Перейти на главную страницу
Бастауыш сыныптардағы оқу бағдарламасы көркем әдеби шығармаларды қамтыған. Әдеби шығарма, түрлі бейнелер, олардың іс-әрекеті арқылы өмірді түсінуге көмектеседі. Жазушының идеясы, көңіл-күйі шығарманың мазмұны арқылы оқушыға беріледі, сөйтіп оларда алуан түрлі сезім, ой туғызады, дүниеге көзқарасын қалыптастырады.
Көркем әдеби шығармалардың мұндай ерекшеліктері бастауыш сыныптарда олардың өзіндік әдістемесін қажет етеді.
Ертегілерді оқыту. Халық әділеттілік пен адамгершілікті, ақылдылық пен батырлықты ертеден-ақ өте жоғары бағалап, әңгімеге, ән-жырға арқау етіп отырған. Халықтың ауыздан-ауызға тарап, бізге жеткен ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында да ақылдылық пен ақымақтық, арамзалық пен адалдық, жақсылық пен жауыздық қатар көрсетіледі.
Ертегілердің тәрбиелік маңызы орасан зор. Ертегілерді оқу арқылы балалар қарапайымдылық, қішіпейілділік, қайырымдылық адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ертегінің тілі түсінікті, қанатты сөздер мен бейнелі тіркестерге бай болып келеді. К. Д. Ушинскийдің сөзімен айтқанда, ертегі оқушыны халық қазынасына ендіреді, халық рухымен араластырады. Ертегілерді оқуда мыналар ескерілу қажет:
4. Жануарлар туралы ертегілерді оқығанда дайын-
5. Қейбір ертегілерді пьесаға айналдырып, қуыршақ жасатып, сыныптан тыс сабақтарда балаларға орындатуға болады.
6. Ертегінің композициялық ерекшеліктеріне қарапайым түрде бақылау жүргізіп үйрету керек.
Ертегілерді балалар қызыға оқиды, олардың мазмұнын, бір оқығанда-ақ игереді. Сондықтан бірқатар ертегілерді оқығанда жалпы идеясын ғана әңгімелеп, мазмұнын үйден оқуға тапсыруға да болады.
Мақал-мәтелдер мен жұмбақ, бір жағынан, балалардың өмірге көзқарасын кеңейтсе, екінші жағынан, сөздік қорын байытады.
К.Д.Ушинский бастауыш мектеп балаларына мақал-мәтел үйретудің пайдасын айта келіп, оның, қысқа да дәл және халықтың тамаша байырғы тілімен қандай да болмасын табиғат немесе адам тұрмысының шындық құбылысын сипаттайтынын көрсетеді.
Мақал-мәтелдер және жұмбақтар бойынша жұмыстар жүргізу үшін, кейде сиректеу болса да, жеке сабақ арнаудың да пайдасы мол. Мұндай сабақ ұйымдастыруда оларды белгілі бір тақырыпқа арнап, іріктеп, топтап алады.
Мақал-мәтелдер — тәрбиелік мәні күшті, балаларды жақсылыққа баулып, жамандықтан аулақ болуға үгіттейтін өнегелі сөз. Сондықтан әр мақалдың мағынасы талданып, соған қарай белгілі бір қорытынды жасалады.
Жұмбақтар бойынша жұмыс, негізінен, оның шешуін табу бағытында жүргізіледі. Ол үшін нәрселерді, құбылыстарды жұмбақтап айтылған белгілеріне қарай, іздестіру жолымен табу әдісі ұсынылады. Мұндай жағдай-да жұмбақталған нәрсенің жалпы қай салаға жататыны, қандай бағытта ізделінетіні айтылады. Мысалы, «іздесем, ізі жоқ, бауыздасам, қаны жоқ» жұмбағын шешу керек делік. Бұл нәрсені өзеннен, көлден іздеу керектігі, оның суда болатыны ескертіледі. Мұндай бағыт берілмеген жағдайда балаларға қиындық түседі.
