Перейти на главную страницу
Д.А. Буравов белсенді қоғам қайраткері болып та көзге көрінді. Ол екі рет Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат болып, 14 рет облыстық партия комитетінің мүшесі, 9 жыл бойы қалалық Кеңестің депутаты, 6 жыл республикалық металлургия өндірісінің кәсіподақ мүшесі болды. Д.А. Буравов көп жылғы жемісті еңбегінің арқасында үкіметке де, халыққа да қадірлі болды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал мақтау грамоталарды КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан екі рет, ВЦСПС Президиумынан, Қазақстан Республикасының кәсіподағынан, облыстық кәсіподақтан 3 рет алды.
Дмитрий Александровичтің біздің қаламыздағы 35 жылғы еңбегін айтар болсақ, ол қаламыздың көркеюіне, экономикасын, өндірісін дамытуына, мәдени-әлеуметтік жағынан да өсуіне зор үлес қосты.
Сондықтан 1976 жылы Д.А. Буравовқа «Балқаш қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Николай Васильевич Зайцев арнаулы әдебиеттерді көп оқып, тау - кен ісіне енгізіліп жатқан жаңалықтарды Қоңырат кенішінде игеруге күш салды. Ол қай жерде жаңаша тәжірибе жүргізіліп жатса, сол өнеркәсіпке қоңыраттық мамандарды жіберіп, тәжірибе алмастырып жүретін. Ал Қоңыратқа «Якуталмаз» және Тырнауз кен-байыту комбинатынан, Алмалық пен Зырьяннан, Ресей, Армения, Украинадан да тәжірибе алмасуға көптеген мамандар келетін. Сөйтіп, жаңа техника мен еңбектің жаңаша әдістерін меңгерген Қоңырат кеншілері сол кездері ең жоғары дәрежелі мамандар болып саналатын. Диспетчерді карьердің барлық бөлімшелерімен байланыстырып отыратын басқарудың кешенді жүйесі Қоңыратта бірінші болып енгізілді. Бұл әлемдік тәжірибеге енген жаңалық болды. 1987 жылы Н.В. Зайцевке «Балқаш қаласының құрметті азамат» атағы берілді.
... Иә, ол сонау 1942 жылдан бері күні бүгінге дейін Балқашта мыс бұлағын тасқындатуға, алтыны мен күмісін ағызуға үлкен үлес қосып келеді. Смена басқарушысы болып істеген 20 жылдың ішінде ол жетекшілік еткен ұжым талай сындардан сүрінбей өтті. Коммунистік еңбек ұжымы атағына 17 рет ие болды. Социалистік жарыста үздік шыққаны үшін «Октябрьдің 50 жылдығы» есімі берілді. Жылқыбайдың табыс сыры неде екенін білу үшін оның әріптестері — еңбектес адал достары айтып, жазып қалдырған естеліктерін зерттеуге тура келді.
«Жылқыбайдың ерекшелігі, - депті флотаторшы Нұрғазы Смағұлов, - кісіге талап қоя біледі. Қажетті жерде қамқорлық жасауға дайын. Мұнда қандай артықшылық бар деуіңіз мүмкін. Айтайық. Жылдық жоспар айлық жоспарлардың жиынтығы, айлық жоспар күнбе - күнгі тапсырмалардан құралатыны баршамызға аян. Осыған көпшілік жете мән бермейді. Бүгінгі олқылықтың орнын ертең-ақ толтыра салармыз деп арқаны кеңге салып жүре береді. Жылқыбай болса бұған қарсы. Оның девизі: «Бүгінгі іс ертеңге қалмасын». Күнделікті тапсырманы ұдайы орындау өз күшімізді дұрыс шамалауға, қосымша міндеттемелер қабылдап, оны дер кезінде орындап шығуға мүмкіндік береді. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» деген. Мен Жылқыбайдың бір қырын ғана айтып отырмын», - депті Нұрғазы.
Басқа әріптестерінің сөзіне қарағанда, Жылқыбай құрғақ үгіттен, ақылгөйліктен бойын аулақ ұстайды. Қандай бір игілікті істі алып кетеді де, өз үлгісімен басқаларды қатарға тартады екен. Сөйтіп Жылқыбай өзіне де, өзгеге де зор талап қояды.
Жылқыбай жастарға ұстаз болды. Кәсіподақ ұйымының басшылық жұмыстарына да белсенді қатысып келеді. Осы саладағы ерекше еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жылқыбай Бейісовке «Республикаға еңбегі сіңген жастардың ұстазы» деген атақ берілді. Бірнеше орден, медальдардың иегері бола жүріп, қала мен комбинаттың құрылысына және дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін 1993 жылы «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Дереккөзі: Жаңабекұлы С. Балқаш қаласының құрметті азаматтары [Мәтін]: Тарихи-өмірбаяндық очерк – Почетные граждане города Балхаша [Текст]: Историко-биографический очерк. – Балхаш, 2000. – 152 с.
