Flatik.ru

Перейти на главную страницу

Поиск по ключевым словам:

страница 1 ... страница 2страница 3страница 4страница 5 ... страница 15страница 16

4 МӘТІНДІ ҚАБЫЛДАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖҰМЫСТАР
Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін, оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдардыц сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі, Оқушылар мәтінді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүргізіледі:

  1. Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау.

  2. Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу.

  3. Шығарманы оқу.

  4. Әңгіменің жоспарын жасау.

  5. Оқыған шығарманың мазмұнын айту.

  6. Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар.

Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дай­ындау.

Көркем шығарма жазушының сөзі арқылы жасаған көркем бейнесі, картинасы арқылы қабылданады. Шы­ғарманы оқыған кезде оқушыда елес (адамдардың портреті, табиғат картинасы т. б.) туады. Бұл оқушының сезімін де қозғайды. Балалар қояннан қорыққан қасқыр туралы оқығанда күледі. Бомба түсіп: «— Ей, тілсіз жануарлар. Мені, де, сені де балапанынан айырған американдық қарақшылар ...» деген сөздерді оқығанда, көздеріне жас келеді. Осы ішкі көрініс айқындала түсу үшін, оқушының санасында осы бейне анық жасалу үшін шығарманы оқымас бұрын оқушылармен алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі. Бұл көбіне әңгіме түрінде үйьмдастырылады. Дайындық әңгіме оқығалы тұрған шығармадағы оқиғаға ұқсас, балалардың өз өмірінде болған оқиғаларды еске түсіру сияқты тәсілдермен өткізіледі.

Мысалы, М. Әуезовтың атақты «Абай жолы» романы кішкене балалардың түсінігіне сай келетіндей етіп, қысқартылып алынған Абайдың балалық шағын көрсететін үзінді оқулықта «Бүлдірген тере барғанда» тақырыбы арқылы беріледі. Осы мәтінді оқуға дайындау барысында мұғалім балаларға бүлдіргеннің қандай түрлерін білетіндерін айтқызып, оның қалай өсетіні, балалардың бүлдірген теріп керген-көрмегендері жөнінде әңгіме өткізеді. Сонан соң асау атты үйрету жайында балалардың білетін оқиғалары туралы әңгімелеседі. Осылайша, алдын ала әңгіме жүргізілгеннен кейін, «Бүлдірген тере барғанда» шығармасының мазмұнын білуге оқушылардың ынтасы артып, оны тереңірек ұғынуларына және әңгімеден молырақ әсер алуына жағдай жасалады.

Алдын ала жүргізілген әңгімеде мұғалімнің оқылатын мәтінде кездесетін жаңа сөздер мен қиын ұғымдарды түсіндіруді ұмытпағаны жөн. Әңгіменің ішіндегі түсініксіз сөздердің мән-мағынасын біліп алмайынша, оны оқығанда мазмұнын ұғу балаларға өте қиынға соғады. Ал оқулықтарда әрбір әңгімедегі осы түсініксіз болады-ау деген сөздердің барлығын теріп алып, мәтіндерлің аяғына сөздік ретінде бере беруге болмайды. Яғни оқулықты сөздікке айналдыруды оның қағидасы көтермейді. Мысалы, шет мемлекеттердегі балалар өмірінің қандай екендігінен мағлұмат беру мақсатында «Егерде мен мэр болсам», «Африкадан хат» әңгімелері, сондай-ақ «Джон—негр баласы» өлеңі сияқты материалдар беріледі. Осы шығармаларды оқымас бұрын ақ, қа­ра, порт, батырақ сөздерінің мәнін түсіндіріп алмай, оқуға кірісуден нәтиже шамалы болар еді. Сондай-ақ «Советтік менің өз елім» тақырыбының аса күрделі ұғымын күн ілгері нақты түсініп біліп алмаса, ондағы материалдардың қоғамдағы алып құрылыстар жөнінде жазылғанына, ол шығармалар тобы елімізді сүюге, оның ерекшелігін көрсететініне көңіл аудару мүмкін емес. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабынан үзінді «Сорлылар», «Қостағы өмір» сияқты әңгімелерді оқымас бұрын Қазан революциясына дейінгі елдің балаларының жағдайы, панасыз балалардың халі жөнінде сөйлесіп, кедей балаларының жағдайы, өмірі туралы біраз түсінік беріп алмаса, әңгіменің мазмұны оқушыларға күңгірт қалады. Сондай-ақ Б. Майлиннің «Күлпаш», «Колхоз қорасында», «Кедей теңдігі», т. б. с. с. шығармалардың әрқайсысының алдынан олардың қай кездегі оқиғаны баяндайтыны, сол кездегі елдегі жағдай жөнінде балалардың I—II сыныпта оқығандары мен ата-аналарынан естігендерін еске түсіре, соларды пайдалана отырып, әңгіме өткізбей, бірден оқуға кірісуге болмайды. III сыныптағы «Сырым ба­тыр» әңгімесіндегі Сырымның, «Тарас Шевченко» әңгі-месіндегі Шевченконың кім екенін айтып, оның неге елін аңсағанына түсінік бермейінше, мәтінді сыдыртып оқып, оның мазмұнын балаларға қайта айтқызумен тынса, сабақтың білімдік те, тәрбиелік те әсері шамалы болып шығады.

Дайындық әңгіменің ұзақтығы оқылатын материалдың ауыр-жеңілдігіне байланысты.

Сонымен шығарманы оқуға дайындау жұмысы, біріншіден, балаларды оқылатын әңгіменің мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің ісін саналы түсіне білуге дай­ындау, екіншіден, оқылатын әңгіменің мазмұнына қызықтыру, үшіншіден, ондағы түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру мақсатында жүргізіледі. Дайындық жұмысының да көздейтін түпкі мақсаты — балаларға шы­ғарманы толық та саналы қабылдауға мүмкіндік туғызу. Дайындық жұмысында қандай әдіс-тәсілдер қолдануға болады:

а) Оқушылардың өздеріне әңгіме айтқызу. Кейбір шығармаларды оқуға дайындау барысында балаларға өздерінің басынан кешірген немесе естіп, көріп, оқып білген оқиғалары жөнінде әңгіме айтқызылады. Мұндай әңгіме балалардың ойы мен сезімін қозғауға жәрдем етеді. Мысалы, Ғ. Мұстафиннің «Қырман үстіндегі ту» әңгімесін оқуға дайындалуда егін жинау, астық тасу жұмыстарында балалардың болған-болмағандары анықталып, әңгімеге тартылады.

