Перейти на главную страницу
Шығарма жаздырғанда балалардың өз тәжірибесіне сүйеніп, бойындағы білімін, дағдысы мен шеберліктерін жарыққа шығаруға, іске асыруға жол беру керек. Әдіскер Ш.Кәрібаев: «шығарма жаздыру жұмысы оқушылардың үнемі басшылық етіп отыруы керек қылады. Өйткені не болса, соны я кез-келген тақырыпты жаздыра беруге болмайды. Оқушылармен тиісті әңгіме жүргізіп, байқап сұрастыра отырып, шындыққа үйлесетін, шамасы келетін, жақсы білетін, еркін меңгеріп айта алатын материалдарды жаздырған дұрыс», - деді. Сондықтан қандай жағдайда болмасын, мазмұндама мен шығарма мұғалімінің басшылығымен дұрыс әдіс арқылы жүргізілгенде ғана белгілі бір нәтиже береді көзделген мақсатқа жетеді. Ол үшін мұғалім бұл жұмыстарға қойылатын әдістемелік талаптарды жақсы білуге тиіс.
Бастауыш мектептерде жүргізілетін діл дамыту жұмысы негізінен мынадай мақсаттарды көздейді: 1) оқушылардың байқағыштық ойлау қабілеттері мен тілін, дүние танымын дамыту, әр нәрсені салыстыра талдап салыстыру негізінде өз беттерімен қорытынды шығара білуге үйрету; 2) оқушыларға қазақ әдеби тілі нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс жаза бере алатындай дағдылар, шеберліктер қалыптастыру; 3) оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, тамаша сырлы, көркем де нәзік сөз байлығын қолдана білуге және оны сезініп, құрметтей білуге тәрбиелеу; 4) қазақ тіл ғылыми таңбасы негізінде оқушылардың жазу тілін дамытуға септігін тигізетін мазмұндама мен шығарма жұмыстарының оңай да тиімді түрлерін іріктеп алып ұсыну; 5) шығарма мен мазмұндама мәтіндер арқылы балаларды өз отанына шын берілген патриот, бір-біріне достық, интернационалдық рухта, бауырластық сезімде, қоғамымызға саналы да белсенді қызмет ете білуге тәрбиелеу.
Балалардың тілін дамыту, оларды байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарының сол мақсаттары мұғалімдердің озық тәжірибелері мен ғылыми эксперименттерінің ең жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, бір ізге келтірілген әдістемені басшылыққа алып жұмыс істегенде ғана іске асады.
Бұл жұмыстарға қойылатын әдістемелік талаптардың бастылары: 1) Берілген тақырыпты ашып көрсете білу, оқушы өзінің жинаған материалдарын берілген тақырыптағы негізгі ойды көрсететіндей етіп іріктеу қажет. 2) Жазылған жұмыстың мазмұны болуы, балалардың жазған мамұндамалар мен шығармалары орфографиялық, пунктуациялық жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да, ойдың реңін білдіруі, сөйлемдерлің арасындағы байланыстардың дұрыстығы т.б. жақтарынан да бағалануға тиіс. 3) Оқушы материалды ешбір қайшылықсыз, белгілі бір ретпен, жүйелі түрде баяндауға тиіс, яғни алдын ала жинақтау жұмысы дұрыс ұйымдастырылып, саналы түрде өткізілуі қажет. Оқушы әуелі не жөнінде, одан кейін нені айтатынын толық жинақтап, жоспар жобасын жасап алады. Сөз, сөйлем қалдырып кетіп, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан сақ болған жөн. 4) Оқушылар айтайын деген ойын дәлме-дәл, анық білдіретіндей етіп, сөздерді, материалдардың ішіндегі негізгілерін таңдап қолданылуға тиіс (Мысалы, ІІІ сынып оқушысы «Мәншүк» мәтіні бойынша мазмұндама жазғанда, «Жаудың жаңбырша жауған оғы» деген тіркесті сол қалыбында беруге тырысып , «Жаудың тамаша жауылған оғы» деп жазған. Мұндай қателерге жол бермеу үшін, сөз іріктеу, сөйлем құрастыру т.б. мәтінді талдау, жинақтау жұмысына дұрыс мән берген жөн. 5) Басы артық сөз қолдану, қыстырма сөз қолдану, бір сөздің бірнеше рет қайталануы сияқты кемшіліктерге жол бермеу шарасы жасалуға тиіс. (Мысалы, «Қар ери бастасымен, қызғалдақтар шыға бастады», «Күн жауды, күн жауған соң, жер су болды», «Қарғаның қарыны ашты». Сосын ол тамақ іздеді. Сосын қарға келіп қонды. 6) Оқушы жазба жұмысында сөйлемдерді белгілі бір формада қарастыратын болсын, яғни бір сөйлем өткен шақта, екінші сөйлем келер шақта тұрмасын («Мен тауға бардым. Күн ыстық болады»). 7) Жергілікті ауыз екі сөйлеуде қолданылатын сөздерді жазуда қолдануға дағдыланбау керек. («Там төбесін қар басып қалды»; «Жейдесі су болды», «Азанда бүлдірген теруге кетті»). 8) Жазба жұмыстарын жетілдіре білу дағдыларын оқушылар міндетті түрде меңгерген болуға тиіс, яғни жазба жұмыстарының офографиялық пунктуациялық, лексикалық қателерін оқушы мұқият қарап тексеріп шығатын болсын. Мұнда тіпті кейбір қате құрастырылған сөйлемдерді жөндеуге де жол беріледі.
Міне, бастауыш сыныптардағы тіл дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарының барлығы да осы көрсетілген талаптарды орындау жолына бағытталады.
2. Балалардың тіліне қойылатын негізгі талаптарды атаңыз.
3. Бастауыш мектеп оқушыларына шығарма жаздыру үшін мұғалім қандай басшылық жасайды?
3 МАЗМҰНДАМА МЕН ШЫҒАРМА ЖҰМЫСТАРЫ
Бастауыш сыныптарда жаздыруға болатын мазмұндаманы топтай келгенде мынадай түрлерін көрсетуге болады: дайын әңгіме бойынша мазмұнама, сурет бойынша мазмұндама, кино, диафильм бойынша мазмұндама.
