Перейти на главную страницу
Дәстүрлі аспаптық музыка және күйшілік өнер қазақтың халықтық музыка мәдениетінің қос қанаты іспеттес. Қаншама ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан күйшілік өнер, әсіресе бүгінгі күнге дейін шашау шықпай бізге жеткен домбыра мен қобызда орындалатын күйлер - дүние жүзінде теңдесі жоқ асыл қазына, ерекше құбылыс. Әр дәуірде ғұмыр кешкен күйшілік өнердің тарлан жүйріктері мен жансыз дүниеге жан бітіріп, тілін бұлбұлша сайратқан дүлдүлдері қаншама, орындаушылық өнердің сан тарау мектептері қаншама!
Домбыра мен қобызға арнап шығармалар жазған халық композиторларын, ұлттык дәстүрді әрі қарай дамытып, аспаптық музыка саласында айтулы еңбектерімен танылған Қазақстан композиторлары. Осыдан соң дәстүрлі күйшілік өнер мектептерін саралай келе Құрманғазы, Дәу-леткерей, Тәттімбет, Абыл, Ықылас, Қазанғап, Дина күйлері.
Мысалға, еуелі Құрманғазы күйшілігі мен күйлеріне шолу жасай келіп, «Сарыарқа» күйіне тоқталсақ. Неше рет жер аударылып, Сібір түрмелеріне қамалып, аяғына кісен салынып, «Кісен ашқан», «Түрмеден кашқан» күйлерін шығарған Құрманғазы «бірде түрмеден қашып келе жатып, Арқа, Алатауды басып өтіп, өз еліне жеткен екен, «Сарыарқа», «Алатау» күйлерін сол жерлерде жол-жөне-кей қона-түней жүрген кездерінде шығарыпты» деген әңгімелер бар. Сол әңгіме желісі бойынша Құрманғазы бір түрмеден қашқан жолында Арқадағы атақты күйші Тәттімбетке соғып, күй тартысып, сауық-сайран құрып, ұзақ күндер қадірлі қонағы болыпты. Сонда Тәттімбеттің сый-сияпатына риза болған Құрманғазы Тәттімбетке «Сізге арнаған сыйым болсын» деп осы «Сарыарқа» күйін шығарып, тарту етіпті дейді. «Сарыарқа» күйіне айызы қанып, рақат-танған Тәттімбет, «ендеше мен де саған бір күй арнайын» деп «Көкейкесті» күйін Құрманғазыға арнаған екен. Осыдан соң Тәттімбет Құрманғазының астына жарау ат мінгізіп, жанына жүз қаралы жігіт ертіп, жүз шақырымдай жерге шығартып салдырған екен деседі.
Ал енді «Сарыарқа» күйінің өзіне келетін болсақ, бұл күй тек Құрманғазының ғана емес, жалпы қазақтын ұлттық топырағында туған аспаптық музыкамыздың асқаралы шыңы деуге болады. Сондықтан да Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі барлық концерттерін осы күймен аяқтап отырады. Оркестрде осындай жайдың қалыптасуына ықпал еткен қалың көпшілік көрермен қауымның өзі. Себебі, әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр концерттерінің бірде-бірінде көпшілік оркестрді «Сарыарқа» күйін орындатпай сахнадан жібермейді, «Сарыарқа» деп залдың әр тұсынан дауыстай қол шапалақтап отырып алатын болған.
1950 - 1956 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы оркестр гастрольдік сапармен Қытай халық республикасына бірнеше рет барып, концерттері жоғары бағаланып, үлкен шығармашылық жеңіске жетті. Қытай жерінде өткен сондай алғашқы концерттерінің бірінде «Сарыарқа» күйі орын-далғанда зал толы жұрт түгелдей орындарынан түрегеліп тұрып тыңдапты. Осы жайға куә болғандардың айтуынша тыңдарман көпшілік кауымның күй басталғаннан-ақ орындарынан ұшып тұруы оны біздің ұлттык әнұранымыз екен деп түсінгендіктерінен болса керек. Міне, күй құдіреті осындай.
Расында да әрі шаттық-қуанышты, әрі жігерлі, фанфармен бір тосын алапат күшті сездіретіндей «Сарыарқа» күйінің кіріспесінің өзі кім-кімді де елең еткізетіндей әсерлі естіледі. Күй үздіксіз алға ұмтылған қуаттылығымен қазақтың дүбірлі кең даласының бүкіл тіршілік-тынысын, елдігі мен еркіндігін, қайтпас қайсарлығы мен ерлігін, құдіретті жойқын күшін танытқандай. Күй толассыз ілгері ұмтылуы арқылы дала төсінде кеудесін желге қарсы тосып, ат құлағында ойнап, құйғыта құйындатып шапқан, ертеңіне сеніммен бет түзеген, өмірсүйгіш қазақтың батырлық мінезінің образын бергендей болады. Былайынша жайбарақат жатқан жомарт тірлікті қазақтың сары даласында тынымсыз өмір өтіп жатқанын және ол халқымыздың елдігі, ар, намыс, абыройы үшін, өмір үшін күреспен өтіп жатқанын білдіретіндей.
Күйдің осынау арындаған алаулы екпіні сарынынан тек ат шабыс, жігер, күрестерді ғана емес, түйдектелген дыбыстар қатарынан сезімге сәуле түсірер лирикалық әуен нышандарын да байқауға болады (нотамен мысалдар келтіре отырып, осы тұста музыкалық талдау жасау қажет).
Бұл күйдің қорытынды бөлігі де (кодасы) ерекше. Мұндағы тақырыпты қорытындылау, түйіндеу тұсында автор бұрын кездеспеген әдіс-амалдарды қолданады. Құрманғазы - «Сарыарқа» күйі арқылы күй құрылысына үлкен жаңалықтар ендіріп, оны орындаушылық ерекшеліктерге де езгерістер әкеліп, жалпы ұлт аспаптық музыкамыздың одан әрі дамуына зор үлес қосқан адам.