С. Мұқановтың «Сең үстінде» әңгімесін оқымас бұрын жазғытұрым өзендерде сең жүру оқиғасы, А. Кононовтың «Шушь өзені бойында» шығармасын оқу алдында балалардың коньки теуіп ойнауы т. с. с. әңгімеге арқау болады.

ә) Мұғалімнің әңгімесі. Кейбір жағдайларда, егер оқылатын материалды түсінуге қажетті фактілерді балалар білмейтін болса, мұғалімнің өзі кіріспе әңгіме айтып береді. Мысалы, «Джон — негр баласы» шығармасымен танысуды жоспарлағанда мұғалім, Америкадағы теңсіздік жөнінде оқушыларды сендіретіндей мағлұмат беруге дайындалады. Осыған байланысты фактілер жинайды. Ондай фактілерді көбінесе күнделікті баспасөзден, әдеби шығармалардан алуға болады. Фактілер балаларды қызықтыратындай болғаны жөн, яғни балалар мұғалімнің әңгімесін тыңдай отырып, шы­ғарманы оқуға құмартатындай, оқығанша асығатындай жағдайда болғанда — дайындық әңгіменің талапқа то­лық сай өткені.

б) Ұжымды түрде әңгіме айту. Біреу білмсгенді біреу біледі. Жеке оқушыдан гөрі сыныптағы барлық оқушының білетіні көп болады. Сондықтан кейбір жағддйда оқылатын материалға қажет­ті мағлұмат ұжымды түрде айтылатын әңгіме ұйымдастыру арқылы анықталады. Мұнда балалар өз беттерімен біреулері екіншілерінің айтқанын түзетеді, толықтырады. Мұғалімнің міндеті – балаларға басшылық жасау егер қажет болса, олардың айтқандарын қорыту.


Әнгіменің барысында бұрын оқылып өткен материалдардағы фактілерді немесе балаларға басқа кітаптардан күнделікті тәжірибелерінен белгілі фактілерді пайдаланған тиімді. Мысалы, Б. Майлиннің III сыныптағы
«Күлпаш» әңгімесін оқуға дайындалуда II сыныпта оқылып өткен, осы шығарманың, басқы бөлімдерінде әңгімеленген оқиғалар еске түсіріледі. Ю.Гагариннің «Космосқа тартқан жол» әңгімесін оқыр алдында ІІ сыныпта өтілген Ю Гагариннің «Космоста мен не көрдім» т.с.с материалдардан оқушылардың есінде қалған фактілер пайдаланылады.

в) Экскурсияда б а й қ а ғ а н д а р ы н пайдалану Оқушылардың әңгімесі болсын, мұғалімнің әңгімесі болсын қай-қайсысын да балалардың экскурсияда көргендерімен байланыстыру өте тиімді нәтиже бе­реді. Бұл айтылғанның бір әңгімені немесе өлеңді оқыр алдында арнайы экскурсия ұйымдастыру керек деген тумасқа тиіс. Бірақ мұғалім жыл бойы өтетін материалды қай кездерде өтетінін жоспарлап алғаннан кейін балаларға дүниетану материалдарына байланысты шығарма жаздыру үшін материал жинату мақсатында алуан түрлі экскурсиялар ұйымдастырады. Осы экскурсиядан кірген-білгендерін оқушыларға окулықтағы шы-ғармалармен танысу жұмыстарында пайдалануды үйретудің пайдасы мол. Мысалы, кейбір мұғалімдер балаларды көктемнің бас кезінде өзенге (жақын жерде: өзен бар жерлерде) экскурсия ұйымдастырып сеңнің түсуін бақылатады. Осы экскурсияның материалы ретінде (С.Мұқанов) әңгімесін оқығанда пайдаланылады немесе күзде оқушыларға айналадағы өзгерістерді байқату үшін далаға, орманға, егін жинау құралдарымен таныстыру үшін егістікке, қырманға т.б.с.с. жерлерге экскурсия ұйымдастырылады. Мұнда экскурсияның материалдарын оқулықтағы табиғат көрінісін суреттеген шығармаларды оқығанда пайдалануға болады.

г) Суреттерді қарау. Шығарманың мазмұнына сай суреттер берілсе, олар оқуға дайындық кезінде пайдаланылады. Мысалы, табиғатты бейнелейтін суреттерді шығарманы оқымас бұрын қолдануға болады. С.Мәуленовтың «Қыс келбеті» өлеңін оқымас бұрын тіл дамытуға арналған суреттердің ішінен «Қысқы ойын», «Қыс» тақырыптарына берілген суреттерді көрсетуге болар еді. Немесе оқығалы отырған әңгіменің мазмұнына сай келетін суреттерді пайдалану (мысалы, М. Әуезовтың «Бүлдірген тере барғанда» әңгімесін оқуға дайындық кезінде Молдахмет Кененбаевтың «Қашаған қуу» картинасын көрсетуге болар еді). Жекелеген портреттер, суреттер, пайдаланылады (мысалы, «Мейірімді тәрбиеші» мақаласын оқыр алдында Н. К. Крупскаяның түрлі портреттерін пайдалануға болар еді). 3. Иманбаевтың «Мысалдарын» оқымас бұрын маса мен өгіздің, қасқыр мен кірпінің т.б.с.с. суреттерін қолданған тиімді. Мұнда есте болатын нәрсе — оқулықта берілген су­реттерді алдын ала көрсетіп, оқылатын материалдардың мазмұнын айтып қоюға болмайды. Өйткені ол суреттер материал оқылып шыққан соң немесе оны оқу барысында материалдың мазмұны жөніндегі түсінікті тереңдете түсу үшін берілді.

д) Сұрақтар қою. Оқуға дайындық кезінде сұрақ қою тәсілінің қандай жағдайда тиімді болатыны алдын ала ойластырылады. Мұнда көп нәрсе материал­дың дауыстап немесе іштен оқылатынына байланысты болып келеді. Егер оқушыларға дауыстап оқылатын шығарманың алдында бірнеше сұрақ берілсе, ал олар осы сұрақтарға материалды бірінші оқығанда жауап дайындауға тиіс болса, мұндай жағдайда балалардың көңілі алаңдайды да, шығарманың ойдағыдай әсері болмайды. Сондықтан дауыстап оқылатын шығарманы оқуға дайындық кезінде алдын ала сұрақ берудің қажеті жоқ. Ал шығарма іштен оқылатын жағдайда оның мазмұны бойынша оқушыларға 2—3 сұрақ беріп қоюға болады.