Ал бұл мәтін сабаққа дейін тақтаға жазылып қойылады. Не болмаса мұғалім үлкен қағазға алдын ала жазып, дайындап алып келеді де, тақтаға іле қояды. Мәтінді оқымас бұрын мұғалім балалардың торғайды, көрген- көрмегендерін, бұл құстарды бір-бірінен қалай ажыратуға болатынын, яғни олардың бір-бірінен қандай өзгешеліктері барын бұл құстар жөнінде қандай ертегілер, әңгімелер білетіндерін сұрап ауызша әңгіме айтқызады. Мұндай әңгімені 1-2 күн бұрын ұйымдастыруға да яки сол мазмұндама жазатын күні ұйымдастыруға да болады. Торғай мен қарлығаштың үлкейтіп салынған суреті немесе муляжы болса, тіпті жақсы. Сабақ басталғаннан кейін дайын мәтінді балалар оқып шығады. Мәтіннің ішіндегі дайын, орналасып алды, шамасы келмеді, қоныстанды сөздері түсіндіріледі. Бұл сөздер синонимдері арқылы (дайын - әзір, шамасы келмеу - әлі жетпеу, күші жетпеу, орналасып алу – ұяға кіріп алу, ұяны меншіктеніп алу, ұяны иемденіп алып т.б.) ұғындырылады. Содан кейін балаларға орфографиялық жағынан қиындық келтіретін ұя, қарлығаш, орналасып алды, шамасы, келмеді, көмекке, қоныстанды, дайын, торғай сияқты сөздер тақтаға жазылады. Орфографиясы қиын сөздерді немесе сөз тіркестерін сыныптарда түбір күйінде я тұйық рай формасында бермей, мәтіндегі формасында берген жөн. Ал кейбір әртүрлі жалғаулар жалғанып, бірнеше рет қайталанып, түрлі тұлғада кездесетін сөздерді түбір күйінде немесе тұйық рай формасында көрсетуге болады. Мәтінді балалар екі қайтара оқып шығады. Мұнда балалар мәтіндегі сөйлемнің құрылысымен, көптеген сөздердің жазылуы мен танысады, көру, есту анализаторлары қызмет атқарады.
Мәтін оқылып болғаннан кейін, сыныпқа сұрақ қойылады. Сұрақ алдымен ауызша қойылып оқушылар тақтадағы мәтіннен ол сұрақтарға жауап табады. Мәтін сұрақ бойынша талданып болғаннан кейін, мұғалім мәтінді тұтас бір оқып шығады. Осындай жұмыстардан соң, мұғалім тақтадағы мәтінді жауып қойып, екінші тақтадағы алдын ала жазылып қойылған сұрақтарды ашады.
Мазмұндаманың бұл түрінде мәтін бойынша қойылатын сұрақтар мәтіннің құрылысын, тәртібін өзгертпей, тек ондағы сұраудың орнына ғана бір-екі сөз қою мақсатын қамтиды. Мысалы, жоғарыдағы мәтін бойынша мынадай сұраулар қоюға болар еді: Қарлығаш не салды? Ұяға не орналасып алды? Қарлығаш басқа қарлығаштарды неге шақырды? Қарлығаш қайда қоныстанды? Бұл сұрақтарға оқушылар мәтіннен есте қалғандары бойынша тағы да ауызша жауап қайтарады. Әуелі әр сұраққа жеке-жеке жауап алынады да, соңынан, қорытынды ретінде, барлық сұраққа бір оқушы немесе екі-үш сұрақтан екі оқушы жауап береді. Балалар осы қайырған жауаптарын, тақтадағы сұрақтарға сүйене отырып, жазуға кіріседі.
Жазуға кірісер алдында тақтадағы сұрақтардың құрылыс мен тәртібін өзгертпей, ондағы сұраулардың орнына ғана сөз тауып жазуға керектігін балаларға аңғартқан дұрыс.
Дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІІ түрі.
Мұнда мәтіннің мазмұн тәртібі сақталады да, сыртқы түрі аз кем өзгертіліп жазылады. Мазмұндаманың бұл түрінде балалар қойылған сұрақтардың кейбір сөздерін қайталайды да, негізінен сұрақтарға өз сөздерімен жауап қайтарады. Мысалы, мына сияқты мәтін алынады делік:
«Қыс түсті. Өзен қатты. Марат пен Ерден конькилерін алды. Олар өзеенге барды. Өзен жылтыр мұзға айналыпты. Олар мұз айдынында коньки тепті. Балалар онда ұзақ жүрді. Ерден қолын домбықтырып алыпты». (29 сөз).
Бұл мәтін бойынша жүргізілетін жұмыс та алдыңғыдай, яғни мұғалім: Қыста ауа-райының қандай болатынын, Қыстыгүні балалардың ойнайтын ойындарының түрлерін сұрақ жауап арқылы әңгімелейді, қыста балалардың қандай ойынды жақсы көретінін айтқызады. Осындай әңгіменің жалғасы ретінде: - Енді сендер сияқты Марат пен Ерден деген балалардың да қыста қандай ойынды қыста жақсы көретіндіктерімен танысайықшы, -деп, мұғалім мәтінді өзі бір рет оқып шығады, сонан соң, алдыңғы көрсетілгендей, балалар екі рет оқиды, талдайды; мұз айдыны, домбықтыру сөздерінің мағыналары түсініктеме сөздер арқылы түсіндіріледі. Коньки, мұз айдыны, домбықтырып сөздері тақтаға жазылып, оларды көшіру керектігі ескертіледі. Мәтін бойынша мынадай сұрақтар қоюға болады: Қыс жөнінде не айтылған? Өзен жөнінде ше? Марат пен Ерден не істеді? Ерденге не болды?
