Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы
"Егемен Қазақстан" 2010 жылғы 2 ақпандағы № 36-37 (25883), 2010 жылғы 12 ақпандағы № 50-53 (25899); "Казахстанская правда" от 02.02.2010 г. № 22 (26083), от 12.02.2010 г., № 31-33 (26092-26094); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 10, 115-құжат
Қазақстан Республикасы Президентi
мен Үкiметi актiлерiнiң жинағында
және республикалық баспасөзде
жариялануға тиiс
МАЗМҰНЫ
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейiнгi Даму Стратегиясын iске асыру мақсатында
қаулы етемiн:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары (бұдан әрi — Стратегиялық жоспар) бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық мемлекеттiк органдар, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, жергiлiктi атқарушы органдар өз қызметiнде Стратегиялық жоспарды басшылыққа алсын және оны iске асыру үшiн қажеттi шаралар қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi жыл сайын 1 шiлдеге Стратегиялық жоспарды iске асырудың мониторингi қорытындыларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне ұсынып отырсын.
4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарының күшi осы Жарлықтың қосымшасына сәйкес жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2010 жылғы 1 ақпандағы
№ 922 Жарлығымен
бекiтiлген
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
2020 ЖЫЛҒА ДЕЙIНГI СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ
Кiрiспе
1997 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы" атты халыққа Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясы (бұдан әрi — "Қазақстан-2030" стратегиясы) белгiлендi. Бұл Стратегия егемендi республиканы әлемнiң ең қауiпсiз, тұрақты, экологиялық орнықты, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерiнiң бiрiне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзiмдi даму жолын айқындап бердi.
"Қазақстан-2030" стратегиясында жетi ұзақ мерзiмдi басымдық айқындалған: ұлттық қауiпсiздiк; iшкi саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы; шетел инвестициялары мен iшкi жинақталымдардың деңгейi жоғары ашық нарықтық экономикаға негiзделген экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, бiлiмi мен әл-ауқаты; энергетика ресурстары; инфрақұрылым, әсiресе көлiк және байланыс; кәсiби мемлекет. Осы басымдықтар елдi одан әрi дамыту жөнiндегi нақты iс-қимылдар әзiрлеудiң негiзiне айналды.
Қазақстан Республикасының Президентi 2001 жылғы желтоқсанда бекiткен Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары (бұдан әрi — Стратегиялық жоспар-2010) "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асырудың алғашқы онжылдық кезеңi болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары (бұдан әрi — Стратегиялық жоспар-2020) 2010 жылдан бастап 2019 жылды қоса алғандағы аралықты қамтитын "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асырудың келесi кезеңi болмақ.
Стратегиялық жоспар-2010-ды iске асырылудың аяқталу мерзiмiне қарай және Стратегиялық жоспар-2020-ны әзiрлеу кезеңiнде дамудың сыртқы жағдайлары елеулi өзгерiстерге ұшырады. Қазақстан соңғы жетпiс жыл iшiндегi ең ауыр жаһандық дағдарысқа қарсы тұруға беттедi.
Экономикалық айналымның әсер етуi, бiрiншi кезекте, ағымдағы әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалы ұлттық экономиканың әлемдiк немесе өңiрлiк дағдарыстардың келеңсiз салдарларына төтеп беруiн арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру қажеттiлiгiн анықтайды.
Елдiң дағдарыстан кейiнгi дамуы үшiн жағдайлар жасайтын бiрiншi кезектегi шаралар iскерлiк және инвестициялық ахуалды жақсартуға, елдiң қаржы жүйесiн нығайтуға және мемлекеттiк басқарудың тиiмдiлiгiн арттыруға шоғырландырылады.
Экономиканың сапалы өсуi елдiң үдемелi индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететiн физикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, адами ресурстарды дамытуға және институционалдық базаны нығайтуға негiзделедi.
Әлеуметтiк қорғалу, iшкi тұрақтылық және үйлестiрiлген сыртқы саясат мәселелерi таяудағы онжылдықта елдiң даму басымдықтарының қатарында сақталатын болады.
Әртараптандырылған экономиканың негiзiнде ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру Стратегиялық жоспар-2020-ны iске асырудың басты жетiстiгi болады.