Мәтінге байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысы. Оқу сабақтарында сөздік жұмысына әдейі кезең бөлінбейді. Алайда сөздік жұмысы сабақтың өн бойынан орын алады. Мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізбейінше мақсатқа жету мүмкін емес. Мы­салы, бірқатар оқушылар вокзал, перрон, метро, эска­латор т.с.с. сөздерді түсіндірмесе, ішінде осы сөздер кездесетін мақалаларды дұрыс қабылдай алмайды, оларда елес тумайды. Оқу барысында түсініксіз сөздер ғана емес, сондай-ақ сөз тіркестері де кездеседі (Мы­салы, әдісіңе ақылыңды жолдас ет т. б.). Сондықтан оқылатын шығармаларда кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіру жұмысы мәтінді дұрыс қабылдау шартының бірі болып табылады.

Мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезсңде жүргізіледі:

1) мәтінді оқуға дайындық кезінде;

2) шығарманы оқу барысында;

3) оқып болғаннан кейін.

Мәтінді оқуға дайындық кезінде шығарманың мазмұнын ұғынуға қиындық келтіретін сөздер түсіндіріледі. Бұл жөнінде жоғарыда айтылды. Мұнда тағы бір ескеретін жай: шығарманы оқымас бұрын онда кездесетін, мағынасы ауырлық келтіреді-ау деп ойға алған сөздердің барлығын тізіп алып, шетінен түсіндіре беру керек дсгсн ой тумасқа тиіс. Қейбір сөздердің мағынасы контекске қарай өзінен-өзі түсінікті болатынын ескеру қажст және оқымас бұрын көп сөздер мен ұғымдарды түсіндіре бергенімен, ұмытылып қалады да, оған қайта оралу керек болады.

Шығарманы оқу барысында екі-үш сөзбен қысқаша ғана түсіндірілетін сөздер немесе синоним арқылы түсіндірілетін сөздер іріктеліп алынады. Мысалы, III сыныпта «Африкадан хат» әңгімесін оқығанда құрма ағаштары, — жеміс ағаштары, лашық — үй, қаршадай — кішкентай, дүмше молда — шала молда, отаршылар — қанаушылар т.б.с.с. Алайда оқу барысында сөз мағына-сын түсіндіруді өте байқампаздықпен жүргізу талабы қойылады. Өйткені оқып келе жатқан материалды үзіп тастап, сөзді түсіндіруге кірісу — оқушының зейінін алаңдатып, мәтінге деген ынтасы мен қызығуын тежейді де, балалардың бірқатары онан әрі оқылған материалды тыңдамайды. Сондықтан сөз мағынасын оқу бары­сында түсіндіруге әуес болмаған жөн.

Ал өлең оқу барысында қиын сөздер мүлде түсіндірілмейді. Өйткені өлеңнің ырғағы, дауыс мәнері бұзылып, тыңдаушыға әсері азаяды.

Сөздерді шығарманың мазмұнын балалар әлде де тереңірек ұғыну үшін немесе оқушылардың сөздік қорын молайту мақсатында түсіндіру қажет болады. Мұндай сөздер шығарма оқылғаннан кейін, яғни шығарманың мазмұнын талдау барысында түсіндіріледі (мысалы, сол «Африкадан хат» әңгімесінен: азап шеңгелі, темір тегеуріні, плантация т. б.).

Сөздер мен бейнелі ұғымдарды түсіндіруде, мысалы, порт, батырақ сияқты сөздерді қалай түсінетіндерін «Порт» деген не, «Батырақ» деген кім?» деп, сұрап өте шығуға болмайды. Мүғалім мұндай мәтінде кездесетін қиын сөздерді өзі әңгіме айтқанда, әңгімесінің ішіне, ал балалардың әңгімесін тыңдағанда, оларға қоятын сұрақтарының ішіне кірістіре отыруға тиіс.



Сөздік жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндірумен ғана бітпейді, сонымен қатар ол жаңа ұғымдар жасау, заттың жаңа қасиеттерін табу, жаңа көріністерді байқау сияқты жұмыстармен тығыз байланысты. Мұндай жұмыстар оқушылардың ойын, тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады. Осы мақсатпен мұғалім түсініксіз сөздерді түсінді­румен және оны оқушылардың түсінген-түсінбегендерін тексерумен ғана тынбайды, сонымен бірге оқушылардың сөздік қорына енгізуге тиіс сөздерді алдын ала белгілеп алып, балалар сөйлегенде сол сөздерді кірістіре отыратындай жағдай жасайды.

Оқушылардың ойын, тілін дамытуда синоним сөздер­ді пайдалануға үйрету жұмыстарының ролі күшті. Ол үшін мәтінді оқуға дайындалу жұмыстары кезінде:



  1. Мәтінде синоним сөздер бар ма, болса, олардың мағыналарын қалай ұғындыру керек, балалар жауаптарында ол сөздерді қолдану үшін, қандай сұраулар қою қажет — осыларды анықтайды.

  2. Егер мәтінде синоним сөздер болмаса, ал мұғалім балаларға синоним сөздерді білдіргісі келсе, оны қалай
    ұйымдастырған жөн: оқу барысында сөздің синонимін айтып түсіндіре ме, қорытынды әңгімеде кірістіре ме, сурет арқылы ма, әңгімелесу барысында ма осыларды қарастырады.

Сөйтіп, мұғалім мәтінді оқуға дайындалу кезінде, біріншіден, мәтінді дұрыс қабылдауға қажетті сөздерді, екіншіден, оқу барысында оқушыларға мағынасы ұғындырылатын сөздерді, үшіншіден, оқушылардың актив сөздігіне енгізілуге тиісті сөздерді іріктеп алады.

Міне, осылайша, оқу сабақтарының барлығының органикалық элементі ретінде жүргізілетін лексикалық жұмыс оқушылардың ойы мен тілін дамытудың ең маңызды шарты болып есептеледі.