Ал жұмбақтың құрамындағы метафоралық бейне сол жұмбақталған нәрсені іздестіріп табу барысында өз-өзінен ашылады. Мысалы, жоғарыда айтылған жұмбақты шешу барысында өзен, көлде болатын нәрселер іздестірілді. Балалар бірден суда болатын балық, бақа-шаян сияқтыларды айтады. Олардың ізі болмағанымен қаны болатыны, ал біздің жұмбағымыздағы нәрсенің қаны да, ізі де жоқтығы айтылады.
Жұмбақтың шешуі табылғаннан кейін, сұрақ-жауап арқылы метафоралық бейне ашылады. Жұмбақта қандай із жөнінде айтылады? Мұндағы бауыздау сөзінің мағынасын қалай түсінуге болады? (қайықтың тұмсығымен су толқынын кесуі) т.с.с. немесе «Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп» жұмбағының құрамындағы сөздердің де әуелі тура мағынасы талданады: кез келген нәрсенің салған ізінің сөйлей алмайтындығы, салған іздің сөйлеуі дегеннің не екені сұралады. Осы арқылы бұл жұмбақталып отырғанды оқу құралдарының төңірегінен іздестіру керектігі айтылып, олардың ішінде қозғалатын, жүретін қандай нәрселердің бар екені ойластырылады. Егер балалар оны таба алмайтындай болса «Оқу құралдарының ішінде қайсыларында жол бар?» деген сияқты сұрақ арқылы дәптер мен кітапта жол болатыны анықталады. Сонан соң дәптердегі сызық жолдың сөйлей алмайтыны, сөйлейтін жол — жазу екені, жазу жолын қалам, қарындаш салатыны айқындалады. Жұмбақталған қарындаштың белгілерін балалар өздері табады. Жұмбақтағы «салған ізі» дегеннің жазған жазу екенін де айтады. Осы сияқты, екі-үш жұмбақтың шешуі талданып қөрсетілгеннен кейін, балалар өздері де заттың белгілерін жұмбақтап айтуға тырысады.
а) аллегориямен айтылатыны.
ә) мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны.
б) оның оқылу ерекшелігі. Осыдан келіп, мынадай әдістемелік сұрақ туады: мысалдағы аллегорияны ашу
Бастауыш сынып оқушылары мысалды оқығанда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады, оны шындық деп қабылдайды. Сондықтан мысалды оқып шығысымен, автордың ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны кім деп түсінесіңдер? дегендей, сұрақ қою қателік болар еді. Өйткені жұмысты мұндай әдіспен жүргізу — оқушылардың мысалды оқығанда алған әсерін жояды. Сондықтан балалардың одан алған әсерлері әлсіремей, қайта күшейе түсетіндей, мысалдағы кейіпкерлердің іс-әрекетін тереңірек ұғына түсуіне жағдай жасайтын әдіс-тәсілдер қарастырылады. Ол үшін алдымен мысалдағы суреттелген оқиғаны, қатысушы кейіпкерлерді шындық, өмірде болатындай етіп түсіндіру керек. Ал мысалда суреттелгендер балаларға шындық, болмыс жөнінде қате түсінік береді, өйткені қарға, түлкі сөйлемейді ғой деген сияқтылардан қауіптенудің қажеті жоқ. Олардың сөйлемейтінін балалардың өздері де жақсы біледі, сонда да оны шындық сияқты қабылдайды. Мысалы, балалар тіпті IV сыныптың өзінде де қылыштасу, атысу ойындарын шындық сияқты ойнайды. Олар таяқтың қылыш, найза еместігін әрине жақсы біледі, бірақ өздерінше шын найза, қылыш деп есептейді. Немесе қыз балалардың қейбіреулері әлі де куыршақпен ойнайды, оның сөйлемейтінін біле тұра, шын кісі деп есептеп, онымен сөйлесіп отырады. Сол сияқты мысалдағы оқиғаны да бастауыш сынып оқушылары шын көріп қабылдайды.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: мысалдарды оқығанда көңіл қоятын жай — оқушыларға оның мазмұнын қабылдату және ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау.
