КІРІСПЕ СӨЗ
Е.Б.Сыдықов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің ректоры
www.enu.kz
Құрметті қонақтар!
Құрметті әріптестер!
Тамыры тарих тереңіне тартқан Қазан (Еділ бойы) Федеральді университетімен бірлесіп ұйымдастырған бұл Халықаралық ғылыми-теориялық конференция нағыз ғылым үшін жаралған аса көрнекті ғалым, қазақ әдебиеттану ғылымының тау тұлғасы Зәки Ахметовтың 85 жылдығына арналып отыр.
Аса білікті әдебиет теоретигі Зәки Ахметовтің ғылым жолындағы жемісті сапары 23 жасында жазған «Лермонтов және Абай» зерттеуінен басталғаны белгілі. Осы зерттеуімен ғылым әлеміне аяқ басқан ғалымның есімі кейіннен тек ұлттық әдебиеттануда ғана емес, шет елдерде де кеңінен танымал болды.
ҚР Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің дамуында ғылымның үлкен орны бар екенін атап айтқан болатын. Ұлттық ғылымды жаһандану жағдайында дамытуға негіз боларлық іргелі зерттеулеріміз, ғылымымызды көркейткен зерттеушілеріміз баршылық. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және ғылым саласындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Зәки Ахметовтің есімі мен еңбегі үлгі тұтуға әбден лайық.
Саналы ғұмырын ұлттық ғылымды өркендетуге арнаған тұлғаның қазақ әдебиетіндегі келелі мәселелерді теориялық тұрғыда сараптай отырып, кемеңгер ақын Абай поэзиясы, оның ұлттық және әлемдік поэзиядағы маңызы туралы жасаған келелі тұжырымдары, қазақ өлеңінің құрылысын зерделеген іргелі еңбегі қазақ әдебиеттануы тарихындағы жаңа бір белес болды. Әдебиеттану әлеміне Зәки Ахметов есімімен өлең сөздің теориясы туралы тамаша еңбек келді. Ол еңбек тек қазақ әдебиеттанушылары ғана емес, күллі түркі жұртының ғылымы үшін де маңызы зор болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Біртуар ғалымның 1964 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы өлең теориясын ғылыми санаға орнықтырды. Қазақ өлеңі құрылысын асқан білгірлікпен саралаған бұл еңбек әдебиеттің теориялық саласындағы шын мәніндегі соны, әлі де құнды іргелі ғылыми еңбек болып қалды.
Академик Зәки Ахметов ұлттық поэзиямыздағы даралық сипатты, халықтық дүниетанымнан туындаған бейнелі сөз құралдарын сипаттай келіп, халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, дүниетанымы, философиясы, эстетикалық көзқарастары поэзияның мазмұнынан көрінетінін, сондай-ақ көркем әдебиеттің сан алуан сипатының дамуына әсер ететінін дәйектеп, ой толғады.
З.Ахметов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрлері» атты монографиясында қазақ поэзиясының ұлы тұлғасы Абайдың жаңашыл ізденістерін, ақынның шығармашылық тұлғасының даралануындағы дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын ғылыми-теориялық аспектіде таныта білді.
1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясын жарыққа шығарып, ақын шығармашылығы және поэзия өнері туралы теориялық байламдарын барынша тереңдете түсті. Ал, «Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы» атты 1997 жылы жарық көрген еңбегінде данышпан Абайдың көркем бейнесі мен ұлы ақын өмір сүрген тарихи дәуір табиғатын жан-жақты зерделеді. Бұл монографияда поэтика мәселелері жазушының шығармашылық зертханасындағы мұрағаттық материалдар негізінде айқындалғанын айта кеткен жөн.
Академик Зәки Ахметов теориялық маңызы зор оннан астам монографиялық зерттеудің авторы. Сондай-ақ Мәскеуде жарық көрген «Всемирная литература» көптомдығының жетінші томын дайындауға белсене қатысты. Қазақ ССР Ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Ғылым академиясының вице-президенті болды.Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер нституты директорының орынбасары және директоры болып жұмыс істеді.
Зәки Ахметовтің еңбегі әдебиеттану ғылымы үшін маңызын жоймайтын қымбат жәдігерлікке айналып, есімі ұлт мәдениеті тарихында мәңгі қалатыны анық. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған конференцияның халықаралық деңгейде болуының өзі ғалым-ұстаздың биік тұлғасын, оған деген ел құрметін аңғартады деп білеміз.
Конференция жұмысына белсене қатысып, бірлесіп ұйымдастыруға ат салысқан Қазан (Еділ бойы) Федеральді университетінің филология және өнер институтына, конференция жұмысына қатысып отырған Татарстан республикасы Ғ.Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ким Мұғаллімұлы Минулллинге, Қазан (Еділ бойы) Федеральді университетінің профессоры, Ресей гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Хатип Юсупұлы Миннегуловкқа, Қазан (Еділ бойы) Федеральді университеті татар әдебиетінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Флера Сағитқызы Сайфулиннаға, Түркия Республкасының Еге университетінің профессоры, доктор Метин Екижи мырзаға және Қырғызстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ахматалиевке және отанымыздың әр қаласынан келген ғалымдарға қош келдіңіздер дей отырып, университет атынан алғыс білдіремін.
Конференция жұмысына табыс тілеймін.