Сөздік жұмысын жүргізгенде мұғалімнің есінде болатын жағдай — сөздік жұмысын балалардың өз өмірімен, нақты елестерімен байланыстыру. Ол үшін оқу ба­рысында жаңа сөз кездескенде оқушыларда осы сөзбен байланысты қандай елестер барын ашуға тырысу керек. Егер ондай елестер жоқ және жеткіліксіз болса, мүға­лім затты немесе оның суретін көрсетеді, оған анық сипаттама береді. Психологтардың айтуынша, сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап — сөз бен ба­лалар санасындағы бейнені түрлі жолдармен үнемі ұштастырып отыру. Өйткені сөз бала санасында нақты елестің жеткілікті қорынсыз пайда болмайды.

Сөздердің мағынасын ашып түсіндіру тәсілдері алуан түрлі. Оның ішіндегі бастылары:

1. Затты табиғи жағдайда бақылау немесе оны сыныпта көрсету, экскурсия ұйымдастыру.

2. Заттың өзін немесе суретін, түрлі картинкалар көрсету арқылы сөздердің мағынасын ашып түсіндіру.

3. Синоним сөздер қолдану: «Қандай сөздермен ауыстыруға болар еді? Басқаша қалай айтар едік?» сияқты сұраулар қою арқылы синоним табуға оқушылардың өздерін қатыстырып отыру.

4. Сөзді кейде морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы түсіндірген де пайдалы. Мысалы, тетелестері сөзінің түбірі қайсы? т. б.

5. Сөздерге анықтама беру арқылы жиі түсіндіріледі: аэродром — самолет ұшып, қонатын алаң т. б.

6. Абстракциялық ұғымдарды түсіндіру үшін тұрмыстан мысалдар қелтіру, фактілер келтіріп, әңгіме айту. Мысалы, батырлық, қамқорлық, қайғы, адамгершілік.

7. Сөз мағынасын түсіндіруде техникалық құралдар қолдану. Бірақ мұнда диафильмдерді бастан-аяқ көрсетудің қажеті жоқ, үзінді ғана алу керек.

Мәтінді дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстың үшінші түрі — шығарманы оқу. Мұнда көпшілік мұғалім шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса, оны әуелі өзі дауыстап оқып шығады. Осыған орай, шығарманы алдымен тұтас оқыған дұрыс па, әлде бөліп-бөліп оқыған дұрыс па деген сұрақ туады. Шығарма бірінші рет оқылғанда оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Егер бөлініп оқылса, балаларға оның мазмұнын түсіну оңай болмайды. Сондықтан шығарма алғаш рет тұтас оқылғаны жақсы. Шығарманың мазмұнын бір оқығанда-ақ тыңдаушылардың көкейіне қондырып, санасына жеткізу үшін, ол нақышына келтіріле, мәнерлеп оқылуға тиіс. Сондықтан оны әуелі мұғалімнің өзі оқиды немесе оқу техникасын меңгерген, мәнерлеп, дұрыс оқи алатын балаға оқытады. Бірақ әсіресе ырғағы қиын немесе жолдары ұзақ, бала демі жетіңкіремейтін өлендер, көркем фразалар мен сөз өрнектері қездесетін шығармаларды мұғалімнің өзі оқығаны жөн. Мысалы, В. Маяковскийдің «Кім болам?» өлеңін талапқа сай, әсерлі де асқақты үнмен оқып беру балаларға оңайға түспейді. Кейбір оқуға жеңіл қысқа үзінділер мен мақала стилімен жазылған шағын әңгімелерді шамалылау оқитын оқушыларға оқытуға болады. Ондай материалдарды оку арқылы балалар оқу дағдысына төселеді, келе-келе мәнерлеп оқитын болады.

Мәтінді оқушыларға бөліп оқытқанда оны кез келген жерден үзбей, әр бөлімді белгілі бір аяқталған ойды білдіргені дұрыс.

Шығарманы бір рет тұтас оқып шыққанда балаларда жалпы ұғым ғана қалыптасады, енді осы тұтас қабылдаудан бірте-бірте оның жеке бөліктерін талдауға көшу қажет. Бірақ қайталап оқуға кіріспес бұрын оқушылардың мәтінді алғашқы қабылдау дәрежесін тексеріп алған жөн. Мұғалім мәтіндегі негізгі фактіні анықтау үшін екі-үш сұрақ қояды. Жауаптарына қарай, әңгіменің қай жері күштірек әсер етті, баланың ой жүрісі қандай бағытта т. с. с. анықтайды.

Бастауыш мектеп бағдарламасы тілдің көркемдік құралдарымен практикалық таныстыруды да міндеттейді. Бұл міндетті орындау үшін бақылау жургізу керек. Мұндай жұмыстар мәтіннің мазмұнын талдау барысында, сонымен қоса жүргізіледі.

Шығарманьщ көркемдік қасиетін таныту жұмысы дұрыс жүргізілсе, оның мазмұнын толық та терең түсінуге жағдай жасалады. Бұл жұмыс өте күрделі, сондықтан мұғалімнен үлкен шеберлікті, жан-жақты ойластыруды (белгілі бір шығарманың құрылысы мен тіліне оқушылардың зейіндерін қандай жолдармен аудару ке­рек, кандай бақылаулар жүргізтуге болады, оқушыларға қалайда эстетикалық әсері күшті болу жағын ойластырған дұрыс т. б.) қажет етеді. Бұл тұрғыда оқу кітаптарында бірқатар тапсырмалар берілген. Дегенмен онымен ғана қанағаттанып қоймай, мұғалім өз тұрғысынан біраз жұмыстар іздестіруіне тура келеді.

Шығармаға жоспар жасау. Жоспар шығар­маның мазмұнын көрсететін уақиғалардың жүйесін білдіреді. Жоспар жасау жұмысы екі түрлі жолмен іске асады:

1) әңгімені бөлімге бөлу;

2) бөлімдерге ат қою, оны тәртіптеп жазу.

Оқушылар әңгімені бөлімдерге бөлу үшін, ондағы басты ойды және қосымша мәселелерді анықтайды.