Ынтықбаев Ыбрайым
1937 жылы 17 жасында мыс балқыту зауытына жұмысқа түсіп, Қазақстанды индустрияландыру құрылысына қатысты. Ол бірден қажырлылық танытып, автокөліктің ролін ұстады. Аз уақыттың ішінде тәжірибе алды, мамандығын жетілдірді, жұмысын жете меңгеріп, жақсы жағынан көзге түсті.
1941 жылдың жазында Ыбрайым Қызыл Армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына Белоруссияда қатысты. Оның өжеттілігі мен беттілігі бірден байқалып, 1942 жылы қысқа мерзімді командирлер курсына жібереді Сол жылы қазан айында кіші лейтенант атағын алып, І-Украина майданында атты әскер полкінің взвод командирі болды. Бір жылдан соң аға лейтенант атағын алды. Аға лейнтетант болуына өзінің іскерлігі, басшылық қабілеті, қырағылығы бірден - бір себеп болды. Осы қасиеттерінің арқасында солдаттар арасында сыйлы бола алды. Кішіге аға болса, үлкенге дос бола білуі де сондықтан. Оның бұйрығы бұлжытпай орындалуы еді. Басқалардан бір артықшылығы командир ретінде адам өмірін сақтау жолында көп айла-тәсілдер қарастырды. Олардың дивизиясы батысқа шабуыл жасап, Висла өзенінің жағалауындағы айла-тәсілдерді жете пайдаланды, жеңіске аз шығынмен жетуді ойластырды. Польша жерін азат ету кезінде ауыр жараланды. Сөйтіп, 1944 жылдың тамыз айында соғыс даласынан елге қарай оралып, емдеу орталықтарында болды. Осы жылдың желтоқсан айында екінші топтағы мүгедек есебінде Балқашқа, үйіне оралды. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», Отан соғысының І-ші, 2-ші дәрежелі ордендері мен онға жуық медальдардың иегері болды.
Мүгедектік Ыбрайымның сағын сындыра алған жоқ. Өзі бұрын жұмыс істеген Балқаш мыс зауытының автобазасына келіп кезекші диспетчерлік қызметке орналасты. Біраз жылдан кейін автобазаның машинаны пайдалану басқармасының жұмысын ұйымдастырушы болды. 15 жыл бойы осы мекеменің партия хатшысы қызметін қоса атқарды. Өзінің қажырлы еңбегінің арқасында ұжымында сыйлы азамат бола білді. Көп жылдар бойы комбинаттың және қаламыздың ардагерлер кеңесінің мүшесі болды. Кейін қалалық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары, ал қазір осы қоғамның төрағасы қызметін атқарып келеді. Бұл күндері 80 жасқа толған Ыбрайым кәрілікті мойындағысы жоқ.
1994 жылы еңбекшілер депутаттарының қалалық кеңесі сессиясының қаулысы бойынша Ынтықбаев Ыбрайымға «Балқаш қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Яков Исакович небәрі 10 жылдың ішінде Балқаш мыс зауытының энергетика саласын жете меңгеріп, үлкен іскерлік көрсетті. Зауыт басшылығының ұсынысы бойынша КСРО түсті металлургия министрі оны 1951 жылы зауыттаң бас энергетигі қызметіне тағайындады. Осы қызметті 1980 жылға дейін ойдағыдай атқарды. Алайда, құрметті демалысқа шыққанымен, Яков Исакович үйде қол қусырып отыра алмады. Энергетик саласындағы жеңіл жұмысқа тұрды. Сөйтіп, тағы да 18 жыл бойы, 84 жасқа келгенше комбинатта әр түрлі мамандық бойынша қызмет істеді. Я. Пессиннің еңбек жолы 66 жылға созылды, оның ішінде 57 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында өтті. Мұндай ұзақ, қажырлы еңбекке әркімнің шамасы келе бермейтіні сөзсіз. Ол жетекшілік еткен әр ұжым талай сындардан сүрінбей өтіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Яков Исакович Пессин жас мамандарға ұстаздық жасап, олардың жауапты қызметке қол жеткізуіне көмек етті. Атап айтсақ, олардың ішінде бұрынғы энергожылу орталығының директоры Б.А. Шахалов, бұрынғы бас энергетиктің орынбасары К.С. Мұстафин, тағы басқа көптеген мамандар бар. Ол ғылыми, өнертапқыштық істермен де шұғылданды. Өзі басшылық жасап, 1975 жылы комбинаттың энергетикалық шаруашылығын диспетчерлік телевизиялық жүйе арқылы басқарудың жолын енгізді. Электроэнергияның есебін автоматтандырды. Мысты электролиздеуде кремийлік деңгейлестірудің әдісін ойлап тауып, іске асырды. Сол үшін авторлық куәлік алды. Я.И. Пессиннің Балқаш комбинатында ұзақ жылдар бойы сіңірген еңбегі, энергетика саласында ашқан жаналықтары жоғары бағаланып, 1969 жылы оған «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі» деген құрметті атақ берді. Яков Исакович жанұяда да ұйтқы бола білді. Жолдастары оны қамқор әке, жақсы жар ретінде де білді.