Ал Дәулеткерей 1821 жылдар шамасында бұрынғы Бөкей ордасындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Ол Құрманғазыдай кедей табынан емес, белгілі төрелер тұқымынан. Әкесі Шығай сұлтан ауқатты адам болған. Шығай Дөулеткерейді Бөкей хандығының қол астындагы ел-жұртты билеп-төстеуші ұлық-әкім болады деп үміттенгенімен Дәулеткереіі әр кездері билік жұмысымен айдалысқаны болмаса, оның таңдаған жолы мүлде басқаша, күйшілік өнер жолы еді.
Дәулеткерейдің күйшілік бағыт-бағдары да, қолтаңбасы да Құрманғазыдан өзгеше. Бірақ екі ұлы күйшінің бірін-бірі жақсы білгені, күйшілік өнерде бір-біріне әсер еткені анық. Мысалы, Құрманғазы мен Дәулеткерей бір кездескенінде екеуі күй тартысып отырып, Дәулеткерей өзінің «Бұлбұл» күйін тартады. Сонда Құрманғазы: «Ал енді сен менің «Бұлбұлымды» тыңдап көр», - деп өз күйін тартады. Құрманғазы күйін тартып болғаннан кейін Дәулеткерей сүйсініп: «Оу, мынауыңыз «Бұлбұл» емес, «Бұлбұлдың құрғыры» ғой депті. Сөйтіп, Құрманғазы сондағы тартқан күй күні бүгін де «Бұлбұлдың құрғыры» аталады.
Жалпы Дәулеткерей - өнер ұлағатымен Бапас атанып, «төре күйлері», «төре тартыс» деген атауларға өзіндік із салып, өзгеше дәстүрді қалыптастырған ұлы күйші-композиторлардың бірі. Сондықтан да оның күйлерінің құрылұсы, тақырып мазмүны мен образдық өрнектері өзгеше бо-лып келеді.
Мысалы, Дәулеткерейдің «Жігер» аталатын күйі - күйшінің; халық тағдырын ойлап, сол кездегі қогамдық-әлеуметтік жағдайға, отаршылдық саясатқа қарсы қыр көрсете наразылық білдіруі, тіпті өзі өскен сұлтандық ортаға да қырын қабақ танытқандай философиялық ойын білдіретін Дәулет-керей шығармашылығындағы ең шоқтығы биік туынды.
Дәулеткерей мұнда айтар ойын Құрманғазыдай тура маңдайға ұрып, көзге шұқып дегендей етіп емес, сабырлы салмақпен астарлай жеткізеді. Ол жөнінде А. Жұбанов: «Бұл күйде босана алмай, булығып жатқан алапат күш, жалыны мол жігер бар. Сірә, күйші іште тұнған наразылық сезімін, нар тәуекел деп бірден ашып тастамай, қабақпен, ыммен шымырлата жеткізген тәрізді», - деп жазады.
«Бұл күйдің атын «Жігер» деп неге қойды екен?» деп А. Затаевич әуелі сұрақ койып ойланады да, әрі қарай өзінің топшылауын былайша білдіреді: «Егер біз жігер дегенді күш-қуат деп түсінсек, күйдің өн бойында тасып-төгіліп, кемерінен асып бара жатқан ештеңе жоқ. Оның орнына сырт көзге жай қалыптағы жігер суреті бар, яғни мұнда тақсірет көрген ержүрек жанньң сабырлы да салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысы шаң береді».
Бұл қазақ күйлерінің ішіндегі ең ұзақ күйге жатады. Күй құрылысында тақырыпты бірнеше рет қайталауы, оны ортаңғы буында, кіші сағада дүіркін-дүркін әр түрлі желіде дамытуы, үлкен сағадағы екінші октаваның «ре» пернесіне баруы, төре тартыс күйлерінің құрылымдык даму жолдарына қосқан Дәулеткерейдің жетістігі деп түсінген жен. Күй тақырыбы пунктирлі ырғақпен синкопа, алты сегіздік, екі сегіздік, ширектік сияқты ноталық ұзақтықтарды қолдану арқылы дамиды. Буындар мен сағаларга бірнеше рет орала қайталап келу арқылы автор ез ойларын әр қырынан дамыта отырып, кейде өкініш, кейде сағыныш, кейде қажырлылық пен жігерлілік иіндерін жан-жақты көрсетіп, адам өмірінде күрсіністі сәттер де, қайғылы халдер де кездеседі, жарқын күндерге жеткізер даңғыл жол жоқ, бі рақ оған барар жолда халқымыздың бойындағы қажыр-қайраты мен жігері сақталуы керек дегенге меңзейді.
Музыка табиғат сұлулығын, адамның жан тебіреснісін сыртқы сұлулық пен ішкі жарасымдылықты асқақ сезіммен суреттеп бере алатын күдіреті бар күрделі өнер. Музыка өнерінде осы айтқанымызға күйлер жатады. Күйлер өзінің дәстүрлік орындаушылық ерекшеліктеріне байланысты орындалу мәнеріне, құрылыс тәсілдеріне, қағыс түріне, саз әуені мен екпін ырғағына қарай негізінен екі үлкен мектепке жатады. Олар төкпе күйлер, шертпе күйлер деп аталады. Оның біріншісі төкпе күйлерге музыкалық образы жағынан симфониялық сипатты бейнелейтін, көбіне тез қарқында орындалатын Қазақстанның батыс өңіріндегі күйлер жатады. Шертпе күйлерге құрылымы жағынан адамның ішкі жан сезімін тербететін әуендері күйдің атына сай ауызекі әңгімелеп отырғандай тыңдаушысына ұғымды, екі ішекті алма кезек сұқ саусақпен шертіп орындау түрлерімен асықпай орта екпінде баяндалатын күйлер жатады.
