М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ-нің
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілетін
мерекелік кештің бағдарламасы
1-жүргізуші: Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты шара ашық деп жарияланады.
ҚР-ның Әнұраны шырқалады.
2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар халқымыз үшін ең қасиетті де қастерлі тәуелсіздікке 20 жыл толды. Аңсаған күнге қол жетіп, ақ түйенің қарны жарылған аса айтулы қуанышымыз құтты болсын!
1-жүргізуші: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын!
2-жүргізуші: Атаулы мерекемен құттықтау үшін сөз мектеп директоры Айтқалиев Әлібек Қанатбайұлына беріледі.
1-жүргізуші: Қазақстан жоғары Кеңесі 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылдай патшалық Ресейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес үкіметінің бұғауында болған Қазақстан егенмен ел болды.
2-жүргізуші: Өткенге көз жүгіртсек, 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхаммед Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына В.Колбинді сайлаумен аяқталды.Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек- легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың қате шешімін кері қайтарып алдыртамыз деген мақсатта болған. «Қазақстанға қазақ басшысы әр халыққа өз көсемі» деген ұранмен , «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шыққан болатын.
Көрініс 1.
«Жастардың алаңға шығуы»
Дауыс: Естідіңдер ме?
Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?
Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.
Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатаханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!
Әскери адамдар: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов» Первая рота за мной! Ура!
Қайрат: Қандас туғандар! Жігіт болсаңдар бері қарай!
Қосылыңдар біздің қатарға!
(Жастарды ұрып-соғып алып кетеді)
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ». Орындайтын:
2-жүргізуші: Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99-ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынып оқудан 309 студент шығарылған, 99-ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.
Көрініс 2.
(Түрме ішінде ерсілі-қарсылы азып-тозған Қайрат)
Темір тор, жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша,
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!
Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.
Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұзатары үш тілім нан,
Өлмейтін саған тиер осы несіп.
Ән: «Ел қайда». Орындайтын: Маратов Айымбек.
Көрініс 3.
Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.
Қайраттың хаты: Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтығы отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.
Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш күнәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың...
Ән: «Қазақ елі». Орындайтын: Нұрғалиева Эмилия.
Көрініс 4.
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына , атуға кесілсін.
Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.
Қайрат:
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!
Сот: -Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде анасы баласының соңынан жүгіреді. Қайрат «Анама» өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау, мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.
(Сахнадан шығып кетеді. Мылтықтың атылған дауысы естіледі. Мұхтар Шахановтың өлеңі жіберіледі)
2-жүргізуші: Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат 21 жасқа келгенде, түрменің 21-ші камерасында, 21-ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.
Ән: „Қазақтың жері“ Орындайтындар: Алмас, Оралхан Шомановтар.
Көрініс 5.
(Экраннан тәуелсіздік монументі көрсетіледі).
Ескерткіш басында қолдарына гүл ұстап әйел адам мен ер адам тұрады. Қастарына кішкене қыз келіп ескерткішке гүл қояды. Сосын үлкендерге қарап:
- Ағай, сіз желтоқсан оқиғасына қатыстыңыз ба?
Ер адам:
-
Ия, айналайын! Сол оқиғаның ортасында Қайрат ағайларыңмен бірге болғам.
Қыз:
-
Ағай, ол оқиға қалай болып еді, айтып бересіз бе?
Ер адам күрсініп:
-
Тыңда қызым, ол былай болған еді...
(Экраннан „Желтоқсан желі“ әні клипімен жіберіледі).
Ортаға кішкентай оқушылар шығып, тақпақтарын айтады.
Би: „Балбырауын“
1-жүргізуші: Қазақстан ! Туды алтын дәуірің ,
Алғандайсың жұлдыздардың жарығын.
Ұзақ болсын гүлденген бұл ғұмырың,
Тәуелсіздік құтты болсын айбыным !
2-жүргізуші: Назарларыңызға рахмет! Еліміз тыныш, ұрпағымыз аман болсын!
М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілетін
мерекелік кештің бағдарламасы.
Сценарийді құрастырған: Н.Б.Тлепова.
Сайқын-2011