Flatik.ru

Перейти на главную страницу

Поиск по ключевым словам:

страница 1страница 2 ... страница 15страница 16

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


С.АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ТЕХНОЛОГИЯСЫ


(БОПмӘ-050102 Жоғары кәсіптік білім негізінде 2 курс, 3 семестр, 40 сағат)
Автор: Нағымжанова Қ.М.

Өскемен, 2007


І тарау
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ПӘНІ


Методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді.

Қазақ тілі әдістемесі — ана тілін ұғынудың заңдылықтарын және тіл туралы білімді балаларға үйрету жолдары мен құралдарын зерттейтін педагогикалық ғылым.

Ана тілін ұғыну заңдылықтары тіл табиғатының өзінен және оны ұғыну психологиясынан келіп шығады. Бұған білім беру жолдары мен құралдары да жағдай жасайды.

Білім беру жолдары мен құралдарына: 1) мақсатты түрде іріктеліп алынған тілдік материал; 2) оқу жұмысын ұйымдастыру; 3) оны үйрету әдістері жатады.



1 ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ МЕН ӘДІСТЕМЕЛІК ҚАҒИДАЛАРЫ

Бөбек тілді өзі өмір сүре бастаған ортадан үйренеді, ал олардың мектепте оқуына байланысты сол табиғи процесс онан әрі жалғаса түседі. Сондықтан мектептегі тіл үйрету жұмыстары да үйдегі басталған табиғи процестің заңдылықтарына негізделіп жүргізіледі. Ең алдымен тілдің өз табиғатынан жеті заңдылық шығады.



Бірінші з а ң д ы л ы қ. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді.

Балалар ана тілінің фонологиялық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Егер бала үйренбеген болса, мектептегі жүргізілетін жұмыстар да қиындай түседі (мысалы, оқу дағдысын қалыптастыру т. с. с.).

Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектеп­ке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.

Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу.

Грамматикалық мағынаны ұғыну үшін бала жан-жақты, кең ойлай алатындай болу керек. Сондықтан грамматикалық мағынаны ұғыну барысында олар шындықтағы заттар мен құбылыстардьщ арасындағы қаты-настарды түсінеді, ойлауға үйренеді. Міне, осыдан тіл мен ойлаудың тығыз байланысы келіп шығады.

Сөйтіп, тілді ұғыну — ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілермен оқушылардың тіл байлығын арттыру.

Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:


  1. оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру;

  2. грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету;

  3. қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және
    оларды сөйлеуге үйрету.

Осы ережеге сай, бастауыш мектептерде бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.

Екінші заңдылық. Тілді ұғыну үшін орасан сезімталдық керек. Зерттеушілер мұндай қасиеттің балада тіпті сәби кезден болатындығын айтып жүр.

Грамматиканы үйрету осы «тілдік сезімталдыққа» сүйеніп, іске асырылады.

Бұл қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:


  1. балалардың бұрыннан білетін сөздерін тәртіпке келтіру (мұнда грамматика басты орын алады);

  2. оқушылар өздеріне белгісіз грамматикалық көріністерді бұрыннан таныс көріністермен салыстыра
    алатындай дидактикалық материал іріктеледі;

  3. тілдік фактілерді жинақтауға негізделген әдістерді кеңінен пайдалану.

Үшінші заңдылық. Фонологиялық, граммати­калық және лексикалық мағыналармен қатар сөйлеу мәнері, сезімге бөлене сөйлеуді меңгереді.

Мұндағы әдістемелік қағида: сөйлеу мәнеріне назар аудару.

Бұл қағиданы іске асыруда мына сияқты ережелер сақталады:


  1. тілдің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарын үйрену барысында сезімге бөлене
    сөйлеу мәнерінің жолдарын түсіндіріп отыру;

  2. ана тілі мен қазақ тілі сабақтарын міндетті түрде байланыстырып отыру;

  3. тілдерін талдағанда көркем мәтіндердің сезімге әсер ететін бөліктерін таңдап алу.

