




АШЫҚ САБАҚ
МУЗЫКА
Сабақтың тақырыбы: «Жалынды ақын - Махамбет»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: а) оқушыларды қазақтың біртуар ұлы Махамбет бабамыздың өмірімен, шығармашылығымен, ақындық, термешілік өнерімен таныстыру;
ә) оқушыларды қазақтың ақындық шығармашылық өнеріне тартып, оқушы білімін тереңдету.
Дамытушылық: оқушылардың тыңдаушылық, орындаушылық, ойлау қабілетін дамыту. Жыр-термеге қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік: қазақ халқының әдеби-музыкалық мұрасын құрметтейтін, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін азамат тәрбиелеу. Махамбет ерлігі арқылы балаларды патриоттыққа тәрбиелеу. Эстетикалық тәрбие беру
Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі-көрнекілік, сұрақ-жауап, көрініс
Пәнаралық байланыс: әдебиет, сурет, тарих
Сабақтың көрнекілігі: Махамбеттің бейнесуреті, плакаттар, үнтаспа, баян, буклет
Сабақтың жоспары:
-
Ұйымдастыру 1 мин
-
Үй тапсырмасын сұрау 10 мин
-
Дауыс жаттығуы 2 мин
-
«Адасқан ноталар» сұрақ-жауап ойыны арқылы
өткен сабақты пысықтап қорыту 5 мин
-
Жаңа сабақ 10 мин
-
Көрініс «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» 3 мин
-
Күй, терме тыңдау 3 мин
-
Дәптермен жұмыс 5 мин
-
Топтастыру әдісі 2 мин
-
«Сиқырлы ағаш» ойыны арқылы сабақты қорыту 2 мин
-
Үйге тапсырма 1 мин
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
а) оқушылардың назарын сабаққа аудару
ә) үй тапсырмасы: Бұқар жырау, оның термесі. «Не жаман, не жақсы» тақырыбына өлең жазып келу. Б.Жүсіпәлиевтің әні «Нота үйренеміз» жаттап келу
Дауыс жаттығуын жасату
«Адасқан ноталар» сұрақ-жауап ойыны арқылы өткен сабақты пысықтау
«Адасқан ноталар»
♪ ♪
♪ ♪
♪ ♪
♪ ♪
Нота астына жазылған сұрақтарға жауап беріп, нотаны нота
сызығына орналастыру
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
Сұрақтар:
-
До Терме дегеніміз не?
-
Ре Бұқар жырау туралы не білесің?
-
Ми Бұқар жырау термесінен үзінді орында
-
Фа Әннің әуені болса, терменің .... болады
-
Соль Соль нотасының әнін орында
-
Ля Ля нотасының әнін орында
-
Си «Термеші» деп кімді атайды?
-
До Бұқар жырау термелерінде не туралы жырлайды?
Нота астынан «Махамбет» сөзі шықты. Сонымен бүгінгі сабағымыздың
тақырыбы: «Жалынды ақын - Махамбет»
Жаңа сабақ
Бүгінгі сабағымыз елі мен жері үшін, қазақ халқының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін хан, би, сұлтандарға қарсыласып өткен батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы болмақ
Махамбет Өтемісұлы Батыс Қазақстан облысының Еділ, Жайық арасындағы Нарын құмында, Бекетай деген жерде 1803 жылы дүниеге келген. 1836-37 жылдардағы Исатай бастаған шаруалар көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, әрі көтерілістің жалынды жыршысы. Бала кезінен-ақ мұсылманша да, орысша да сауатын ашқан, мерген, палуан болған. Халық алдында беделін көтеру үшін талантты адамдарды өз маңына жинайды. Бірақ бұқараға істеп отырған хан қатыгездігін көрген Махамбет іші жылымайды. Тумысынан батыл, қызуқанды, «от тілді, орақ ауызды» Махамбеттің өзін мақтаушы емес, даттаушы болатынын аңғарған хан, оны ордадан қуып жібереді.
Ел тілегінің жоқшысы Махамбеттің өршіл де отты жыр, толғаулары бұқара халықтың үстем тап өкілдеріне қарсы айбынды, қылыштан да өткір қаруына айналды. Ақын өлеңдері халықты жігрлендіріп, ерлікке шақырды. Махамбет творчествосындағы келелі образдардың бірі – Исатай батыр бейнесі. Исатайдың ерлігі, каhармандығы Махамбеттің өлең-толғаулары мен дауылды күйлеріне өзек болды.
Жәңгір хан өлгеннен кейін елге сұлтан болған Баймағамбет Айшуақов Махамбетті қудалауын қоймайды.
Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан ызалы сөзінен көрініс.
Көрініс:
Баймағамбет: - Ия батыр, өлең айтыңыз
Махамбет: - Менің өлеңім сізге жақпас
Баймағамбет: - Ақын батыр, оқыңыз бір өлең
Махамбет: - Ал, өкпелеме хан.