Мысалдардағы аллегорияны ашу жұмысын IV сыныпта мынадай тәсілмен іске асыруға болады. Мұнда мысалда суреттелген оқиғаға ұқсас оқиға іздестіріледі. Айталық, И. А. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы оқыл-ғаннан қейін, біреудің қолындағы нәрсесін алдап алу өмірде кездесе ме дегендей сұрау қою арқылы, ондағы негізгі ойды түсінуге жеңілдік жасалады. Қейбір жағдайда мысалда суреттелген оқиғаға өмірде болатын ұқсас оқиға табу жұмысы мысал оқылмас бұрын, алдын ала дайындық әңгіменің барысында жүргізіледі.
Мысалдың екінші ерекшелігі — онда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мәні бар қорытынды пікір болатындығы. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында беріледі. Мысалы, «Қарға мен түлкі» мысалынан шығатын қорытынды мәтіннің басында берілген:
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын.
Қошеметшілердің амалын,
Сонда да солар қайда жоқ,
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ...
Мысал оқытуда осындай қорытынды пікірді пайдаланып, құрғақ сөзбен «Мұндай жаман мінез-құлықтан, іс-әрекеттен аулақ болу керек» деудің бастауыш сынып оқушыларына әсері шамалы болады. Ондай үгітті тіпті сол оқылып отырған мысалдан үзінді келтіре отырып айтқанда да, кішкене балалардың санасына бірден қона қояды деу қиын. Сондықтан мысал оқытуда онда айтылатын үгітті табуға тырыспай, оның кейіпкерлері мен сол кейіпкерлердің іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан сөздеріндегі ой анық ашылуға тиіс. Осыған орай, мысалдан шығатын қорытынды пікірді оның мазмұны талданып болғаннан кейін оқуға болады. Мысал оқытудың үшінші ерекшелігі — оны дауыстап оқу тәсілінде. Мысалдағы айтылатын сөз автордың атынан айтылмай, кейіпкердің атынан баяндалатын болса, сол кейіпкердің басындағы ерекшелігіне қарай, дауыс сазы да құбылып отырады. Мысалы, «Шал мен малайды» еткенде, ол екеуінің сезі немесе «Қарға мен түлкіде» түлкі мен қарғаның сөзі бір ырғақпен оқылмайды. Тіпті бір кейіпкердің сөзін оқу мәнері де оның қылығына қарай түрлене береді. Шалдың: «Бауырым, түгеншежан, айыршы!» дегені жалынышты үнмен оқылса, «Әумесер, ақылың жоқ, ит доңыз» — деген сөздерді жекіру, ұрсу мәнерінде, ал малайдың:
сөздері таңырқаған, шарасыздық сезіммен, сұраулық мән беріліп оқылады. «Қарға мен түлкі» мысалында автор сөзі бір әуенмен оқыла келе, түлкінің сөзі басталған кезде дауыс құбылып отырады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен автордың сөз қолдауына қарай, дауыс ырғағының құбылуы балалардың ынтасын арттырып, мысалдың кейбір жолдарын бір-екі оқығанда-ақ жаттап алуларына жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, мысалды төмендегідей жолдармен оқытуға болады:
К. Д. Ушинский ғылыми мақалаларды логикалық оқу деп атады. Бұл өте дұрыс. Өйткені ғылыми мақалалар көркем шығармалардай, бірден оқушының сезіміне әсер етіп, кейіпкерлердің іс-әрекетімен балаларды еріксіз ідіктіріп әкетпейді, зейінді, ерік күшін талап етеді.