Мұндай жұмысты ұйымдастыру үшін алынатын мәтін оқушылардың бұрын өз көздерімен көрген немесе оқыған материалдары шеңберінде болғаны жөн. Мысалы, балалар оқулықтан күз жөніндегі материалды оқығаннан кейін: «Балалар орманға барды. Қорықты. Қалың жеріне жүгірді. Адасып кетті. Дауысы естілді. Балалар үйлеріне оралды», сияқты мәтінді жазып қойып, балалардың орманды көрген-көрмегендерін, орманның қандай болатындығын т.б. сұрайды. Содан кейін балаларға: «Сен орманда адасып кетсең, не істер едің? Орманда қандай аңдар болады? Сен орманда аю көрсең не істер едің? т.с.с. сұрақтар қояды. Бүгін балаларға бірнеше жұмбақ сөйлемдер берілетіні айтылып, соның шешуін табу керектігі ұсынылып, тақтадағы жазулы мәтін ашылады. Балалар аз-кем ойланғаннан кейін: Бұл жұмбақ-сөйлемдерде не жөнінде әңгіме болады деп ойлайсыңдар? (бұл сөйлемдерде балалардың орманға баруы, адасуы жөнінде айтылады) – Балалар орманға көбінде жылдың қай мезгілінде барады? Балалар орманға неліктен күзде барады? (Күзде орман іші өте әдемі. Онда жеміс-жидектер де піседі.) – Олар неден қорықты деп ойлайсыңдар? (Қасқырдан, аюдан, сыбдырдан т.б.). Орманның қалың жеріне неге жүгірді? (Балалар қорыққасын орманның қалың жеріне жүгірді.) – Балалар неден адасып кетті? (Олар жолдан адасып кетті.) – Дауыс естілді сөйлемін қалай шешер едіңдер? (Арбаның, машинаның, оларды іздеген адамның дауысы естілді.) – Сол кезде балалар не істеді? (Олар дауыс шыққан жаққа қарай жүгірді.) т.с.с. Балаларға ат қойылады , барлық сөйлемдер осылайша толықтырылып, әңгіме құрастырылады, оған ат ұйымдастырылады, жоспар жасалады, жоспар тақтаға жазылады. Сөйтіп, жоспар бойынша балалар әңгімені ауызша мазмұндайды, қажет болса жазады.
1. Мұғалім кіріспе әңгімесінде балалардың жазғы демалыста не істегендері, не көргендері туралы сұрақ-жауап арқылы әңгімелеседі. Онда көбінесе жазғы дала көрінісіне көңіл аударады.
2. Тақтаға суретті іледі, оның атын жауып қойып, балаларға суреттегі бейнеленгендерді қарап шығу тапсырылады. Аздан соң, мұғалім: - Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген деп ойлайсыңдар? – деген сұрақ қояды. Суретте жаз мезгілі бейнеленген. – Суретте жаз мезгілі бейнеленгенін неден байқадыңдар? (Суреттегі ағаштың жапырағы көкпеңбек, балалар көйлекшең, аспан шайдай ашық, шөп көкпеңбек).
Бұл сұрақтың дұрыстығын қуаттай отырып, мұғалім оқушылардың зейінің ағаштың түбінде дем алып тамақ ішіп отырған балаларға , олардың қастарындағы жидекке толып тұрған ыдыстарға аударып: - Балалар не істеп отыр? (Олар тамақ ішіп отыр.) – Ал мына тұрған неменелер екен, байқайсыңдар ма? (олар: шелек, себет.) – Бұл ыдыстардың ішінде не бар? (ыдыстардың ішінде: жидек бар.) – Осы балалар бұл жерге неге келді екен? (олар жидек теруге келген болар) – оны қайдан біліп отырсыңдар? (олар ыдыстарын жидекке толтырып алған.) – сендер жидектің қандай түрін білесіңдер? (әркім өз білетін жидектерді айтады: бүлдірген, шие, қарақат, өрік, жүзім т.б.) – мына ыдыстардағы жидек осылардың қайсысына ұқсайды (бұл бүлдірген) – Ендеше мына балалар қандай жидек теруге келген екен (олар бүлдірген теруге келіпті) - Енді осы суретті қалай деп атасақ екен? (балалар түрлі ат айтады: бүлдірген теру, бүлдірген теруге келген балалар, балалар бүлдірген терді т.б.). Балалардың ұсынған аттарының барлығы да дұрыс екенін айта отырып, мұғалім: - Осы суретті автор қалай атайды екен, соны көрейік, - деп, суреттің жабулы атын ашады.
Суретке балалардың қойған аты мен автордың қойған аты толық сай келетінін көрсете отырып осы сурет бойынша алдын ала өзі құрастырып, дайындап алып келген мәтінді тақтаға іледі. Оны бір оқушыға оқытады. Мәтіннің үлгісі: «Бір топ бала бүлдірген теруге бармақ болды. Олар таңертең ерте тұрды. Түсте ішетін тамақ, бүлдірген теретін шелек себет алды. Балалар бүлдірген өсіп тұрған жерге жетті.
Бұл жер жап-жасыл. Жасыл кілем төселгендей. Ойпаңдар да, бұта өсімдіктер де көкпеңкөк. Айналаға көз салсаң, жер дүние маужырап тұр. Не деген сұлу табиғат!
Балалар біраз тамашалап тұрды да бүлдірген теруге кірісті. Бүлдіргенді тойғандарынша жеді. Апарған ыдыстарын да тотырып алды. Содан соң ағаш көлеңкесіндегі көгалға дем алды, түскі тамақтарын ішті. Кешке қарай ауылға қайтты. Бұл күн балаларға өте қызықты өтті».
Мәтінді мұғалім ырғағына келтіре, өзі бір рет оқып шығады. – Бүлдірген өсіп тұрған жердің көрінісінің қалай суреттелгенін кім тауып оқиды? Сұрағы арқылы екі-үш оқушыға оқытады оларды салыстырады. – Балалардың бүлдіргенді теруі жөнінде қандай сөйлемдерде айтылған? Кім оқиды? Сұрағы арқылы текстің ІІ бөлігін оқытады. Осылайша, балалардың дем алуы ауылға оралуы жөніндегі сөйлемдер де оқылады. Бүлдірген, таңертең, себет, жап-жасыл, маужырап тұр, ойпаң, бұта-өсімдік, кілем төселіп тастағандай сөздері мен сөз тіркестері заттың суреттері (не өздері) арқылы (бүлдірген, себет), түсініктеме сөздер арқылы (таңертең – таң атысымен, маужырап тұр – ағаш пен шөптің жайқалып өсіп тұрғаны, ойпаң ойыстыру жер т.б.), ал жасыл түс пен жап-жасыл түстің айырмашылығы осы екі түсті салыстыру арқылы (мұнда матаның қисындысы, жапырақ т.б. көрсетілуі мүмкін) түсіндіріледі.