ДинаНұрпейіскеліні Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Бекетай деген жерде 1861 жылы дүниеге келген. Ол туа біткен дарынының арқасында тогыз жасар кезінде-ақ күйшілік өнерді еркін меңгеріп, әйгілі күйшілер Дәулеткерей, Байжұма, Баламайсан күйлерін нақышына келтіре тартып, ел ішінде «домбырашы қыз» атанады. Динаның тізгіннің екі ұшындай екі ұлы мектебі бар. Оның, бірі Құрманғазы да, екіншісі: - Дәулеткерей. Осы екі үлкен мектептен үлгі-өнеге алған Дина Құрманғазының өршіл рухы мен Дәулеткерейдің сыршылдық жүрек сезімін өз шығармаларында ұштастыра білген. Сонымен қатар Дина сол мектептер шеңберімен ғана шектелмей, әрі қарай өзіндік жол тауып, өзінін, шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырған.
Тоғыз жасар Динаның күйшілігі Құрманғазыдай ұлы тұлғаның назарына ілігіп, күй атасы оны арнайы іздеп келіл жолығуының өзі Динаның біртуар үлкен өнер иесі екенін танытса керек.
Жұртшылыққа әйгілі Дәулеткерейдің «Бұлбұл», Құрманғазының «Бұлбұлдын құрғыры», Динаның «Бұлбұл» күйлері бар. Дәулеткерейдің «Бұлбұлына» еліктеп шығарған Динаның «Бұлбұлы» одан мүлде бөлек өзгеше түрге ие болған. Жалпы өзіндік сипат алған Дина күйлері ғана емес, ол күй тартудың да өзіндік мәнерін жасап қалыптастырған. Тоғыз жасынан он тоғызға келгенге - дейін Дина - Құрманғазы баулуында, Дәулеткерей ықпалында болса да, ол ұстаздар төлімінен үлгі ала отырып, өзіндік сүрлеу жолын салған шебер талант иесі болған күйші.
Енді Динаның «Бұлбұл» күйі жөнінде аздап тоқтала кетейік. Құрманғазының да, жоғарыда айтқандай, Дәулеткерейдің де, Динаның да алған тақырыптары бір - «Бұлбұл», алға қойған мақсаттары да бірдей. Сөйте тұра, Динаның «Бұлбұлында» ұстаздарының күйлеріне қарағанда бұлбұлдың. сайрауы дәлме-дәл, анық естіледі. Динаның «Бұлбұлында» құстың сайраған үні тек жалаң түрде ғана емес, сезімнің еркіндігі ой-арман желілерімен ұштастырыла берілген. Қуаныш ләззаты мен бақыт рақатын білдіретін тұстары да бар. Мұнда автор дәстүрді сақтай отырып, асқан шеберлікпен ұсақ ноталар арқылы, ерекше қағыстар арқылы бұлбұлдың сайрағанын бейнелейтін, табиғат сұлулығын айшықтайтын образды сурет жасайды.
Динаның бұдан басқа да: «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Бозшолақ», «Домалатпай», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Көгентүп», «Көкөніс», «Қарақасқа ат», «Қосалқа», «Мендіқара», «Науысқы», «Он алтыншы жыл», «Өттің дөурен», «Сегізінші март», «Тойбастар», «Шынар» тағы сол сияқты толып жатқан күйлері бар.
Шертпе күйлер ежелден Қазақстанның Шығысы Алтай, Тарбағатай, арқа елінің Шыңғыстау мен Баянтау, Қарқаралы мен Ұлытау өңірінен бастап Жетісу, Қаратау және Сыр бойына дейін ел арасында кеңінен тарап, орындалып келген. Ел арасында "Шертпе күй" деп те "Нақысты күй" депте аталған. Қазақтағы "Сыр шерту", "Көңіл күйін шерту" деген сөздерге шертпе күйлер өзінің аты жағынан ғана емес, ішкі әуендік құрылым мазмұны жағынан да үйлесіп отырады.
Күйлердің орындаушылық ерекшеліктерін, олардың екі үлкен мектепке бөлініп: шертпе күйлер, төкпе күйлер болып дараланатының сөз еткенде, екі мектептің де басында тұрған ұлы күйшілерді атамай болмайды. Олар 19 ғасырда өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырып кеткен халық композиторлары Құрманғазы мен Тәттімбет. Бірі төкпе күйдің, бірі шертпе күйдің алғашқы негізін қалап, қалыптастырып кеткен тұлғалар.
Шертпе күйдің атасы саналатын Тәттімбеттің қазақтың аспаптық музыкасы мен дәстүрлі күйшілік өнердегі алатын орны ерекше. Тәттімбет Қарағанды облысы, Қу ауданындағы Мөшеке бұлағы деген жерде 1817 жылдар шамасында өмірге келіпті. Мөшеке Тәттімбеттің атасы көрінеді. Бұлақтың Мөшеке атануының өзі де тегін емес. Кез келген адамға жер атын тели бермесі анық. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, Тәттімбеттің атасы Мөшеке ойға жүйрік, сөзге шешен, тапқыр да өрелі адам болса керек. Сондай ата тәлімін алып, өзі де зерделі туған Тәттімбет те тек асқан дәулескер күйші ғана емес, әрі арынды ақын, зерек ойлы, өткір тілді шешен адам болған деседі. Оның мұндай қасиеттері талай алқалы жиындарда, небір адуын, арынды ақсүйектер, белгілі де беделді топтар бас қосула-рында ақындық, тапқырлық, шешендік өнерімен танылған. Тәттімбет Дәулеткерей сияқты малбасы түгел, ауқаттылар әулетінен болғандықтан оның арақатынастық ортасының да, араластық аумағының да шекаралық ауқымы өте үлкен болған. Тәттімбет Қазанғапұлы - қазақ жерінің Орталық, Шығыс, Оңтүстік өңірлеріне ең тамаша талант иесі ретінде танылған күйші-композитор. Сондай-ақ ол - бүкіл қазақ жұртына әйгілі бұлбұл жүйріктері: Жана, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ тәрізді дүлдүл күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы, Ыбырай сияқты ел басқарған лауазымды адамдармен аралас-құраластықта болып, қадірлес-сыйлас болған адам. Керек десеңіз, ол II Александр патшаны таққа отырғызу салтанатына (Омбы генерал-губернаторының құзырымен болса керек) қатысады. Омбы генерал-губернаторын атаудағы себебіміз - А. Жұ-банов айтуынша, Шорманның Мұсасы, Қыпшақ Ыбырайлар сияқты айтулы адамдар ғана шақырылған генерал-губернатор жиынында Алшынбай би орнына барған Тәттімбет өзгелерден озық ділмар шешендігімен де, білгірлік дипломатиясымен де, күйшілік өнерімен де көзге түсіп, генералдың ықылас-ілтипатына бөленеді. Сондықтан да әрі дәулеттілер әулетінен саналатын, әрі әлгіндей атақ-абыройға ие болған Тәттімбеттің патшаның таққаа отыру тойына баруы кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Сонымен бірге, бұл жай Тәттімбеттің аса дарынды, дарабоз күйші болумен қатар, халық қамындағы әлеуметтік мәселелерге де, ел басқару жұмыстарына да араласқан көкірек көзі ашық, білгір, қайраткер адам болғанын дәлелдесе керек.