Мақалаларда немесе очерктерде әдетте мүлде жаңа фактілер беріледі, сондықтан оқуға кіріспес бұрын міндетті түрде дайындық жүмысы керек. Мұнда бірде біз балаларды мақалалардан жаңа ұғым алуға дайындаймыз, яғни оқуға деген қызығушылық сезімі туып, мақаланы қабылдауға балалар толық дайындалады. Екіншіде балаларды мақаланы қабылдауға ғана дайындап қоймаймыз, дайындық кезінің өзінде білім береміз. Мысалы, «Ленин Смольныйға келеді» мақаласын оқымас бұрын: уақытша үкімет деген не? Смольный — қандай орын? Уақытша үкіметті неліктен құлату керек болды? Юнкерлер, буржуйлар кімдер? Бұл — қай кездегі уақиға? Бұл кезде Ленин қайда еді? т.с.с. мәселелер жөнінде түсінік бермей, мақаланы оқудың пайдасы аз.
Дайындық жұмысынан кейін мәтін оқылады. Егер мәтін қысқа болса, тұтас оқылады, мазмұнын айтуға дайындалады. Оқушылар мәтінді оқығаннан кейін берілетін сұрауларға жауап қайтарып, тапсырмаларды орындайды. Мұнда қандай сұрауларға жауап беретіндері дайындық кезінде ескертіледі.
Мақала оқылу барысында екі рет талданады. Бірінші оқығанда сөздердін, мағынасы, кейбір фактілер анықталып, бөлімдердегі басты ойды аңғару мәселелері жөнінде жұмыс жүргізілсе, екінші рет оқылғанда фактілердің, арасындағы байланыстарды табу, қорытынды жасау жұмыстары жүргізіледі. Кейбір жағдайларда мақаланың мазмұнын меңгерту үшін үшінші рет оқытуға болады.
Ғылыми мақалаларды оқытуда терминдер мен қорытындыларға ерекше көңіл аударылады. Терминдер, түсінуге ауыр сөздер қайта оқытылады. Дайындық жүмысы кезінде оларға берілген анықтамалар қайталанады, қортындылар талқыланады, егер қысқа болса, тақтаға жазылады.
1. Көркем шығармаларды оқытуға қандай талаптар қойылады?
2. Әңгімелерді оқыту арқылы «Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу» тақырыбына реферат жазыңыз.
3. Ертегіні оқытуға байланысты істелетін жұмыстардың басты ерекшелігі қандай?
4. Мақал-мәтел, жұмбақтарды оқыту туралы айтыңдар.
5. И.Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалындағы аллегорияны қалай пайдаланар едіңіз?
6. Өз қалауыңыз бойынша ертегі, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар және мысалдарды оқытудың әрқайсысына біреуден – үш сабаққа конспект жазыңыз.
7. Өлең оқытудың қандай ерекшеліктері бар?
8. Ғылыми мақалалар мен очерктерді оқыту туралы айтыңыз.
6 ОҚУ САБАҚТАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН КӨРНЕКІ ҚҰРАЛДАР
Балаларға ана тілін үйретуге көрнекіліктің алатын орны жөнінде К.Д.Ушинский «көрнекілікке үйретуді ана тіліне үйретуден бөлу мүлде қате» деген болатын. Өйткені көрнекілік байқампаздықты, ойлауды дамытады және балалардың бақылағандарын сөзбен дұрыс айтып беруге, одан логикалық қорытындылар шығаруға дағдыландырады.
Оқу сабақтарында көрнекілікті қолдану мүмкіндігі орасан мол: айнала қоршаған дүниені бақылау, экскурсияға шыққанда бақылау, оқушылардың жинаған заттары, жеке және коллекция түріндегі гербарийлер, жануарлардың, құстардың тұлыбы, модельдер, макеттер және панорамалар (оқушылардың өздері дайындайды), кинофильмдер, диафильмдер, түрлі картиналар, портреттер, оқулықтағы суреттер.