1997 жылы Яков Исакович Пессинге қалалық мәслихаттың қаулысы бойынша «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Орталық партия комитетінің ұсынысы бойынша 1991-93 жылдары Владимир Николаевичті Сәтбаев қаласының партия комитетінің 1-ші хатшысы, қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады. Оның абыройлы еңбегі «Сәтбаев қаласының құрметті азаматы» деген атақ әперді. Ал 1993 жылы ол шаруашылық жұмысына қайта оралды. «Қазақмыс» холдинг компаниясының вице-президенті, «Жезказганцветмет» АҚ-ның атқарушы директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылдың ақпан айынан бастап, Балқаш кен-металлургия комбинаты Оңтүстік Кореяның «Самсунг» фирмасының қарамағына берілген соң, комбинаттың басқарушысы болып тағайындалды. Оның, алдында өндірістің құлдырауын тоқтатып, мыс өндіруді көбейту, экономикалық қаржы көрсеткіштерін жақсарту, комбинаттың кен орындарын ұлғайту, экологиялық бағдарламалар жасап, іске асыру, өндіріс мөлшерін көбейту арқылы әлеуметтік мәселелердің шешу міндеттері қойылды.
Арада өткен 3 жылдың ішінде комбинаттың барлық жағдайы жақсарып, бұрынғы қалпына келтірілді. Бағалы металдар зауыты іске қосылып, алтын мен күміс өндіріле бастады, соңғысының мөлшері проектілік өнімге пара-пар. Сол сияқты эмаль сымдары цехы да өнім бере бастады. Мұның бәрі комбинаттың экономикалық жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасады. Сондықтан комбинат басшысы В.Н. Малышев қала әкімшілігінің жапқалы отырған 7 балабақшасын, Мәдениет сарайын, стадионды, Қоңырат кенішіндегі клубты, көл жағасындағы демалыс орындарын, «Сарыарқа» демалыс үйін, бассейнді, су спорты станциясын комбинаттың қарамағына алды. Профилакторий мен комбинаттың емдеу-санитарлық, бөлімшесін де ұстап отыр.
В.Н. Малышевтің дұрыс басшылығы арқасында өндіріс орындары ұлғайтылып, жаңа зауыт, цехтар, кеніштер ашу жоспарланып отыр. Оның қатарына Саяқ-4, Шатыркөл кешендері, мырыш зауыты кіреді. Қазірдің өзінде, комбинатта жұмыс жасайтын еңбекшілердің саны 12 мыңға жуықтап қалды.
Комбинат шын мәнінде қаланың барлық ауыртпашылығын көтеретін орынға айналды. Қоршаған ортадағы ауа мен су тазалығы жөніндегі мәселелер, жұмыс орындарының, көшелердің сәулетті, таза, жарық болуы комбинат басшыларының назарынан тыс қалған жоқ. Осы жағдайларға байланысты 1998 жылы В.Н. Малышевқа «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен Владимир Николаевич облысымыздағы екі бірдей қаланың құрметті азаматы болды.
Владимир Николаевич өндірістегі еңбегі мен тәжірибесін ғылыммен ұштастыра білген. 1999 жылдың наурыз айында Москва Мемлекеттік Университетінде техника ғылымының кандидаты атағын алуға Диссертация қорғады.
Осындай ерекше табиғаттың аясында 1955 жылы 18 желтоқсанда қазіргі Шығыс Казақстан облысының Ұржар ауданындағы Елтай ауылында Байқуатов Дүйсенғали Ыбырайханұлы дүниеге келді. Әкесі Ыбырайхан орта бойлы, төртбақтау келген ақсары кісі. Ерен еңбекшіл, сөзге жоқ. Аңшы — саятшы. Шындықты шымырлатып бетке айтатын, жүйрік ат, құмай тазыны ұнататын адам. Қиыр Шығыстағы генерал Чуйковтың 54-ші армиясы қатарында танкист болған. Ұлы Отан соғысының Сталинград майданындағы қиян-кескі ұрыстардың бірінде танк экипажы дұшпан минасына тап болады. Жауынгер басынан жарақаттанады. Емделіп шыққаннан кейін немістердің қамал-қаласы Кенигсбергті алу операциясына, Еуропа төріндегі Будапешті алуға қатысады. Берлинді алу үшін болған шайқаста ауыр жарақат алып, госпитальде емделгеннен кейін елге оралады. 1946 жылы Тоқтар қызы Самалханмен (Тәтім) бас қосып, сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен отбасы атанады. Дүйсенғали Ыбырайханұлы осы отбасында дүниеге келген төртінші бала.