Жоспар жасау шығарманың мазмұнын толық та те­рең түсінуге мүмкіндік береді. Бөлімдерге бөлу процесі шығарманы бір рет тұтас оқып шыққаннан кейін, қай­талап оқу кезінде іске асады. Жоспар кейде қорытынды әңгіме кезінде жасалады, кейде оны жасап келуді үйге тапсыруға болады.

Кез келген шығармаға жоспар жасай берудің қажеті жоқ. Бастауыш сыныпта жоспардың жай түрі ғана үйретіледі. Мысалы, II сыныптағы «Еңбек мені қуанышқа бөледі» әңгімесіне мынадай жоспар жасауға болады: 1. Қуаныш. 2. Шәкірт. 3. Алғашқы кездегі қиыншылықтар. 4. Анна апай. 5. Машинаны жеке басқару. 6. Озаттар қатарында.

III—IV сынып оқушылары тұтас әңгімені өздері бөлікке бөліп, әр бөлікке ат қою жұмысын атқара алады. Екінші сөзбен айтқанда, әр әңгімеге өз беттерімен жос­пар жасай алады. Мұндай жағдайда мұғалім тек «Бұл бөлімде не жөнінде айтылады?» деген сияқты сұрақтар арқылы балаларға бағыт қана беріп отырады. Мысалы оқулықта «Ноянның звеносы» әңгімесі берілген. Әңгіме сюжетті. Оқушылар осы әңгімені оқи отырып, әр бөлім де не жайында айтылғанын аңғарады да, соған орай, әр бөлімге ат қояды: 1. Пионер Ноян. 2. Ноянның атасының әңгімесі. 3. Ноянның апасының әңгімесі. 4. Ноянның мамасының әңгімесі. 5. Біздің еліміз — пионерлер елі.

Алайда шығарманы бөлімге бөліп оқыған сайын әр бөлімге ат қоя беруге болмайды. Өйткені шығармаға ат қою — күрделі жұмыс, көп ойлануды қажет етеді. Сондықтан қай материалға жоспар жасау керек, қайсыларын бөлімге бөліп, бірақ ат қойғызбай-ақ оқытуға болады, қайсыларын оқушылар өздері бөлімге бөліп қайсыларын мұғалімнің көмегімен бөледі — олардың барлығын мұғалім алдын ала ойластырады.

III сыныптағы оқу жылының басында істелетін жұмыстарды жоспар жасауға дайындық деуге болады. Мұнда суретті жоспар жасалады. Ол үшін мына сияқты жұмыстар жүргізіледі:


  1. Оқулықта берілген суреттердің қайсысы мәтіннің қай бөліміне жататынын анықтау және оған ат қою. Егер суреттер мәтінді толық қамтитын болса, тағы қандай суреттер салуға болатынын ойлау. Қиялындағы суретке ат қою.

  2. Мұғалім әңгімеге не ертегіге бірнеше сурет береді. Оқушылар оны шығарманың желісі бойынша реттейді.

  3. Белінген бөлімдерге қандай суреттер салуға болатынын оқушылардың өздері айтады. Оған ат қояды.

  1. Берілген тақырыптарды шығарманың желісі бойынша реттейді.

  2. Мұғалімнің берген тақырыптары бойынша мәтінді әр бөлікке бөледі.

  1. Мұғалімнің берген жоспарын талдайды.

IV сыныпта мәтінді бөлімдерге бөлу жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі:

  1. Мұғалім оқушыларды оқып келе жатқанда тоқтатып, не жөнінде оқылғанын, нені білгендерін, мұндағы
    басты ойдың не екенін сұрайды.

  2. Ол бөлімнің неліктен аяқталғанын дәлелдетеді.

  3. Мұғалім өзі бір бөлімді оқиды, балалар сол бөлімнің өзін нешеге бөлуге болатынын анықтайды.

  4. Оқушылар кімге, қай бөлімнің ұнағанын айтады, сонан сон, барлығының айтқан бөлімдері ретке келтіріледі.

  5. Оқушылардың өздері бөлімге бөледі және әр бөлімге ат қояды.

Жоспар немесе бөлімдерге ат қою III сыныпта әуелі хабарлы сөйлем түрінде, кейін бірте-бірте сұраулы сөйлем түрінде айтылады. Ал IV сыныптан бастап атаулы сөйлем түрінде жасалады.

Оқылған шығарманың мазмұнын айту. Шығарманың жоспарын жасау мазмұнын айтумен тығыз байланысты. Оқылғанның мазмұнын жүйелі, байланысты түрде айтып беру сияқты синтетикалық жат-тығудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Шығарманың маз­мұнын айту барысында балалар оны алғашқы қабылдаумен байланысты туған эмоцияны басынан қайталап кешіріп қана қоймайды, сонымен қатар әңгімелеу арқылы дауыс ырғағының, бет бейнесінің көмегімен оған өзінің көзқарасын да білдіруге тырысады. Оқушының баяндау барысынан шығарманы қаншалықты терең, толық қабылдағанын байқауға болады.

Жақсы ұғынған мәтінді баяндағанда оқушы сөздерді таңдауға, оларды грамматикалық жағынан дұрыс қолдануға тырысады, яғни дұрыс сөйлеуге жаттығады. Сондықтан баяндаудың тіл дамыту үшін де маңызы орасан зор.

Баяндап беруде бастауыш сынып балаларына шығарманың үлгісі үлкен әсер етеді. I—II сынып оқушылары мәтінді жатқа дерлік айтып береді. Мұндай сырттай баяндауға қарсы бірқатар мұғалімдер оқылғанның маз­мұнын өз сөздерімен айтқызу үшін біраз әрекеттер жасайды. Ал осының қайсысы пайдалы деген сұраққа мұның екеуі де пайдалы деп жауап қайтаруға болады (бұл да мәтіннің ерекшелігіне байланысты. Мысалы, ертегілер халықтың қанатты сөздеріне бай, синтаксистік құрылысы да ерекше, белгілі дауыс ырғағын талап етеді. Сондықтан оны мәтіннің тіліне жақын мазмұндату керск. Ғылыми көпшілікке арналған мақалалар жөнінде де осыны айтуға болады).

Мәтінге жақын мазмұндау механикалық түрде өтпеу үшін мұғалім дайындық жұмысын жүргізеді. Онда бейнелі суреттемелерді, сұлу сипаттамаларды көрсетіп, идиомаларды түсіндіреді, оларды қалай қолдану керек екенін айтады. Балалардың зейінін мәтіндегі кейбір сөйлем құрылыстарына аударады. Оны жеңіл, қарапайым түрде айту керектігін көрсетеді.