Ал Тәттімбеттің күйшілік өнеріне келсек, өзіндік шертпе күй дәстүрінің қалыптасуына жол ашқан, осы саладағы ең, соқталы, аса көрнекті ірі тұлға. Тәттімбет домбырада күй тартудың, оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау сияқты техникалық түрлерін ендіріп, өзінің сондай тәсілдермен орындалатын көптеген күйлерін үлгі-өнеге етіп шығарған. Қазақ халқының дәстүрлі аспаптық музыкасының алтын қорына енген Тәттімбеттің шоқтығы биік шығармаларының бірі - «Саржайлау» күйі. Бұл күй — Арқа өңіріндегі күй тарту дәстүрінде өзінің құрылысы жағынан да, көркемдік суреттелуінің мазмұнға бай өрнектелуі жағынан да кең тынысты, өсем, сұлулық сымбатымен адамның жан дүниесін баурап алатын кесек туынды. Күйдің өне бойындағы алуан түрлі әшекейлі өрнектермен өрілген лирикалық әсем әуен тыңдаушыны рақат сезімге бөлегендей. Күйде табиғат тылсымының әдемі өрнекті сымбаттық сипаты мен адамдар тыныс-тіршілігінің жарастығы көріністерінің қосарлы желімен қатар үндесе үйлесім тапқанын ұққандаймыз.
Күй екі ішекті жеке-жеке қағу немесе керек жерінде қос ішекті оң қолмен түйдектете қағу тәсілімен орындалады. Күй буындарының ара-арасындағы қайырымдар арқылы шығарма шумақтық түрге ойысқандай болады. Бірақ байыптай барлап қарағанда, күй сол біртұтас лирикалық ба-ғытынан ауытқымай, дамыған түрін бейнелейді. Ал шығарманың соңындағы қорытынды үзіндіде (кодада) күйдің негізгі желісінде кездеспеген жаңаша бір сөз сарынымен аяқталады. Қалай болғанда да Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі - табиғаттың саялы тылсымы аясымен астаса, жарасымдылықпен ғұмыр кешіп жатқан адамдар болмысынан философиялық ой түйіндейтін өресі биік туынды.
Өзін шынайы күйшімін деп есептеген адамдардың бәрі меңгеруге тиісті «алпыс екі тармакты Ақжелеңді» Абыл түгелдей жетік меңгеріп, оларға өз «Ақжелеңін» қосып тартқан. Абылдың «Ақжелеңінен» басқа «Ақсақ құлан», «Әренжанның шалқымасы», «Кеңес», «Нарату», «Абыл» деген тағы басқа күйлері болған. Сол күйлерінің ішіндегі ең көңіл аударып, зер салатын қызықтысы автордың өз атымен аталатын «Абыл» күйі. Бұл күй туралы А. Жұбанов былайша ой толғайды: «1858-1859 жылдар тарихта «жыл ауа» атанған окиғалар болады. Билеушілер салған ауыр салықтан халық қиналды. Ел ішінде ірілі-ұсақты көтерілістер болады. Халыққа ауырлық түседі. Осы оқиғаларды көріп-біліп отырған Абыл билеуші топтың бұл ісіне ашулы ыза мен ауыр салықтан қиналған жарлыларға жан ашу ретінде күй шығарды. Автор ол күйіне ат бермеген. Ел ішіне «Абыл» атымен (осы оқиғаға арнаған Абылдың күйі дегенді білдірсе керек) жайылған бұл күй Абыл шығармашылығының шыңы және ақырғысы болып есептеледі. Оның бұдан соңғы күйлері бізге мәлімсіз».
Енді бұл күй туралы А.Затаевич пайымдауларына келсек, ол былайша баяндалады: «Басталуы, аяқ алысы ауыр, зілді, салмақты болып келгенімен аздан соң ол құлашын кең тастап, аспандап, өзінің қарқынды күшін көрсетеді. Мұндай сипат бұл тектес шығармаларда сирек кезігетін жайт. Енді өткінші бөлімнен кейін күйдің нәзік, майда әуенді екінші бөлімі басталады. Мұнан соңғы өрістеу негізгі элементтерден құралып, шалқыған кең толқумен жүрісі жайлап барып бітеді. Бүл пьесаның құрылысы оның негізінде бір поэтикалық бағдарламасы болғанын анықтайды. Бірақ не екенін мен біле алмадым. Дегенен бұл музыкалық поэманың кейіпкері тарихта шын болған. Орал жене Адай казақтарының көпшілігі болып есептелетін Байұлы табынан (руынан) шыққан Абыл екені даусыз».