Ей, тақсыр-ау ей тақсыр
Боз орданы тіктім деп
Боз ағашты жықтым деп
Ханым, ханым дегенге
Көтере берме бұтыңды
Көпірте берме ұртыңды
Күндердің күні болғанда
Өзіңнен мықты жолықса
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді
Баймағамбет: - Бұлай айтпаса Махамбет батыр бола ма? Батыр сөзін көтермесем, мен хан болам ба? – депті.
Махамбет өлеңдері көтеріліс үстінде туды. Өлеңдері шешендік толғау, терме түрінде жазылғандықтан, оның өлеңдерін терме мақамына салып орындаған. «Мен, мен едім, мен едім...»
Өлеңдері: «Арғымақтың баласы», «Жалған дүние», «Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым» т.б.
Күйлері: «Өтініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр, Қылыш», «Шілтерлі терезе» т.б.
Күй тыңдау: «Жұмыр, Қылыш»
Күйдің мазмұны: 1838 жылы Исатай өлгеннен кейін жалғыз қалған Махамбет тағы да күш жинап, ханнан кегін алу үшін Жайық бойындағы Байбақты еліне барады. Байбақтының Жұмыр, Қылыш деген батырларымен кездесіп, жолдас болады. Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» күйі сол кезде шыққан.
Терме тыңдау. «Қайран Нарын»
Абай өлеңдерінде ойлы болып өсуді үйренсек, Махамбет жырларында Отан сүюдің үлгісін көреміз. Бостандық, туысқандық – Махамбеттің арман-мұраты еді.
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім...
Ханнан қырық туғанша
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы, - деп жырлаған ақын, езілген еңбекшінің
арман-мүддесін жоқтап, теңсіздікке қарсы күреске үндейді.
Бабамыздың 200 жылдығына орай «Қызыл жусан» атты көркем фильм, «Махамбеттің ізімен» атты деректі фильм түсірілді.
Халықтың арман-мұраты үшін күрескен ақын Махамбет 42 жасында 1845 жылы «Караой» деген жерде қапыда қаза болды. Оның басын шауып ханға алып барды.
Достары көп, емес еді қассыз да,
О, тәңірім, сатқынға жер басқызба.
Қалай ғана ұқпады екен малғұндар,
Махамбеттің жырлайтынын бассыз да?!
Қазіргі уақытта Махамбет күйлері дарынды домбырашылардың репертуарында берік орын алған.
Дәптермен жұмыс. Махамбеттің өлеңдері мен күйлерін дәптерге жазып қоямыз
Топтастыру әдісі:
Батырдың бойындағы қасиеттері
батыр жыршы
ақын шешен
мерген палуан
«Сиқырлы ағаш» ойыны арқылы бүгінгі сабақта не түсіндік, ортаға салайық. (Тақтаға жапырағы алынбаған ағаш суреті салынған плакат ілемін. Жапырақ астында сұрақтар бар)
-
Махамбет қай жерде, қай жылы туған?
(Нарын құмында, 1803 жылы)
-
Махамбеттің басты арман-мұраты
(Теңдік, тәуелсіздік, ел бостандығы)
-
Махамбетті қудалаған кім?
(Жәңгір хан)
-
Махамбеттің күйлерін ата
(«Өкініш», «Жұмыр, Қылыш»)
-
Махамбеттің өлеңдерін ата
(«Ереуіл атқа ер салмай», «Жалған дүние»)
-
Бабамыздың мерейтойы қай жылы тойланды?
(2003 жылы)
-
Қандай күй, терме тыңдадық?
(«Жұмыр, Қылыш», «Қайран Нарын»)
-
Махамбет қай жылы, қай жерде қайтыс болды?
(1845 жылы «Қараой» деген жерде)
«Сиқырлы ағаш» біздің сабағымызды жақсы меңгеруімізге көмектесті және күз мезгілінен қыс мезгіліне ауысты. Қазір жылдың қай мезгілі?
Қорытынды
-
Бүгінгі сабағымыздың теңдік пен тәуелсіздікті армандаған батыр
бабамызға арналуы кездейсоқ емес. Өйткені, алда желтоқсан айында қандай мерекені тойлағалы отырмыз? (балалар хормен: - 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні)
Ия, 1991 жылдың 16 желтоқсаны Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған күні.
1986 жылы жас өмірлерін жалау еткен азаттық, тәуелсіз ел болу үшін арман мен үмітке толы жастар шерулерін айтуға болады.
«Туған жердің басы болмасам да, тасы болайын» деген мақал бар. Қай жерде жүрсек те, туған жерді қастерлеп, гүлденген Қазақстанға үлгілі тәртібімізбен, талмай іздену, талаптану арқылы үлесімізді қосайық.
«Қазақстан» әнін тартып беремін. Келесі сабақта әнін үйрететінімді айтамын.
Бағалау: сабаққа жақсы қатысқан оқушыларды және «Не жаман, не жақсы» өлеңін жазып келген оқушыларды бағалаймын.
Үйге тапсырма: Махамбет Өтемісұлының өмірін оқу, «Қазақстан» әнінің сөзін жаттау.