Тілдің құрылысына жақын мазмұндауда мәтін оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай таңдалады. Әсіресе сөздік қоры тапшы балалар кітап тіліне еліктеп, мәтінге жақын баяндайды. Ал тіл байлығы мол балалар өз сөздерімен айтуларына да болады. Бірақ олар да мәтіндегі жаңа сөздерді, орынды сөз тіркестері мен сино­ним сөздерді қолданулары керек.

Мәтіннің мазмұнын айтқызу екі түрлі жолмен іске асырылады:

1) толық,

2) ішінара.

Көлемі шағын мәтіндерді және жазбаша мазмұндамаға дайындық барысында толық баяндаттыру қажет. Ішінара мазмұндау көлемі үлкен мәтіндер бойынша және бөлімге бөліп оқу, жоспар жасау барысында, көбіне қорытынды әңгіме кезінде іске асады.

Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар. Бұл жұмыстар, біріншіден, оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызса, екіншіден, балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істетуге талаптандырады. Бастауыш сыныпта ұйымдастыруға болатын шығармашылық жұмыстың негізгілері:

а) Шығарманың баяндалу түрін өзгертіп әңгімелеу. Мұнда әңгіменің баяндалу түрі аз-кем өзгертіледі. Мысалы, әңгіме I жақпен баяндалған болса, III жаққа айналдырып, керісінше де әңгімелеуге болады.

а) Оқылған шығарманың мазмұнын толық өзгертіп әңгімелеу. Жұмыстың бұл түрін үйден орындап келуге тапсыруға болады. Мұнда оқушылар әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз бастарынан өткен оқиғаны немесе өзі қатысқан не көрген оқиғалары жөнінде өз жандарынан әңгіме құрастырып айтады. Мысалы, «ИЛ-18» әңгімесін оқығаннан кейін, балалар өздерінің немесе аға, апаларының самолетке отырып ұшқандары туралы әңгімелеуіне болады. Сондай-ақ Б.Полевойдың «Елдің ері» әңгімесін оқығанда, әкелері мен аталарының соғыста көрсеткен ерліктірі жайлы, ал Ә.Тәжібаевтың «Жерге деген құштарлық» әңгімесін оқыған кезде егістікте немесе жұмыстың басқа да салаларында жан аямай еңбек етіп жүрген ата-аналары мен туған-туыстары жөнінде мақтанышпен әңгімелеп берулеріне де толық мүмкіндік бар.

Жұмыстың бұл түрі де оқылған шығарманың мазмұнын балалар толық та саналы меңгерген қезде ғана ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс балаларды өз беттерімен ойлануға, ізденуге және шығармадағы жүйені пайдалана отырып, өздіктерінен әңгіме қарастыруға, оны құрастыру барысында талай сөздерді еске түсіріп, ішінен қажеттілерін таңдап алуға үйретеді.

б) Оқылған шығарманың мазмұнын аз-кем өзгертіп әңгімелеу. Мұнда оқушылар оқылған шығарманың аяғын өз ойынан шығарып, әрі қарай жалғастырады немесе ондағы оқиғаның арасына өз жанынан әңгіме қосып айтады. Бірақ мұнда да шығарманың сипатын ескеру керек, өйткені кез қелген шығарманы жалғастырып әкетуге де, сондай-ақ ойға қелген оқиғаны қоса салуға да болмайды. Шығарманың арасына қосылған әңгіме оның мазмұнымен қабысып қететіндей болғаны жөн. Сабақ кезінде сұрақ-жауап арқылы соған бағыттайды. Мысалы, «Бала батыр» әңгімесінің «Қастандық» бөлімін оқығанда Болатбек таң сәріден шошқа қораға келгенде, бұрын бөлек қамалатын қабандардың мегежіндермен бірге жүргенін көреді. Әңгімедегі оқиғаның барысына қарағанда, мұны қастандықпен торайларды шайнап, талап, өлтіріп тастасын деп, бұрынғы байлардың бірі — Ефимнің әдейі істегені белгілі. Бірақ оның бұл істі қалай жасағаны әңгімеде айтылмаған. Мұны ойдан шығарып қосуға болады. Сонда мына сияқты әң­гіме қосылады:

«Мегежіндердің жаппай торайлап жатқан кезі еді. Түн тас қараңғы болатын. Ел ұйқыда. Жалғыз Ефим Сторожнев қана ояу. Ол күні-түні қолхоз малын қалай құртуды ойлайды. Өйткені оған колхоз ұнамайды. Ол жеке меншікті көксейді. Жеке меншік кезінде Ефим бай болды, жарлылардың еңбегін пайдаланды. Ал ол қазір колхоз қорасындағы шошқаны құртудың айласын ойлап жатыр.

Түн ортасында Ефим далаға шықты. Далада қыбыр етксн жан жоқ. Ол шошқа қораға бет алды. Қора маңайы да тып-тыныш. Ефим жалма-жан қораның мегежіндер қамалған есігі мен қабандар қамалған есігін ашып, шалқасынан қайырып тастады да, үйіне жүгіре жөнелді. Ол үйіне келіп, жатып қалды». Онан әрі мәтін бойынша: Таң сәріде Болатбек шошқа қораға келсе, бұрын бөлек қамалатын қабандар мегежіндермен бірге жүр, делініп, оқиғаның жалғасы әңгімеленеді. Бүл сияқты жаңадан қосылған эпизод әнгімені толықтырып, мазмұнын айқындай түседі. Осындай жұмыстар жүргізу үшін қандай шығармалар қолайлы болатынын алдын ала ескеріп, іріктеп алады.

Оқушылар шығармаға өз ойларынан әңгіме қосуда жоғарыда мысалға келтірілгендей түрде айта алмай қалулары мүмкін. Ол үшін мұғалімнің көмегі керек. Мысалы, осы әңгімедегі «Бір күні бес мегежін қатарынан торайлады. Мүны көрген Болатбек торайларды қозы-лақтай көріп сылап-сипап, мәз болды», деген абзацтан кейін, мұғалім сұрақ қою арқылы бұл кезде мегежіндердің жаппай торайлап жатқанын айтқызады. Сонан кейін «Балалар, Болатбек таң сәріде шошқа қораға келгенде, қандай жағдайды көрді?» — деген сүрақ арқылы есіктің ашық жатқанын, қабандар мен мегежіндердің бірге жүргенін әңгімелейді. Мысалы:



  • Мұны кім істеді деп ойлайсыңдар?