Байқап қарасақ, екі ғұлама ғалымның айтқан ойларында ауытқитындай алшақтық жоқ. Мысалы, А.Затаевич: «Басталуы зілді» дейді, А.Жұбанов «Ел ішінде ірілі-ұсақты көтеріліс болады» деп халықтың буырқанған ашу-ызасының қуат-күшін білдіретінімен дәлелдей түседі. А.Затаевич: «Өткінші бөлімнен кейін күйдің нәзік, майда әуенді екінші бөлімі басталады» деген болса, А.Жұбанов: «Абыл ауыр салықтан қиналған жарлыларға жан ашу ретінде күй шығарды» деп ол ойды да құптай түседі. А.Жұбанов: «Автор өзі ол күйіне ат бермеген. Ел ішіне «Абыл» атымен жайылған күй» деген сөзін А.Затаевич те: «Бұл музыкалық поэманың кейіпкері Абыл екені даусыз» деп қуаттай қостайды. Демек, «Абыл» күйі - адам өмірі мен тұрмыс-тіршілігін, сонымен байланысты туған ой-сезім толғаныс-тебіреністері мен іс-әрекеттерін бейнелейтін философиялық күй. Күй құрылысының бір ерекшелігі негізгі тақырыптан кейін сол тақырыпты орта буында әуелі «ми», одан соң «фа» пернелерінде екі рет қайта дамытады. Ал үлкен сағадан кейін дәстүр бойынша орта буын қайтып оралмастан кең толқулы үнмен баяулап барып аяқталады.
Қобыз – ежелден келе жатқан аспап. Халық аңызы мен Орта Азия ғалымдарының кейбір деректеріне қарағанда, VIII-IX ғасырларда қобызды Қорқыт жасаған және оған алғаш рет күй шығарып тартқан деседі.
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін
Шанақ қылған, қобызым.
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған, қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған, қобызым.
Құлағыңды бұрайын
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын,- деп қобызды қолына алған
кезде, аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң – бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты».(М.Жарқынбаев. Қорқыт. Өнер, 1987 ж.)
Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» күйі тыңдалады. «Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады. Ол құс салып, ит жүгірткен саятшы екен. Қашқан аңды құтқармайтын «Ұшар» деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол кездегі елдің әдет-ғұрпы бойынша, өлікті жерлегеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді екен. Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін кемпір баласына қалған жалғыз көз – тазыны іздесе, ол ұшты-күйлі жоқ болып шығады. «Ескі жұртта қалған болар» - деп, ана бұрынғы қоныстарына келсе, айтқандай-ақ, Ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай-сүйекті сырқырата аспанға қарап ұлып жатыр екен. Мұны көрген ана:
Жалғызымнан айырылдым,
Қанатымнан қайырылдым,
Ұшар,ұшар, кә-кә... – деп аңырайды. Кең далада
жалғызының артында қалған ана мен иесінен айырылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді». (Н.Шәменұлының айтуы бойынша жазылған. М.Жарқынбеков. Қорқыт. Елім-ай. Өнер. 1987 ж. 22 бет.)
Қорқыт өзінің «Ұшардың ұлуы» атты күйін осы оқиғаға байланысты шығарыпты деседі.
Түркі тілдес халық тайпаларының сенім-нанымында шамандық елеулі орын алған. Шаман дегеніміз емші, тамыр ұстаушы, балгер, жын құрсанған бақсы. Оларды абыз деп те атаған. Бұл қобыз деген сөздің өзгерген түрі. Бақсылар қолына қобыз алғанда:
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым!
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым,
Қызыл қаршын тобылғы
Жәшік қылған қобызым,
Желмаяның терісінен
Қапшық қылған қобызым
Жүйрік аттың құйрығын
Ішек қылған қобызым!
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым!
Тасқа шыққан ырғайдан,
Құлақ қылған қобызым!
Сексендегі кемпірдей,
Бүкір белі қобызым!
Буаз қатын секілді
Арты шөмек қобызым!
Әбден де болжа, қобызым! –
деп сарнайды. Қобыз – түркі тілдес халықтардың ертеден келе жатқан көне өнер аспабы.
Қорқыттан кейін өмір сүрген, аты әйгілі, киелі бақсылардың бірі Қойлыбай туралы да қазақтар арасында аңыз көп. «Қойлыбай бар бақсының түп атасы, оқ тартар садағы іспетті» деп суреттейді оны Шоқан. Бірде ол қобызын аламан бәйгеге салғаг деген аңыз бар. «Жүздеген сәйгүлік қосылған бәйге аттарының келе жатқанын көргенде қолына қанжарын алып әулие, пірлерін жәрдемге шақырып Қойлыбай сарнап қоя береді. Сол-ақ екен бәйге жақтан бір қара дауыл тұрып, отша лапылдаған аптап ыстық жел соғады. Біркезде сол дауылдың артынан қалың қара көрініп, ат тұяғынның дүбірі естіледі. Демде бәйге аттарының алдынан қарборандатып, атты құлаш тамырымен ала жібін сүйреткен алып ағаш көрінеді. Сөйтсе ағаш дегені Қойлыбайдың қобызы, дауыл мен желді суырып келе жатқан көкаман жынының екпіні екен», - деп айтылады аңыз әңгімеде.
(VII – VIII ғ.ғ.)
Өткен ғасырлар қойнауынан түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ өнер, мәдениет қайраткері – ақын, ақылшы, көріпкел, бақсы, қобызшы, сазгер,жыршы, сәуегей, тәуіп, қол бастаған батыр әрі фиьософ Қарақожаұлы Қорқыт қазақ жерінде дүниеге келіп, дүниенің төрт бұрышын шарлап, өзі өскен Сыр бойына оралып дүниеден қайтады.
