Лекция 2 Ғылыми теория. Теорияның құрылысы мен негіздері.
Ғылыми-танымдылық әдістемелер. Ғылыми білімнің дамуы
Теория – ғылыми білімнің формасы. Теория және ғылыми бағдарламалар.
Ғылыми теорияның құрылысы.
Ғылыми теориялардың классификациясы.
Ғылыми түсініктер және олардың пайда болуы жағдайлары
Ғылыми-танымдық әдістемелер.
Ғылым заңдары.
Ғылыми білімнің дамуы. Ғылыми революциялардың ерекшеліктері.
Теория – ғылыми білімнің формасы. Теория және ғылыми бағдарламалар
Ғылымды қоғамдық сананың формасы ретінде түсіну және ақиқат туралы нақты білім беретін мәдениет сферасы ретінде қарастыру – толық емес және аяқталмаған жағдай. Ғылыми білімнің пайда болуының формалары туралы мәселелер толығымен шешілген жоқ. Ғалымдар ғылыми білімнің негізгі формасы ғылыми теориялар деп санайды.
Теория ғылыми білімнің ең күрделі және дамыған формасы. Генетикалық жағынан, классификациялау секілді оның қалыптасуына негіз болған формалардан кейін пайда болды. Сондықтан, теориялар сондай программалар мен парадигмалардың негізінде пайда болады. Парадигма – дегеніміз – нақты бір ғылыми зерттеуді анықтайтын және ғылым дамуының белгілі бір кезеңінде танылған алғы шарттардың жиынтығы. Осы парадигмалар шеңберінде теорияларда қолданылатын ең маңызды базистік жағдайлар анықталады, ғылыми түсінік беру мен ғылыми білімді ұйымдастырудың, оған баға берудің үлгілері қарастырылады. Ал бұл базистік жағдайлардың ортақтастығы ғылыми программалар негізіне жататын философиялық принциптермен анықталады.
Қоғам мәдениетінің әркелкілігіне байланысты бір мәдени-тарихи біртұтастықтың шеңберінде бірнеше ғылыми программалар қалыптасады. Сонымен бірге бір ғылыми теориялар тудырады. Ғылым мен мәдениеттің байланысын жете түсінбеу – ғылым дамуы мен ғылыми парадигмалардың ауысуын көрсететін себептерді анықтаудың мүмкін еместігі мәселесіне әкеліп соғады.
Ғылыми теорияның құрылымы
Ғылыми теорияның құрылымын зерттеуге кірісерде оның мазмұндық және формальдық жақтарын да ескеру қажет.
Мазмұны жағынан теория – ең алдымен, эмпирикалық базистен, атап айтқанда, тәжірибелер барысында анықталған және теориялық түрде қорытындылауды қажет ететін білім фактілерінің жиынтығынан; теорияның логикалық аппаратынан, яғни теория шеңберінде қарастырылатын қорытындылар мен дәлелдемелерден; теорияның өзінен, яғни дәлелдерімен қоса алынған тұжырымдамалардан тұрады.
Дегенмен теорияны талдаудың формальды жағы да қызықты. Бұл жағдайда теория объектіге постулаттар, аксиомалар, жалпы заңдар түрінде анықтама береді. Олар көбінде басқа теориялардың терминдері арқылы анықталып, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар түрінде болады.
Теорияның өзіндік негіздеріне логикалық тұрғыдан оның қалған терминдерімен сөйлемдерді толықтырып тұратын негізгі термин сөздер мен сөйлемдер жатады.
Сонымен қатар, теорияның қосымша негіздері де бар. Олар бірнеше топқа бөлінде:
1) Семиотикалық негіздер – теорияның тілін қалыптастыру ережелері. Көптеген ғылыми теориялар табиғи тілді (біз өзіміз қолданып жүрген) қолданады, ал кейбір теориялар үшін формальды тілді (мысалы компьютерлік бағдарламалардың тілдері) қолдану қолайлырақ болады.
2) Методологиялық негіздер – сол ғылым пайдаланатын әдістемелер. Олар басқа теориялардан, ғылымдардан алынуы мүмкін.
3) Логикалық негіздер – бұл теория терминдерін сөйлемдерін логикалық түрде жүйелеу.