Мәтінге жоспар жасалады. Бүлдірген теруге бару. Бүлдірген өсіп тұрған жердің табиғаты. Бүлдірген теру. Балалардың дем алулары. Олардың үйге оралулары.
Келесі сабақта мәтіннің мазмұны жоспар бойынша әңгімеленеді, сурет бойынша әңгімеленеді. Егер қажет болса, жазылады.
Сурет бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІІ түрі – оқылған мәтінді бейнелейтін суреттер арқылы ұйымдастырылады. Бұл үшін алдымен мұғалім мәтін таңдап алады. Мәтін сюжетке құралған және жігі оңай ажыратылатындай болуы тиіс. Мәтін сыныпта нақышына келтіріле, екі үш рет оқылады. Содан соң әңгіменің оқиға желісі мен одан шығатын қорытынды сұраққа сұрақ-жауап арқылы талқыланады. Әңгіменің мазмұнын балалар толық меңгерген шамада сол әңгіме бойынша қандай сурет салуға болатынын туралы сұралады. Оқушыларға ойлануға уақыт беріледі. Олардың берген жауаптарының ішінен дұрысын таңдап алады. Мұнда мұғалім мәтінді бейнелейтін суретті күні бұрын дайындап алуға тиіс. Бұл суретті мәтінді талдау жұмысы аяқталып, ол бойынша қандай сурет салуға болатыны анықталғаннан кейін тақтаға іледі. Мысалға Ы.Алтынсаринның «Түлкі мен ешкі» әңгімесінің негізінде салынған сурет бойынша ІІ сыныпта өткен мазмұндама сабағын келтірейік: Мәтін: «Бір түлкі далада жортып келе жатыр еді. Ол байқаусызда апанға түсіп кетті. Апан терең екен. Түлкі одан шыға алмады. Су іздеген ешкі апанға келді. Апанның ішінде түлкі тұр. Ешкі түлкімен сөйлесіп, оның апанда неге тұрғанын сұрады. Түлкі апанның іші салқын, ішінде суы бар екенін айтты. Бұл сөзге сенген ешкі секіріп апанға түсті. Осыны күткен түлкі ешінің үстіне секірді. Одан апанның сыртына қарғып шығып, қаша жөнелді».
Мұғалім сабақ басталмас бұрын мәтінді тақтаға жазып қойды да, сабақ басталған соң, өзі мәнерлеп бір оқып шықты. Балаларға оқытты. Екінші тақтаға: жорытып, абайсызда, апан, қарғып шығып сөздерін жазды. Мағыналарын синоним арқылы түсіндірді: жорытып – жүгіруден гөрі баяу, аяңнан гөрі қатты жүріс, жай жүгіру; абайсызда – байқаусызда, апан – кең шұңқыр, қарғып шығып – тез секіріп шығу.
Осыдан кейін: түлкінің апанға түсіп кетуі жөніндегі сөйлемдер бір оқушыға, апанда түрған түлкіге ешкінің келуі, ешкінің түлкімен сөйлесуі туралы сөйлемдер екінші балаға, ешінің апанға түсуі мен түлкінің апаннан шығуы жөніндегі сөйлемдер үшінші оқушыға оқытылды.
Сыныпқа «Бұл әңгіме бойынша сендер қандай-қандай суреттер салар едіңдер?» деген сұрау қойылып, ойлануға шамалы уақыт берілді. Балалардың біреулері 3 сурет, екіншілері 4 сурет, ал үшіншілері 5 сурет ұсынды. Олардың жауаптары негізінде осы мәтінге 4 сурет салуға болатыны анықталды: апанда тұрған түлкі, апанның сыртында ешкі түлкімен сөйлесіп тұр, апанда түкі де, ешкі де тұр, түлкі зытып барады. Бұл әңімені бейнелеу үшін салынатын суреттердің мазмұны анықталғаннан кейін, мұғалім тақтаға суреттерді іледі, балаларға сұрақтар берді: Түлкі қайда түсіп кетті? Ол апаннан неліктен шыға алмады? Ешкі қайда келді? Ешкі түлкіден не сұрады? Түлкі ешкіге не деді? Түлкі апаннан қалай шықты? Сұрауларға жауап алған соң, мәтіннің мазмұны сурет бойынша айтқызылды. Мазмұндаманың мұндай түрі – балаларды мәтіннің жігін ажырыта білуге, алдағы уақытта мәтінге жоспар жасауға дағдыландырады.
Бастауыш кластарда сурет бойынша жазылатын мазмұндаманың мынадай түрлерін қолдануға болады: 1) орны ауыстырылып берілген сөйлемдерді сурет бойынша түзету, 2) орны ауыстырылып берілген суреттерді мәтін бойынша түзету, 3) орын ауыстырылып берілген суреттерді де, мәтіндерді де оқиғаның ретіне қарай түзету.
ІІІ. Кино, диафильм бойынша мазмұндама. Кино, диафильм соңғы жылдары мектеп өмірінен берік орын ала бастады. Кино оқушылар арасында оқу-тәрбие жұмысын жақсарту жолындағы күшті құралдардың біріне айналып отыр. Кино, диафильмдердің әсіресе бастауыш мектеп жасындағы балаларға әсері күшті. Кино баланың көру, есту сезімдеріне бірдей әсер етеді. Бұл жөнінде Я.А Коменский мұғалім үшін «Алтын ереже – бала сезім арқылы қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін білдірген жөн: көруге болатынды көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, исін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты-жұмсақтығын байқасын тағы басқа. Кейбір нәрсені түрлі сезім мүшелері бірдей түсініп қабылдағаны жақсы», - дейді.