1972 жылы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, 1972-74 жылдары комсомол - жастар бригадасында еңбек жолын бастады. 1974-76 жылдары Совет армиясы қатарында болып, Ленинград әскери округінің сержанттар мектебін бітіріп, старшина шенінде әскери міндетін өтеп қайтты. 1977 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне түсіп, 1982 жылы осы аталған институтты инженер-металлург мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Студенттік кездерінде біліммен қатар коғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрді. Факультеттегі болсын, жатақханадағы болсын спорттық жарыстардың ұйымдастырушысы, ұйтқысы болып жүрді. Футбол, волейбол, жүзу, шаңғы жарысы сияқты ойындарда алдына жан салмайды. Студенттердің механикаландырылған отрядын басқарып Торғай облысының аудандарында екі жыл егін орағына қатысып, жоғарғы еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізді. Жатақханадағы студенттер кеңесін басқарып, жалпы тәртіппен қоса студенттердің демалысымен сабаққа дұрыс дайындалып шығуына қажетті көптеген шаралардың ұйымдастырушысы болып жүрді. Білімділігі, ұйымдастырушылық қабілетімен қатар жолдастарына деген адалдығының арқасында студенттер арасында беделі жоғары болды.
Институтты бітіргеннен кейінгі еңбек жолы 1982 жылдан 1997 жылға дейін Жезқазғанда конвертордың жұмыскерлігінен басталып, мыс зауытының басқарушылығы аралығында өтті. Ол сол зауыттың цехтарында әр түрлі қызмет атқарды: мастер, участок басқарушысы, бөлімше бастығы, бас металлург те болды. Барлық қызметке үлкен жауапкершілікпен қарап, іскерлік көрсетті.
Сондықтан 1997 жылы ол Балқаш кен-металлургия комбинаты мыс зауытының директоры болып тағайындалды. Онан кейін Балқаш кен-металлургия комбинаты директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
1999 жылы ол Балқаш қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды.
Ал 2003 жылдың қыркүйек айынан бастап, Дүйсенғали Ыбырайханұлы «Балқаштүстіметалл» ӨБ Балқаш мыс зауытының директоры қызметін атқарады. Қазіргі кезде бұл зауытқа бағалы металдар зауыты, зергерлік бұйымдар шығаратын цех қарайды. Д.Ы. Байқуатов басқарған кезден бастап зауыт цехтарында үлкен жаңа технологиялық өзгерістер жасалды. Сондықтан мыс балқыту пештерінің өнімі екі есеге көбейді.
Ол БКМК-да директор болып тұрған кезде 2003 жылы бұрын салына бастаған мырыш зауыты іске қосылды. Сол сияқты эмаль сымдары, тас кесіп, өңдейтін цехтар іске қосылды. Мыс балқыту цехындағы электрофильтр бөлімшесі де жаңартылды. «Сарыарқа» демалыс орны тұрақты жұмыс істейтін болды. «Жас қанат» балаларды сауықтыру лагері қайта жабдықталды. Осы айтылғандар Дүйсенғали Ыбырайханұлының үлкен өндіріс орнын басқара алатын маман, іскер басшы екендігінің айғағы.
2003-2004 жылдары Дүйсенғали мыс балқыту зауытының директоры болып тұрған кезде ПВ-2 пешінің жобалау-сметалық құжаттарын жасауға жетекші болды. Қазір жаңадан салыныл жатқан күкірт қышқылы цехындағы барлық өндіріс технологиясының түрлі салаларын жасау — жетілдіру жұмыстарына басшылық етеді. Өйткені құрылыс жұмыстарын өзі қабылдайды. Осындай күрделі істермен айналысқандықтан болар, Дүйсекеңе ғылыми білімін көтеру керек болды. Оған металлургия саласының кандидаттық диссертациясын қорғауға тура келді. Ол ғылыми диссертациясын «Сұйық ваннада мыс шикізаттарын борат рудасын пайдаланып балқыту технологиясын зерттеу және өндірістік игеру" тақырыбында қорғады. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Жоғарғы аттестациялық комитетінің 2004 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен (№ 5 хаттама) Байқуатов Дүйсенғали Ыбырайханұлына техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
Дүйсенғали Ыбырайханұлы еңбек жолындағы ерлігімен ғана көзге түсіп жүрген жоқ. Ол қазақ хақының зиялылары қатарынан да көрініп жүр. Өткен жылғы «Жас алаш» газетіндегі мақалада оны Ұржардағы Қабанбай батырға ескерткіш ашу салтанатына демеуші болып қаражат бергендердің бірі біздің Дүйсенғали мырза деп жазды. Сөйтіп ол ұлттық патриотизм тәрбиесінің үлгісін көрсетті. Ал, 2001 жылы Балқаш өңіріндегі Тоқырауын елді мекенінде болған бомба жарылысының салдарын жоюға белсене қатысты, өзі ерлік істер жасады. Сол үшін оған Қорғаныс министрінің жарлығымен кезексіз түрде полковник атағы берілді.
«Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін қағиданы дәлелдей түсетін Дүйсенғалидың тағы бір қыры – спорт пен аңшылықты ұнатуы. Жас еңбекшілерді спортпен сауықтыру тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Еңбек ұжымдарында спорттың дамуына өзі ұйытқы болып, үздіксіз үлес қосып келе жатыр. Өзі қызмет бабына, жасына қарамай, спортқа тұрақты қатысып келе жатқаны көпке үлгі боларлық қасиет.
Жұбайы Ғалия Өміржанқызы «Балқаштүстіметалл» ӨБ-нің тағамдар комбинатының бас экономисі. Екі бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкені Арман КИМЭП-тің студенті, кенжесі Дәурен гимназия оқушысы.
2001 жылы Д.Ы. Байқуатов «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған» медальмен марапатталып, «Балқаш қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Расында, құрмет иесі болған Тұрсынбек Ағдарбекұлы еліне елеулі, жұртына жуық, жанашыр, еңбекқор азамат.
Оны тағы бір белгілі журналист Мұратбек Оразымбетовтің «Балқаш өңірі» газетінде басылған «Қасыңда жүр жақсы адам» деген мақаласынан оқуға болады. Ол жайлы Мұратбектің мақаласынан үзінді келтірсек:
«... Бірде дербес зейнеткер Тұрсынбала Әбеуова оған:
- Сен комбинатқа жиі баратын шығарсың, әлгі Тұрсыбек Қалиев аман ба екен, мен танитын басшы қызметкерлерден қазіргі кезде комбинатта қалған сол ғана деп естимін. Ол бір ақкөңіл азамат қой, — депті".
Ал қазіргі металлургия цехының ұжымын басқарып отырған Гулам Шамшиденұлы Камердин басқаларды қоштап, Тұрсынбектің мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. «Мен, — деді ол, — жұмыс басында көп нәрсені — адамдарға сыйластықпен, жанашырлықпен қарау сияқты — бірегей қасиеттерді сол кісіден үйрендім. Ол жалғыз ғана менің ұстазым емес, мен сияқты көптеген жігіттерге тәлім берді, өйткені ол ұжымымызды (мыс балқыту цехын) көп жыл басқарды ғой. Онан кейін 1997 жылдан бастап Балқаш кен-металлургия комбинаты басқармасының құрамында бөлім басқарды. 2000 жылы директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Қазір «Балқаштүстіметалл» ӨБ бас директорының орынбасары болып қызмет атқарады. Осы бірлестікте еңбек еткеніне 48 жыл толды».
Енді Тұрсынбектің еңбегіне берілген баға мен мінездемені қорытындылайық. Қалиев Тұрсынбек металлургия саласының жоғарғы дәрежелі маманы. Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, инженер-механик дипломын алса, соңынан сырттай оқып, Сібір металлургия институтын инженер-металлург мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұған не себеп болды деп сұрағанда Тұрсекең қиналыңқырап барып былай деді:
- Мен 1958 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін металлургия цехына жұмысқа түсіп, сырттай оқып 1966 жылы институт бітірдім, бірақ маған инженерлік дәрежедегі жұмыс берілмеді. Мұның себебін сұрап барғанымда комбинаттың бұрынғы бас инженері Победоносцев намысыма тиіп, «Қазақтардан инженер механик шықпайды, сондықтан берген жұмысқа разы бол», — деді. Намысшыл адам болған соң екінші институтқа түсуге тура келді. Металлург-инженер болғым келді. Сөйтіп, Тұрсекең өте намысқойлығының арқасында өзінің көздеген мақсатына жетті. Комбинатта металлургия саласына енгізілген жаңалықтардың барлығында ол кісінің үлкен үлесі бар.
