М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ-нің
«Жас сынып жетекшілер-2011» байқауының бағдарламасы
-Қайырлы күн, құрметті ұстаздар қауымы мен байқауға қатысушы жетекшілер!
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Жеміс күткен гүл ашпаған бақшадан.
Жігерің мен талантыңды жұмсамай,
Оңай боп па, тәрбиелеу жақсы адам.
Осы жолдың қиясы мен өрі бар,
Сүріндірер қиын өткен жолы бар,-деп «Жас сынып жетекшілер-2011» байқауына қош келдіңіздер. Бүгін өз ісіне шебер, үйренері мен үйретері көп, білімді де, білгір, жаңа ойшыл жас сынып жетекшілер өз орталарынан суырылып шығып, сынға түскелі отыр.Үйде аяулы ана, асыл жар, сүйікті қыз, мектепте шәкіртке сыйлы ұстаз бола білген бүгінгі байқауға қатысушы сынып жетекшілерге сәттілік тілей отырып, осы байқауды ашу үшін сөз кезегін мектеп басшысы Айтқалиев Әлібек Қанатбайұлына беремін.
Мұғаліммін, мұғалім боп ойланам,
Ешқашан да ізденуін қоймаған.
Бір шәкірті бестік алса, мәз болып,
Қуаныштан нұрлы жүзі жайнаған,-деп байқауға қатысушы ұстаздарға баға берер әділқазы мүшелерімен таныстырып өтейін:
1.Айтқалиев Әлібек Қанатбайұлы- мектеп директоры, әділғазы мүшелері төрағасы.
2.Бекенова Тоян Жексенбайқызы-сынып жетекшілер бірлестігі жетекшісі.
3.Кадимова Айгүл Ноқашқызы- директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.
4.Нұралиев Асылбек Мәлікұлы- қосымша білім беру педагогы.
5.Хайрова Тоғжан Серікқызы- мектеп психологы.
Мол өнегең, ұрпаққа мол дәрісің,
Қанаттандыр, қатайтып, қолдан ұшыр.
Саған деген алғыстың шегі де жоқ,
Әрбірінің азамат болғаны үшін,- деп сынып жетекшілердің өз ретін анықтауы үшін жеребе суыруға шақырамыз. Енді бәріңізді байқау шарттарымен тағы бір мәрте таныстырып өтейін:
1. Алдын ала белгілі бағытта жеребе суыру арқылы ашық тәрбие сағаттары 10-14 қазан аралығында беріліп өтілді. Әділқазы мүшелері қатысып шықты. Өз бағаларын бүгін қорытындыда қосады.
2. Өзін-өзі презентациялау (таныстыру).
3.Жағдаяттан шығу.
4. Өнер көрсету.
5. Суырған мақалдарын қатыстыра отырып, аз уақыт ішінде әңгіме жазу.
6. Салт-дәстүрді қаншалықты білесіз? (Мәтінде салт-дәстүр сипатталады, қандай дәстүр екенін айту қажет).
7. Ұстаз-дизайнер «Мектеп формасының қандай болғанын қалайсыз?» (сурет үлгісін көрсетіп, өз пікірін қорғау).
8. Тәуелсіздікке 20 жыл (Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихына және Бөкей Орданың 210 жылдығына қатысты сұрақтар).
1.Сәлемдесу атадан қалған салтымыз,
Осы салтты ұстанады халқымыз.
Сайыскерлер өнерді сал ендеше,
Амандасып көріңіздер өзгеше,-деп алғашқы таныстыру бөлімін бастаймыз.
2. Өмір жол емес тақтайдай,
Боласың кейде батқандай.
Қиналған кейбір сәттерде,
Шығарсың оңай жол тауып
Ақылың болсын ақ таңдай,- деп келесі бөлімімізде мұғалімнің басында кездесер жағдаяттардан шығып көрейік.
№1
Сыныбыңызда мінезі ауыр бір оқушы бала бар. Өзіне айтылған сын, ескертпелерді өте ауыр қабылдайды. Сондықтан да онымен тіл табысу сіз үшін қиынға түседі. Сол оқушы сіздің өз сабағыңызға 3 рет еш құралсыз келіп отыр. Сіздің әрекетіңіз?
№2
Сіз санат алу үшін ашық сабақ өткізгелі жатырсыз. Сабағыңыздың дені компьютер, яғни экран арқылы өтпекші. Сіз сабағыңызды бастағалы жатырғанда мектептің жарығы өшіп қалды. Сіздің іс-әрекетіңіз?
№3
Сіз бүгін сыныбыңызбен үлкен шара өткізбексіз. Оған көп дайындалдыңыз. Әр мекемеден қонақтар да шақырдыңыз. Шараңыздың басталуына санаулы минуттар қалғанда жолдасыңыздың ауруханаға түскені туралы жайсыз хабар естисіз. Сіздің іс-әрекетіңіз?