Оқушылардың белсенділігін арттырып өз бетінше жұмыс істеу қабілетін, ойын, тіл дамытуда, оларды байланыстырып, сөйлеуге үйретуде техникалық құралдардың алатын орны мен пайдасы жөнінде баспасөз беттерінде жарияланған, мақалалар мен кітаптарда талай айтылды. Әсіресе қазақ мектептері үшін мұндай құралдардың жетімсіз екенін басым көрсетудің нәтижесінде соңғы кездері қазақ тілінде шығарылып жатқан диафильмдер молшылық. Мұндай фильмдер әңгімелер бойынша да («Елтай екілік елінде», 1986, «Біздің аналарымыз» - 1987 т.б.), танымдық материалдар бойынша да жасалуда.
Фильмдер бойынша сабақ ұйымдастыруда да балалардың зейінін сол фильмдегі оқиғаға аудару мақсатында кіріспе әңгіме айту керек. Бастауыш сынып оқушыларын экран материалдарын игеруге бірте-бірте үйреткен дұрыс. Экран материалдарын игеру де күрделі жұмыс. Бұл әсіресе бастауыш сынып оқушыларында жиі кездесетін реминисценсия құбылысына байланысты, яғни бұл балалардың эмоциясы жоғары болғандықтан, олар кинодан көргендерін іле-шала ұмытып қалады, ал кейін бірте-бірте естеріне түсіруі мүмкін. Сондықтан кино, диафильмдер бойынша мазмұндама жүргізуде мұндай ерекшеліктерді ескеріп (диафильмді көрсете салып, оның мазмұны бойынша мазмұндама жүргізу нәтижесіз болатындықтан), біраз уақыт өткізіп барып сұраған жөн. Мысалы, «Жол жабық» диафильмін көрсеткенен кейін, ІІ сыныптың «Ана тілінен» «Қырағылық» әңгімесі оқылып, оның мазмұны сұрақ-жауап арқылы талқыланады. Келесі сабақта балалардан қандай фильм көргендері, онда не жөнінде әңгіме болғаны сұралады. Фильмді екінші рет әр кадрына тоқтап, мазмұнын ашып кеңірек түсіндіру үшін көрсетуге де болады. Қандай да болмасын, кино, диафильм көрсетілгенде оны не «Ана тілдеріндегі» материалдармен байланыстырады, немесе мұғалімнің өзі алдын ала мәтін құрастырып алуы керек. Әуелі кино көрсетіледі де, кейін мәтінмен бірге талданады.
Мазмұндамаға берілетін мәтіндер бірте-бірте күрделеніп отыру жағын мәтін таңдағанда мұғалім қатты ескеруі тиіс. Мәтін оның ішінде көріністері жағынан болсын, сөздік, синтаксистік жағынан болсын бірінен екіншісі аз-кем қиындау бола береді.
Балалардың өздіктерінен істейтін жұмыс белсенділігін арттыру үшін мәтінді бірнеше абзацқа бөліп, оның әрқайсысына жоспар пунктін беруге болады; абзацқа бөлмей жоспар беру, мәтінді екі абзацқа бөліп жоспар бермеу; мәтін абзацқа да бөлінбеген; жоспар да берілмеген т.б. – мұндай тапсырмаларды балалардың өздері анықтайды.
2. Шығарма және оның түрлері. Мектепте жүргізілетін шығарма дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жоспарлы түрде баяндау. Оқушы тақырып бойынша мәтінді өзінше құрап, өзінше жазады.
«Шығарма» терминін бастауыш мектеп балаларының жұмыстарына қолданғанда, оқушылардың өмірде өз көрген-білгендерін белгілі бір тақырып ауқымына түсіріп, түсінікті түрде, жүйелі әңгімелеп беруін айтамыз. Бастауыш сыныптарда балалардың жазатын шығармаларын мынадай топтарға бөлуге болады: 1) оқушылардың оқыған яки естіген әңгімелеріне байланысты; 2) экскурсия бойынша; 3) өнер саласына (сурет, кино, қуыршақ театрінің спектаклдері т.б.) байланысты; 4) оқушының өз іс-әрекетіне (ойын, еңбек) байланысты тақырыптар.
Шығармада оқушылар өз ойларын қандай көлемде көрсетуіне ерікті бола тұрғанымен, әр сыныптағы шығарма көлемінің шамасы мына сияқты: ІІ сыныпта 20-30 сөз, ІІІ сыныпта 30-60 сөз, ІV сыныпта 60-130 дейін барады.
1. Оқушылардың оқыған я естіген әңгімелерін байланысты шығарма жұмысы. Бастауыш сынып оқушыларының сөйлемді дұрыс құру дағдысын қалыптастыруда, үйде немесе сыныпта оқыған шығармалары мен үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлеу шеберліктерін жетілдіру, баланың жеке басын қалыптастыруда орасан зор рөл атқарады. Балалар естерінде қалған сөздерді пайдаланып, ойын білдіру қажетіне жұмсауға үйренеді, оны бойына сіңіреді. Шығарманың бұл түрінің тәрбиелік мәні зор. Мұндағы ұғымды мәселенің бір ұшы өзін қоршаған айналаға сын көзімен қарап, жақсы мен жаманды, еңбекқорлық пен жалқаулықты, іскерлік пен кертартпалықты, кішіпейілдік пен дөрекілікті байқайды, бұлар жөнінде өз пікірін, сезімін білдіреді.
Бұл жұмысты мұғалім алдын ала жан-жақты ойластырып, дұрыс ұйымдастыра білу қажет. Балаларды сөйлеткенде сөйлемдері әрі түсінікті, әрі жүйелі құрылуына, өз пікірлерін білдіруге назар аударған жөн. Сонымен қатар оқушылар айтып отырған әңгімелерінен үйренген жаңа сөздерін кірістіре сөйлеуін мұқият қадағалап осы сөздерді шығарма жазғанда да қолдануына жағдай жасау керек. Ол үшін мұғалім жетекші сұрақ қойып отырады. Сұраққа жауап беру арқылы естіген, оқыған әңгімелерінің мазмұнын өз сөздерімен айтып үйренеді және тілдің көркемдік кестесін пайдаланып, ойларын еркін білдіруге дағдыланады.
Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың оқыған, естіген әңгімелерінің мазмұны бойынша шығарма жаздыруды түрліше ұйымдастырып жүр: 1) оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұнын сақтай отырып, өз сөздерімен еркін шығарма жазады; 2) оқыған немесе естіген әңгімелерінің үлгісіне еліктеп, өздері ойдан шығарып жазады. Әңгіменің мазмұнын сақтай отырып жазған шығармада оқушылар әңгімедегі оқиғаға, құбылыстарға өз білгендерін қосып, одан алған әсерлерін білдіреді. Бұл – оқушының шығармашылық қиялын дамытады, тілін ұстарады.