Жетпісінші жылдардағы мыс балқыту цехындағы модернизациялық жаңалықтар сол кісінің басшылығымен іске асырылды. Сондықтан Тұрсынбек Қалиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, «Қазақ КСР-інің Құрметті металлургі» және «КСРО-ның Құрметті металлургі» атағының иегері болды. Көптеген мақтау қағаздар мен Алғыс хаттар да алды. Тұрсынбектің қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқанын, өндірістік бірлестіктің «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының мүшесі, цехтың кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымы бюросының мүшесі болып сайланғанынан-ақ аңғаруға болады.
Тұрсынбектің ерекше енбек жолын сараптап, қорытынды жасасақ, ол еңбекқорлықты, тиянақтылықты, шыншылдықты туған әкесі Ағдарбектен, ал білімге, өнерге құмарлықты екінші әкесі болған Сәмбетұлы Әйменнен қабылдағанын айтып отырады. Әймен Тұрсынбектің әкесіне немере, баласы болмағандықтан алты айлығынан бауырына басып асырап алған екен. Ол кісі сауатты, көзі ашық адам болған. «Мектепке бармас бұрын ол кісінің үйретуімен Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, домбыра тартып жүруші едім» деп еске алады жастық шағын Тұрсекен.
Тұрсынбектің арғы тегі де зиялылардың қатарында бір елге билік айтыпты. Тарихи деректерге сүйенсек, олар – Қожағұл баба, Шүлембай би, Мырзатай. Өткен жылдары Тұрсынбектің ұйымдастырумен бұл бабаларына арнаулы ас та берілді, арнаулы белгі-көктас орнатылды. Сөйтіп ол мұрагерліктің де үлгісін көрсетті. Мұндай жағдай азаматтарына үлгі-өнеге көрсету болып табылады.
Тұрсынбек өмірлік жары Шағатқызы Нағимамен 44 жыл бірге бақытты өмір сүріп келеді. Үш бала тәрбиелеп өсірді. Бәріне жоғарғы білім алуына мүмкіндік жасады. Олар «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, өте тәрбиелі, білімді болып өсті. Өйткені шешесі де мұғалім ғой. Үлкен ұлы Алдан институтты тәмамдаған соң балқыту пештерін жөндейтін цехтың бастығы болып қызмет атқарады, мамандығы — құрылысшы. Екі қызы Айгүл мен Айжанның да жоғары білімдері бар. Айгүл мыс балқыту цехының еңбек және жалақы жөніндегі ұйымдастырушы маманы. Айжан—дәрігер, Қызылорда қаласында тұрады. Балаларынан 6 немерелері бар. Бұл күндері Тұрсынбек Ағдарбекұлы бәйбішесі екеуі балалары мен немерелерінің тілеуін тілеп, бақытты өмір сүріп жатыр.
Калиев Тұрсынбек Ағдарбекұлына «Балқаш қаласының құрметті азаматы» деген атақ қалалық мәслихат сессиясының шешімімен 2004 жылдың 10 қарашасында берілді.
Дереккөзі: Жаңабекұлы С. Балқаш қаласының құрметті азаматтары [Мәтін]: Тарихи-өмірбаяндық очерк – Почетные граждане города Балхаша [Текст]: Историко-биографический очерк. – Балхаш, 2000. – 152 с.
Чекушина Нина Григорьевна
Балқаштың, оның іргесіндегі алып өндіріс ошағы — мыс зауытының ғасырға жуық шежіресінде елеулі орын иеленіп, құрметке бөленген Чекушина Нина Григорьевна бүгінгі күнге дейін талай журналистің сүйкімді кейіпкеріне айналған.
Нина Григорьевна — 1945-1979 жылдар аралығында мыс байыту фабрикасының аға флотаторы болып қызмет еткен, Социалистік Еңбек Ері. Бұл атақ, мұндай дәреже кім көрінгеннің қанжығасына бұйырмайтыны анық. Әсіресе, қиын заманда табаны күректей 28 жыл аянбай тер төккен аға флотатор осыған лайық еді.
Ол 1928 жылы шілденің 25-інде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Балқаш балық комбинатында жұмыс істеп жүргенінде, қаһарлы Ұлы Отан соғысы басталып, Қиыр Шығысқа Кеңес әскері қатарына шақырылады. Осылайша, қаршадай қыз Нина мен оның өзі құралпылас құрбы-құрдастары ерте есейіп, 13 жасында жұмысшылар қатарына қосылды.
Нина Григорьевна Балқаш қаласында 7 сыныпты аяқтап, одан әрі Балқаш мыс комбинатына мамандар даярлайтын № 5 кәсіптік училищеге оқуға түседі. Ол 1945 жылы оқуын аяқтап, байытушы мамандығын алып шығып, комбинаттың мыс байыту фабрикасына флотатор болып орналасады. Тапжылмастан, бүкіл ғұмырында осы жерде қызмет етіп 1979 жылы 28 сәуірде құрметті демалысқа шығады.