Жоғарыда біз сабақтың әр бөлімдеріне байланысты көрнекі құралдардың қалай пайдаланылатынына тоқтатылып отырғанбыз. Сондықтан бұл жерде көрнекі құралды қолданудың жалпы тәсілдерін ғана көрсетеміз:
1. Кинофильмдерге бару, театрдан немесе теледидардан пьесалар көру көркем шығарманы оқудың орнына жүре алмайды. Бұлар кейде көрнекілік ретінде, мәтінді екінші оқығанда немесе оған қорытынды әңгіме жасағанда пайдаланылады. Мысалы, С.Мұқановтың «Шын сырлылар», «Қостағы өмір» әңгімесін оқығанда, қорытындылау кезінде «Ванька» (А.Чехов) диафильмін көрсетуге болады. Көрсетілетін фильмдер материалға тақырыбы жағынан да, мазмұны жағынан да, тығыз байланысып, бір-бірімен қабысып тұруға тиіс.
Фильмдер көбінесе мәтінді оқу алдында көрсетілгені дұрыс. Революционерлер, суретшілер, ғалымдар т.б. портреттері де оқуға дайындық кезінде пайдаланылады.
Сөйтіп, оқу сабақтарында балаларды жан-жақты тәрбиелеу, оларға білім беру т.с.с. міндеттерді іске асыру үшін көрнекі құралдың орасан зор маңызы бар.
1. Оқу сабақтарында қандай көрнекі құралдар қолданылады?
2. Оқу кітаптарынан бір мақаланы таңдап алып, оны түсіндіру үшін қандай құралдарды, қалайша пайдалануға болатынын айтыңыз.
7 СЫНЫПТАН ТЫС ОҚУ
Сыныптан тыс оқуды белсенді ұйымдастырушы және оны басқарушы да мұғалім болуға тиіс. Сондықтан мұғалім өз оқушыларының кітапқа деген ынтасын үнемі арттырумен бірге, олардың қандай кітап оқуға тиіс екендіктеріне де бағыт беріп отырады. Балалар бастауыш сыныпты бітіргенде, кеңес ақын-жазушыларының белгілі шығармаларымен таныс болулары қажет екенін де үнемі ескертіп отырады
Сыныптан тыс жұмысын балалар мектепке келген кезден бастаған жөн. Өйткені сауат ашу кезінде оқушылардың ақыл-ойын, тілін дамыту жұмыстары балаларға түрлі түсті суретті кітапшаларды көрсету арқылы дауыстап, мәнерлеп оқи отырып жүргізіледі.
Екінші сыныптан бастап мұғалім балаларға мектеп кітапханасынан алған кітаптарды бере бастайды. Оларға кітапты дұрыс ұстап, күте білудің ережелерін үйретеді: кітаптың сыртын қаптау, оқыған кезде кітап беттерін бүктемеу, кітап беттерін су немесе кір қолмен ұстап парақтамау т.б. Мұғалім бұл ережелерді анық етіп жазып, сыныпқа іліп қояды.
Сыныптан тыс оқу оқушылардың кітапты өздіктерінен оқи алу дағдыларын арттырумен бірге, «Ана тілі» оқулықтарындағы шығармалардың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі. Балалар оқыған шығармаларындағы негізгі ойды аңғара білуге, сол оқиғаға өзінің қалай қарайтынын айтып, кейіпкерлердің әрекетіне баға бере білуге талаптануы керек.
Сыныптағы оқу сабақтарында оқушылар көркем тілмен жазылған шығармалардан басқа тарих, дүниетану т. б. пәндерінен мағлұмат беретін материалдармен танысады. Осындай сыныпта алған ұғым сыныптан тыс оқу кезінде нығая, жетіле түседі.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында мұғалім балалардың қандай кітаптарды оқығандарын біліп отырумен қатар, алдағы уақытта не туралы оқығылары келетінін де есепке алуы қажет.