Шығарманың бұл түрін «сендер мынадай әңгіме оқыдыңдар, сол бойынша шығарма жазыңдар» деген сияқты нұсқау беру арқылы ұйымдастыруға болмайды. Мұнда мұғалімнің үлкен шеберлікпен, дұрыс басшылығы керек. Оқушылар тіпті өздері жақсы білетін әңгімелерінің мазмұнын да бірден өз сөздерімен айтып бере алмауы мүмкін. Сондықтан әсіресе алғашқы кезде оқыған, естіген әңгімелерінің мазмұны мұғалімнің көмегімен сұрақ-жауап арқылы айтылады. Мысалы, І сынып оқулығында «Бақытжанның қуанышы» деген әңгіме бар. Осы әңгімені балалар оқып шыққан кезде оның мазмұны басшылыққа алынып, шығарма жазуға болатындығына балалардың назары аударылады.
Мұғалім:
Бір кезде Бақытжан «Ленин» деген сөзді оқыды. Ол қуанып кетті. Қуанышын анасына айтты. Аасы оған: «Ленинше оқы», - деді. Бақытжан жақсы оқуға уәде берді. Ол уәдесінде тұрды.
Оқушылар бұл әңгіменің мазмұнын талқылады, мәтіндегі қуанышын, көп ұзамай, дем алды, уәде сияқты сөздер тақтаға жазылып емлесі байқатылды, осыдан соң балалар шығарманы жазуға кірісті.
Мұндай жұмысты оқушылардың сыныптан тыс оқыған әңгімелері мен үлкендерден естіген әңгімелері (ата-аналары, апа-ағалары оқып берген немесе ауызша айтып берген әңгімелері) бойынша да өткізуге болады.
Қандай ма болмасын, шығарма жаздырмас бұрын үлгіге әңгіме берілуі қажет ол әңгіме оқылады, талданады, мазмұны анықталады, сөздік жұмысы жүргізіледі, ондағы оқиғаға айтушы өз пікірін білдіреді.
Әңгіменің мазмұнын балалардың барлығы ұғынғаннан кейін, сол мазмұндас басқа әңгіме құрастыру оқушыларға тапсырылады.
Бірақ мұнда оқушыларға үлгі ретінде берілген әңгімедегі кездесетін кейбір кісі аттары мен белгілерді өзгертіп қана, оның мазмұнын сол қалпында жазып қоюға жол беруге болмайды. Мысалы, Мәншүктің ерлігі жөніндегі әңгіме оқылғаннан кейін, Мәншүктің орнына басқа жауынгерді көрсетіп қана әңгімені сол күйінде жазып қойса, ондай жұмыс құнды деп есептелмейді. Егер оқушылар бір ұшқыштың немесе барлаушының, солдаттың т.б. ісін көрсететін әңгіме құрастырса, онда балалардың жұмыс мақсатына түсінгені. Жұмыстың бұл түрі балалардың бұрын көргендерін естігендерін және оқығандарын қайта жаңғыртып, ақыл-ойының дамуына себебін тигізді.
2. Экскурсия бойынша шығарма жұмысы. Бастауыш мектепке сабақ беріп жүрген мұғалімдер, көбінесе шығарманы табиғат құбылыстарына, жыл маусымдарына байланыстыра жаздырады. Байқап жүргендіктен, өздері білетін таныс нәрсені баяндау көп қиындық келтірмейді. Мысалы, қыс мезгілін алсақ, балалардың қысқы ойыны, шаңғы, коньки теуіп рахаттануы яки қардан аққала соғып, кісі жасап ойнайтын ойындарынан алатын әсерлері жөнінде шығарма жаздыруға болады.
Немесе көктемгі мұздың кетуі, қардың еруі, өзендерде сең жүруі, су тасуы, нөсер жаңбыр, ағаштардың бүршік атуы т. с. с. құбылыстардың қайсысы болмасын – шығарма жаздыруға қолайлы тақырып.
Біз жыл маусымдарына байланысты табиғатта болатын өзгерістер, оларды және өндіріс орындарындағы құбылыстарды, сондай-ақ егістіктердегі көріністерді экскурсия жасау арқылы бақылап, мағлұмат алатын болғандықтан экскурсияға байланысты шығарма деп топтадық. Өйткені қыста ағаштардың бұтағының жапырағы түсіп, әрінен айырылып көктемде олар жанданып, бүршік атып, жапырақ сала бастайтынын, қыста мал пішенде тұратынын, ал көктемде жайылымға шығатынын, адамдар қыста қалың киім киіп, үйге от жағатынын, қар күреу, пішен тасу, егістікке қар тоқтату сияқты жұмыстар істейтін, ал көктем шығып, күн жылына бастасымен бұл жұмыстардың түрі малды өріске шығару, жер жырту тұқым себу т. б. ауысатынын байқайды. Бұл өзгерістерді, оның себебен білу арқылы балалардың дүние танымы кеңейіп, білім қоры артады.
Сонымен қатар балалар өндіріс орнындағы еңбекпен де экскурсия жасау арқылы танысады. Мұның барлығы шығарма жазу үшін материал болып есептеледі.
Бірақ шығарма жазу дағдысына төселмеген, бастауыш мектеп балалары, әсіресе ІІ–ІІІ сынып оқушылары бақылау арқылы жиналған материалдарын (көрген-білгендерін) өз беттерімен бірден жазып кете алмайды, сондықтан оларға мұғалімнің көмегі керек. ІІ-ІІІ сыныптағы шығармалардың барлығы дерлік мұғалімнің басшылығымен өткізілетін үйрету шығармасы болып есептеледі.