№4
Сіздің бүгінгі сабаққа әзірлігіңіз жоқ. Яғни, сабақ жоспарын жазбай келдіңіз. Оқу ісі меңгерушісі осы әрекетіңіз үшін сабақ өткізуге рұқсат бермеді. Сіз не істейсіз?
№5
Сіздің бүгін ІІІ қабатта кезекшілігіңіз. Бірақ сіз біле тұра уақытынан кеш келдіңіз. Келсеңіз, сол қабаттағы бір сыныптың есігін оқушылар сындырып, дау туындап жатыр. Сіздің іс-әрекетіңіз?
№6
Сіз 11-сыныпқа сабақ бересіз. Сіздің сабақ беретін пәніңіз ҰБТ-ға кіретін негізгі пәндердің бірі. Бүгін кесте бойынша қосымша сабақ беруіңіз керек. Бір себеппен сіз келмей қалдыңыз. Бұл жайында ешкімге ескерткен жоқсыз. Кешкісін сол сыныптың бір ата-анасы сізге қоңырау шалып, дау тудырды. Сіз бұл жағдайдан қалай шығасыз?
№7
Сіздің сыныбыңызда жатақханада жататын оқушы бар. Бір күні ол сабаққа келмей қалды. Сіз іздеген жоқсыз. Кешкісін мектеп директоры сіздің бүгін келмей қалған сол оқушыңыздың жатақханада жоқ екендігін хабарлайды. Сіз не істейсіз?
3.Он саусақтан өнер тамған шебер болу керемет,
Өлең айтып, биді билеп, жасап жатсаң текемет.
Өнеріңді көрсетші құрбыларым, кәнекей,
Жетекшіге сөз берелік жекелеп,-деп сайыскерлеріміздің өнерін тамашалайтын кезек те келгендей.
4.Таусылмасын, ағытылсын ой көші,
Сайыскерлер қысылмасын қостайық.
Ақ тілекті ағытып бір сен көрші,
Қылқаламмен жұмысты біз бастайық,- деп келесі бөлімде мақал-мәтелді суырасыз, соған сай тәрбиелік мәні бар шағын мақала жазасыз (5 минут).
№1
Отан үшін күрес-
Ерге тиген үлес.
№2
Ер бір рет өледі,
Ез мың рет өледі.
№3
Балам –өсті дегенше,
Батыр өсті десейші.
Батыр өнер білмесе,
Қапыл өсті десейші.
№4
Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме,
Жаның жаралы болса да, зарлымын деме.
№5
Бейнетің қатты болса,
Татқаның тәтті болар.
№6
Ашу-ағадан,
Кешу-ініден.
№7
Сөйлей білмес сөзді өзіне келтірер,
Көше білмес көлік өлтірер.
5. Бауырласқан тәніміз,
Бұзылмаған антымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де
Бар дәстүр мен салтымыз, - деп сайыскерлеріміздің ұлттық салт-дәстүрімізді қаншалықты білетіндігін таразыға салмақпыз.
Сұрақтар:
№1
1. Балалардың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Бұл ғұрып негізінен ер балаға жасалады. Бұл не деп аталады? (Айдар – ғұрып) Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған.
2. Сүбе дегеніміз не?
(Етіменен алынған алты қабырға. Таңдаулы мүшелердің бірі).
№2
1.Олжалы, қанжығасы қандалып келе жатқан аңшыдан кездескенде сұралатын жоралғы. Аңшылар бұл дәстүрдің сөзін жерге тастамайды. Бұл қандай дәстүр? (Сыралғы – дәстүр)
2. Күйеу табақ деген не? Оған не салынады?
(Күйеу табаққа бір сан жілік пен төс салынады).
№3
1. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша, жас жігіт алғаш рет жолаушы жүргенде берілетін жолаяқ, кәде. Алыс жолға кеткен жігіт аман-есен келсін деген жақсы тілек білдіруге байланысты берген. Бұл салтқа арнайы қой немесе қозы сойылады, болмаса қазы-қарта асылады. Қандай салт? (Тоқым қағар)
2. Орда үй деп қандай үйді айтады?
(Еңселі, салтанатты киіз үй)
№
4
1. Көшпелі қазақ халқы көші – қонды аса келелі іс санады, көшу – қазақтар үшін салтанат есептелді. Қазақ санасында көше алмай жұрттан қалудан үлкен қорлық жоқ, қазақ қауымы көшкен күні – кимейтін жақсы киімдерін киеді, көштегі жүк артқан түйеге кілем – кілше, сырмақтарын оң бетін сыртына қаратып жауып салтанат етеді. Жақын отырған ауылдар жанына келіп қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігіседі және бір кәде апарады. Аталмыш кәдеге дастарқан көтеріп, шай апару, сабалап қымыз апару, тіпті қой сойып апару істері де болады. Бұл көшіп, шаршап келген туыс – жұрағаттарына жасалған сый – құрмет және қамқорлық еді. Кәде қалай аталады? (Ерулік)
2. Абдыра дегеніміз не ?
