Flatik.ru

Перейти на главную страницу

Поиск по ключевым словам:

страница 1 ... страница 2страница 3страница 4страница 5

47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау

1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.

2. Қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемі болып табылады.

3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.

Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.

2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды

3-1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен және мерзімде кезектен тыс аттестаттауға жатады.

Құқық қорғау органдарының кезектен тыс аттестаттаудан өткен қызметкерлері атқаратын лауазымына сай келеді деп танылады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне аттестаттау нәтижелері бойынша басқа, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастыру ұсынылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) басқа, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылуға жатады.

4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.

Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.

5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:

1) аттестаттау өткізуге дайындықты;

2) прокуратура органдары қызметкерлерін қоспағанда, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруды;

3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;

4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;

5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.

 

48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру



1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кадр бөлімшелері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.

2. Дайындық мынадай іс-шараларды:

1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;

2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;

3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;

4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.

Тесттен өтудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі - шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.

3. Құқық қорғау органының кадр бөлімшесі осы Заңға сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.

4. Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.

5. Кадр бөлімшесі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.

6. Аттестатталуға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр бөлімшесіне жіберіледі.

7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.

8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.

9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр бөлімшесіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.

10. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.

 

49-бап. Аттестаттау комиссиясы



1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.

2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.

Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.

3. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болады, оны комиссия басшысы айқындайды.

Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.

4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.

5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.

6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр бөлімшелерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.

7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.

8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

 

50-бап. Аттестаттауды өткізу



1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.

2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.

3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.

4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.

5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.

6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:

1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;

2) атқаратын лауазымына сәйкес;

3) қайта аттестатталуға тиіс;

4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.

7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

8. Кадр бөлімшесі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.

9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.

 

51-бап. Қайта аттестаттау



1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.

2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.

3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай:

1) атқаратын лауазымына сәйкес;

2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;

3) атқаратын лауазымына сәйкес емес және жұмыстан шығарылуға ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.

4. Аттестаттау комиссиясының жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасай отырып, қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

 

52-бап. Аттестаттау комиссиясының шешімі



Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары тұрған лауазымға ұсыну, қызметкерді лауазымынан төмендету немесе оны жұмыстан шығару негіздерінің бірі бола алады.

 

53-бап. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану



Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір айлық мерзімде құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.

 

 



7-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

 

54-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп

1. Қызметкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, құқық қорғау органдары басшыларының және уәкілетті басшыларының актілерінде белгіленген нормалар мен қағидаларды міндетті түрде сақтауы құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртiп болып табылады.

2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкілетті басшысы өзінің бағыныстылары арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi.

3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген көтермелеу шараларын қолдана алады және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.

 

55-бап. Қызметкерлерге қолданылатын көтермелеулер



1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:

1) алғыс жариялау;

2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;

3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

4) грамотамен марапаттау;

5) Құрмет грамотасымен марапаттау;

6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;

7) кезекті арнаулы атақты немесе сыныптық шенді мерзімінен бұрын беру;

8) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;

9) құрметті атақ беру;

10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделген.

Қызметкерге осы баппен көзделген көтермелеу түрлерін қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

2. Көтермелеу ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.

3. Көтермелеулер бұйрықтармен ресімделеді.

4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түріндегі де көтермелеу қолданылады.

5. Қызметкерлер ерекше сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.

 

56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар



1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.

2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс;

4) қызметке толық сәйкес еместігi туралы ескерту;

5) атқаратын лауазымынан босату;

6) арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бiр саты төмендету;

7) құқық қорғау органдарынан шығару;

2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

8) құқық қорғау органының басшылары немесе уәкілетті басшылары берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төсбелгілерінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару;

2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды

9) арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін. Осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезінде қолданылады.

3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазаларға қоса, мынадай:

1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);

2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру;

3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару тәртіптік жазалары қолданылуы мүмкін.

 

57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары



1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.

2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.

Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.

Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.

4. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және атқаратын қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.

Аттестаттау комиссиясын қалыптастыру және оның жұмыс тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.

5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.

6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.

7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.

8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.

9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр бөлiмшесi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.

Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр бөлімшесі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.

10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.

Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.

11. Қызметтiк тергеу жүргізiлген, қылмыстық іс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалып, сотта қаралған жағдайда тәртіптік жаза, кінәлінiң сырқаттануына немесе демалыста, іссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытын есептемегенде, тиiсiнше тергеу аяқталған, қылмыстық iсті немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша істі жүргізуді қысқарту туралы процессуалдық шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.

12. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс қысқартылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап - бір айдан, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде - үш айдан кешіктірілмей қолданылады.

13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.

14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.

15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.

16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.

17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.

18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.

19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.

20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.

21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.

 

58-бап. Қызметтік тергеу



1. Қызметтік тергеу қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты және құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.

2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.

3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:

1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;

2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;

3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;

4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.

4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.

5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.

6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.

7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:

1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;

2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;

3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;

4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.

Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.

8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:

1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;

2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.

9. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде қызметкердің әрекетінде қылмыс белгілері мәлім болған жағдайда, қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.

10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

 

 



8-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АТЫС ҚАРУЫН, АРНАУЛЫ ҚҰРАЛДАР МЕН ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУЫ

 

59-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану мақсаты

Атыс қаруы, арнаулы құралдар мен дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.

 

60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану



1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:

1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;

2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;

3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;

4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткізу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;

5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;

6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;

7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.

2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық білінiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.

 

61-бап. Атыс қаруын қолдану



1. Қызметкерлер атыс қаруын:

1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;

2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылды тойтару;

3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;

4) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;

5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын ақау келтiріп тоқтату;

6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;

7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру;

8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.

2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, кәмелетке толмағандардың жасы белгілі немесе анық болған кезде оларға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.

 

62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары



1. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға баяндауға міндетті.

2. Адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан атыс қаруы, арнаулы құралдар және дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.

 

 

9-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ



 


<предыдущая страница | следующая страница>


Заңы Құқық қорғау қызметі туралы

Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қыз

901.31kb.

25 12 2014
5 стр.


«Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша Оқу-әдістемелік секциясы Ұсынған (Рұқсат еткен)» белгісін оқу әдебиетіне беру тәртібі туралы ереже

«Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша Оқу-әдістемелік секциясы Ұсынған (Рұқсат еткен)» белгісін оқу әдебиетіне беру тәртібі туралы

124.35kb.

23 09 2014
1 стр.


Құқық қорғау органдарының жаңа бейнесі: Тиімділік, транспаренттілік және кәсібилік Мемлекет басшысы 2012 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы»

Мемлекет басшысы 2012 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды

66.68kb.

25 12 2014
1 стр.


Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің 2010 жылғы 06 желтоқсандағы №237 қаулысы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару

Республикасы 2001 жылғы 23 қарашадағы №148 Заңы 31 бабы 1 тармағының 17 тармақшасына, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 29 сәуірдегі №271 За

41.58kb.

25 12 2014
1 стр.


Құқық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Қарағанды облысының азаматтарын құқықтық

Республикасының заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2005-2007 жылдарға арналған құқық түсіндіру жұмысы, құқық мәдениетін қалыптастыру, азаматтарды құқықтық оқыту және тәрбиеле

154.24kb.

25 12 2014
1 стр.


Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу

Азақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің осы қағидалары (бұдан әрі Қағидалар) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін (

69.77kb.

25 12 2014
1 стр.


Қазақстан Республикасының

Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қыз

1045.1kb.

25 12 2014
7 стр.


Бізге азаматтардың сенімі артты Елімізде құқық қорғау жүйесінің жаңа кадрлық әлеуетін жасауға бағытталған құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау өткізілуде

Айвар Боданов, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары

44.1kb.

25 12 2014
1 стр.