Оқудың алғашқы күндерінен бастап-ақ мұғалімдер оқушылардың зейіндерін табиғаттағы өзгерістерге аударып, оны байқап жүруді үйрете бастайды, қазір жаңа бағдарлама бойынша оқушылар айналадағы дүниемен танысады, табиғаттағы өзгерістерді бақылап, олардың себептерін түсінеді, кейбіреулерін дәптерлеріне белгілеп, табиғат күнпарағын жасауға үйренеді. Мұндай жұмыстар бірде балалардың кеше ауа-райының қандай болғаны, бүгін қандай екені, желдің қай жақтан соғып тұрғаны, аспанда бұлттың бар-жоғы т.б. жөнінде әңгімелесу арқылы өтсе, екіншіде оларды баққа, егін басына, мал фермасына, бақшаға, өзен, көл жағасына немесе өндіріс орындарына экскурсияға шығарып, әңгіме өткізу арқылы ұйымдастырылып отырады.
Балаларды экскурсияға шығарып, одан алған әсерлері жөнінде әңгімелеу және оны жазып беу жұмыстары мектептерде түрлі-түрлі ұйымдастырылып жүр. Мұғалімдердің бір тобы экскурсияның болатын күні, мезгілін балаларға күні бұрын хабарлаудан бас тартады. Олар «балалар алаңдайды» деген оймен экскурсияға алдын ала дайындықсыз шығарғанды қолдайды.
Ал екінші топтағы мұғалімдер экскурсияның жоспарын алдын ала жасайды, балалармен не туралы әңгіме өткізетінін, онда әсіресе не нәрселерге зейін қою керектігі, экскурсиядан қандай қорытынды шығарылатыны ойластырылады. Тіпті осы экскурсияда балаларға қанша сөз үйретілетіні де алдын ала үйретіледі. Осыған орай, балаларға экскурсияға қанша, қай күні, қайда, не мақсатпен баратындары онда не көретіндері, не жөнінде сұранатыны күні бұрын ескертіліп алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі.
Біздің өткізген экспериментіміздің нәтижесі соңғы әдістің әлде қайда ұтымды екенін дәлелдеді. Экскурсияның мақсаты, зейін аударатын мәселелер белгілі болған соң, балалар өз беттерімен де бақылайды және не істейтіндерін де білетін болғандықтан, шуламай, әрқайсысы әр жаққа ыдырамай ұйымдасқан түрде жүреді.
3. Өнер саласына байланысты шығарма жұмыстары. Көркемөнердің түрлі саласына байланысты, яғни сурет өнері, кино, скульптура т.б. бойынша шығарма жүргізуде бақылаумен байқауға негізделеді. Өнердің бұл салаларымен танысу, әсіресе суреттегі бейнелерді оқу, скульптураны оқу – бастауыш оқушылары үшін күрделі де ауыр еңбек. Өйткені суретші баяндап отырған сырды ұғыну кішкене балалар үшін оңайға соқпайды.
Көркемөнердің көркемдік күшін қасиетін түсініп, олардан ләззат аларлықтай дәрежеге жетерліктей оның ішкі сыр сипатын түсіну керектігін марксизм-ленинизм классиктері айқын көрсетті: «егер сен исскуствадан ләззат алғың келсе, - деп жазды К.Маркс, - онда сен – көркемөнер жағынан білімді болуға тиіссің». Олай болса балаларды әр саладағы көркем өнерді түсіне беретіндей етіп жан-жақты үйлесімді дамыған, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу үшін, бастауыш сыныптан бастап көркем өнердің әр саласымен таныстыру керек.
Өнер саласына байланысты шығарма жүргізу біріншіден, педогогиканың бақылау мен байқау қағидасына негізделсе, екіншіден, көрнекілік қағидасын жүзеге асырып, оқушының көру сезіміне, ойына әсер ету арқылы тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады.
Суреттерді пайдалану жөнінде әдістемелік әдебиеттердің барлығында дерлік бірыңғай нұсқау берілген; 1) Мұғалімнің кіріспе әңгімесі; 2) Оқушыларға берілетін бағыт; 3) Суретті оқушылардың байқап, қарап шығуы (көзбен шолып); 4) Суреттің мазмұнын анықтау (ол үшін мұғалім сұрақтар қояды); 5) Оқушылардың сұрақтарына мұғалім жауап береді; 6) Суреттің мазмұнын мұғалімнің сұрауы негізінде баяндау; 7) Суреттің мазмұнын ашатындай жоспар жасау; 8) Дайын жоспар бойынша суреттің мазмұнын оқушылардың өздері айтып беруі; 9) Сөздік жұмыстары; 10) Дайын жоспарға сүйеніп әңгіме айту; 11) Жоспарын ойда сақтай отырып, әңгімелеу; 12) Қажет болған жағдайда естерінде қалған әңгімені жазу. Жеке суреттерді пайдаланғанда сабақтың мақсаты мен мазмұнына қарай, осы аталған жұмыстардың бәрі немесе кейбіреулері ғана орындалуы мүмкін. Кейде ол жұмыстардың көрсетілген түрлерінің орны ауысып қолданылуы да ықтимал.
Кинофильм, балаларға арналған спектакльдерге т.б. байланысты да шығарма жүргізуге болады. Қазіргі кезде бастауыш мектептерге арналған 100-ден астам қысқа фильм-әңгімелер мен фильм-очерктер бар. Олардың тақырыптары да алуан түрлі. Бұл фильмдер оқушыларға жыл мезгілдері, жан-жануарлар, балалар өмірі, ауыл мен қала өмірі, адамдардың еңбегі т.б. туралы көркем тілмен баяндап береді. Бұларды мұғалім дүниетану, ана тілі, тіл дамыту сабақтарында және сыныптан тыс сабақтарда пайдаланады. Фильмнің мынадай түрлері бойынша шығарма жүргізуге болады:
Мұның алдында көрсетілген шығарма жұмыстарының түрлері мұғалімнің жетекшілігімен жүргізілетін болса, шығарманың бұл түрін балалар өз беттерімен жинаған материалдары бойынша жазады. Мұнда балалардың ойындары немесе үйде, мектепте, далада істеген жұмыстары жоспармен ұйымдастырылмайды, мәселен, балаларға «Кеше үйде қандай жұмыс істегендерің жөнінде (мамасына қалай жәрдемдескендері) жазыңдар», - деген тапсырма берілсе, олардың әрқайсысы өз істеген жұмыстарын жазады: сондай-ақ «Жексенбі күні қайда болғандарыңды, не істегендеріңді жазыңдар» - деген тапсырма берілсе, балалардың бір қыдырғанын, екіншісі киноға барғанын, үшіншісі ағаш отырғызғанын, төртіншісі ойнағанын т.б.с.с. жазады.