I. Стратегиялық жоспар-2020: жаһандық үрдiстер
Әлемдiк экономикадағы үрдiстер
Стратегиялық жоспар-2010 әзiрленiп жатқан кезеңде әлемдiк экономика өркендеу сатысына енген едi. Стратегиялық жоспар-2020-ға дайындық түбегейлi өзге — жаһандық экономикалық құлдырау жағдайларында жүзеге асырылды.
2007 жылдың екiншi жартысында АҚШ-тағы ипотекалық облигациялар нарығының құлдырауынан басталған қаржы-экономикалық дағдарыс iс жүзiнде әлемнiң барлық мемлекеттерiн қамтыды. 2009 жылдың басында әлемдiк сауда көлемiнiң өсу қарқыны 50-ден астам пайыздық тармаққа: жылына 20 пайыздық жылдық өсiмнен 30 пайыздық төмендеуге дейiн азайды.
Жаһандық экономиканың дамуын бағалау оны қалпына келтiру баяу жүредi дегенге негiзделедi. Әлемдiк сұраныстың азаюына орай экспорттық нарықтағы бәсекелестiк күшейе түседi, ал тауарлардың бағасы орнықты өсерлiктей жағдай жасалмайды немесе қалай болғанда да өткен онжылдыққа қарағанда ақырын өсетiнi байқалады.
Жаһандық экономиканың болжанып отырған шамалы өсiмi мен экологиялық таза энергетикалық технологиялардың өскелең рөлiнiң ұштасуы дәстүрлi энергия тасығыштардың әлемдiк бағасының төмендеуiне әкелуi мүмкiн.
Таяу онжылдықта азық-түлiк қауiпсiздiгi әлемдiк қоғамдастықтың үнемi назар аударатын саласы болады. Жаһандық рецессия азық-түлiк бағасының 2007-2008 жылдарда байқалған бiршама жоғары деңгейiмен салыстырғанда уақытша төмендеуiне алып келдi. Сонымен қатар, көптеген елдерде адам саны өсуiнiң жалғасуы және әлемдiк экономиканың қалпына келуi азық-түлiк тауарлары бағаларының ұзақ мерзiмдi өсуiне алып келедi деп болжанып отыр. Жер ресурстарына бай, халқы көп елдердiң ортасында тұрған Қазақстан азық-түлiкке өсiп отырған әлемдiк сұранысты қанағаттандыруға сай болу үшiн отандық ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыруы тиiс.
Жақын болашақта денсаулық сақтаудағы жаһандық проблемалар, сiрә, күшейе түспек, өйткенi түрлi елдердiң адамдары арасындағы байланыс барған сайын қарқын алып келедi. Нәтижесiнде Қазақстанның аумағына түрлi аурулардың тарау қатерлерi арта түседi. Барлық елдер үшiн АҚТҚ/ЖҚТБ әлi де айтарлықтай қатер төндiрiп отыр. Адамдардың денсаулығы үшiн жаңа A/H1N1 вирусы қауiптi болып тұр.
Ағымдағы жаһандық дағдарыс әлемдiк экономикада өзара байланыстың жоғары дәрежеде болуының да өз кемшiлiгi бар екенiн көрсеттi. Дамыған елдердегi қаржы және экономикалық проблемалардың әлемдегi ахуалға әсер етуiнiң нәтижелерi еркiн нарықтың ашықтығы мен құндылықтарының артықшылықтары мен кемшiлiктерi туралы дау туғызып отыр. Жекелеген елдердiң әлемдiк сауданың дамуын шектейтiн және өңiрлендiру үдерiстерiне ықпал ететiн протекционистiк экономикалық саясаттың түрлi нысандарына ұмтылыстарының күшейiп отырғандығымен есептеспеуге болмайды.
Күтiлiп отырған жаһандық жылыну нәтижесiнде климаттың өзгеру проблемаларымен және атмосфераға зиянды заттар шығарындыларын бақылау қажеттiлiгiмен қатар, Қазақстанға өңiрлiк проблемаларды шешуге қатысуға тура келедi. Мәселен, Орталық Азия және Батыс Қытайдың iрi өзендер ресурстарын пайдаланатын елдерде экономикалық белсендiлiк пен халық санының өсуi жалғасатындықтан, ал климаттың өзгеруi судың қолжетiмдiлiгi мен сапасына қосымша келеңсiз ықпал ететiндiктен суды пайдалану мәселелерi өткiрлене түседi. Көшi-қон, халықтың жұмыспен қамтылуы, сауда және қаржы қатынастары секiлдi басқа да өңiрлiк мәселелер бiршама өзектi бола түседi.