Т ө р т і н ш і заңдылық. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеуді таңбалау жүйесіне аудару ретінде (дыбысты таңбаға көшіру) ұғынылады.

«Жазбаша сөйлеу бала үшін сөйлеуді меңгерудің жалпы екінші кезеңі болып табылады — дейді профессор Н. С. Рождественский. Ауызекі сөйлеудің өзі шындықтағы заттар мен қатынастардың таңбалары болып табылады. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеудің дыбыстары мен сөздерін шартты түрде белгілейтін таңбалардан тұрады»1.

Сауат ашу кезеңінде баланы жазуға үйретудің бастапқы шағында әуелі оған таныс емес әріптің бұрыннан таныс, естіп жүрген дыбысы айтылады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе — ауызекі сөйлеудің жазбаша сөйлеумен салыстырылып тұруы. Мысалы, тыныс белгілерін қоюда дауыс ырғағының рөлі.

Сонымен, ана тілін оқытуда жазбаша сөйлеудің ауызшамен салыстырылуы мынадай әдістемелік қағидаға негізделеді.

Бұл қағида төмендегі ережелерді сақтағанда іске асады:

1) ауызекі сөздегі дыбыстар мен жазғандағы әріптерді салыстырып отыру; 2) дауыс ырғағы мен тыныс белгісін салыстырып отыру; 3) ауызша және жазбаша жаттығуларды ұштастыру.



Бесінші заңдылық. Фонетикалық, граммати­калық және лексикалық мағыналардың барлығы «тіл материясын», яғни тіл таңбаларын — дыбыс, морфема, сөз, дауыс ырғағы және тиісті жазбаша таңбалар (әріп, тыныс белгісі) — ұғыну барысында меңгеріледі.

Тілді оқушы мазмұны және формасы, яғни логикалық, грамматикалық ерекшеліктері тілдің көмегімен анықталады.

Ендеше тілді оқушы, практикалық жағынан белгілі бір тілді фактілерді тану құралы ретінде де пайдаланады.

Мұндай заңдылықтан тілді оқыту қағидасы келіп шығады.

Бұл қағиданы іске асыру ережесі мынадай:

1) көрнекілікті пайдалану (кесте, сызба, түрлі суреттер, теледидар, кино және т.б.)

2) есту құралдарын пайдалану (мәтіндер оқып беру, магнитофон, радио, теледидар, кино т. б.);

3) оқу құралдары, көркем мәтіндер, ғылыми-көпшілікке арналған мәтіндер, газеттер, журналдар;

4) ана тілін үйрену үшін оқушылардың басқа пәндерді оқу барысындағы сөйлеу практикасы (мұғалімнің, жолдастарының сөзі, оларды аңғарту үшін талдау) пайдаланылады.

Тіл материясына көңіл аудару қағидасы мұғалімге нақты жол көрсетеді. Оқушы әуелі көру не есту арқылы қабылдайды, ал оның мәнін сонан соң ғана аңғарады.



Алтыншы заңдылық. Тілге үйрену органдарының (өкпе, тамақ, тіл, беттің бұлшық еттері), жазатын қолдың жаттығулары, қимыл-қозғалыстарының тәртіптелуі, дағдының қалыптасуы арқылы ғана іске асады.

Мұғалімнің айтқанын естіп немесе жолдастарының жұмысына қарап қана тіл үйренуге болмайды. Әрбір оқушы өзі оқып, жазып, айтып, түрлі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер кұрастырып, сөйлемдерді сан салаға өзгертіп, өзі әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді.

Бұл заңдылықтан сөйлеу органдары мен жазатын қолды жаттықтыру қағидасы келіп шығады.

Жетінші заңдылық. Тілге жүйелі түрде сатылап үйрету. Тіл лексика және грамматикалық формалар арқылы дамиды, екінші жағынан тіл неғұрлым бай болса, тілдік фактілер де соғұрлым тез ұғынылады.