Бастауыш мектептердегі сыныптан тыс оқудың мазмұны мен ұйымдастыру жолы жөнінде жаңа бағдарламаның жобысында былай делінген: «Сыныптан тыс оқудың мақсаты: баланың сыныптан тыс оқуы арқылы барлық пәннен алған білімін тереңдете түсу, кітаптан өзіне қажетті материалды, кітапханадан керекті кітапты іздеп тауып алуға көмектесу; өз бетімен жұмыс істеу дағдысын нығайта түсу; оқиға, білуге ыетасын, құштарлығын арттыра түсу; баланың эстетикалық және дүние тану құмаорлығын арттыру.
Сыныптан тыс жүргізілетін оқуды ұйымдастырудың ең негізгі қағидасы – оның сыныпта жүргізілетін оқумен тығыз байланысты болуы. Оқушының сыныптан тыс оқитын кітаптары сыныпта өтілетін сабақтардың жалғасы түрінде ұсынылады. Оны мұғалім күнделікті оқу, дүние тану, бейнелеу өнері, еңбекке баулу т.б. сабақтарында және оқу бойынша жүргізілетін қорытынды сабақтарда сұрап, сыныпта оқығандарына байланыстырып отырады...»
Сөйтіп, сыныпта оқу сабағы жақсы ұйымдастырылса, онда көп мәселелер жөнінде әңгімеленсе, балаларды мұғалім осы мәселелер жайында тағы да біле түсуге қызықтыра алса, сыныптан тыс оқу сабағы да нәтижелі өтеді. Оқушыларға қандай кітаптарды оқу керектігі, олардыңтізімі беріледі. Мысалы, сыныпта М.Әлімбаевтың «Ұқыпты бала» және «Ұқыпсыз бала» өлеңдері оқылды делік, оның жалғасы ретінде «Ұқыпты оқушы» өлеңін оқытуға болады. Немесе «Совет Армиясы» бөліміндегі Т. Бигелдиновтың «Қаһарлы күндерде» әңгімесін оқығаннан кейін, сөз жоқ, оқушылар Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған, ұшқыш Т.Бигелдиновтың балалық шағы жөнінде білгілері келеді. Ол үшін мұғалім С. Бақбергеновтың «Талғат» атты кітабынан үзінді беруіне болады.
Сыныпта оқушылар жазушының бір шығармасынан үзінді оқыса, сол шығарманы толықтыра оқу сыныптан тыс оқуда іске асырылады. Кейде белгілі ақын-жазушылармен балаларды толығырақ таныстыра түсу мақсатында оның сыныпта оқылғаннан басқа шығармаларымен сыныптан тыс таныстыруға болады. Мысалы, Ы. Алтынсаринның «Әдептілік» әңгімесін оқығаннан кейін, оның «Баланың айласы», «Аурудан аяған күштірек», «Өтіріктің залалы» т. б. әңгімелері сыныптан тыс оқуға беріледі.
Кейбір жекелеген шығармаларды сыныптан тыс оқу сабағында да талдауға болады. Онда талданатын шығармалардың тәрбиелік жағы күшті болуы қажет.
Оқушылардың кітап оқуға қаншалықты ынталы және бейім екендіктерін білу үшін мұғалім олардың әрқайсысымен оқыған кітаптары жөнінде жеке әңгімелеседі; салған суреттерін, жазып алғандарын қарап, — бүкіл деректермен жеке танысады. Кейде кітапханадағы карточкасын қарап көруге де болады. Осындай ыждағатты тексерудің нәтижесінде, балалардың қайсысы қандай тақырыпты жақсы көретіндері байқалады. Кейбір бала ертегілерді, кейбіреулері ерлік жайлы шығармаларды, ал бірсыпырасы қиял-ғажайып ертегілерін т. б. ұнатады.
Осыдан кейін мұғалім балаларды бір жақтылықтан сақтандыру мақсатымен, оларды басқа тақырыптарға қызықтыру жолдарын іздестіреді.