Комбинат жұмыскерлері Нина Чекушинаны «Мыс ағынының қожайыны», «Балқаштың ардагері» деген кұрметті атақпен зейнеткерлікке шығарып салды Л.И. Подвинников пен О.Д. Смирнов Нина Чекушинаға жұмыста алғы шептен көрініп, жоспарды асыра орындаған ерлікпен пара-пар еңбегі үшін арналып жарық көрген кітапшаларын да осылай атаған еді. Аталмыш кітаптарда Нина Чекушинаның өз ісіне адал, тоғызыншы бесжылдықта жоспарды орындаудағы социалистік жарыста ерекше орны бар, белсенді қоғамдық қызметкер бейнесі егжей-тегжейлі суреттелген.
1973 жылы 23 желтоқсанда Жоғары Кеңес Президиумының Бұйрығымен еңбегі бағаланып, социалистік міндеттерді атқарудағы жоғары жетістіктері үшін аға флотатор Н.Г. Чекушинаға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталады.
1974 жылы 20 шілдеде жарық көрген «Известия» газетінің 168 санында тілші Э. Мацкеевич: «Нина Григорьевна өткен жылдан Балқаш тау-кен комбинатында «Әрбір жұмыс орнында аз шығынмен, көп, сапалы өнім өндіру» деген ұраны мен ұстанымы бар жұмыскерлер қозғалысының жетекшісі. Ол құрамында 90 тонна мысы бар қосымша концентрат өткізуге уәде берді», — деп жазады. Оның ұстанған ұраны бүкіл мысшыларының, прокатчиктер мен кеншілердің, құрылысшылар мен ет комбинаты еңбекшілерінің сенімді серігіне, айнымас сертіне айналды.
1975 жылы Социалистік Еңбек Ері Нина Чекушина КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұл 47 жастағы адал еңбек иесі Нинаның социалистік еңбекте техникалық процестерді кешендік жүзеге асырудағы алдынғы қатарлы ұйымдастырушылық қабілеті үшін, тоғызыншы бесжылдықтағы жоспарды асыра орындап, 570 тонна түсті металл өндіріп, 28 мың сомға реагенттер мен материалдар үнемдегені үшін берілген еді. Сол кездегі Балқаш металлургтеріне тәжірибелі флотатордың өндірістегі жоғары кәсіби біліктілігі мен шеберлігі үлгі болды.
1976 жылы 24 ақпанда КПСС-тің XXV съезі жұмысының басталуы алдында «Ленинская смена» газетінде «Делегаттар» айдарымен И. Ларинаның «Флотатор Чекушинаның қызыл орамалы» деген мақаласы жарық көрді. Мақала иесі Нинаның өз ісінің қыр-сырына қанық, білікті маман екендігін суреттей отыра, ол «Коммунистік еңбек екпіндісі» ретінде алғашқы әйелдерге арналған қызыл орамалды тағуға құқылы деп түйіндейді.
Соңдай-ақ, Нина Григорьевна ұзақ уақыт қалалық, облыстық және Жоғарғы Кеңес депутаты болып, қоғамдық-саяси істерге білекті сыбана белсенді араласа жүріп, Польша, Моңғолияға да сапар шегеді. Оның байыту фабрикасының әйелдер кеңесіне төрағалық етуінің өзі бір бөлек әңгіме. Мысшылар сарайы жанындағы «Росинка» әйелдер клубына жиырма жылдай жетекші болған кезінде Нина Григорьевна пионер лагерьлерін, балабақшаларды аралауға уақыты мен күш-қуатын аямады. Сонымен бірге, Нина Чекушина отбасында да үлгілі ана, аяулы жар. Жолдасы Петр Демьяновичпен екеуі екі ұл тәрбиелеп, жеткізген. Кенже ұлдары ата-ана ізімен байыту фабрикасында жұмыс істейді.
Ерекше күш иесі, жігерлі жан Нина Григорьевна Чекушинаның студенттермен кездесу кезінде «Весна на Заречной улице» деген өзінің сүйікті әнін жастармен қосыла шырқағаны бар еді. «Маған зауытыммен байланысты өмірден, өзге тағдырдың, туған қаламның көшесінен өзге артығы жоқ» деген осы өлең жолдарынан-ақ, ерен еңбек иесі Нина Григорьевнаның жанының сұлулығына, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігіне көзің жеткендей болады.
Жоғарыда айтылғандардан-ақ, мықты флотатор ретінде есімі бүкіл Кеңес Одағына жеткен, қаламыздың ардагері Нина Чекушинаның еңбек сүйгіш бейнесін елестету қиын емес, бұдан артық дерек пен дәйек келтіру де артық болар еді.