Сондықтан оқушыларға алдыңғы үйренгендерін ұмытып қалмайтындай етіп тілдік материалдарды бірте-бірте көбейтіңкіреп беріп, сөйлегенде қолданылып отыруына жағдай жасалады.

Мұнда қайталаудың алатын орны ерекше және бала есінде саналы түрде, түсініп сақтауы үшін ойлау операцияларын қолдану керек: салыстыру, талдау, жинақтау, дерексіз ұғым, жалпылау, нақтылау және индуктивтік, дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алатындай болуға тиіс.

Тілге жүйелі түрде, бірте-бірте үдетіле үйрету заңдылығынан мынадай әдістемелік қағида шығады:

1) ұштастыра оқыту;

2) қайталау;

3) өз бетімен жұмыс істеуді күшейте түсу.

Бұл қағидаларды іске асыру үшін:

1) бағдарламаны тиянақты құру;

2) жоспарлы түрде қайталап отыру;

3) жаттығу жұмыстары;

4) оқушыларды ойлау мен сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері іріктеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.

Сөйтіп, ана тілін меңгерудің заңдылықтары оны мектепте оқытудың негізі болып табылады; ал әдістемелік қағидалар осы заңдылықтардан туындайды, мұндай қағидаларға негізделген әдістеме, сөз жоқ, оқушыларға ана тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізуге көмектеседі.

2 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ МАҚСАТ

Қазақ тілін оқу, білу не үшін қажет? Себебі қазақ тілі — қазақ республикасының мемлекеттік тілі, ол өнеркәсіп пен техниканың, ғылым мен мәдениеттің және қоғамдық-саяси өмірдің, барлық саласын қамтып көрсете-тін бай лексикасымен, қалыптасқан жазу жүйесімен және әр түрлі стильдік тармақтарымен (көркем сөз стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль, ресми іс-қағаз стилі және т. б.) сипатталады.

Қазақ тілінде көптеген газет-журналдар шығады. Көркем әдеби шығармалар мыңдаған тиражбен басылып, таратылып отырады. Қазақ тілінде ғылыми әдебиеттер шығарылады. Соның нәтижесінде қазақ тілінің лексикасы саяси және ғылыми-техникалық терминдермен толығып баюда.

Түрлі жанрдағы еңбектер дүние жүзі және ТМД халықтарының көркем әдеби үлгілері қазақ тіліне аударылуда.

Қазақ тілі арнайы ғылымның зерттеу нысанына айналып, оның әр түрлі сөздіктері мен тұрақты оқулықтары жасалуда.

Қазақ тілі бастауыш, орта мектептерде, жоғары жә­не арнаулы оқу орындарында арнайы пән ретінде оқытылуда. Қазақ тілінің, жеке грамматикалық категорияларының өзі арнаулы ғылыми-зерттеу жұмысының нысаны болып, олар жөнінде көптеген ғылыми еңбектер жазылуда.

Қайта құруға жұмыла кіріскен бүкіл кеңес халқының ерлік қимылы барысындағы, басқа тілдер сияқты, қазақ тілі де нәрлене, байи түсуде, Тіл мәдениеті күшеюде.

Бастауыш сыныптарда балалар қазақ тілі сабақтарында нені білуге тиіс?

Балалар бастауыш сыныптарда оқуға, жазуға үйренеді, ойын анық, дәл жеткізе алатындай дағдыға, яғни дұрыс сөйлеуге үйренеді.

Сөйтіп, қазақ тілін педагогикалық оқу орындарында оқудағы мақсат — бастауыш сынып оқушыларын сан алуан грамматикалық, формаларды қолдана білуге үйрету және соның негізінде олардың тілдерін ұстарту, сондай-ақ жазу дағдыларын бекітіп, сөйлей білуге төселдіру бо­лып табылады.

