«ӘЛ-ФАРАБИ» және «АЛДАР-КӨСЕ» ескерткіш монеталарын айналысқа шығару туралы
|
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы 20 тамыздан бастап «Банкноталардағы портреттер» монеталар сериясынан «proof» сапасымен номиналдық құны 500 теңгелік «ӘЛ-ФАРАБИ» ескерткіш алтын монетасын және «Қазақстан халықтарының ертегілері» монеталар сериясынан «proof» сапасымен номиналдық құны 500 теңгелік «АЛДАР-КӨСЕ» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығаратыны туралы хабарлайды.
«Proof» сапасымен жасалған «ӘЛ-ФАРАБИ» ескерткіш алтын монетасы «Банкноталардағы портреттер» монеталарының жаңа сериясын ашады. «ӘЛ-ФАРАБИ» портреті 1993 жылғы үлгідегі құны 1 теңгелік банкнотаның бет жағында бейнеленген. Қазіргі кезде банкнота айналыстан алып тасталды.
«ӘЛ-ФАРАБИ» монетасының бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500» деген сан және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол жақ және оң жақ бөліктерде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген және айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу бар. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
«ӘЛ-ФАРАБИ» монетасының сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабидің портреті орналасқан құны 1 теңгелік банкнотаның бет жағының фрагменті бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ӘЛ-ФАРАБИ» деген жазу бар, соғылған жылын білдіретін «2011» деген сан және банкнотаның графикалық элементі салынған. Жоғары бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Au 999 7,78 gr.» деген жазу бар. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монета 999 сынамды алтыннан жасалған, массасы 7,78 грамм, диаметрі 21,87 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 4 мың дана.
«АЛДАР-КӨСЕ» ескерткіш монетасы «Қазақстан халықтарының ертегілері» монеталарының жаңа сериясын ашады. Монета Еуразия экономикалық қоғамдастығы елдерінің қымбат металдардан жасалатын Коллекциялық монеталарды шығарудың және сатудың халықаралық бағдарламасы шеңберінде де шығарылады.
«АЛДАР-КӨСЕ» монетасының бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы ою-өрнек аясында бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500» деген сан және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Жоғары бөлігінде Еуразия экономикалық қоғамдастығы елдерінің ресми эмблемасы бар. Сол жақ және оң жақ бөліктерде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу бар. Жазулар нүктелермен бөлінген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
«АЛДАР-КӨСЕ» монетасының сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте есекке мінген жаһангер ертегі кейіпкерінің стильдендірілген суреті, қасында ілесіп жүрген иті бейнеленген (М.Әлиннің иллюстрациясының фрагменті). Монетаның сол жақ бөлігінде айналдыра мемлекеттік тілде «Алдар-Көсе» деген жазу бар. Оң жақ бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 925 31,1 gr.» деген жазу және соғылған жылын білдіретін «2011» деген сан жазылған. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монета 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындалу сапасы – «proof», таралымы – 4 мың дана.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында сатып алуға болады.
Толық ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Батыс Қазақстан филиалына мына мекенжай бойынша Орал қ. Досмұхамедов көшесі, 16 үй, 9.00 – 17.00 сағат аралығында немесе
50-97-68 телефоны арқылы хабарласуға болады.