтатыла тұрады.
Судьяның орнынан түсуін тоқтата тұруды Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
Егер судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға негіз болған мән-жайлар жойылса, судьяның орнынан түсуі қалпына келтіріледі.
4. Судья орнынан түсуі тоқтатылған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігінен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктерден айырылады.
Судьяның орнынан түсуі тоқтатыла тұрған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігі мен осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктердің қолданылуы да тоқтатыла тұрады.
5. Орнынан түсуді тоқтату судьяны орнынан түсуіне байланысты лауазымнан босатудың сол тәртібімен жүзеге асырылады.
<предыдущая страница | следующая страница>