Қазақ тілінің мектепте оқушыларға білім, тәрбие берудегі және оларды дамытудағы маңызы. Ана тілінің баға жетпес құдіреті мен қуаты, адамды ерлікке, Отанын, туған халқын сүюге тәрбиелеудегі күшін кезінде К.Д. Ушинский «Халық тілі - тарих шекарасынан әлдеқайда әріректен басталатын, оның бүкіл рухани өмірінің еш уақытта солмайтын жәнс өмір бойы қайтадан шешек атып тұратып тамаша гүлі. Тілде бүкіл халық, оның күллі елі — барлық, толық ойы мсн сезімі туған елінің өлеңінде, әндерінде ...» деп көрсеткен болатын. Сондықтан да ана тілі бастауыш мектептерде ең негізгі пән болып есептеледі. Өйткені ана тілінде оқу-жазуға дағдылану арқылы басқа пәндерді оқып-үйренуге жол ашылады. Бұл жөнінде де ұлы педагог К. Д. Ушинский: «Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты және жаратылыстану ғылымдарын үйренген ксзде, теореманы, математикалық бір есепті өз сөзімен айтып бере алмай, дәл осындай күйге ұшырайды. Ана тілі басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинақтайтын басты, өзекті пән екені енді түсінікті емес пе?» — деген болатын.

Балалар ана тілі арқылы адамгершілікке, интернационалдық, патриоттық рухқа тәрбиеленеді.

Ана тілінде жақсы оқи алатын бала өзі оқыған не­месе айтылған материалдардағы ойды да дәл түсінеді.

Ал мектепте оқытылатын грамматика, оқу, тіл дамыту сабақтарының, бір жағынан, білімдік мәні, екінші жағынан, тәрбиелік мәні, үшіншіден, баланың жеке басындағы қасиеттерді дамытып, олардың әлеуметтік бағдарларын айқындай түсуде орасан зор үлес қосатыны мәлім.

Бастауыш мектепте ана тілінен оқушыларға білім, тәрбие беруде және оларды дамытуда мынадай қағидалар басшылыққа алынады:

1. Мұғалім білімдік, тәрбиелік, дамыту жағынан құнды, шәкірт ұғымына сай келетін, анық та дәл, көр-


кем тілмен жазылған материалдарды іріктеп алып, қазақ тілі сабақтарында пайдаланып отыруға міндетті;

2. Балаларды дәл, анық, бейнелі сөйлеуге жүйелі түрде, үнемі дағдыландырады;

3. Көркем шығармалар арқылы білім бере отырып, балалардың сезімдеріне эсер етіп, кеңес адамына қажетті моральдық қасиеттер, адамгершілік мінез-құлықтардың қалыптасуына жағдай туғызады.

3 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ МАЗМҰНЫ

Бастауыш сыныптарда ана тілінен берілетін білімнің мазмұны мектеп бағдарламасында белгіленеді.

Бағдарлама жасаудағы негізгі әдістемелік проблемалар: 1) ана тілінен қандай теориялық мағлұматтар беріп, практикалық дағдылар мен іскерліктерге үйретуге болатынын анықтау; 2) жекелеген тақырыптардың қайсысын қайсысынан кейін оқыған жөн; 3) ұсынылған материалдарға қанша сағат бөлінетінін белгілеу болып есептеледі.

Педагогика оқу орындарына арналған қазақ тілін оқыту әдістемесінің бағдарламасы мына бөлімдерді қамтиды1.



  1. Кіріспе — 4 сағат.

  2. Сауат ашу және тіл дамыту әдістемесі— 25 са­ғат.

  3. Оқу және тіл дамыту әдістемесіне (класта және
    кластан тыс оқу)—30 сағат, лабораториялық жұмысқа — 4 сағат.

  4. Жазу (көркем жазу) және тіл дамыту әдістемесіне — 10 сағат, лабораториялық жұмысқа — 2 сағат.

  5. Грамматика және тіл дамыту әдістемесіне — 20 сағат, лабораториялық жұмысқа — 4 сағат.