Қазіргі теориялар көпке әйгілі «аристотельдік» логиканы ғана пайдаланып қоймайды, сонымен қатар көптеген классификациялық емес логикаларды да қолданады.
Прототеориялық логикалар – бұлар белгілі бір теорияның негізі болып саналатын теориялар негізі болып саналатын теориялар. Мысалы, физика үшін математика, ал жалпы жаратылыстану философиясы үшін – барлық жеке жаратылыс ғылымдары тағы басқа.
Философиялық негіз – теорияны негіздеуге, оның мәселелерін шешуге арналған философиялық принциптер мен категориялар. Философиялық негіздер белгілі бір ғылымның жаңалануына және негізгі мәселелерін шешуге көмектесуі тиіс.
Ғылыми теориялардың классификациясы
Ғылыми теориялардың мәні және пайда болуы туралы зерттеген кезде оларды классификациялауға да мән берілуі тиіс. Ғылым зерттеушілер әдетте ғылыми теорияларды үш түрге бөледі.
Бірінші түрге жататындар – сипаттамалық (эмпирикалық) теориялар жатады. Мысалы: Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы, И.Павловтың физиологиялық теориясы тағы басқа көптеген тәжірибелік (эмпирикалық) мәліметтердің негізінде бұл теориялар белгілі бір объектілер мен процестерді сипаттайды.
Ғылыми теориялардың екінші түрі математикаландырылған ғылыми теорияларды құрайды. Теориялардың бұл түріне теориялық физика саласындағы теориялар жатады. Көп жағдайда бұл теориялар аксиомалар түрінде беріледі.
Үшінші түрге жататындар – дедуктивтік ғылыми теориялардың жүйесі.
Алғашқы дедуктивтік теория Евклидтің «Бастамалары». Бұл теориялардың негізгі мазмұны ең басында беріледі де, ал бұдан шығатын қорытындылар теорияға соңынан енгізіледі. Дедуктивті теориялар әдетте ерекше бір шартты тілмен беріледі.
Аталған әрбір ғылыми теориялардың мазмұны мен ерекшеліктері – олардың пайда болуы – ғылыми түсініктердің қалыптасуымен тығыз байланысты.
Ғылыми түсініктер және олардың пайда болуы жағдайлары
Түсінік дегеніміз – заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен қатынастары бойынша берілетін санадағы бейнесі, сонымен қатар, заттарды жалпы белгілері бойынша жіктейтін немесе біріктіретін ойлау формасы.
Оларды эмпирикалық және теориялық түсініктер деп бөлуге болады. Олардың арасында абсолюттік шекара жоқ.
Әдетте эмпирикалық түсініктерге реальды шындық жағдайындағы құбылыстар мен заттарға байланысты түсініктер жатады, ал теориялық түсініктер де объективті өмірдегі заттар мен құбылыстарға байланысты, бірақ олардың негізгі қасиеттеріне бірден байқала бермейтін гипотетикалық қасиеттері алынады.
Мысалы, «температура» деген түсінікке біз эмпирикалық және теориялық тұрғыдан анықтама берелік. Эмпирикалық деңгейде бұған сынап бағанының биіктігі арқылы анықтама беруге болады, ал теориялық деңгейге келетін болсақ, температураны дене молекулаларының орташа кинетикалық энергиясына пропорционал шама ретінде қарастыруға болады. Бұл жерде еске ала кететін бір жағдай: кез келген идеалдық объектіні сипаттау үшін реальды қасиеттер мен қатынастрады пайдалану шарт емес, гипотетикалық тұрғыдан қарастыру да жеткілікті.
Ғылымның мақсаты - әр түрлі заттар мен құбылыстардың қайталанып отыратын маңызды қасиеттері мен қатынастарын көрсететін жалпы заңдарды анықтау.
Ал бұл мақсат ғылыми абстракция арқылы жүзеге асады.
Абстракция ғылыми теорияға сәйкес келуі керек.
Ғылыми танымдық әдістемелер
Әдістеме дегеніміз – қалаған нәтижеге жетуге көмектесетін әрекеттер жиынтығы.
Әдістеменің маңызын Жаңа уақытта ең алғаш рет француз математигі әрі философы Р.Декарт өзінің «Әдістеме туралы талдау» атты еңбегінде атап көрсетті.
