Түсініктеме
Мен сабақта тіл дамытудан « Қыс келді» тақырыбын алдым. Сабақ ортаңғы топ балаларымен өткізілді. Сабаққа он екі бала алдым, жарты топпен өткізілді. Сабақты біріктірілген сабақ түрінде өткіздім. Сабақ «Қатынас», «Таным» , «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» салаларын қамтыды. Бағдарламаға сай болды. Сабақ барысында көрнекі құралдар, «Қыс» тақырыбына арналған суреттер, жан-жануарлардың суреттері қолданылды. Таңертеңгілік шеңберде балалар бір-біріне, апайына, қонақтарға жақсы тілектер айтты.Сабақ алдында « Ұшты-ұшты» ойыны ойнатылды. Сөз тіркестері мен сөйлемдер арқылы балалардың тілі дамиды. Балалар суреттерге қарап, әңгіме құрап үйренді. Сабақ барысында қонаққа Ақшақар келіп, балалардың қызығушылығын одан ары арттырды. Ол Аяз атадан хат әкелді. Ол хатта тапсырмалар болды. Балалар осы тапсырмаларды толық орындады. 5-ке дейін санауды біледі. Балалар алған білімдерін практика түрінде қолдана білді. Алдын ала өздері салған ағаштарды әсемдеп, қар салды. Сабақ барысында «Жақсы-жаман» ойыны ойнатылды. Сабақ барысында қыс тақырыбына арналған музыка қойылды, балалар сурет салғанда әсем музыка үнімен жақсы көңіл күйде сурет салды. Салынған суреттерін өздері тамашалап, өз жұмыстарына қуанды. Сабақ соңында қорытындылап, бүгін не үйренгендерін сұрадым. Балалар бүгін не үйренгендерін, не салғандарын таласа айтты. Сабақ өз мақсатына жетті.
Білім беру саласы: «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық» , «Әлеуметтік орта».
Бөлімі: Тіл дамыту.
Тақырыбы: «Қыс келді».
Мақсаты: Балалардың қыс туралы білімдерін толықтыру, байланыстырып сөйлеуге үйрету, суретке қарап әңгіме құрауға үйрету, сөздік қорын молайту, балаларды табиғатты сүюге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсіл: Көрнекілік, сөздік, ойын, практикалық.
Көрнекілік: Қыс тақырыбына арналған суреттер, жануарлардың суреттері, қысқы орман дыбысы жазылған дискі, алдын ала параққа салынған ағаштар бейнесі, сулықтар, қылқаламдар, бояулар.
Сөздік жұмыс: Қыс – зима, қар – снег, суық – холодно.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі. Балаларды шеңберге жинайды. «Сәлеметсіздер ме? Күлімдейді күніміз,
Жадырайды жүзіміз.
Тамашалап сабақты,
Көңілденіп жүріңіз!» деп балалар қонақтармен амандасады.
Ойын: «Ұшты-ұшты!».
Ұшты, ұшты, ұшақ ұшты,
Ұшты, ұшты, пышақ ұшты!
Ұшты, ұшты, тырна ұшты,
Ұшты, ұшты, сырмақ ұшты!
Ұшты, ұшты, қар ұшты,
Ұшты, ұшты шар ұшты! (Балалар ұшатын зат аталса, қолдарын соғады, ал ұшпайтын зат аталса, отыра қалады.)
Сұрақтар.: - Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
-
Оны қайдан білесіңдер?
-
Қыстың басқа жыл мезгілдерінен қандай айырмашылықтары бар?
2. Негізгі бөлім.
Жұмбақ: Ақ күміс қолға қонады,
Ұстасаң тамшы болады.
( Қар).
Балалар, мына суреттерге қарап, не көріп тұрғандарыңды айтыңдаршы.
Бұл жерде жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны қайдан білесіңдер? Ағаштар қандай? Балалар не істеп жатыр? Олар қалай киінген? (Балалардың жауаптары). Сөздік жұмыс: Қыс - зима, қар – снег, суық – холодно. Педагогтің әңгімесі: «Қыс. Күн суық. Қыста қар жауады. Ағаштар аппақ қар жамылған. Қыста құстар сайрамайды. Балалар шанамен, шаңғымен, конькимен сырғанап жүр. 2-3 баладан сұрайды.
Ойын: «Жақсы-жаман».
Қыстың несі жақсы, несі жаман екенін айтып берейікші.
Жақсы Жаман
Жаңа жыл Күн аяз болады.
Коньки тебеміз. Жел тұрады.
Шаңғы тебеміз. Тоңамыз.
Шанамен сырғанаймыз. Құстар мен аңдар азық таба алмайды.
Ойын ойнаймыз.
Аққала жасаймыз.
Тәрбиеші: Қараңдаршы, қыстың жақсы жақтары көп екен.
Есік қағылып Ақшақар кіреді. Балалармен амандасады. «Менің сендерге жасыратын жұмбағым бар. Шанамен зырлап желетін, Шаңғы ,коньки тебетін.Аққала жасап ойнайтын, Қай мезгіл деп ойлайсың?» Балалар жауабын айтады. « Сендерге Аяз Атадан хат әкелдім» ,дейді. Тәрбиеші хатты ашып қарайды .Ішінде тапсырмалар бар екен. 1-тапсырма. 1-ден 5-ке дейін санау .( 2-3 баладан сұрайды.) 2-тапсырма: Үй жануарларын ата. (3 бала үй жануарларын көрсетіп атайды.) 3-тапсырма: Жабайы жануарларды ата. (3 бала жабайы жануарларды көрсетіп, атайды. Олардың қайда мекендейтіндерін айтады.)4-тапсырма: Қыс туралы өлеңдер.
«Жаңа жыл, Жаңа жыл,
Сені күттік елеңдеп.
Өзіңменен ілесіп,
Аяз ата келер деп.
Аппақ қар шағылысып жылтырайды,
Алыста мұнартып тау бұлдырайды.
Неткен ғажап мынау әсем өлкем менің,
Мәңгілікке мен сені бір қимаймын.
Қарай бергім келеді, қарай бергім,
Кең де шексіз мынау әсем далама.
Жүре бергім келеді,жүре бергім,
Серуендеп осы таза ауада.» деп 3 бала тақпақ айтады.
Сергіту жаттығуы: « Аппақ, аппақ, ақша қар,
Қалқып жерге қонады.
Ағаштар да жалаңаш,
Суықтан бәрі тоңады.» (Балалар осыған сай қимылдар жасайды). Балалар дайындалған столдардың жанына барып отырады. Онда алдын ала салынған ағаштарды қармен әсемдеді. Біткен жұмыстарды тақтаға іліп қояды. Балалар өздері салған жұмыстарды тамашалайды. «Қандай әдемі қысқы орман пайда болды!».
Қорытынды бөлім. Сабақты қорытындылау. Бүгін не туралы айттық? Қандай сурет салдық? Сабаққа жақсы қатыстыңдар. «Қоштасу шеңбері».«Қане, шеңбер құрайық,
Қол ұстасып тұрайық.
Көп нәрсені білейік, Аман болып жүрейік», деп балалар қонақтармен қоштасады. Сабақ осымен аяқталады.
Пайдаланылған материалдар






