(Киім – кешек, әр түрлі бұйымдар салатын үлкен сандық)
№5
1. Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәде. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады. Бұл не деп аталады? (Түйемұрындық)
2. Түндік дегеніміз не?
(Киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз)
№6
1. Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп, қыз жаққа кәделі мал-жылқы жіберіледі. Бұл дәстүр «өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызды жол жоралғы «құдалық бекіді» деген сөз. Бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады. Қандай дәстүр?
(Өлі тірі) «Өлі тірі өткен соң, өлген күйеу жатпайды» деген мәтел осыдан қалған.
2. Үш жұртты ата?
(1. Ағайын жұрт немесе өз жұрты. 2. Нағашы жұрт 3. Қайын жұрт)
№
7
1. Балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай-заттай сый. Бұл кәдені сұраудың еш артықтығы жоқ. Қандай кәде? (Байғазы)
2. Малта дегеніміз не?
( Қатты құрттың судағы езбесін айтады)
6.Дизайнер болу оңай ма?
Қиналып жатсаң мұнайма.
Әр мамандық өзгеше,
Өз мәнінде шырайла,-деп ендігі бөлімде мектептегі тағы бір үлкен проблемалық тақырып, мектеп формасы туралы ой бөліспекпіз. Әр сайыскер өз ұсынысы мен пікірін ортаға салады.
7. Өмірдің тауқыметін көрген халқым,
Шыдаммен тыныштықты өрген салтың,
Дініңмен, дәстүріңмен қайрымдысың
Тәуелсіз мемлекетсің, айбындысың!-деп сайысымыздың соңғы бөліміне де кезек жетті. Бұл бөлімде әр сайыскер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі және Бөкей Орда тарихына қатысты сұрақтары жасырылған үлестірмені суырады.
№1
1.Еліміздің рәміздері бекітілген күн? /1992 ж, 4 маусым/
2.Әулие қайырымды князь Александр Невский атындағы Орддағы шіркеу қай жылы ашылған? /1869 ж/
№2
1.Астанамыз 10 жасқа қашан толды? /2008 жыл, 10 маусым/
2. Қай жылы тұңғыш Жәңгір училищесі ашылған? /1841/
№
3
1.Астана қаласы Қазақстанның нешінші астанасы? /4/ Орынбор,Қызылорда, Алматы, Астана.
2. 1801 жылдың 11 наурызында Бөкей Ордасының негізін қалау туралы жарлықты орыстың қай патшасы берді? / І Павелдің жарлығымен/
№4
1.Қазақстан халқы өзінің Президентін қашан сайлады? /1991 ж, 1/ХІІ/
2. Қай жылы Капустин-Яр әскери сынақ аймағына аудан территориясының негізгі бөлігі 20 жылға жалға берілді? /1947 жылдан бастап іске қосылды/
№5
1.Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы-«Қазақстан-2030» қай жылы жарияланды? /1997 ж/
2. М-С.Бабажанов этнографиялық терең мазмұнды мақалалары, очерктері, деректері мен жаңалықтары үшін Орыс география қоғамының қандай медалімен марапатталды. /Күміс медалімен/
№6
1.Қазақстанның ауылды көркейту жылдары қай жылдары ұйымдастырылды? /2003-2005/
2. «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақала кімдікі?
/М-С.Бабажанов/
№7
1.Қазақстан Республикасының Конституциясы неше бөлім, қанша баптан тұрады? /9 бөлім, 98 бап/
2. «Салық өлген» күйінің авторы кім? /Дәулеткерей/
Жеңістер мен жеңілістен тұратын,
Өмір-күрес, жеткізе ме мұратын.
Жеңбедім, жеңілдім деп ренжімегін,
Қатысу да бір жеңіс, жан болсаң сен ұғатын,- деп бүгінгі сайысымызды қорытындылау үшін сөзді әділқазы мүшелеріне береміз.
Бұл фәниде ұстаз деген халық бар,
Еш ереже керек емес анықтар.
Ата-ана, мектеп, бала бәрінің,
Қамын ойлап, жанкештілік танытқан.
Даналар да, алыбы да алыптың,
Бәрі сенен білім алған халықтың.
Ғалымдар да, көсемдер де шәкіртің,
Өмір заңын, білім заңын таныттың.
Таусылмасын елге берер кенішің,
Шарлаңыздар білім атты кеңісті.
Ауыр жолда ұстаздықтан талмасын,
Еңбегіңнің көре берші жемісін,- деп сайысымызды аяқтаймыз. Қатысқандарыңызға көп-көп рахмет!
М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ
«Жас сынып жетекшілер-2011»
байқауы бағдарламасы.
Өткізген: Н.Б.Тлепова
Сайқын ауылы-2011