Қорқыт туралы әңгімелер, мифологиясы, болжамдар VII- IХ ғасырларда Сыр бойы оғыз- қыпшақ тайпаларының ауыз әдебиетінде айтылып, ОртаАзия, Кавказ, Түркия, Балқан түбегі аймағында таралып, Қорқыт ата айтқан нақыл сөздер қазақ мақал- мәтелдерінде, жыр жолдарында, жыраулардың толғауларында өзгермей сақталып, халқымыздың жыраулық, бақсылық, қобыз- күй атасы, көріпкел, ақылгөй, адамгершіліктің жоғарғы шыңына баулитын тарихи- өнерлі тұлға ретінде танылады. Сыр бойындағы Шөмекей (Сарыбай) елінде Құлназар ақын Қорқыт ата туралы:
Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,
Қазылған көрді көріп қатты сасқан.
Тағдырдың тақымына тәнті болмай,
Ажалмен арпалысып жанталасқан, -
деп бағалайды. Атағы төрт әлемге тараған оғыз- қыпшақ тайпаларының қобыз ойнау шебері, күйші, бақсы- тәуіп, көріпкел әрі жыршы – жырау, дастан, арнау, толғау айтушы, ақылгөй- ойшыл өз шығармаларының бірінші орындаушысы, уағыздаушы, қобызбен сүйемелдеушісі ретінде халқының санасында сақталған. Осылай көп салалы дамыған қайраткер тұлғаларды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп халқымыз бағалайды, мақтан тұтады.
Ерте ғасыр ғалымы Дәуріш Әли әлемге тараған «музыкалық трактатында» атап көрсеткендей Мауреннахр аймағында қатар жатқан Жейхун (Амурдария), Сейхун (Сырдария) саласында қобыз аспабының бақсы- шайырлардың қолында орта ғасырда болғанын айтады.
Ал Әбунасыр әл- Фараби бабамыздың «Китаб аль- музыкаль - кабир» (Музыканың үлкен кітабы) атты трактаты Қорқыт өнері шығармашылығымен
сыбайлас келіп, жарты тон дыбыстар аралықтарын жағымды, жағымсыз деп, 12 дыбыстан тұратын адамның тыңдау, қабылдау қабілетіне сай екендігін дәлелдеп берген жаңалықты, Қорқыт ата орындайтын халық күйлері мен өзінің «Қорқыт» атты күйінде, «Аққу», «Әуіпбай», «Башпай», «Желмая», «Елім- ай, халқым-ай», «Сарын», «Тарғыл ана», «Ұшардың ұлуы» т.б. күйлерінің құрылымынан байқауға болады. Демек, екі дарынның өскен ортасы тыңдалған ән, күй, жыр, айтыс, дастандарды бір кезеңде, бір сарында орындалғандығында көп ашылмаған сыр жатыр емес пе?
Қазақ өлкесінде бақсылық өнердің пірі атанған Қорқыт сырқаттанған, ауырған, ауруға ұшыраған адамдарды Қорқыт атымен, қобыздың сиқырлы үні арқылы зікір салып, бойын сергектетіп, адам бойына жайлаған өлімге қарсы тұрып, өмірге араша болған «халық емшілері» шеберліктің арқасында адамның жағымды әрі ащы дауысымен қобыз сазы арқылы аурудың жан дүниесіне пайдалы әсерін тигізіп, дәрі-дәрмек ретінде күш-қуат, сенім арқылы аурудан айықтырған.
Күйді тыңдау, күйді орындау таңғажайып музыкалы- эстетикалық, педагогика- психологиялық құбылыс, оны тыңдау табиғи қажеттіліктен тұрады. Соның арқасында құдіретті, әсем күйдің, әннің, жырдың т.б. өнер түрлері мен салаларының шығуы, орындалуы,болашақ ұрпаққа көшіп қабылдануы, саналы ұрпақтың рухани байлығына айналды. Әбунасыр әл- Фарабидың сөзімен айтсақ, музыканың адамға емдік қасиетін, жағымды әсерін жан- жақты дәлелдеп, оның адам жан дүниесіне пайдалы әсер етіп, тәрбиелік мәні зор екенін ескертеді.
Өткен ғасырдың майталман ақын, жырау, бақсылары: Жанақ, Сабырбай, Найман бала, Құлыншақ, Балқы базар, Нышан Шәмен ұлы, Борықбай т.б. домбыра, қобыз ойнау, тәуіптік іс- әрекетімен халық аузына ілінсе, Жаңаарқа, Сарысу аймағында өмір сүрген қобызшы, сазгерлер аталы- балалы: атасыАлтынбек, оның баласы Дүкен, оның баласы Ықылас, оның баласы Түсіпбек, оның шәкірті Дәулет Мықтыбай Әупік ұлы, Сүгір Әли ұлы, Ашай, Әйкен, Жаппас Қаламбаев болып жалғасады.
1870 жылы Жетісу өлкесіндегі Ақсу ауданында Қобызшы Молықбай Байсақұлы дүниеге келіп, 1930 жылы «бақсы» деген айып тағылып, Алматы қаласында түрмеде қайтыс болады.Атақты ақын Ілияс Жансүгіров 1930 жылы Молықбай қобызшы туралы «Күй» атты поэма жазды. Жазушы серік Жанабіл қобызшы туралы «Қобызшы Молықбай» атты кітапты «Жалын» баспасынан 1994 жылы кітап етіп шығарды. 1993 жылы Серік Жанабілдің «Молықбай қобызшы» фильм- спектаклі республикалық телеэкраннан көрсетіліп, ол «Алтын қорға» енгізілді. Молықбай қобызшы Қорқытты пір тұтқан. Молықбайдың «Қорқыт», «Шурат», «Бозжорға», «Жезкиік», «Кеңес», «Бозінген», «Жетісу», «Алатау», «Ақсу» атты күйлері болған екен.
Қобызшы Молықбай шал Матайдағы,
Матайда Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.
Қазақта қобызшыдан қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы, -
Деп дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров Молықбайды жырлайды.