Сын-тегеурiндер мен мүмкiндiктер
Өткен онжылдық iшiнде Қазақстан экономикасы әртараптандырылған, қауiпсiздiк пен демократия жағдайында өмiр сүретiн, өзiнiң табиғи ресурстарын барлық азаматтарының игiлiгi үшiн пайдаланатын, халқы бiлiмдi әрi денсаулығы мықты елдiң болашақта дамуы үшiн негiз қалады. Бұған мұнай және басқа да минералдық ресурстарға баға қарқынды өсiп отырған жағдайда экспорттан түсетiн табыстың ұлғаюы едәуiр ықпал еттi. Таяудағы онжылдықта елдiң одан әрi дамуына мұндай жағдай кепiлдiк бола бермейдi.
Ағымдағы әлемдiк дағдарыс жағдайында жаһандық экономиканың болашақтағы дамуы барынша айқын еместiгiн және оны болжау мүмкiн еместiгiн түсiнгендiк едi. Және де бұл фактiнi одан әрi экономикалық дамуды жоспарлау кезiнде ескеру кажет.
Әлемнiң жетекшi экономикалары аса күрделi бәсекелес жағдайларда жұмыс iстейтiн болады және жұмыс күшiнiң өнiмдiлiгiн, инфрақұрылымға және телекоммуникацияларға инвестиция салуды арттыру, қаржы жүйелерiн нығайту, мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттыру, сондай-ақ бизнестi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау арқылы келесi экономикалық айналымға дайындалу жөнiндегi алдын-алу шараларын қабылдайтын болады. "Қазақстан-2030" стратегиясында қойылған дәл осындай мiндеттер Қазақстан үшiн стратегиялық тұрақтылықтар болып табылады. Келесi онжылдық iшiнде Қазақстанда осы мiндеттерге қол жеткiзу жұмысы жүргiзiлетiн болады.
Қазақстан көмiрсутек шикiзатының iрi өндiрушiлерiнiң бiрi болып қала бередi. Сонымен бiрге республика энергетиканы технологиялық жаңғыртуды және энергия үнемдеудi дамытуды жеделдете отырып, жаһандық жылыну проблемаларын шешуге қатысады. Елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы, әсiресе, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу одан әрi дамитын болады. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесi аурулардың жаңа түрлерiне қарсы тұруға қабiлеттi болады.
Инфрақұрылымды жаңғырту және қоршаған ортаны қорғау мiндеттерi ескерiле отырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саясатын қалыптастыру есебiнен елдiң табиғи ресурстарын, әсiресе, су ресурстарын пайдалану тиiмдiлiгi өседi.
Қазақстан тұрақты саяси ортаға, айтарлықтай экономикалық және адами капиталға, бай табиғи ресурстарға, негiзгi өндiрiстiк инфрақұрылымға, тұрақты қаржы жүйесiне ие бола отырып ағымдағы әлемдiк экономикалық дағдарыстан туындаған сын-тегеурiндердi теңгерiмдi де орнықты дамуға қол жеткiзу үшiн жаңа мүмкiндiктерге айналдыруға қабiлеттi.
Ауқымды жоспарларды iске асыру бюджеттiк шектеулердiң күшейтiлуiне тап келерiн ескере отырып мемлекеттiк инвестициялар кiрiстiлiгiнiң жоғары деңгейiне қол жеткiзiлетiн және қабылданып отырған бағдарламалар тиiмдiлiгi арттырылатын болады.
II. Стратегиялық жоспар-2010: негiзгi нәтижелер
Стратегиялық жоспар-2010 өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, көлiк, әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау, бiлiм беру, мемлекеттiк сектор секiлдi әрбiр басым сала бойынша күтiлетiн нәтижелердi айқындай отырып, "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асырудың негiзiн қалады.
Стратегиялық жоспар-2010 бәсекеге қабiлеттi экономика құру, өнеркәсiптiк және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дамыту, сондай-ақ әлеуметтiк саладағы, бiрiншi кезекте, бiлiм беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметтердiң қолжетiмдiлiгiн кеңейту жөнiндегi мiндеттердi белгiледi. Мемлекеттiк басқарудың деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң ара-жiгiн ажыратуға, әкiмшiлiк етудiң сапасын арттыруға сүйене отырып, мемлекет қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру да өткен онжылдық кезеңдегi маңызды стратегиялық басымдық болды. Бұл мiндеттердiң кейбiрi орындалды немесе орындалуға жақын, алайда мiндеттердiң бiр бөлiгi келесi онжылдықта да өзектi болып қала бередi.