  6. Байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесіне — 10 сағат, лабораториялық жұмысқа — 4 сағат.

Бағдарламада көрсетілген көлем мен мазмұнға қарай оқулықтар жасалады. Оқулықтармен қатар түрлі жаттығулар жинағы, диктанттар, мазмұндамалар жинағы, дидактикалық материалдар, таблицалар, карточкалар т. с. құралдар жасалады.

Педагогикалық оқу орындарында қазақ тілін бастауыш сыныптарда оқыту әдістемесінің мазмұнымен танысуда мына жағдайлар ескертіледі. 1) бастауыш кластар­да оқушылардың алдағы уақытта жоғары сыныптарда оқуына, жүйелі білім алуына дайындық жасалады; 2) балалар ана тілінің құрылысымен шолу ретінде үстірт қана танысады; 3) кебіне олар оқуға және жазуға дағдыланады; 4) балалар ана тілі сабақтарында түрлі құбылыстарды бақылай білуге, қорытынды шығаруға, суреттеуге, анықтамалар беруге үйренеді; 5) сөйтіп, мұның барлығы балаларды жүйелі білім алуға дайындауда орасан зор маңызы бар алғышарт болып табылады.



4 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ

Бағдарлама балаларға нені оқыту керектігін көрсетеді, бағдарлама бойынша оқулықтар жасалады.

Ал бұл материалдар оқушыларға қалай үйретіледі? Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерінің қайсысы болмасын, оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.

Оқыту әдістерінің дидактикалық жүйесі оқыту жолдарының жалпы заңдылықтарын көрсетеді.

Оқыту әдістерін зерттеуші ғалымдар, жалпы алғанда, былайша топтайды1:

1) балалардын оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;

2) оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;

3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері.

Бұлардың әрқайсысына бірнеше жекелеген әдіс енеді. Мысалы, І топқа сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); индуктивтік, дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді), өздегінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындау әдістері (қиялға, ерікке негіз­деледі). Ал II топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері; III топқа ауызша тексеру, жазуша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді.

Ана тілін оқыту барысында бұл әдістердің қайсысының, қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, іріктеп қолданады.


Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Әдістеме дегеніміз не?

2. Қазақ тілі әдістемесі нені зерттейтін ғылым?

3. Қазақ тілін ұғынудың заңдылықтары қандай?

4. Қазақ тілін оқытуда қандай әдістемелік қағидаларды басшылыққа аламыз?

5. Қазақ тілі педагогикалық оқу орындарында неліктен оқытылады?

6. Қазақ тілінің мектепте оқушыларға білім, тәрбие берудегі және оларды дамытудағы маңызы қандай?

7. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мазмұны қалай анықталады?

8. Бастауыш сыныптарға арналған қазақ тілі бағдарламасымен танысыңыздар; оның көлемі мен мазмұнын байқаңыздар және көшіріп алыңыздар.

9. Бағдарламаның «Түсінік хатынан» бастауыш сыныптарда ана тілін оқыту міндеттерімен танысыңыз.

10. Бастауыш сыныптарға арналған «Қазақ тілі» және «Ана тілі» оқулықтарымен танысыңыздар.

11. Қазақ тілін оқыту әдістері қандай?




ІІ тарау

САУАТ АШУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

1 САУАТ АШУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІ3ДЕРІ

Сауат ашу әдістемесі тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланыстарды бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру - ең алды­мен тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық заңдарып жете білуді қажет етеді.

Табиғи жағынан дыбыс қандай да болмасын бір дененің белгілі бір ортада теңселіп, қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта — ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып, пайда болуы мүмкін емес.