Қобызшы Молықбайдың туған- туыстары Алматы облысының Ақсу ауданында тұрады.
1928 жылы Оңтүстік өлкесінде Бөген ауданы Төртгүл Беспай шаруаның Заманбек атты ұлы дүниеге келеді. Мызайым әкесінің қобызымен бүгінде зікір салып, жүйке ауруына шалдыққандарды емдеуде.Бақсы Заманбек Шымкенттің жаны Тельман атты ауылда тәуіптік қызметімен айналысқан.
Қыл қобыз жоғарғы оқу орны саласы Алматы консерваториясында 1968-69 оқу жылында Еркеғали Рахмадиевтың ұсынысымен ашылып, 8 студент қабылданып, Жаппас Қаламбаев 1968-69 жылдары, Дәулет Мықтыбаев 1970-77 жылдары, Болат Сарыбаевпен бірлесе отырып дәріс беріп, 4 студентті Қосбасаров Базарбай (консерваторияда сабақ береді) , Ажмұратов Қуаныш (Құрманғазы ат. оркестрде), Құдайберген Нұрманов (Таразда), Жұмабеков Әбдіманапты бітіртеді.
1977 жылы Дәулет Мықтыбаевтың ұсынысымен Жұмабеков Әбдіманап Республикалық арнаулы музыкалы 11 жылдық қазақ мектеп- интернатына қыл қобыз мамандығы бойынша қызметке қабылданды. Осы оқу жылында аталған музыкалы мектеп- интернатта қыл қобыз мамандығы республикада тұңғыш рет ашылған болатын. Төменде аталған оқушылар: Нұрмашова Нұргүл (Көкшетау филормониясында) , Тұрманова Нағима (Шымкент музыкалық колледжінде), Шабанбаева Гүлназ (Тараз музыкалық колледжінде), Байназаров Батырбек (Қостанай филормрниясында) қыл қобыз класына қабылданып, музыкалы - эстетикалық көркем талғамын қанағаттандыратын, сусындыратын қыл қобыз аспабын болашақ ұрпаққа табыстаған кезеңі еді. Бүгінде Қорқыт ата, Ықыластың қобызы кең етек жайған мезгіл дейміз. Көптеген оқу орындарында арнаулы бағдарламамен қобыз (үш, төрт шекті) , қыл қобыз екі шекті оқытылуда.
Қызылорда мемлекеттік педагогикалық университеті Қорқыт атымен аталады.1998 жылы Қорқытқа арналған халықаралық ғылыми- практикалық конференция өткізілді. Мемлекет тарапынан Қорқыт атаның ескерткіші жаңартылып тұрғызылды. 1980 жыл.
Авторлары: арх. Б.А.Ибраев, физик С.И.Исатаев.
Ықылас Ерденұлы
Ықылас Ерденұлы 1843 жылы туған. Ықыластың әкесі Дүкен де, атасы Алтын да қобызшы болған адамдар. Алайда Қорқыт бабадан кейінгі өткен мың жыл шамасындағы аралықта қазақтың қасиетті қара қобызы адамның қуанышымен қайғысын, бары мен жоғын, мұң-шерін жырлаған рухани қазынасының елшісі болудан қалып, қайтадан бақсы-бәлгерлер қолындағы құралға айналған еді. Ықылас сол тілі байланып, мақау тартқан қобыз үнін қайта сайратып, адамша сөйлетіп, табиғат тылсымымен тілдестіріп, оған өмірлік жан бітірді.
Қобыздың табиғи тілін табу Ықыласқа оңайға түскен жоқ. Оны көзі көргендер айтқан әңгімелер желісіне қарағанда, Ықылас әуелінде қобыз үнінен шығатын әр түрлі дыбыстарды байқап көріп, өзінше бірдемелерді ойнап, көбінесе ол дыбыстарды табиғаттан алып, жан-жануарлар мен құстардың даусына салып, солардың үніне еліктей дыбыс шығарып көріп көп әуреге түседі. Сөйтіп жүріп Ықылас бір күні қобызға қасқырдың ұлыған даусын салады. Қобызда ішекті бойлай отырып, қасқырдың ұлығанын айнытпай келтіреді. Әуелі бір ішекте бір қасқырдың, одан соң екі қас-қырдың, әрі қарай ұлыған көп қасқырдың үніне салып қобызын сарнатады. Оның қобызда орындаған қасқыр ұлысын естіген ауыл иттері мазасыздана аулада айнала шауып шабалана үреді. Күй сазын тыңдаған ауыл адамдары да таң-тамаша қалады. Осылайша Ықыластың «Қасқыр» күйі дүниеге келіпті. Ықыластын, «Аққу», «Бозторғай», «Жез киік», Қазан», «Шақыру», «Жалғыз аяқ», «Айрауық», «Асанқайғы», «Қаншайым», «Саржан төре», «Ерден» күйлерінің де әрқайсысының өмірлік мазмұны, қызғылықты оқиғалары бар.
Ықыластын «Ерден» күйінің де өзіндік ұзын-сонар әңгімесі бар. Қысқа қайырғанда ол былай болып шығады: «Ерден дуанбасы болған және ол байлығы басынан кетпеген, ел ішінде беделін жүргізе алатын, кім-кімді де өз дегеніне көндіруге тырысатын менмендігі зор, найзагерлігімен «Ба-тыр Ерден» атанған, қобыз тартатын да өнері болған адам. Сол Ерденнің Айменде деген ұлы қайтыс болып, қаралы күйге түскен Ерденге ел-жүрт көңіл айтуға барады. Ерден ұлының қазасын кара тұтып теріс қарап жатып алады. Ел ішіндегі игі жақсылар мен өткір тілді шешеңдер басу айтып, ақыры Ерденді орнынан тұрғызады. Бірақ Ерден қайғыдан айыға алмай есеңгіреп отырып қалады. Тек ауық-ауық «Жалғызым, құлыным!» деп булыға күбірлсй сөйлеп, көкірегін кернеген шерлі зарын сыртқа шығарғысы келгендей жанында сүйеулі тұрған қобызына әлсін-әлсін қолын соза сипап қойып, аһлап-үһлеп отырады. Біраздан соң жұрттың басу айтқан сөздеріне деқұ аспастан сыртқа шығып кетеді.
