Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Бекітемін:
Оқу ісі жөнідегі проректор
___________ Е. Щербик
«___» _________ 2003
«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»
дәрістер курсы
Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған
оқу құралы
Өскемен
ШҚМУ Баспасы
2003
УДК 5 (075.8)
Пікір жазғандар:
биология ғылымдарының докторы, профессор Ж.У.Мамутов
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент М.Н.Чукотаев
Забенова Г.Б.
«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»: оқу құралы. – Өскемен: ШҚМУ Баспасы, 2003. – 123 бет.
Дәрістер курсына “Қазірігі жаратылыстану концепциялары” пәні бойынша оқылатын дәрістер (материалдары) бірнеше тақырыптар бойынша жинақталып, құрастырылған.
Сонымен қатар, негізгі тақырыптар бойынша жүргізілетін семинар сабақтарының сұрақтары, реферат, баяндамалар тақырыптары, қажетті әдебиеттер тізімі берілген.
Дәрістер курсы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған.
КІРІСПЕ
«Қазіргі жаратылыстану концепциялары» жоғарғы оқу орындары бағдарламасында енген жаңа пәндердің бірі. Бұл пәннің оқу бағдардамасына енгізілуі жоғары білімді мамандардың кең ғылыми көзқарасты болып даярлануын мақсат етеді.
Сонымен қатар, өмірдегі жаратылыстану ғылымының барлық жетістіктері жалпы ғылымдық маңыз алып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарда да кеңінен қолданылады.
Мемлекеттік тілде жазылған қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттердің жоқтығынан бұл курсты қазақ бөлімі студенттеріне оқыту біраз қиыншылықтар тудырады. Осыған байланысты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдістемелік кеңесі ұсынған типтік оқу бағдарламасын, Ресей жоғарғы оқу орындарында пайдаланып жүрген «Қазіргі жаратылыстану концепциялары» бойынша жазылған әдебиеттер мен оқулықтарды негізге ала отырып, осы дәрістер курсы құрастырылды.
Дәрістер курсының мазмұнына мынандай негізгі тақырыптар енгізілген. Адамзат дүниетанымы мен қызметіндегі ғылымның алатын орны мен ерекшеліктері. Ғылыми теориялардың мазмұндық және логикалық құрылымы. Антикалық уақыттан қазіргі кезеңге дейінгі ғылыми зерттеу бағдарламалары мен қазіргі жаратылыстану салаларының тарихы. Жаратылыстану дамуының қазіргі кезеңіндегі физика, химия, биология, география ғылымдарының негізгі концепциялары. Қазіргі ғылымның интеграциясы мен космизиясы және жаңа биосфералық дүниетанымның қалыптасуы.
Жаратылыстану ғылымының негізгі мәселелерін осындай жүйемен беру арқылы бүкіл әлемнің ғылыми жаратылыстық бейнесімен таныстыру, табиғаттың біртұтастығы мен даму заңдылықтарын, қазіргі жаратылыстану концепцияларын түсіндіру мақсат етіліп қойылды.
Дәріс курсын құрастыру кезінде автор баяндалатын материалдарды әр түрлі мамандықтар бойынша оқитын студенттер үшін түсінікті, қарапайым тілмен беруге тырысты. Курсты оқытуды терең әрі мазмұнды ету үшін дәрістер мәтініне қоса семинар сұрақтары және көптеген әдебиеттер мен оқулықтар тізімі ұсынылды.
Курс мазмұнының күрделілігіне байланысты, бұл еңбекті құрастыру барысында берілген ескертпелер мен кеңестер үшін автор өз ризашылығын білдіреді.
Лекция 1 Ғылым және оның қоғам өміріндегі рөлі
Ғылым анықтамасының мәселелері
Ғылымның, философияның және діннің арақатынасы
Ғылым құрылымы, атқаратын функциялары
Ғылымға қойылатын критерийлер
Ғылым анықтамасының мәселелері
Адамзат өзінің даму тарихы барысында қоршаған әлемді танып-білудің және игерудің бірнеше тәсілдерін меңгерді. Сондай тәсілдердің біріне сөзсіз ғылымды жатқызуға болады. Ғылым-қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Себебі қоғамдағы сан-салалы мәселелер ғылымның көп жағдайда ғылымның араласуымен шешіледі.
Адам өміріндегі ғылымның орны мен рөлін түсіну осы уақытқа дейін аяқталмаған күрделі процесс. Бұл процесс қиыншылықтар мен қайшылықтардың, талас-тартыстың, күмәнді сұрақтардың, көптеген жаңа мәселелердің пайда болуымен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында ғана ғылымның мәні мен ерекшеліктерін, оның даму және қолдану механизмдерін қарастыратын, сонымен қатар, ғылымның білім жүйесі әрі ерекше әлеуметтік институт ретінде даму заңдылықтарын зерттеуге бағытталған «ғылымтану» атты жаңа пән пайда болды.
