Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің
Мәдениет комитеті Төрағасының
2012 жылғы 5 сәуірдегі
№ 63 бұйрығына 1 қосымша
«Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауын дайындау және
өткізудің қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. «Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауын дайындау және өткізудің осы қағидасы (бұдан әрі - Байқау) 2006 жылдың 15 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Мәдениет» туралы Заңының 7-бабы 12-тармағына сәйкес жасалған және облыстардың, Алматы мен Астана қалаларының көркемөнерпаз шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының байқауының өткізілу тәртібін белгілейді.
2. Байқауды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыстардың, Алматы және Астана қалаларының мәдениет басқармалары ұйымдастырады.
2. Байқаудың мақсаты мен міндеттері
3. Байқаудың мақсаты мен міндеттері:
1) жаңа дарындарды анықтау және таланттарға, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау көрсету;
2) талантты адамдарға қолдау көрсетуге және олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау;
3) тұрғындардың жалпы мәдени деңгейін көтеру;
4) тұрғындардың мәдени бос уақытын және эстетикалық тәрбие алуын ұйымдастыру;
5) мәдени аумақтағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
6) Қазақстан халқы мәдениетін жандандыру, сақтау, дамыту және тарату;
7) жастардың ұлтжандылық тәрбие алуына, олардың ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарымен танысуына ықпал ету.
3. Байқаудың өткізілу тәртібі мен шарттары
4. Байқауға төмендегідей жанрлық номинациялар енгізіледі:
1) музыка және би;
2) театр өнері және оригиналдық жанр;
3) бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер.
5. Байқау аймақтардағы сұрыптау кезеңінен құрастырылып, Астанада өткізілетін гала-концертпен аяқталады және БАҚ-тарда жарияланады.
6. Байқаудың өткізілу мерзімі: мамыр - қараша.
7. Байқауға қатысуға жеке шығармашылық ұжымдар мен 15 пен 35 жас аралығындағы жеке орындаушылар шақырылады.
8. Байқауға қатысуға өтінішті жергілікті жерлердегі мәдениет басқармалары қалыптастырып, Байқаудың өткізілу мерзімі мен орны туралы ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2012 жылдың мамыр айына дейін ұсынады.
9. Қатысушылардың шығарманы орындау ұзақтығы 3-5 минуттан аспауы керек.
10. Ең жақсы деген ұжымдар мен орындаушылар Астанада өтетін қорытынды гала-концертке қатысады.
11. Байқау жеңімпазы әділқазы алқасының гала-концерттегі шешімі бойынша анықталады.
4. Ұйымдастыру комитеті
12. Байқаудың дайындығы мен өткізілуін Ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады. Оның құрамы Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігі Мәдениет Комитеті Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
13. Ұйымдастыру Комитетінің мүшелері өз қызметін қоғамдық бастама негізінде жүзеге асырады.
14. Ұйымдастыру Комитеті Байқаудың дайындығы мен өткізілуі мәселелері бойынша мүдделі ұйымдармен ынтымақтасады.
15. Ұйымдастыру Комитеті Байқауға дайындық пен өткізілуіне жетекшілік етеді.
16. Ұйымдастыру Комитеті Байқаудың дайындығы мен өткізілуі барысында туындайтын ұйымдастыру мәселелерін шешеді.
17. Ұйымдастыру Комитеті байқау күндерін радио мен теледидардан беруге, жазбасын жасауға және оларды Байқауға қатысушыларға қосымша сыйақысыз одан әрі таратуға толық құқылы.
5. Байқаудың қазылар алқасы
18. Байқауға қатысушылардың орындауын бағалау үшін, сонымен бірге қорытындысын шығару үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы мемлекеттік органдар өкілдерінен, мәдениет мен өнердің көрнекті қайраткерлерінен тұрады және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет Комитетімен бекітіледі.
19. Әділқазылар алқасы мүшелерінің санын ұйымдастыру комитеті белгілейді.
20. Әділқазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.
21. Дауыстар тең болған жағдайда әділқазылар алқасы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
22. Байқаудың әділқазылар алқасының байқауға қатысушының өнер көрсетуін үзіп тастауға құқылы.
23. Әділқазылар алқасының бағалау критерийлері:
1) орындау шеберлігі;
2) орындалатын шығарманың рухани және әсемдік мазмұны;
3) орындалатын шығарманың көркемдік - шығармашылық шешімі;
4) шығармашылық идеяның көрінуі, таланттың ерекшелігі;
5) көркемдігі.
6. Қорытынды ереже
24. Берілген Қағидамен реттелмеген барлық мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.