Дыбыстың жасалуында: оның ырғағы, күші, созылыңқылығы, әуені ажыратылады,

Дыбыстың ырғағы белгілі бір уақыт мөлшері (әдетте 1 сек.) ішіндегі дірілдің саны; ол неғұрлым көп, жиі болса, ырғақ солғұрлым күшті болады. Ал, керісінше, дірілдің саны аз болса, ырғақ та солғындап, әлсірей береді. Адамның құлағы 1 сек. ішінде 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болатын дыбысты қабылдап, ести алады. Дауыс құбылысы осы ырғаққа, яғни сөйлеу барысында ырғақтың өзгеруіне байланысты болады.

Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің кеңдік (амплитуда — лат. amplitugo) қарқыны көбейе түссе, дыбыс күші де ұлғайып, күшейе береді. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен қарым-қатынасқа түседі.

Дыбыс әуені дыбыс дірілінің түрлерімен ұштасады. Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады.

Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сөйлеу аппа­раты (өкпе, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз, мұрын қуысы, тіл, таңдай тіс, ерін т. б.) арқылы шығуынан жасалады.

Дыбыстарды айтуда әсіресе дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады: дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады; ал тілдің бірде көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немеcе ұшының қимылынан әртүрлі дыбыстар жасалады.

Тіл дыбыстары ның артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі - ерін. Қазақ тілінде 38 дыбыс бар. Олар дауысты, дауыссыз болып екіге бөлінеді. Бұлайша бөлу дыбыстардың буын құрау қызметіне негізделеді. Қазақ тілінде 13 дауысты дыбыс буын құрайды да, 25 дауыссыз буын құрамайды. Дауыстылар: а,ә,о,ө,е,ы,і,ұ,ү,е,э,и,у. Дауыссыздар: б,в,г,ғ,д,ж,з,й,к,қ,л,м,н,ң,п,р,с,т,ф,х,һ,ц,ч,ш,щ. «У» дыбысы дауыстыдан кейін келсе, буын құрай алмай, үнді дыбыс болады. Ендеше ол бірде дауысты, бірде дауыссыз қызметін атқарады. Бұлай топтау балаларға әсіресе олардың акустикалық жақтары мен физиологиялық жақтары баса үйретілуі қажет.

Дауыстылар мен дауыссыздардың жасалуын Бодуэн де Куртенэ: дауыссыз дыбыста қысым – дыбыстау аппаратының бір ғана мүшесіне түссе, дауыстыда дыбыстау аппаратына жайылады жа, жалпылама өтеді – деп, айқындаған болатын.

Мұғалім тілдің артқы таңдайға қарай жылжуы мен бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар, тілдің таңдайдың алдыңғы жағына жуықтауынан жіңішке дауыстылар шығатынымен таныстырды. Әсіресе айтылуы қиындық келтіретін дыбыстар – дауыссыздар. Тіпті кейбір балалар дыбыстарды мектепке келгенде айта да алмайды. Осыған орай, кейбір дауыссызды айтқанда тілдің ұшы күрек тіспен жымдасып, бірден кілт ажырап кететінін, кейбіреулері астыңғы еріннің үстіңгі ерінге немесе тіске тиюінен , енді біреулері тіл ұшының астыңғы тіске жуысуынан, ал тілдің артқы шенінің жұмсақ таңдайға жуықтасуынан, жұтқыншақтың тарылуынан дыбысының пайда болатын байқатып айтқызып балаларды дағдыландырды.

Сауат ашу кезеңінде балалар дыбыстарды айтуға дағдылануымен бірге олардың қалай таңбалатынымен де танысады. Дыбыстардың таңбасын білу, әріптерді үйрену – сауатты болудың алғашқы баспалдағы. Әріптерді білу арқылы жазуды меңгереді.

Мектепте осы сауат ашу ең бір шешуші кезең болып есептеледі. Өйткені қазақ тілін үйрену жоғарыда көрсеткеніміздей, басқа пәндерді де үйрену барысындағы жетістіктер мен кемшіліктердің негізі болып табылады.

