Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау агенттігі
(Монополияға қарсы агенттік)
төрағасының
2013 жылғы «____» мамырдағы
№ __________ бұйрығымен бекітілген
Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме
1. Жалпы ережелер
1. Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы № 112-IV Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.
Осы Әдістеменің мақсаты тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) белгілейтін монополиялық төмен бағаны анықтау тәртібін айқындау болып табылады.
2. Осы Әдістеме монополиялық төмен бағаны белгілеуден көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын анықтау кезінде қолданылады.
3. Осы Әдістемеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын мәндерде пайдаланылады.
2. Монополиялық төмен бағаны белгілеу туралы
тергеу тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасының
монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтерді
қарау шеңберінде жүзеге асырылатын іс-әрекеттер
4. Монополиялық төмен бағаны белгілеу туралы мәліметтерді қарау шеңберінде монополияға қарсы орган мынадай іс-әрекеттерді жүргізеді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар нарығында бағаларды мемлекеттік реттеудің болу/болмау фактісін белгілейді;
2) тауарды өндіру және (немесе) сату, сатып алуға немесе тиісті тауар нарығында оларды пайдалануға Заңмен бекітілген мемлекеттік ерекше құқықтың (мемлекеттік монополияның) болу/болмау фактісін белгілейді;
3) нарық субъектісінің Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі – Тізілім) болу фактісін куәландырады;
4) нарық субъектісі Тізілімге енгізілген үстем үлесті белгілейді.
5. Осы Әдістеменің 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген талаптардың біреуі белгіленбеген жағдайда монополиялық төмен бағаны белгілеу туралы тергеу жүргізілмейді.
6. Монополияға қарсы орган тауар нарығына талдау жүргізгеннен және Субъектіні Тізілімге енгізгеннен кейін қажет болған жағдайда Заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізеді.
7. Монополияға қарсы орган монополиялық төмен бағаның мынадай:
1) бұл баға нақ сол тауар нарығында нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болу;
2) бұл баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болу белгілерін анықтау мақсатында тауар нарығындағы тауар өндіру бағасының серпініне талдау жүргізеді.
3. Тергеу жүргізу кезінде монополиялық төмен бағаны анықтау
жөніндегі іс-әрекеттер
8. Тергеу жүргізу кезінде Субъектінің монополиялық төмен бағаны белгілеу жөніндегі іс-әрекеттерін растайтын фактілердің болуын белгілеу қажет.
9. Монополияға қарсы орган тергеу жүргізген кезде:
1) Субъекті өз өнімін өткізетін тауар нарығының шекараларын нақтылайды;
2) Субъектінің осы нарықтағы үстем үлесін көрсете отырып, тауар нарығында оның үстем жағдайының болуын нақтылайды;
3) тиісті тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілерінің болуын белгілейді;
4) әлеуетті бәсекелестердің болуын нақтылайды;
5) Субъекті жүзеге асыратын (немесе Субъектінің үстінен) тікелей бақылаудың болуын нақтылайды.
10. Монополияға қарсы орган тиісті тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілейтін тауар бағасының деңгейін талдайды. Бағаларды талдау кезінде тауардың сапалы параметрлері ескеріледі.
11. Субъекті белгілеген баға нақ сол тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілеген бағадан жоғары болған жағдайда, онда Субъектінің бағасы монополиялық төмен болып табылмайды.
Егер Субъекті белгілеген баға нақ сол тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілейтін бағадан төмен болса, монополияға қарсы орган Субъектінің осындай тауарды өндіру және өткізудің нақты шығыстарына талдау жүргізеді және Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауарға Субъектінің төмен баға белгілеуінің мән-жайын анықтайды.
12. Шешім қабылдау үшін монополияға қарсы орган:
1) Субъектінің қаржылық-шаруашылық қызметіне;
2) Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауардың өндірістік және толық өзіндік құнының серпініне;
3) Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар бағасының серпініне;
4) Субъектінің тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;
5) нәтижесінде Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар бағасы тікелей немесе жанама қалыптастырылатын шарттарға;
6) өндірістік шығындарға және кезең шығыстарына;
7) Субъекті ұсынған өзге де негіздемелік материалдарға талдау жүргізеді.
13. Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар өндірумен (өткізумен) тікелей байланысты Субъектінің нақты шығыстарын айқындау кезінде:
1) расталатын құжаттарда (шарттарда, шот-фактураларда) көзделген бағаны және материалдық ресурстардың физикалық көлемін ескеріп, тауардың бірлігін шығаруға шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығыстарының қолданылған нормаларын және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларын ескеріп, айқындалған өзіндік құнына кіретін материалдық шығыстар;
2) еңбек жағдайлары үшiн еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесiнде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеудi қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығыстар;
3) қарыз қаражаттары үшiн сыйақы төлеуге арналған шығыстар;
4) Субъектінің тауар өндіруіне (өткізуіне) тікелей қатысты басқа да шығыстар ескеріледі.
14. Субъектінің өндірілетін (өткізілетін) тауарға төмен бағаны белгілеуінің мән-жайын талдау кезінде монополиялық төмен бағаны белгілеуден көрінетін Субъектінің іс-әрекеттері үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану деп танылмайтын мынадай мән-жайлар:
1) тез бұзылатын тауарларды өткізу;
2) тауарды сақтау мүмкіндігінің болмауы;
3) тауар өндірудің (өткізудің) маусымдылығы;
4) ақауы немесе бүлінуі салдарынан тауар бағасын кеміту;
5) бәсекелестікті шектеуге әкеп соқпайтын жарнамалық немесе қайырымдылық акцияларын өткізу;
6) Субъектінің осы тауарды өндіруді (өткізуді) тоқтатуына байланысты жаппай сатуды жүргізу;
7) сыртқы факторлардың әсерінен нарықта бағаның жалпы төмендеуі ескерілуі қажет.
15. Егер Субъект белгілеген тауар бағасы монополияға қарсы орган айқындаған Субъектінің осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстарының сомасынан төмен болса және бұл ретте Әдістеменің 14-тармағында көрсетілген мән-жайлар болмаса, онда Субъектінің осы бағасы монополиялық төмен баға деп танылады.
16. Талдау нәтижелері бойынша Субъектінің монополиялық төмен баға белгілеу фактісінің болуы немесе болмауы туралы қорытынды дайындалады.
__________________