Шығарманың бұл түрін үйден жазып келуге тапсыруға да болады. Бұл топтағы шығармалар сипаты, мазмұны жағынан алуан түрлі болып келеді. Бастауыш сынып балаларына не ұнайтынын, оларға не жақын екендігін, олардың жазу мүмкіндіктері мен шеберліктерін, тіл байлығын, шығарма жазу дағдысының қалыптасу дәрежесін т.с.с. шығарманың осы түрінің қорытындысынан айқын аңғаруға болады.
Бұл шығармалар әдімтемелік әдебиеттерде бақылау шығармасы деп аталып жүр. Бірақ шығарманың осы топқа енетін түрлерінің барлығын бірдей бақылау шығармасы деуге болмайды, бұл топтағы шығармалардың ішінде үйрету мақсатында өткізілетіндері де бар. Мысалы, мереке күндері екі не үш күндік демалыста немесе жазғы, қысқы, көктемгі каникулдарда не болмаса жексенбі күні балалардың көрген қызықтары, ойнаған ойындары, қайда болғандары т.б. жөнінде шығарма жаздыратын болса мұғалім бұл шығарманың жоспарын алдын ала жасап, балаларға тапсырады, оған байланысты әртүрлі тапсырмалар беріліп, орындатады т.с.с.
Жаңа бағдарламада балалардың ІІІ сыныптан бастап қабырға газетіне мақала жазып үйренулері керектігі көрсетілген. Мақала жазу процессі де шығарманың басқа түрлерін жазу процессімен бірдей. Алғашқы мақалалар мұғалімнің басшылығымен дайындалады. Мақала тақырыбы ұжымды түрде талданады, оның мазмұны анықталады, жоспары белгіленеді. Келесі мақаланың мазмұны ұжымды түрде анықталады, да оны әркім өзінше жазады.
Мақала мектептің өмірін көрсетіп оқу мен тәртіп жағынан сыныпқа көмектесетіндей дәрежеде болғаны жөн. Мысалы, ұйымшылдықпен өткен экскурсия яки бір қызықты кітап жөнінде, сондай-ақ «Мен сабаққа қалай дайындаламын», «Мен үй шаруасына көмектестім», «Кім боламын», «Мен қай сабақты жақсы көремін», «Жаңа жылға дайындық» т.б.
Бағдарламада ІV сыныптан бастап туысына немесе жолдасына хат жазып үйретуді көрсетеді. Қысқа түрде хат жаза білу шығарманың ең маңызды түрі болып саналады. Хат мәтінін балалар алдымен ұжымдық түрде дайындап үйренеді. Хатта балалардың көңіл күйі, сезімі, қуанышы, реніші, қоғам өмірі мен мектеп жұмыстарына қалай өқуға қалай қарайтыны, айналадағы адамдарға, мұғалімдері мен жолдастарына көзқарастары көрінеді. ІV сыныпта хаттың ең қарапайым, жай түрі үйретіледі. Хат жазу үшін, тақырыптарын өздері күнде көріп жүрген оқиғалардан алуы керек. Мысалы, «Біз елканы қалай әшекейледік», «В.И.Ленинді еске түсіру ертеңгілігін қалай өткіздік», «Мен қалай оқып жүрмін», «Біздің бөлме қандай», «Біздің мектеп» т.б.
Хаттың ерекше түрі – құттықтау ретінде жазылатын хат. Олар мереке қарсаңында жазылады. Балалар хатты жолдастарымен туған-туыстарына қана жазып қоймай сонымен қатар басқа мектептің оқушыларына жазады. Хат жазып үйретудің алғашқы кезеңдерінде балаларға мынадай сұрақ беріледі: сендер хатты кімге жазасыңдар? (Хаттың тақырыбы анықталады). Не жөнінде хабарлайсыңдар?
Хат мынадай бөліктерден құралады: жазатын адамдарға арнай айтылған ой бір нәрсе жөнінде хабарлау, хат жазушының тілегі, ең соңында қолы қойылады. Хат бірінші рет тақтаға жазылады да, балалар оны көшіріп алады. Екінші, үшінші рет хат ауызша құрастырылады да балалар содан түсінгендерін өздері жазады. Осыдан соң хатты әркім өзінше жазады.
Сонымен шығарма мен мазмұндама жұмыстарын дидактикалық қағидаға сүйеніп жүйелі түрде бір-бірімен органикалық байланыста жүргізіп отыру оқушылардың ойы мен тілін дамытып, байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысының пәрменді тәсілін қолдануға, тілді өмір мен байланыстыру міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мазмұндама мен оның түрлері туралы айтыңыз.
2. Мазмұндама қалай ұйымдастырылады? (Әр түріне жеке-жеке тоқталу керек).
3. Шығарма жұмыстары және оның т.рлері туралы айтыңыз.
4. Шығарманы қалай ұйымдастыруға болады?
5. Шығарма мен мазмұндаманың ұқсастық белгілері мен бір-бірінен айырмашылықтары жөнінде айтыңыз.
Методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді
25 12 2014
16 стр.
25 12 2014
3 стр.
15 12 2014
3 стр.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» ПӘні бойынша сырттай бөлім студенттерінің бақылау жұмыстарын орындауына
23 09 2014
1 стр.
В020500-«Қазақ филологиясы» мамандығының күндізгі бөлім студенттеріне арналған «Қазақ халық ауыз әдебиеті»
15 10 2014
1 стр.
Осы орайда «Мирас» мектебінде қазақ тілінің қызмет аясын кеңейту, бұл тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жетілдіру, тіл оқытудың жаңа технологияларының озық үлгілерін білім бе
25 12 2014
1 стр.
«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні бойынша 050205 «Қазақ филологиясы» мамандығына тәжірибешілік сабақтарға арналған
25 12 2014
1 стр.
«Қазақ әдебиетінен арнаулы курс» пәні бойынша 050117 «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығының студенттеріне арналған пәнді оқыту бойынша
25 12 2014
1 стр.