Сауат ашу кезінде балалар сөздің дыбыс, буын құрамын меңгереді, сөйлеммен танысады. Буындардан қалайша сөз құрауға болатыннын біледі, жаңа сөздер үйреніп, сөздік қорларын байытады, практикалық түрде қазақ тілінің нормасына сай сөйлем құрастырып, өз ойларын айтып беруге дағдылана бастайды.

Мұғалім бөбектерге айтылатын дыбыстарды қағаз бетіне түсіру үшін және оларды оқу үшін бұл дыбыстардың белгілі бір графикалық таңбалармен белгіленетін айтады.

Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады. Қазақ тілінде орыс графикасы арқылы белгіленетін 42 әріп бар. Олар: а,ә,б,в,г,ғ,д,е,е,ж,з,и,й,к,қ,л,м,н,ң,і,ы,ұ,ү,о,ө,п,р,с,т,у,ф,һ,ц,ч,ш,щ,э,ю,я,ь (жіңішкелік белгі),ъ (жуандық белгі). Қазақ тілінде бір таңба екі дыбысты белгілейтін жағдайлар да бар: е,я,ю,у,ц,ч,щ.

Дыбыс тіркестерінің, сөздердің дұрыс айтылу ережелері орфоэпия( гр. Сөзі orthos – тура, дұрыс, epos – сөйлеу ) деп аталады.

Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралықтарындағы дыбыстар бір-бірімен өзара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеу олардың үндестігін сақтап, нақышына келтіре айту үшін тілдің дыбыстық жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу керек.

Қазақ тіліндегі сөздердін, айтылуы мен жазылуында аса көп айырмашылық жоқ. Дегенмен сөз ішіндегі және сөз аралығындағы дыбыстардың барлығы бірдей айтылуынша жазылмайды. Үндестік заңына сай, қатар келген екі дыбыс бір-біріне ықпал жасап, өзгеріліп естіледі (түңгі-түнгі, Амангелді-Аманкелді, Жампейіс-Жанпейіс, башшы-басшы, баралмай-бара алмай т. б.).

Оқу-жазуға үйретудің алғашқы кезеңдерінде анық, естілетін, созып айтуға келетін және дыбысталуы мен таңбалануы бірдей дыбыстардан құралған сөздер іріктеліп алынады. Балалар сауат ашу кезінде өздері көріп тұрған не жазған әріптерінен буын құрай алады. Олар талдау арқылы сөздің қандай буындардан, дыбыстар­дан құралып тұрғанын ажыратса, жинақтау арқылы ды­быстардан буын, буындардан сөз құрап үйренеді.

Дара айтуға және басқа дыбыстармен қосып айтуға ең, қолайлы келетін дыбыстар дауыстылар болады, сонан кейін үнді дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар. Ең қиындары — қатаң дауыссыздар. Сондықтан да оқу-жазуға үйреткенде ең алдымен дауыстылар, сонан соң; дауыссыздарды оқытқан орынды болады. Өйткені сауат ашудың ең, алғашқы кезінде балалар бірден екі әріпті біріктіріп оқи алмайды. Алғашқы кезде бала бір-екі әріпті қабылдай алады. Үйрене келе, бірте-бірте жалғас тұрған әріпті де қабылдайды. Бірінші әріптен екінші әріпке көшіп, екі әріпті қосып оқи алатын кезде, со­зып айтуға болатын дыбыстардың берілгені жөн. Сондай-ақ алғашқы кезде оқуға ұсынылған сөздер буын жағынан да жеңіл (ашық буын) көбінесе жуан дауыс­тылар мен созып айтылатын дауыссыздардан құралғаны қолайлы.

Балалар жуан буынды оқып үйрене бастаған кезде, жіңішке буындарды оқуға онша қиналмайды.