Балқаш қаласы мен кен-металлургия комбинатының дамуында қосқан ерен еңбегі үшін «Балқаштүстіметалл» ӨБ-нің байырғы аға флотаторы Нина Григорьевна Чекушинаға қалалық мәслихаттың шешімімен «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Дереккөзі: Жаңабекұлы С. Балқаш қаласының құрметті азаматтары [Мәтін]: Тарихи-өмірбаяндық очерк – Почетные граждане города Балхаша [Текст]: Историко-биографический очерк. – Балхаш, 2000. – 152 с.
Ермек Батырқайырұлы Хафизов
Қаламыздағы танымал азаматтардың бірі. 1981 жылы Москвадағы құрыш қорыту институын аяқтап, жолдамамен Балқаш қаласына келген. Ермек Батырқайырұлы еңбек жолын мыс қақтаушы жұмысынан бастап, зауыт директоры қызметіне дейін көтерілді. Осы кездерде еңбекқор, талпынысы мол жас жігіт бірден көзге түсіп, көпшілік назарына іліккен болатын. Сол кездің өзінде-ақ басшылық қабілетінің жоғары екені байқалды. Оған дәлел ол 26 жасында 1986-88 жылдары зауыт партия ұйымының хатшысы болып сайланды. 1988-90 жылдары Жезқазған облысының партия комитетінің мүшесі болды. 1995 жылы Ермек Батырқайырұлы жасөспірім жеткіншектерді оқыту-тәрбиелеу жұмыстарына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру озаты» белгісімен марапатталды.
Ол бос уақытында шет тілін оқып үйренді. Хафизов ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлейді. Жыл өткен сайын оның іскерлік, ұйымдастырушылық, қабілеті анық көрінді. Қай учаскеде істесе де, өндірістік көрсеткіштері жоғары деңгейде болды. Бас инженердің орынбасары қызметінде жүріп зауыт өнімдерінің озық технологиясымен қамтамасыз етті. Ол вайербарс цехын қайта құруды ойдағыдай өткізді. 1996-97 жылы Е. Хафизовтың басқаруымен Австрия «Маг» фирмасының жабдықтарымен эмальсым шығаратын цех салынып, пайдалануға берілді. «Түсті металдар өңдеу зауыты» ЖАҚ-ның президенті Е. Хафизов қиын кезеңде зауытты жабылып қалудан сақтап қалды. Инженер-техник кадрлар мен ұжымды, тұтынушылар мен тапсырыс берушілерді жоғалтпады.
Ресейдегі дағдарыс кезінде де қиындық болды. Дегенмен бұл тығырықтан шығудың жолы табылды. Тұтынушыларды Орта Азиядан, өзіміздің Қазақстаннан іздеуге тура келді. ЖАҚ республикалық ұлттық банктің тапсырысы бойынша теңге үшін арнайы металл қажетсіну тендерін жеңіп алды.
Е. Хафизов батыс бизнесмендерімен тәжірибе алмасты. Неміс, француз, чех мамандарымен бірігіп үлкен жұмыс атқарды. Е. Батырқайырұлының көп еңбек етуінің арқасында 1998 жылы түсті металл өңдеу зауыты "Эртсмейкер" атағына ие болды.
Онан кейін 1959-1965 жылдары Дмитрий Александрович металлургия өндірісі жұмысшылары кәсіподағының Қарағанды облыстық комитетінің төрағалығына сайланды
25 12 2014
1 стр.
Облыс әкімі С. Н. Ахметовтың Жезқазған қаласындағы Металлургтер күніне арналған салтанатты жиналыстағы құттықтау сөзі
25 12 2014
1 стр.
Материалы для этой книги собирал Борис Александрович Пономаренко. Приношу ему глубокую благодарность
09 09 2014
28 стр.
Д. А. Поспелова. Первое измерение – это то, что Дмитрий Александрович может по праву считаться основоположником когнитивного направления в отечественной науке в самом широком смысл
26 09 2014
1 стр.
Показано, что у мужчин и женщин увеличение риска рецидива заболевания связано с разными психологическими факторами. Рецидивы остеохондроза у женщин чаще обнаруживались при сенситив
09 09 2014
1 стр.
Дмитрий Быков: в гостях у нас Марат Мусин заведующий кафедрой антикризисного и стратегического менеджмента Российского торгово-экономического университета
04 09 2014
1 стр.
Попечительский совет Фонда «Сколково» возглавляет лично Президент России Дмитрий Медведев
08 10 2014
1 стр.
Шатунов Дмитрий Иванович родился 6 мая 1924 г в с. Бишево. Закончил 7 классов в Чирковской школе
25 09 2014
1 стр.