Балаларға сыныптан тыс оқуға арналған тартымды кітаптарды іріктеп немесе жаңадан шығып жатқан шығармалардың ішінен іріктеп ұсынады, әдемі суреттермен безендірілген кітап жаймаларын, түрлі әдеби ойындар ұйымдастырады т. б.
Сыныптан тыс оқылуға тиісті кітаптардың тізімі бір тоқсанға арналып әр тоқсан сайын ұсынылып отырады. Балалардың оқуға ынтасын арттыру мақсатымен мүғалім ұсынып отырған кітаптарының ішінен кейбір оқиғаларды бастап айтып, «одан әрі не болатынын осы кітапты оқып білесіңдер» деп аяқтайды. Кейде кітаптың сыртындағы немесе ішіндегі кейбір әдемі суреттерді көрсету арқылы да қызықтыруға болады. Ал енді бір жағдайларда шығарманың, кітаптың атын, авторын ғана айтып, оның осылайша неге аталғанын білуді тапсыруға болады.
Бастауыш сынып оқушыларын оқуға қызықтыру үшін V—VI сынып оқушыларының да көмегі зор. Өздерінің кішкене бауырларына бұрын оқыған кітаптары, әңгіме, ертегілері жөнінде, өздеріне ұнайтын жазушылар жө- нінде әңгімелеп айтып берсе, олар сол кітапты өздері де тауып оқиды.
Оқу жылы аяғында балаларға жазғы демалыс кезінде оқитын кітаптарының тізімі беріледі де, оқу жылының басында сол көрсетілген кітаптардың қайсысын оқыған-оқымағандарын тексереді. Олардың оқыған кітаптары туралы жазғандарын, әсерлерін, пікірлерін, кейбір үзінділерді, кейіпкерлердің аттарын, суреттерін т. б. қарайды, оқытады.
Міне, осындай жұмыстардан кейін қосымша оқуға тиісті кітаптардың тізімі беріледі. Мектептерде ана тілі сабақтарының өтілу жайы мен сыныптан тыс оқудың мазмұнына сай, бастауыш сынып оқушыларымен мынадай жұмыстар орындауға болады:
Оқушылардың өз беттерімен оқитын шығармаларына сұрау берудің қажеті жоқ, олар өз беттерінше қорытынды шығарғандары жөн, яғни әркімнің өз оқығандары жөнінде өз көзқарастары болғаны дұрыс. Кейде оқы-ғандары жөнінде жолдастарынан сұрау, пікір алысу т. с. с. тыйым салынбайды.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында көрнекі құралдар қолданудың да пайдасы мол. Мұнда да шығармада кездесетін қиын сөздер түсіңдіріліп отырғаны жөн.
Сыныптан тыс оқуда бір жазушының шығармасын талдауда сол жазушының өмірі мен қызметінен толығырақ мағлұмат беруге болады. Мұндай сабақ шамамен былай ұйымдастырылады:
а) мұғалім немесе балалардын, бірі жазушы жөнінде қысқаша әңгімелеп береді;
ә) жазушының балаларға таныс кітабы я шығармасынан үзінді оқылады, кейде бір шығармасынан әдеби монтаж, ойын ұйымдастыруға да болады.
Бірінші сабақта сол жазушының өмірбаяны туралы айтылып, оның балалар оқыған шығармасы жайлы қысқаша әңгімеленеді де, басқа бір шығармасы тағы оқуға тапсырылады.
Екінші сабақта оқуға берілген шығарма талқыланады, ал үшінші сабақта қорытындыланады.
Жоғарыда бастауыш сыныптарда балалар ертегі оқуға өте құмар келеді дедік. II—III сыныптарда көбіне жануарлар туралы ертегілерді жақсы қөреді. Мұндай сабақтарға көрнекі құралдарды балалардын, өздеріне жасатуға болады. Бірқатар ертегілер жөнінде шыққан сурсттер де бар («Түлкі мен бөдене» т. б.), ал көптеген ертегілер бойынша диафильмдер жасалды.