Сауат ашу кезінде дыбыстар және буын түрлерімен қатар сөздің құрамындағы дыбыстардың аз-көптігінің де әсері болады. Яғни, алғашқы сабақтарда екі-үш дыбысты сөздер үйретілгені дұрыс. Бірақ қазақ тілінде екі-үш дыбысты ашық буыннан құрылған сөздер өте аз. Сон­дықтан бір-екі сабақтан кейін-ақ бірнеше дыбыстан (өткен әріптердің қайталанып келуі арқылы) құрылған сөз­дер мен тұйық буын қатар өтіледі. Екі дыбысты ашық және тұйық буыннан үдету амалымен үш немесе төрт ды­бысты сөздер құрастырылып үйретіледі (Шо-ра, ша-на, ал, ал-ма, ар-ша, Са-ра т. б.).

Балаларға сөздерді, біріншіден, мағынасы жағынан, екіншіден, қолданылу аясы мен шеңбері жағынан үйретудің олардың ойы мен тілін дамыту үшін маңызы зор.

Сөздің ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылуын бірде метафора арқылы, бірде метонимия арқылы, кейде синекдоха тәсілдері арқылы беріліп отырады. Метафора (гр. — mеtорога ауысу) — белгілерінің ұқсастығына қарай, сөз мағынасының ауысуы. Мысалы, орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті (Абай). Метонимия (гр. mеtоnuymіа атын өзгерту) заттың не құбылыстың атауы екінші затқа не құбылысқа белгіленетіні (өзара іргелес, шектес болуына қарай ауысуы). Мысалы, Жүрегім менің қырық жамау (Абай). Синекдоха (гр.synekdohe) —бірге жобалап түсіну. Мысалы, басың нешеу?

Сөзді үйрену барысында балалар мынадай амалдарға дағдыланулары тиіс:

1) сөздің мағынасын айту;

2) сөзді тағы қандай мағынада қолдануға болатынын айту;

3) осы мағынаны тағы қандай сөздермен білдіруге болатынын айту;

4) сөйлеуде лексикалық құралдарды дұрыс пайдалану;

5) мағына жағынан ұқсас немесе қарама-қарсы сөздерді қолданылуын аңғару.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Оқытудың алғашқы сатысында сөйлеу органдарының қызметі қалай пайдаланылады?

2. Дауыстылар мен дауыссыздарды өздеріңіз айтып үйреніңіздер және оның не үшін керек екенін түсіндіріңіздер.

3. Орфоэпия туралы айтыңдар, өздіктеріңізден мысал келтіріңіздер.

4. Сауат ашу жұмысына қажетті фонетикалық мәліметтерді айтып беріңіз.

5. Сөзді үйрену барысында балалар қандай амалдарға дағдыланады?



следующая страница>


Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ПӘНІ

Методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді

3248.32kb.

25 12 2014
16 стр.


«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
912.73kb.

25 12 2014
3 стр.


«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
912.7kb.

15 12 2014
3 стр.


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» ПӘні бойынша сырттай бөлім студенттерінің бақылау жұмыстарын орындауына

57.69kb.

23 09 2014
1 стр.


ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы

В020500-«Қазақ филологиясы» мамандығының күндізгі бөлім студенттеріне арналған «Қазақ халық ауыз әдебиеті»

313.1kb.

15 10 2014
1 стр.


Қазақ тілін халықаралық мектепте «екінші тіл» ретінде оқыту мәселелері Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуінің бір көрінісі – «Н. Назарбаев Білім қоры»

Осы орайда «Мирас» мектебінде қазақ тілінің қызмет аясын кеңейту, бұл тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жетілдіру, тіл оқытудың жаңа технологияларының озық үлгілерін білім бе

102.97kb.

25 12 2014
1 стр.


Методические указания Форма ф со пгу 18. 2/05 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні бойынша 050205 «Қазақ филологиясы» мамандығына тәжірибешілік сабақтарға арналған

94.96kb.

25 12 2014
1 стр.


Ф со пгу 18. 2/07 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

«Қазақ әдебиетінен арнаулы курс» пәні бойынша 050117 «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығының студенттеріне арналған пәнді оқыту бойынша

76.48kb.

25 12 2014
1 стр.