  • Мұны Ефим істеді.

  • Неге?

  • Ефим қабандар торайларды өлтіріп тастасын деп әдейі істеген.

  • Ефим торайларды неге өлтіргісі келді?

  • Ол шошқа кебеймесін деп, торайларды өлтіріп тастағысы келді.

  • Дұрыс, ол күні-түні колхоз малын азайтудың, кұртудың жолын ойлаумен болды. Ал ол колхозды ұната ма, қалай ойлайсыңдар?

  • Жоқ, ол колхозды ұнатпайды.

— Оған колхоз болу неліктен ұнамады?

— Ол бай болған.

— Дұрыс, ол бұрын бай болды, жарлы адамдарға қызметін істетіп, өзі еш нәрсе істеген жоқ ... Басқалардың еңбегін қанады. Қазір ол соны көксейді. Сондыктан колхозға қастандық істейді, колхозды құртқысы келеді. Ал сендер қалай ойлайсыңдар, шошқа қораға қай кезде қамалады, кеште ме, түсте ме, ертеңгілікте ме?

Шошқа қораға күн батарда, кеште қамалады.



  • Ал Ефим іңірде, ел әлі жатпаған кезде, қораның есігін ашып тастай алар ма екен?

  • Жоқ, ел ояу кезде ол қораның есігін ашып тастай алмайды.

  • Неге?

  • Өйткені ел ұйықтаған жоқ, біреу-міреу шығып қалып, қөріп қоюы мүмкін.

— Сонда ол қай кездерге дейін ояу жатты екен?

  • Ол түн ортасына дейін, ел тегіс ұйқыға кеткенше ояу жатты.

  • Дұрыс, сонда Ефимді қай кездерде далаға шықты деуге болады.

  • Ефим түн ортасында далаға шықты.

  • Түн қандай, далада дыбыс бар ма?




  • Түн қараңғы, далада қыбыр еткен жан жоқ.

  • Ефим қайда бет алды?

  • Ефим шошқа қораға бет алды.

  • Қора маңы қандай, дыбыс бар ма?

— Қора маңы тып-тыныш, қыбыр еткен дыбыс жоқ.

— Ефим не істеді?



  • Ефим қораның мегежіндер қамалған есігі мен қабандар қамалған есігін шалқасынан қайыра ашты.

  • Ефим онан соң қайда кетті?

— Ефим онан соң үйіне келіп, жатып қалды.

Осылайша сұрақ қойып, оған жауап алу арқылы оқушыларға өз ойларынан әңгіме құрастыртып, ол — оқылып отырған шығарманың арасына қосылады да, онан әрі мәтіннің мазмұны айтқызылады. Мұндай жұмыстар арқылы оқушылар өз ойларын, қиялын дамытуға мүмкіндік алады, оқығандарының мазмұнын ат үсті, шала ұғынып қалмай, ондағы әңгімеленген оқиғаның мән-жайын ойлана, толық саналы түрде қабылдайды. Сонымен қатар олар қітапта жазылғанды ғана қабылдап қоймай, онда жазылмаған жағдайларды да (сол оқи­ғаның туу себебі немесе барысындағы түрлі жағдайлар­ды да) көз алдарына елестетеді.

в) Оқылған шығарманың мазмұны бойынша сурет салу. Жұмыстың мұндай түрі шығармадағы оқиғаны нақтылай түседі. Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша сурет салуға да немесе пластилиннен түрлі бейнелер жа-сауға да болады. Бастауыш мектеп жасындағы, әсіресе I сынптағы балалар әдетте сурет салуға әуес келеді. Бірақ олар өздерінің салған суреттеріне сын көзбен қарайтындай дәрежеге жете бастаған кезде, сурет салудан бірте-бірте бас тарта бастайды. Дегенмен олардың көпшілігі оқылған мәтінге қандай суреттер салуға болатынын ойлап, дұрыс таба алады. Ол үшін алдымен шығарманың белгілі бір бөлімі (егер шығарма көлемді болса) оқылады. Сонан кейін осы оқылған әңгіме бойынша қандай сурет салуға болатынын ойлануға уақыт беріледі. Оқушылар 2—3 минут ойланғаннан кейін, олардың қан­дай суреттер ұсынатыны сұралады. Егер балалардың біреуі қате айтса, қалғандары оны түзейді, ал ол қатені түзеуге балалардың шамасы келмесе, мұғалім сұрақ қою арқылы көмектесіп отырады.

Мазмұны бойынша суреттер ойластыру үшін де кез келген мәтінді ұсынуға болмайды. Мәтіннің сюжетінің оңай-қиындығы, оның балалардың, өз өміріне жақындығы және онда айтылған оқиғаны баланың түгелдей көз алдына елестете алатын-алмайтыны сияқты жағдайлардың барлығы жан-жақты ойластырыла отырып, қандай мәтінді ұсынуға болатыны анықталады. Мысалы, «Кайрақбай» әңгімесін оқығаннан кейін оның мазмұны бойынша, қандай-қандай сурет салуға болатыны жайлы сұралады. Әңгіменің мазмұнын бір оқығанда балалар толық қабылдауға қиналатын болса, оқулықтағы осы мәтіннің аяғында берілген сұрауларға жауап алынып, тапсырмалар орындатылады. Сонан кейін балалар әңгімедегі оқиғаны көз алдарына елестете алатындай дәрежеге жеткен кезде, осы мәтінге қандай суреттер салуға болатыны сұралады. Олар бұл мәтін бойынша төрт су­рет салуға болатынын (Қайрақбайдың қозы-лақтарды өріске жайып жүргені, алыстан поезд көрінгені, Қайрақбайдың паровоз айдаушыларға белгі беруі, Қайрақбайдың қасына жиналған жұрт) айтады.

Сыныпта сабақ үстінде мұндай суреттерді салғызып отыратын уақыт та жоқ және оны салу оңайға түспейді. Кейде олардың экскизін ғана жасатуға болады. Ал кейде сыныпта оқылған шығарманың мазмұны бойынша неше сурет салынатыны, нелер бейнеленетіні ауызша ғана сипатталады да, оны орындау үйге тапсырма ретінде беріледі. Кейде жұмыстар сыныптан тыс оқуда орьндалады.

Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша ермексаздан түрлі бейне, сурет жасау көбінесе II—III және IV сыныптарда іске асырылады.

г) Мәтін бойынша қорытынды әңгіме ұйымдастыру. Мұндай әңгіме балалардың оқу барысында алған әсерлері мен байқағандарын жинақтайды. Мақсат — оқушыларға автордың не айтайын дегенін тереңірек ұғындыру және оқығандарына өз көзқарастарын, пікірлерін білдіруге көмектесу.

Қорытынды әңгіме оқылған шығарманың сипатына қарай екі түрлі жолмен ұйымдастырылуы мүмкін. Мысалы, балаларға белгілі бір шеңберде білім беретін ғылыми мақалаларды, очерктерді оқығаннан кейін қайталау ретіндегі қорытынды әңгіме ұйымдастырылады, оқушыларға бағыт беріліп, олардың алған білімдерінің дұрыстығы, дәлдігі байқалады, білімдері бекітіледі.

Көркем әдеби шығармаларды оқығаннан кейін әңгі­ме эвристикалық сипатта құрылады, яғни шығарманың мазмұнын айту емес, оны бағалау, өз пікірін айту, ондағы басты ойды айтуға бағытталады.

Шығармадағы басты ой идеялық мазмұнмен сәйкес келе бермейді. Шығарманың идеясы — өмір құбылысын жазушының бағалауы немесе оқушы жұртшылықты бел­гілі бір мақсатқа шақыруы. Мысалы, «Әке арманы» (М. Әуезов) шығармасындағы басты ой Абай жөнінде, ал оның идеясы сол кездегі халықтың қараңғы тұрмысын, теңсіздікті т.б.с.с. көрсету.

Қорытынды әңгімеде себептік байланыстарды тапқызу, басқа шығармалармен салыстырту, нақты құбылыстарды байқату, оларды қосып жалпылату, абстракциялату т.б.с.с. жұмыстар арқылы жүргізіледі. Мысалы, С. Жүнісовтың «Сақау бәтеңке» әңгімесі неліктен осылай аталған? Бұл әңгімені басқаша қалай атауға болар еді? Сен киімдеріңді қалай күтесің? т.с.с.

Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстың бұл айтылғандардан басқа түрлері де бар. Айталық, шығарманы рольге бөліп оқып, оның мазмұны әңгімеленгенде де рольге бөліп айтуды ұйымдастыру. Мысалы, I. Жансүгіровтың «Шәркей» әңгімесінде бір оқушы автордың, екіншісі Шәутеннің, үшіншісі апасының сөзін оқиды. Бұл әңгіменің мазмұнын айтқызуда да осы әдіс қолданылады.

Сонымен шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін жұмыстардың барлығы да балаларды өз беттерімен іздетуге үйретіп, ақыл ойы мен дүние танымын кеңейтуге, тілін дамытуға септігін тигізеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Шығарма оқылмас бұрын қандай дайындық жұмыстары жүргізіледі, оның мақсаты не?

2. Шығарманы оқуға дайындық кезінде оның мазмұнын айтуға бола ма?

3. Оқулықтардан бір тақырыпты алып, оған қандай дайындық жұмысын жүргізуге болатынын белгілеңіз. Әңгімелесу сұрақтарын жасаңыз, көрнекі құралдар қарастырыңыз.

4. Оқу сабақтарындағы сөздік жұмысының негізгі қағидалары қандай?

5. ІІ сыныптың оқу кітабынан кез келген бір бөлім бойынша жаңа сөздерді теріп алып, олардың ішінде бес-алтауына түсінік жазыңыз.

6. ІІІ сыныптың оқу кітабынан бір шығарманың тіліне талдау жасаңыз: қандай сөздерді оқуға дайындық кезінде қайсыларын оқу барысында, ал қайсыларын шығарманы оқып болғаннан кейін түсіндіруге болады? Оқушылардан сөздіка қорына енгізуге болатын қандай сөздер бар? т.б.

7. Шығарманы оқу үшін не керек, оны қалай ұйымдастырады?

8. Жоспар жасау жолдарын айтыңыз.

9. Мәтіннің мазмұнын айтқызу қалай өткізіледі? Бұл жұмыстың мақсаты не, оқулықтардан мысал келтіріңіз.

10. Қорытынды әңгімені ұйымдастырудың жолдарын айтыңыз.

11. Оқулықтардан бір әңгімені алып, оның оқу жоспарын жасау, мазмұнын айту, қорытынды әңгіме өткізу жолдарын көрсетіңіз және сол әңгіме бойынша қандай шығармашылық жұмыс ұйымдастыруға болатынын айтыңыз.


<предыдущая страница | следующая страница>


Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ПӘНІ

Методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді

3248.32kb.

25 12 2014
16 стр.


«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
912.73kb.

25 12 2014
3 стр.


«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері
912.7kb.

15 12 2014
3 стр.


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» ПӘні бойынша сырттай бөлім студенттерінің бақылау жұмыстарын орындауына

57.69kb.

23 09 2014
1 стр.


ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы

В020500-«Қазақ филологиясы» мамандығының күндізгі бөлім студенттеріне арналған «Қазақ халық ауыз әдебиеті»

313.1kb.

15 10 2014
1 стр.


Қазақ тілін халықаралық мектепте «екінші тіл» ретінде оқыту мәселелері Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуінің бір көрінісі – «Н. Назарбаев Білім қоры»

Осы орайда «Мирас» мектебінде қазақ тілінің қызмет аясын кеңейту, бұл тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жетілдіру, тіл оқытудың жаңа технологияларының озық үлгілерін білім бе

102.97kb.

25 12 2014
1 стр.


Методические указания Форма ф со пгу 18. 2/05 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні бойынша 050205 «Қазақ филологиясы» мамандығына тәжірибешілік сабақтарға арналған

94.96kb.

25 12 2014
1 стр.


Ф со пгу 18. 2/07 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

«Қазақ әдебиетінен арнаулы курс» пәні бойынша 050117 «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығының студенттеріне арналған пәнді оқыту бойынша

76.48kb.

25 12 2014
1 стр.