Әдістеме адамдардың қабілеттерін теңестіріп қоймай, олардың қызметін де біркелкі жүйеге түсіреді, ал бұның өзі барлық зерттеушілердің бірдей нәтижелер алуына көмектеседі.
Әрбір ғылым саласының өз зерттеу пәні болуымен қатар, өзіне тән зерттеу әдістемелері бар. Пән мен танымдық әдістеменің бірлігін негіздеген неміс философы Гегель.
Ғылыми әдістеме зерттеудің әр деңгейінде қолданылатын жеке-жеке әдістемелерден тұрады. Сондықтан, олар теориялық және эмпирикалық әдістемелер болып бөлінеді.
Теориялық деңгейдегі ғылыми зерттеулер әдістемелеріне мыналарды жатқызуға болады:
1) формальды – зерттелетін процестердің мәнін ашатын абстрактылы-математикалық жобалар жасау; 2) аксиомалық теорияларды дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар түрінде құру; 3) гипотетикалық дедуктивті әдістеме – бір-бірімен дедуктивті түрде байланысқан гипотезалардың жүйесін жасау.
Ал эмпирикалық әдістемелерге жататындар: бақылау – объективті жағдайдың құбылыстарын мақсатты түрде қабылдау, сезіну; сипаттау – объектілер тәралы мәліметтерді тіл құралдары арқылы жеткізу; өлшеу – объектілерді ұқсас қасиеттері мен жақтары бойынша салыстыру; эксперимент (тәжірибе) – құбылыстарды қайталау мақсатымен арнаулы жасалған және бақыланған жағдайларды зерттеулер жүргізу.
Сонымен қатар, жалпы әдістемелерді де бөліп қарауға болады, олар:
1) анализ - тұтас заттарды толық зерттеу жүргізу үшін жеке құрамдас бөліктерге бөлу;
2) синтез – заттың бұрыннан жіктелген жеке құрамдас бөліктерін бір тұтас жүйеге біріктіру;
3) астракциялау – зерттелетін құбылыс үшін маңызы жоқ қасиеттер мен қатынастар арасынан қажетті қасиеттер мен қатынастарды бөліп алып қарастыру;
4) қорытындылау – нәтижесінде объектінің жалпы қасиеттері мен белгілері анықталатын ойлау тәсілі;
5) индукция – жалпы қорытынды жекелеген жағдайлардан жасалатын зерттеу әдістемесі;
6) дедукция – жалпы қорытындыдан жекелеген пікірлер тудыратын талдау тәсілі;
7) аналогия – объектілердің бір белгілерінің ұқсастығы бойынша, келесі бір белгілерінің де ұқсастығын анықтауға арналған ғылыми тәсіл;
8) жобалау – объектіні оның көшірмесін жасап, зерттеу;
9) классификациялау – барлық зерттелетін заттарды маңызды бір белгілері арқылы жеке топтарға бөлу.
Қазіргі ғылымда сонымен қатар статистикалық әдістемелердің маңызы зор, олар зерттелетін заттардың барлығын сипаттайтын орташа мәндерді анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кездегі жаратылстанудың бір ерекшелігі зерттеу әдістемелері алынатын соңғы нәтижеге үлкен әсерін тигізеді.
Ғылым заңдары
Ғылыми танымның мақсаты – шындықты айқын бейнелейтін ғылым заңдарын құру. Табиғатта заттар мен құбылыстар арасында тұрақты түрде қайталанып тұратын байланыстар, яғни объективті заңдылықтар бар. Осы объективті заңдылықтардың бейнелері заңдарды туғызады. Заңдар үнемі объективті сипатта болады, яғни объективті дүниенің құбылыстарын байланыстыратын реальды процестерді білдіреді. Заңдар танымның сатылары іспеттес. Оларды ортақтық дәрежелеріне байланысты бірнеше түрге бөлуге болады:
жеке заңдар (ғылымның шектеулі салаларына ғана қолданылатын),
ортақ заңдар (бірнеше ғылыми салаларда қолданылатын заңдар),
жалпы заңдар (болмыстың іргелі заңдары).
Заңның негізгі белгісі – әмбебаптық және шындықты айқын көрсету.
<предыдущая страница | следующая страница>