Жетiстiктер
2000 және 2009 жылдар аралығында Қазақстан Стратегиялық жоспар-2010-да белгiленген кейбiр түйiндi салаларда айтарлықтай прогреске қол жеткiздi. IЖӨ өсуi жыл сайын орташа 8,5 %-ды құрап, 2008 жылы өзiнiң алғашқы мәнiнен 2,3 есе асып түстi. 2007 жылы өнеркәсiп өндiрiсi екi еселеу (нақты өсiм — 78 %) жөнiндегi онжылдық кезеңнiң мақсаттарына жеттi, ауыл шаруашылығы өндiрiсi 1,44 есе өстi,"ол 2000 жылға қарағанда 1,5 есеге өсудiң нысаналы көрсеткiшiне қол жеткiздi деп айтуға болады. Экономиканы жедел әртараптандыру үшiн берiк негiз қаланды. Даму институттары құрылып, табысты жұмыс iстеуде, қажеттi заңнама дайындалды.
Денсаулық сақтау, бiлiм беру және халықты әлеуметтiк қорғау салаларында айтарлықтай өзгерiстер болды: туберкулез ауруы 30 %-ға төмендедi, жұмыс iстейтiн халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесiмен қамту ұлғайды; денсаулық сақтау мен бiлiм беру жүйесiнiң инфрақұрылымы едәуiр жаңарды. Ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк-экономикалық әлеуетi ұлғайды. Табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен темен халықтың үлесi 2000 жылғы 31,8 %-дан 2008 жылы 12,7 %-ға дейiн қысқарды. Өмiрдiң күтiлетiн ұзақтығы 65-тен 68 жылға дейiн өстi. Мемлекеттiк секторда маңызды реформалар басталды. Бұл жетiстiктер Стратегиялық жоспар-2020 iске асыру үшiн тұрақты негiз қалады.
Өзектiлiгi сақталып отырған сын-тегеурiндер
Стратегиялық жоспар-2010-ды iске асыру кезеңiнде көптеген басым салалар бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткенiне қарамастан, реформалаудың күн тәртiбiнiң көптеген тармақтары аяқталмай қалып отыр. Бәсекеге қабiлеттi әрi әртараптандырылған экономиканы дамыту бағдарламаларын iске асыру одан әрi жалғастыруды талап етедi. Бiлiм беру жене денсаулық сақтау қызметтерiн көрсету сапасы елi де жақсартуды талап етедi. Стратегиялық жоспар-2010-ды iске асыру кезеңiнде басталған мемлекеттiк сектордағы реформалар әлi де аяқталмай қалып отыр. Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң аражiгiнiң ажыратылуы, мемлекеттiк қызметтегi ынталандырулар жүйесiн дамыту, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын және оларға әкiмшiлiк етудiң тиiмдiлiгiн арттыру — осы мәселелердiң бәрi Стратегиялық жоспар-2020-ны iске асыру кезеңiнде одан әрi шешудi талап етедi.
III. Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi дамуының түйiндi бағыттары
Қазақстан 2020 жылы
Қазақстан 2020 жылы әлемдiк дағдарыстан бiршама қуатты және бәсекеге қабiлеттi, экономикасы әртараптандырылған және халқы белсендi түрде жаңа экономикаға тартыла отырып шыныққан елге айналады.
2020 жылға қарай Қазақстан ел экономикасының шикiзат емес секторына елеулi шетелдiк инвестиция тартуға мүмкiндiк беретiн қолайлы iскерлiк ахуал қалыптасқан әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi елу елiнiң қатарында болады. Экономика келесi экономикалық дағдарыстарға жақсырақ дайын болады. Қазақстан шектес елдермен және басқа да мемлекеттермен өзiнiң саяси және экономикалық байланыстарын нығайтады.