Ең алдымен, ғылымтанушылардың назар аударған мәселесі – латынша «Scientia» сөзінің этимологиясы болды, оның мағынасы «білім» дегенді білдіреді. Ал кез келген білімнің ғылым емес екендігі белгілі. Білім – адамзаттың әр қилы тіршілік ету сферасынан: қарапайым өмірден, саясаттан, экономикадан, өнерден тағы басқа жағдайлардан алынады. Ғылым – тәжірибе жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Бұл әлемнің субъективті элементі болып саналатын адамзатқа, оның игілікті бағдарына шамалы ғана рөл бөлінеді (бұл үшін өнер, мораль, дін бар). Сондықтан бір-бірін толықтыра отырып, мәдениеттің бұл құрамдас бөліктері табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.
Ғылымның, философияның және діннің арақатынасы
Тарихта мәдениеттің бір сферасының екіншісіне зиянын тигізе отырып ерекше бөлініп шығуының мысалдары көп. Ең алдымен бұл орта ғасыр мен жаңа уақыттағы ғылымның, философияның және діннің арақатынасына байланысты. Ортағасырлық ғылым діннің билігінде болғандықтан, антикалық ғылымның жетістіктері ұмытылуға айналып, ғылым бірнеше қадам артқа шегінгені белгілі. Тек қана XIX ғасырда жаратылыстанудың жетістіктеріне байланысты ғылым адамзат пен қоғам дүниетанымында, мәдениетінде басымдылыққа ие болды.
Содан бастап ғылым мен философия арасында осы уақытқа дейін басылмаған дау-дамай басталды, олардың әр қайсысы шындықты айқын көрсету құқығына ие болғысы келді. Ғылым ешбір шектеусіз барлық сұрақтарға жауап беріп, адамзатты жарқын болашаққа бастауды мақсат етті. Әдетте мұндай болашақ ғылым мен техниканың жетістіктерінен болатын материалдық игілік пен тоқшылықты білдіретін ХХ ғасырдың басындағы адамзаттың көп бөлігіне қатысты тіршіліктің төменгі деңгейінде болашаққа деген мұндай көзқарас бұқара халық тұрмақ. Саясаткерлерге де, тіпті ойшылдарға да (философтар, жазушылар, суретшілер) түсініксіз боп қала берді. ХХ ғасырдың басында философтар мен мәдениеттанушылардың аз бөлігі бұл жолдың апатқа бастайтынын ашық айтты. Бұл ХХ ғасырдың ортасында атом қаруын жасау экологиялық апаттың төнуі арқылы расталды.
Соған қарамастан, сциентизм идеологиясының қалдықтары ғылымның жалғыз ғана құтқарушы екендігіне сену – осы уақытқа дейін сақталып келеді. Ағартушылық қойнауынан дамып, позитивизм философиясында дамыған бұндай көзқарас ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғамдық және гуманитарлық пәндерден жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін асыра мақтап көрсетуге көшті. Осы сенім планетаның қазіргі жағдайына, термоядролық апат қаупіне, ең бастысы – мәдениеттің этикалық және эстетикалық көрсеткіштерінің төмендеуіне, технократтық психологияның күшеюіне әкеп соқтырды.
Сөз жоқ, ғылым – адамзат мәдениетінің орасан зор жетістігі болып саналады. Ол адамзат өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жеңілдетіп, тәуелсіз етеді және материалдық, рухани байлықтың негізіне айналады.
Ғылым адамзат мәдениетінің бір сферасы ғана, оның өз ерекшеліктері мен мақсаттары бар, бұларды басқа түрге қолдан өзгертуге болмайды. Ал ғылым жеке өзі адамзат өркениетінің ең жоғарғы құндылығы бола алмайды, ол – тек адамзат өмір сүруіндегі әр түрлі мәселелерді шешетін бір құрал ғана. Қалыпты, үйлесімді қоғамда ғылымға да, өнерге де, философияға да, дінге де, адамзат мәдениетінің басқа да құрамдас бөліктеріне бір уақытта орын табылады.
Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты біз ғылымға нақты анықтама бере аламыз.
Ғылым – жаратылыс туралы обьективті білім жиынтығы болып саналатын адамзат мәдениетінің бір бөлігі. Бұл түсініктің мазмұнына сонымен қатар білімді алу процесі мен оларды адамзаттың тәжірибелік өмірінде қолдануының түрлері мен механимздері кіреді.
следующая страница>