II — III сыныптарда оқу үшін ұсынылатын материалдарды мұғалім өзі іріктейді , ал IV сыныпта балалар өздері іріктеп алады.
Оқушыларды газетпен таныстыру сабағын мына сияқты жүйемен жүргізуге болады:
а) балаларды өздерінің «Ұлан» газетіне қызығатындай етіп, газеттегі басылған мақалалардан үзінді
ә) газетті кімдер шығаратынын, қай жерде, қай күндері шығатынын, қай кездсн бастап шыға бастағанын айту.
б) «Ұлан» атты газетінің кезекті номерінің құрылысымен (макетімен) және мазмұнымен таныстыру.
Мұндай сабақтарда қажет жерлері болса, географиялық карта, кітап жаймасы т. б. болғаны жөн.
«Балдырған» журналымен таныстыру сабағында журналдың қітаптан айырмашылығы (ай сайын шығып тұратыны, тақырыптарының алуан түрлілігі) айтылады. Балаларды өз беттерімен кітап оқуға үйреткен кезде мұғалім оларға кітаптың маңызы, оқу мәдениеті, оқу ережелері т.б. жөнінде үнемі ескертіп отыруы қажст.
Сыныптан тыс оқуды есепке алып, тексеріп отыру жөнінде жоғарыда да айтқанбыз. Оған қосымша, оқыған кітаптары жөнінде оқушыларға күнделік жаздырып үйретудің де орасан зор тәрбиелік мәні бар екенін еске сала кетудің артықтығы болмаса керек. Бұл — балаларды ойларын жинақы, өз сөздерімен жаза білуге дағдыландырады, жазу қабілетін жетілдіреді. Күнделікке кітаптың аты, авторы, шыққан жылы, оқығаны қандай мақала екені және ол жөніндегі өзінің пікірі жазылуға тиіс.
II—III сыныптарда балалар оқыған кітаптарының авторы мен атын, шыққан жылын жазып, өздеріне ұнаған кейбір оқиғаларға сурет салып қояды, ал IV сыныпта осыларға қосымша, өз пікірін жазып отыруы керек.
2. Сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру жөнінде не білесіңдер?
3. Сыныптағы оқу мен сыныптан тыс оқуды салыстырыңыз, олардың ұқсастық жақтары мен айырмашылықтарын айтыңыз.
4. Сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру барысында қандай әдістемелік ұсыныстарды ескерер едіңіз?
5. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, А.Асқарбаеваның сыныптан тыс оқуға арналған кітабын және балаларға арналған көркем шығармаларды пайдаланып, «Туған халқымыздың ерлігі» тақырыбына сыныптан тыс оқу сабағының конспектісін жазыңыз.
Методика (әдістеме) — метод, гректің тetodos деген сөзінен шыққан, қазақша зерттеу жолы деген мағынаны білдіреді
25 12 2014
16 стр.
25 12 2014
3 стр.
15 12 2014
3 стр.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» ПӘні бойынша сырттай бөлім студенттерінің бақылау жұмыстарын орындауына
23 09 2014
1 стр.
В020500-«Қазақ филологиясы» мамандығының күндізгі бөлім студенттеріне арналған «Қазақ халық ауыз әдебиеті»
15 10 2014
1 стр.
Осы орайда «Мирас» мектебінде қазақ тілінің қызмет аясын кеңейту, бұл тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жетілдіру, тіл оқытудың жаңа технологияларының озық үлгілерін білім бе
25 12 2014
1 стр.
«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні бойынша 050205 «Қазақ филологиясы» мамандығына тәжірибешілік сабақтарға арналған
25 12 2014
1 стр.
«Қазақ әдебиетінен арнаулы курс» пәні бойынша 050117 «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығының студенттеріне арналған пәнді оқыту бойынша
25 12 2014
1 стр.