2020 жылға қарай ел әртараптандырылған экономиканы дамыту үшiн қажеттi адами ресурстарға, сондай-ақ отандық кәсiпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшiн қажеттi инфрақұрылымға ие болады. Көлiк инфрақұрылымы мен телекоммуникацияны қарқынды дамыту арқылы өзге әлеммен үзiлiссiз байланыс қамтамасыз етiледi. Қазақстанның өңдеушi өнеркәсiбi, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы тау-кен өнеркәсiбiмен қатар лайықты орын алады. Әлеуметтiк салада және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiзiледi.
2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты мәнде алғанда 2009 жылғы деңгейiнiң
1 үштен бiрiнен жоғары өседi. Экономиканы әртараптандыру жоспарларын табысты iске асыру есебiнен экономиканың қайта өңдеу салаларының өсу көрсеткiштерi 2020 жылға қарай өндiрушi салалардың өсу көрсеткiштерiнен жоғары немесе оларға тең болады.
Ойластырылған макроэкономикалық саясат жүргiзу нәтижесiнде 2020 жылға қарай алтын-валюта резервтерiнiң деңгейi (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiн қоспағанда) үш айлық импорттан немесе (қандай көрсеткiштiң жоғары болатынына қарай) елдiң мемлекеттiк және корпоративтiк секторларының қысқа мерзiмдi (1 жылға дейiн) сыртқы борышынан төмен болмайды. Ұлттық қордың активтерi IЖӨ-нiң кемiнде 30 %-ын құрайды. Осы кезеңде инфляция орташа алғанда жылына 5-8 % деңгейiнде сақталып тұрады. Айырбас бағам саясаты қазақстандық экономиканың iшкi және сыртқы бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң теңгерiмiн қамтамасыз етедi.
2020 жылға қарай табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен халықтың үлесi 8 %-ға төмендейдi Халықтың әлеуметтiк осал топтарының өкiлдерi, мүмкiндiгi шектеулi адамдар, әйелдер, балалар мен жастар өздерiнiң барынша қорғалғанын сезiнедi және өздерiнiң қоғамдағы мүмкiндiктерiн кеңейте алады. Бала-бақшадан университетке дейiн сапалы бiлiм беру бүкiл ел бойынша қолжетiмдi болады, халық денсаулығының жағдайы айтарлықтай жақсарады. Денсаулық сақтау қызметтерi әлемнiң үздiк стандарттарына сай болады. Қазақстандықтар барынша саламатты өмiр салтын ұстанып, темекi шегетiндер мен алкогольдi асыра пайдаланатындар саны азаяды. Қоғамның тыныс-тiршiлiгiнiң барлық салаларында мемлекеттiк тiлдi қолдану дәйектi және кезең-кезеңiмен кеңейедi. Әртүрлi этностық топтар мен дiни конфессия өкiлдерi iшкi тұрақтылық, қауiпсiздiк, бейбiтшiлiк пен келiсiм жағдайында өмiр сүруiн жалғастыратын болады.
_________
1 Осы жерде және одан әрi Стратегиялық жоспар-2020 мәтiнi бойынша, егер өзгеше көрсетiлмесе, нысаналы индикаторлар (көрсеткiштер) мәндерiнiң өзгеруi 2009 жылдың деңгейiне қарап көрсетiледi.
Қазақстанның өркендеуiнiң, гүлденуi мен қауiпсiздiгiнiң орнықты
тұғыры: түйiндi бес бағыт
Таяу онжылдықта түйiндi бес бағыт мемлекет қызметiндегi басымдықтар болады:
1) дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындық
2) инфрақұрылымды индустрияландыру мен дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебiнен экономиканың тұрақты өсуiн қамтамасыз ету;
3) болашаққа салынған инвестициялар — орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуi мен әлеуметтiк әл-ауқатына қол жеткiзу үшiн адами капиталдың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру;
4) халықты сапалы әлеуметтiк және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;
5) ұлтаралық келiсiмдi, қауiпсiздiктi, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Экономиканы қалпына келтiруге дайындық үдерiсiнде Қазақстан оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн реформаларды жеделдетiп iске асыруы керек. Бiрiншi түйiндi бағыт — дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындық — бiрiншi онжылдық кезеңiнде нәтижесi көрiнетiн шараларды қамтиды. Бұл бiршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйенi жетiлдiру.
Екiншi түйiндi бағыт шеңберiндегi iс-қимылдар елдi үдемелi индустрияландыру бағдарламасын iске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесiнде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететiн болады. Бұл экономикалық үлгiнi өзгертуге және экстенсивтi, шикiзаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкiндiк бередi. Елдi инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелi әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететiн энергетика, көлiк және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.
Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдiң болашағын айқындайтын негiз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал — бұл инновациялардың және экономиканың тиiмдiлiгiн арттырудың негiзгi қозғаушы күшi. Үшiншi бағыт — болашаққа салынған инвестициялар — Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзiмдi кезеңде арттыру үшiн қажеттi шараларды қамтитын болады.
Төртiншi түйiндi бағыт — азаматтар үшiн қызмет көрсету шеңберiнде — халықты әлеуметтiк қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерiн тиiмдi көрсету жөнiндегi шаралар күшейтiлетiн болады.
Бесiншi түйiндi бағыт — ұлтаралық келiсiм, қауiпсiздiк, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберiнде — iшкi тұрақтылықты, қауiпсiздiктi, бейбiтшiлiк пен келiсiмдi нығайту, бейбiт сүйгiш сыртқы саясатты дамыту жөнiндегi шаралар көзделетiн болады.
Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi бес түйiндi бағытының негiзi ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтiру жене әртараптандыру, оның "қызып кетуiн" болдырмау үшiн қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуi кезеңiнде мемлекеттiң шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңiнде ұлғайтуды көздейтiн антициклдық фискалдық саясат iске асырылатын болады. Бұл ретте келесi онжылдық кезеңнiң соңына қарай бюджеттiң мұнай емес тапшылығы IЖӨ-ге 3 %-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөнiндегi шаралардың тиiмдiлiгiн арттырады. Айырбас валюта бағамының саясаты қазақстандық экономиканың iшкi жене сыртқы бәсекеге қабiлеттiлiгi арасындағы теңгерiмдi қамтамасыз етуге бағытталады.
Түйiндi бағыт: дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындық
Жаһандық қалпына келу кезiнде Қазақстандағы iскерлiк ахуал елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң негiзiн қамтамасыз етедi. Ол экономиканы жеделдетiп әртараптандыру және отандық бизнестi дамыту үшiн ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететiн шешушi фактор болып табылады. Орнықты қаржы жүйесi және сенiмдi құқықтық орта да кәсiпкерлiктi дамытуда сындарлы рөл атқарады.
Бизнес ортаны жақсарту
Стратегиялық жоспар-2020-ны iске асырудың алғашқы жылдары мемлекет отандық кәсiпкерлер үшiн де және халықаралық инвесторлар үшiн де бизнес жүргiзудiң құнын азайтуға бағытталған белсендi шараларға бастама жасайды. Әкiмшiлiк рәсiмдердiң шеңберiн белгiлей және оларды жүзеге асырудың ашықтығын арттыра отырып, мемлекет төрешiлдiк пен сыбайлас жемқорлықтың Қазақстандағы iскерлiк ахуалдың маңызды аспектiлерiне ықпал етуiн төмендетуге ұмтылатын болады.
Бизнес ахуалды жақсарту жөнiндегi стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
экономиканың шикiзат емес секторларына салынатын отандық және шетелдiк инвестициялар (өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, қызметтер) кемiнде 30 %-ға ұлғаяды
IЖӨ-ге тiкелей шетел инвестицияларының (ТШИ) үлесi он пайыздық деңгейге ұлғаяды
IЖӨ-дегi шағын және орта бизнестiң (ШОБ) үлесi 7-10%-ға ұлғаяды инвестиция көздерi әртараптандырылады (әрбiрiнiң үлесi 5% және одан көп болатын негiзгi 10 инвестор ел)
Қазақстан Дүниежүзiлiк Банктiң "Бизнес жүргiзудегi жеңiлдiк" ("Doing Business") рейтингi бойынша көрсеткiштерi ең жақсы 50 елдiң қатарына енедi
Қазақстан "Transparency International" рейтингiнде сыбайлас жемқорлықты түйсiну индексi бойынша елдердiң үштен бiрiнiң iшiнде алдыңғы қатардағы орынды иеленедi
|
2015 жылға қарай
|
Қазақстанның Дүниежүзiлiк Банктiң "Бизнес жүргiзудегi жеңiлдiк" ("Doing Business") рейтингi бойынша көрсеткiштерi 2011 жылмен салыстырғанда жетi позицияға жақсарады
уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнестi тiркеуге және жүргiзуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат алу, лицензия алу, сертификат алу, аккредитация, консультация алу) 2011 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендейдi
|
2011 жылға қарай
|
жаңа нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау үшiн реттеушiлiк әсер етудi талдау әдiстемесi (РӘТ) әзiрленетiн болады
Қазақстанның Дүниежүзiлiк Банктiң "Бизнес жүргiзудегi жеңiлдiк" ("Doing Business") рейтингi бойынша көрсеткiштерi 2008 жылмен салыстырғанда жетi позицияға жақсарады
Еуропа қайта құру және даму банкi мен Дүниежүзiлiк Банктiң Iскерлiк ахуалға және кәсiпорындар жұмысының тиiмдiлiгiне шолудағы (BEEPS) бизнес ортаның даму көрсеткiштерi жақсарады
уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнестi тiркеуге және жүргiзуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат алу, лицензия алу, сертификат алу, аккредитация, консультация алу) 30%-ға төмендейдi
|
Қаржы секторын нығайту
Қазақстанның қаржы жүйесiнiң одан әрi дамуы ағымдағы жаһандық дағдарыстың негiзгi қорытындыларын ескеретiн болды:
қандай да болмасын қарыз алу коммерциялық, қаржылық және валюталық тәуекелдердi бақылауға мүмкiндiк беретiн қатаң пруденциалды стандарттарға және ашықтық талаптарына негiзделуi тиiс;
халықаралық капитал нарықтарына қолжетiмдiлiк банк секторының және мемлекеттiң қатысуымен заңды тұлғаларының сыртқы борышының деңгейiн жауапты басқаруды талап етедi;
ел iшiндегi жинақтар деңгейiнiң өсуi орнықты, ашық және тиiмдi реттелетiн болуы тиiс қаржы жүйесiне сенiмнiң нығаюына байланысты.
Экономиканы қалпына келтiру кезеңiнде қаржы жүйесiн мемлекеттiк қолдау сақталады, алайда, бiрте-бiрте жеке бастамаға орын бере отырып, тiкелей мемлекеттiң қатысуы азаятын болады.
Отандық қаржы жүйесiн одан әрi реттеу барынша толық және қаржы секторының макроэкономикалық байланыстарын жан-жақты ескеретiн болады. Белсендi экономикалық өсу кезеңiнде пруденциалдық нормативтер бәсеңдеу жағдайында жинақталған әлеуеттi пайдалану үшiн күшейтiлетiн болады.
Жалпы алғанда, қаржы секторының дамуы елдiң үдемелi индустриялық-инновациялық дамуы үшiн қаржы ресурстарын тартуға бағдарланады.
Қор жасаудың iшкi көздерi халықтың және отандық кәсiпорындардың бос ресурстары есебiнен көбейедi. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерi ретiнде ресурстарды тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасау арқылы нығайтылатын мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк тетiктерiнiң рөлi мен маңыздылығы артады.
Елдiң қаржы секторына деген сенiмдiлiктi қалпына келтiру жене ол көрсететiн қызметтер аясын кеңейту жөнiнде белсендi жұмыс жүргiзiлетiн болады. Қаржы қызметтерiн тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау тетiктерiн кеңейтуге, қаржы ұйымдарында iшкi бақылаудың тиiмдi жүйесi мен тәуекел-менеджменттi енгiзуге, сондай-ақ олардың қызметiнiң ашықтығын арттыруға айрықша көңiл бөлiнедi.
Iшкi ресурстардың өсу шамасына қарай жобалық инвестициялау құралдарын қоса алғанда қаржы құралдарының кең ауқымы бар қор нарығы одан әрi дамиды. Мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк және исламдық қаржыландыру қор нарығын дамытуда маңызды рөл атқаратын болады. Бұған құнды қағаздардың барабар айналыс көлемiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк құнды қағаздар нарығының одан әрi дамуы да септiгiн тигiзедi.
Қазақстанның толыққанды бағалы қор нарығын қалыптастыру және оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуы шеңберiнде Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығы одан әрi дамитын болады. Стратегиялық перспективада мемлекет халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн Алматы қаласының бәсекеге қабiлеттi қаржы орталығын дамыту және оның Азиядағы жетекшi он қаржы орталығының қатарына кiруi үшiн қажеттi жағдайларды жасайды.
Жалпы алғанда, елдiң қаржы секторын дамыту Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың дағдарыстан кейiнгi кезеңге арналған тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
следующая страница>