Жиналған жұрттың ішінде сол козде жиырмаға толар-толмас жастағы Ықылас та болыпты. Неше күндей Ерденнің аһ ұрған қасіретті халіне бірге іштей езіле егіліп, қобызға ынтыға қарап, қаралы кезде оған қол созуға батылы жетпей отырған Ықылас Ерденнің тысқа шығып кеткенін пайдаланып, қобызды қолына алып, құшырлана шалып-шалып жібереді. Шалғанда да Ерденнің неше күндей «беу, жалғызым, құлыным!» деп ішін жегідей жеген қасіретті күрсінісіндей етіп зарлы үн шығарады. Сөйтіп, зарлата созып бір қайырған соң, қобызды өз орнына сүйей салады. Сол кезде көзіне жас үйіріліл, кемсеңдей ентігіп Ерден кіріп келеді де:
- Ойпырм-ай, біреудің қобыз тарттыңдар ма, әлде менің кеудемді өртеген қасірет зарым қобыз үні болып құлағыма шалынды ма?! Бір сұңғыла сарын сұңқылдай азынап естен тандырды ғой! — депті. Сонда отырғанда ішінен бір қария:
- Ау, Ерден, сабыр, сабыр! Мына бір бала білместік жасап, қобызыңа қол тигізіп қойды, - деп Ықыласты нұсқайды. Ерден мойнынан бір ауыр жүк түсіп жеңілдегендей болып, ентігін басып, сабырлы қалыппен орнына келіп отырып:
- Уа, жақсылар мен жайсаңдар! Неше күндей менің қайғылы халімнің қызығына қарағанша, араларыңда мені сол қайғыдан арашалап алып қалар адамның барын айтпадыңдар ма?! Менің қасірет шерімді күй сейілтетін болар, кане,тартшы бала жаңағы сарынынды! — деген екен.
Ықылас қобызды алып, азалы қобыз сазын сызылта жөнеліпті. Қобыздың бебеулей шыққан қоңыр үні «бе-еу, жалғызым, құлыным, жалғызым, қайтейін-ай, қарғам-ай!» деп жылағандай күңірене аңырап, көкіректі қарс айыра азалы зар төгеді. Мынау дүниенің опасыз жалғандығын еске салып, терең ой тұңғиығына батырады. Сонда Ерден:
- Пай-пай, мұндай да жорға болады екен-ау! Десе десін-ау, десе десін-ау! - дей берген екен».
«Ерден» күйінде Ықылас қарапайым қобыз аспабының мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, шынайы классикалық күй тудырған. Күйдің кейбір буындарынан «жоқтау» айтқан адам даусына ұқсас зар төккен сарынды естуге болады. Академик Ахмет Жұбанов: «Ерден» күйі - күрделі лирика-лық шығармаларға дайын тақырып болып саналптын қобыз күйлерінің ең тамаша үлгілерінің бірі», - деп жазды.
Ықыластың озық күйшілік өнері оның өз көзін көріп, тәлім-төрбие алған шәкірттері Ашай, Әйкен, Сүгір сияқты қобызшы-домбырашылармен жалғасын тауып, олардан үлгі алған Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтармен желіленіп, әрі қарай олардың ондаған шәкірттері арқылы күні бүгінге дейін өркені өсіп, кеңінен қанат жайып келеді.
Негізгі әдебиет:
• История казахской музыки. – т.1, А., 2000.
• Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. А., 1991.
• Қоңыратбаев Ә. Қазақ халқының музыкалық фольклоры. Оқу құралы. – А., 2001.
• Қоспақов З. Ерзакович Б. Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы. А., 1986.
• Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. А., 1980.
Қосымша әдебиет:
• Затаевич А.В. 500 казахских песен и кюев. М., 1931.
• Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. А., 1975.
• Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. А., 1975.
• Жұбанов А. Ән-күй сапары. А., 1976.
ОӘК Қр мббс сай 050106 мамандығының 1 курс студенттері үшін жасалған. «Музыкалық этнография» пәні студенттерге музыкалық-фольклорлық жанрлар туралы мол түсінік алуға көмектеседі
14 12 2014
4 стр.
В докладе представляется развивающийся проект, реализуемый с 1999 года совместно Санкт-Петербургским и Нижегородским государственными университетами
25 12 2014
1 стр.
Архитектура и технологии интегрированной системы "Этнография Нижегородской области" как прототипа программно-технологического инструментария
25 12 2014
1 стр.
Составными частями исторической науки явл археология и этнография. Археология изучает историч-ое общ-во по сохранившимся останкам чел-ка. Этнография изучает особенности матер-ой и
12 10 2014
1 стр.
Листтің шығармашылығынан тарихта музыкалық өнердің жаңа парағы ашылады. Бұл үшеуі дәстүрлі мектептің бастаушылары ретінде,XIX ғасырдың екінші жартысындағы жалпыевропалық музыкалық
25 12 2014
1 стр.
В последние годы в связи с ростом национального самосознания населяющих народов России все больше повышается интерес к вопросам традиционной и современной культуры, быта, обрядов и
11 10 2014
1 стр.
Бәрінен де жас ұрпаққа рухани дүниені дұрыс танытатын, адамдықтың, әлемдік мәдениеттің шырқау шыңына бағдарлайтын музыка пәні мүғалімінің орны бөлек
25 12 2014
6 стр.
Жаңа ғасырдың аяқ басуымен өнер әлемінде, жалпы музыкалық жанрда хип-хоп деген ұғым пайда бола бастады. Елімізде бұл музыкалық бағыттағы толқын даму үстінде. Оның жетілуін үстемеле
25 12 2014
1 стр.